Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Ғ. Мүсірепов театры шілде айында да көрерменін күтеді

Алматының мәдени өмірінің ажырамас бөлшегі театрлары. Алматыға қонаққа келген көп мейман театрға соқпай кетпейді. Көрерменнің осынау ыстық ықыласын сезінгендіктен театрлар неғұрлым халықпен жиі көрісуге тырысып, театр маусымын ұзартуға тырысуда. Соның айғағы маусым сайын қойылымдарын жаңартып, көрермендеріне тың өнер туындыларын ұсынып отыратын Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театры биыл алғаш рет театр маусымын шілде айына дейін ұзартып отыр. Яғни шілде айының ортасына дейін аталмыш театр жұмысын жалғастырып, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантпақ. 

Осы орайда атап өтсек, жыл сайын алматылық театрлар мамыр айының соңында көремендерімен келесі маусымға дейін уақытша қоштасатын. Биыл көрерменіне рухани демалыс сыйлау үшін ұжым театр маусымын шілде айының он жетінші жұлдызына дейін жалғастыруға шешім қабылдап отыр.

Жалпы аталмыш театр Алматының мәдени өміріндегі ерекше мекен. Жыл өткен сайын театр репертуары да жаңарып, қазақ және әлем әдебиетіндегі озық драматургиялық шығармалармен толықтырып отыруы да көрермендердің көңілінен шығып отыр. Негізі былтырғы театр маусымының аяғында ұжым басшылары «Театр маусымы қазан айында ашылуы керек» деген бұлжымас қағида еш жерде жазылмаған. Сондықтан жылдағы дәстүрді бұзып, қазанды күтпей-ақ қыркүйек айының алғашқы аптасында жаңа маусымның шымылдығын ашып, көрерменді жаңа премьерамен қуантамыз. Алдағы уақытта театрды жыл он екі ай жұмыс істейтін, жұмысы жазда да тоқтамайтын театрға айналдыру жоспарда бар. Өйткені көрерменмен байланысты үзуге болмайды. Театрдан қол үзіп, көз жазып қалған көрермен тез суып қалады. Рухани дүниеден нәр алып, еліккен, қызыққан көрерменді ары қарай қызықтыра түсу – біздің міндетіміз. Сол себепті қыркүйекте бірден екі спектакль премьерасының тұсауы кесіліп, көрерменге тарту етіледі. Қазан айынан бастап М.Әуезовтің «Қарагөз», Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» және балаларға арналған тағы бір спектакль, барлығы бес қойылымды сахнаға шығару жос­парда тұр» деген болатын. Осы сөздерінде тұрып, былтыр театр маусымын ерте бастаса, биыл маусымды кеш жауып, театр көрерменімен қоштасқысы келмейтінін аңғартуда. Бұл бастамаға өнер сүйер қауым да өте қуанышты. Алматыдай өнердің ордасы, мәдениет мекені қалаға бұдан артық сый болмас. Сондықтан театр маусымының ұзаруы қала өмірінде ерекше қуанышты жаңалық болып отыр.

Жалпы Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театрының Алматы қаласы үшін орны ерекше. 1992 жылы Ғ. Мүсіреповтің 90жылдығының құрметіне театрға Ұлы жазушының есімі берілген болатын. Ал, 1996 жылы театрдың 50 жылдық  мерейтойына  орай, «Академиялық» дәрежесі берілді. Аталмыш театр 1946 жылдың 4 шілдесі күні ең алғаш А.Толстойдың  «Алтын  кілт»  пьесасы  бойынша қазақ  тілінде тұңғыш рет спектакль қойып, ресми түрде тұсауын кескен болатын. Сол жылдардан бері көременін қуантып келе жатқан театр енді жыл он екі ай үзіліссіз көрерменін қуантуға тырысуда. Биыл театрдың 76-шы маусымының жабылу салтанаты шілде айының 17-сі күні «Король Лир» қойылымымен жабылады деп күтілуде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ХАТ ЖАЗУДЫҢ КЕРЕМЕТІН ҚАЗІРГІ ЖАСТАР БІЛМЕЙТІНІ ӨКІНІШТІ

admin

Ұстаздық еткен жалықпас…

admin

ТЮЗ имени Габита Мусрепова открыл 70-й сезон премьерным спектаклем «Райымбек! Райымбек!».

admin