1946-1947 жылдары қазақ труппасы құрылып, 1947 жылдың 2 ақпанында А. П. Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермес» атты комедиясын көрсетті. Бірақ, дәл сол уақытта Островскийдей күрделі драматургтің пьесасын бірден игеріп кетуге театрдың шығармашылық құрылымының тәжірибесі мен дайындықтары жетпеді. Араға бір жарым жылдай уақыт салып ұзақ дайындалған театр труппасы Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры 1948 жылдың 3 шілдесінде А.Толстойдың «Алтын кілт» (реж.: Н. И. Сац) спектаклімен ресми түрде тұсауын кесті.
Театрдың қазақ труппасындағы алғашқы қарлығаштары: А.Мәмбетова, Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Д.Шәріпов, К.Өмірзақов, Х.Камардинова, К.Закарина, Т.Қосыбаевалар болды. Бұлармен бірге, театрды құруға: Т.Жармұхамедова, Е.Қонақбаев, Ы.Қасымов, Қ.Жаманов, Н.Бәйімбетов, С.Ысқақова, Х.Әзімбаева, С.Омарходжаевалар қатысты.