Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Театр тынысы: маусымдағы маңызды оқиғалар

Өнерді бағалайтын көрермендер сұранысы күн сайын артуда.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 76 маусымын аяқтады. Аlmaty-akshamy көрсетілген қойлымдарға шолуды ұсынады.

Мәнсіз, жансыз, жалаң күйге айналып бара жатқан өнер түрлерінің ішінде тірі, таза қалпын сақтап келе жатқан жалғыз өнер, ол – театр.

Ұлттық әдебиет жауhарларының сахналық нұсқасын жасауда ұтымды шешімдер, батыл тәжірибе танытып жүрген театр О.Бөкейдің «Қар қызы» повестін театр сахнасына қайта шығарды. Бұл кезге дейін аталмыш театрда 1982 жылы режиссер Мен Дон Ук сахналаса, араға жылдар салып жас режиссер, талапты актер Ш.Үмбетқалиев жаңа бағыт, өзгеше формада сахналауға талпыныс жасап көрді. Шығармаға кейіпкерлердің жеке мінезін ашу емес тұрғысынан емес, адамзатқа ортақ мәселелерді, әсіресе, бүгінгі күні қоғамда жиі кездесетін күрделі құбылыстардың бірін арқау еткен.

О.Бөкей шығармаларының көпшілігі адамзаттың және ғаламның жұмбағына бойлаудан туындаған. Яғни, мұндағы кейіпкерлер өмірде болмауы мүмкін. Олар – адамның қасиеттері. «Қоңқайшылдық» – болмыс, мінез. Адам бойындағы бір-бірімен арпалысып жататын жақсы, жаман қасиеттердің арпалысын суреттейтін туындының сахналық нұсқасы камералық спектакль ретінде қарастырылған. Мұнда режиссер шығармадағы үш жігіттің трагедиясын ашық көрсетеді. Қазақ прозасының сахнадағы ғұмыры мен көрермендерге сыйлар әсері ұзақ болады деп сенеміз. Сонымен қатар, қазақ классикасының бірі М.Әуезовтің «Қарагөзі» де жаңа құраммен театр репертуарына қосылды. «Қарагөз» – театр режиссері Ф.Молдағалидың 2017 жылы Петропавл қаласындағы С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды драма театрында сахналаған тырнақалды туындыларының бірі болатын. Түрлі театр бәйгелерінде лайықты бағасын алған туындыны бүгінде алматылық көрермендер де жылы қабылдап, тұрақты көрермендері  табылған.

«Балалар мен жасөспірімдер театры» деген атына сай болу жолында да аянып қалмаған ұжым Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Көліктер тартысы» балалар қойылымымен кішкентай көрермендерге тарту жасады. Кәсіби өнер көкжиегінде балаларға мәдени демалыс сыйлап қана қоймай, таным-таразысын, интеллектісі мен ойлау қабілетін дамытатын қызықты қойылымдар әлі де сахналанатына, балғын бүлдіршіндердің «сүйікті қойылымдарының» қатары көбейетініне күмән жоқ.

Ізденіс үстіндегі іргелі театр өз репертуарын Д.Жұмабаева режиссурасымен сахналанған «Оян, қалыңдық» және жас режиссер Ш.Үмбетқалиев кезекті жұмысы «Сырымды саған айтам…» спектакльдерімен толықтырды. Мақсат еткен меже, діттеген биікті бағындыру жолында кәсіби мамандар тарапынан айтылатын талдау аса маңызды. Бұл тұрғыдан да театр жетпіс алтыншы маусымда театртанушылар назарына ілікті. Нәтижесі – бірнеше отандық және Халықаралық театр фестиваль-форумдерінде оқ бойы озық келді. Атап айтқанда, шетелдік Ресей Федерациясы, Ярославль қаласында өткен «Әлем тілдеріндегі орыс драматургиясы» XXI Халықаралық Волков театр фестиваліне, Өзбекстан мемлекеті, Ташкент қаласында өткен ТМД, Балтық және Грузия елдерінің ІV Жастар театр Форумына қатысып кәсіби мүмкіндіктерін шыңдаса, отандық театр бәйгелерінде де «Шағала», «Құлагер», «Көліктер тартысы», «Оян, қалыңдық» сынды қойылымдар лайықты марапаттарға ие болды.

Театр маусымының қорытынды қойылымы, әлем драматургиясының шоқтығы биік туындысына айналған, У.Шекспир шығармашылығының шыңы – «Король Лир» спектаклі. Көрермен назарына ұсынылған қойылымның режиссері – Ф.Молдағали. Режиссура желкенін ұстаған жастардың біразы қоюға жүрексінетін классика қоғамның келбетін ғана бейнелемейді. Бұл – терең астарға құрылған, ауқымды оқиғаны арқау еткен пьеса. Дәуірлер мен ғасырларды артқа тастаса да құндылығын жоймайтын туынды театр сахнасына өзгеше леппен шықты. Король Лир – Сағызбай Қарабалин. Қазақ актерлік өнер мектебінің жарқын өкіліне айналған хас талант, сахнагер Сағызбай Қарабалин кейіпкеріне өміршең мінез дарыта алған. Оның қайғы-қасіретіне сенесің. Адам бар жерде бақ пен тақтың таласы таусылмайтынына кезекті рет көзің жетеді. Трагедия тудырушы кейіпкерлер де спектакльге сүбелі үлес қоса алған.

Театрдың шығармашылық әлеуетін арттыратын туынды әлі талай кәсіби мамандардың бағасын алады деп сенеміз. Жыл жеміссіз болмады. Репертуар саясаты жасөспірім көрермендерді қамтудан кенде қалмады. Театр сахнасында Шекспридің патша «Лирі», Лорканың «Қалыңдығы» қазақ тілінде үн қатты. Ұлттық әдебиетіміздегі «Қар қызы» мен «Қарагөз» өз интерпретацияларымен жұртшылық жүрегінен орын алды. Театрдың басты мақсаттарының бірі осы болса керек. Репертуарын бүгінгі көрермендердің сұранысына сай толықтыратын театр, биыл алғаш рет театр маусымын тағы бір айға ұзартып, жаз мезгілінде ару қалаға келер қонақтарды рухани сусындатты. Арнайы өзге қалалардан келген көрермендер қойылымдарға билет таппай да жатты. Отандық театрлар сынды мамыр айында көрермендерімен «уақытша» қоштасатын өнер ұжымы Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына мәдени демалыс сыйлау үшін биылғы маусымды шілде айының он жетінші жұлдызына дейін жалғастырды. Нәтижесі – өнерді бағалайтын көрермендер сұранысы күн сайын артуда. Араға айлар салып қайта қауышатын сүйікті көрермендеріне Ең кіршіксіз сезімдер мен аяулы армандарды, қоғам тынысы мен адам болмысын үндестіре алатын қойылымдар ұсынуға дайын. Ендеше, 77 маусымда жүздескенше, қадірлі көрермен!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрға басшы болған Азамат Сатыбалды “хайп қуғандарға” қойылым арнады

admin

Рахман Омар, актер, тележүргізуші: Өнердің деңгейі көрермен санымен өлшенбейді

admin

Азамат Сатыбалдының «хайп» жайлы қойылымы

admin