Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын-жазушылармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы талқыланды.
«Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі. Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл кезең – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан Мемлекет басшысы 21 ғасырдың 2021 жылын «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп ресми түрде жариялаған болатын.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Бүгінгі басқосуға қатысып отырған баршамыздың түпкі мақсатымыз – сөзсіз Тәуелсіздігімізді күшейту. Сіздердің әдебиет пен мәдениет саласына қосқан үлестеріңіз егемен еліміздің еңсесін көтеріп, ұлтымыздың рухын өсіреді. Біз әрдайым сіздердің істеген жұмыстарыңызды жоғары бағалаймыз.
Президентіміз өз мақаласында мәдениет пен өнер, ғылым мен әдебиетке қатысты көптеген мәселені қозғағаны мәлім. Оның ішінде ұлт шежіресін айқындаған «Мәдени мұра» бағдарламасы, деректі және көркем фильмдер, Алаш зиялыларынан қалған рухани мұраны жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету туралы сөз қозғап, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегін қолдау қажеттілігін айтты.
Мемлекет басшысы еліміздің тарихын зерттеу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ мемлекеттік тіл де бұл мақалада назардан тыс қалған жоқ. Президент өз сөзінде: «Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте!» деген болатын»,-деді министр.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова тіл игеруге келгенде балалар әдебиетінің атқаратын рөліне тоқталды.
«Президент өз мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары»,-деп атап өтті.
Іс-шарада Ақтоты Райымқұлова алпыс жасқа толған жазушы Жаңабек Шағатайды құттықтап, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар министр ақын-жазушылар С.Соқпақбаева, К.Құныпияұлы, Е.Шайхыұлы, М.Отарбаев, М.Омароваға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, қырғыз әдебиетінің өкілі Перизат Алмазқызына Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалін және бір топ қаламгерлерге Алғыс хат табыстады.
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/263261-aqtoty-rayymqulova-almatyda-ziyaly-qauym-okilderimen-kezdesti