Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылдың 4 шілдесі күні А. Толстойдың «Алтын кілт» пьесасы бойынша қазақ тілінде тұңғыш рет спектакль қойып, ресми түрде тұсауын кесті.
Спектакльді Кеңес Одағы бойынша балалар театрының негізін қалаған режиссер Н.И.Сац қойды. Ол Қазақстандағы жас жеткіншектерге арналған театрдың ашылуы мен қазақ труппасының өз алдына шымылдық көтеру жұмыстарына тікелей бел шеше араласты.
Балалар мен жасөспірімдер театрының қазақ труппасындағы алғашқы қарлығаштар: атап айтқанда, «Алтын кілт» спектакліндегі Буратино рөлінде – А.Мәмбетова, басқа қуыршақтарды ойнаған артистер: Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Д.Шәріпов, К.Өмірзақов, Х.Камардинова, К.Закарина, Т.Қосыбаевалар болды. Бұлармен бірге, театрдың шаңырағын көтерісіп, керегесін керіскен Т.Жармұхамедова, Е.Қонақбаев, Ы.Қасымов, Қ.Жаманов, Н.Бәйімбетов, С.Ысқақова, Х.Әзімбаева, С.Омарходжаева есімдері де айрықша ілтипатпен аталады.