Сыр бойы – Алаш жұртының көне де киелі мекені. Екі өлкенің де табиғаты тамылжып, әдемілік пен әсемдіктің не екендігін түсінгісі келген, сұлулықты аңсаған әрбір тіршілік иесіне ғажайып сырларды паш етері хақ. Сырдария жағалауларын қуалай өскен жиде ағаштарының хош иісіне елітіп өскен бұла оғлан Әбубәкір кердері, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Рүстембек, Тұрмағанбет, Көшеней сынды жыр сүлейлерінің керемет әуен саздарына, мың құлпырар мақамдарына ежелден-ақ елең еткен, құлақ қойған. Өнерге, ойын-сауыққа әуес болған. Той-думанға іңкәрлігімен даралана түскен. Тілі шығар-шықпаста қолдан шабылған титтей ғана қалақ домбырасына үн қосып әйгілі Тасбергеннің «Маңырамасын» аңырата жөнелуге талап қылған. Шіңкілдеген ащы да әлсіз сәби дауысқа күрделі мақамның ішкі тегершіктері ырық бере қойсын ба? Орындауға оңай соқпас жыр жолдарынан көңілі қалып, беті қайтқан жас бүлдіршін қол тоқпақтай ғана қара домбырасын құшақтаған күйі ұйқыға кетері үйреншікті көріністер еді. Осы перзенттерінен бір нәрсе шығарына үміттенген ата-ана көңілі әр жолы өрекпіп-ақ қалатын.
Сонымен, өнер десе, өзегін өзгеге жұлып берер, алдындағы ішкелі отырған асын шетке ысыра салып, ән-күйдің сарыны шыққан тұсқа тұра жүгіретін бадырақ көздеу қара бала әйгілі Сыр елінің сиқырлы әуендеріне әуестігін жасыра алмай, үміт-арман жетегінде желкілдей өсіп келе жатты. Мектеп мезеттері артта қалды. Ішкі бір тылсым қуатты күш оны алға сүйреді. Қызық қиқуы көп, той-думаны, ойын-сауығы мол үлкен шәһарларды көруге асықты. Барған-келгендерден естуінше, Алматы атты алып қалада әр түрлі өнер оқулары жеткілікті көрінеді. «Тәуекел» деп алыс жолға шығуды мұрат тұтты. Сыр бойының әуейі де әсершіл жеткіншегі осылайша қиялдап жүре тұрсын делік.
Жер жаннаты Жетісу өлкесіне назар салыңыз. Мұнда да жағалауға өскен құрақтай желкілдеген тамаша бір қыз бала толықси бой жетіп келе жатты. Қайыңдай ырғалып, гүлдей жайнаған сұлу жүзді, аққұба қыз өз құрбыларынан ерек болды. Әнімен, сәнімен, айрықша өнерімен тұстастарынан дара жүрді.
Қарасай, Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды ақындар мен батырлардың ауылында туып-өсіп, бар балалық шағы сонда өткен осынау сүйкімді қыз аудан ауқымына аты шыққан өте белгілі шаңырақта бой түзеп, бұғана бекітті. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, кеңес-партия қызметкері болды. Әлеуетті, ауқатты отбасында тәрбиеленген жас жеткіншектің көргені-түйгені жақсы еді. Әртүрлі жауапты қызметтер атқарған абыройлы әкенің мол дастарханынан кезінде Ғ.Құрманғалиев, К.Байсейітова, Р.Бағланова, Р.Қойшыбаева, К.Қармысов, Ж.Омарова сынды дархан дарын иелері дәм-тұз татысқан. Олар егін даласында, қырман басында әуелете ән шырқап, өнер толғаған. Осылайша Алматы төңірегіндегі Жамбыл ауданы, Қаракестек ауылы талай мәрте ойын-сауық ордасына айналып, әуен-саздың мекені атанған.
Иә, сондай елгезек әкенің өзі де өнерден құралақан емес екенін жалпақ жұрт жақсы білді десек, онымыз асыра сілтегендік болмас. Қарым-қабілет деген қасиет оның табиғатында болғанына ешкім де дау туғыза алмасы тағы ақиқат. Төл аспабымыз домбыраны арқалана шерткен кезде бүкіл төңірек тамсанғанына ел-жұрты куә. Сырнай тартып, ән салғанына барша қауым дуылдай қол соққаны әлі күнге дейін ұмытылмастай ел санасында сақталып келеді. Ол қашан да қалжыңын жанына серік етіп, әзілін аузынан тастамай, айналасындағы адамдармен етене жақын жүруді мұрат тұтты. Және де солармен әдемі қарым-қатынаста болуды қалады. Бұл жолда Ұлы Отан соғысының ардагері өзі көздеген мақсатына риясыз жете білді. Өмірде көп көргендігінен-түйгендігінен болар, әлдекімге жағымпаздану, жағынуды білмеді. Жұдырықтай жүрегіне иек артып, соның қалауымен дұрыс бағыт ұстанды. Морт кетуді білмеген қайсар әке басына қандай да бір қауіп-қатер төнсе де, оның барлығын ақыл-парасат, ұтымды ойлармен жеңуге тырысты. Соның нәтижесінде ғана сан белестерді бағындырып, халық тарапынан асқан ілтипатқа ие болғаны тіпті де жасырын емес.
Сондай-ақ, ол арабша, латынша, орысша тіл игеріп, өзі өмір сүрген ортаның әрқалай дамып, өсіп-өркендеуіне адами азаматтық зор ықпалын тигізді. Оның ел үшін төккен тері ұшан-теңіз. Мәселен, жыр дүлдүлі Жамбылдың жүз жылдығына арналған торқалы тойда ұйымдастыру қабілетімен жұрт ықыласына ие болып, «Каганович» ұжымшарының жүлдесіне де ие болған кезінде.
Осынау жасаған абыройлы жұмыстары оның даңқын шарықтатып, туын асқақта-тып, есімін елге таныс етті. Ол үнемі Отан үшін от кешіп, жалын құшқан ерлігін міндетсінбеген азамат. Көзі тірісінде қайран ардагер «Соғысқа барғанда жеңілдік алуға емес, Отан қорғауға бардық. Елге аман оралғанымыздың өзі үлкен олжа емес пе?», – деп, мардымды ойларын саналы ұрпағына әрдайым айтып отырушы еді. Осы бір айтқан ұлағатты сөздері шынымен-ақ өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сертінен айнымайтын, басына қандай қиындық туса да тайынбайтын ерлігі айбынды біз сөз етіп отырған Рахымберді Лебаев өр мінездігімен, жігіттігімен, қайсар шыншылдығымен барынша биік болды.
Кезінде қайғы жұтып, өмір мехнатын молынан тартқан асыл ардагердің шырағы сөнген жоқ. Оны қазіргі таңда:
«Өмірдің көрген талай жол торабын,
Әкеден кім аяйды қолда барын?
Әкенің ақ тілеуін өтеу парыз,
Мен бүгін әкемді ойлап толғанамын», – деп соңында қалған перзенттері қалың мұңға малына еске алады. Анығында, әке деген асқар таудан айырылу кімге болса да қиын, әрі жанға сызат салары бәрімізге де белгілі. Оның кіндігінен тараған төл перзенттері бүгінде өмірден өз орындарын тауып, әр салада қызмет атқарып жүр. Ал кенже қызы Жібек Лебаева өнер дейтін қасиетті жолдың жалынан мығым ұстады.
Иә, сөйтіп, Сыр перзенті мен Алатау аруы әсем Алматыда бас қосқан. Оларды тағдырлас еткен – ұлы өнер. Қазақ консерваториясының театр факультеті! Бірін-бірі сонда таныды. Салған беттен бір-біріне жылы ұшырасқан. Жас жүректер дүрсілі жарыса соққан. Ән мен жырға ұшқыр, өткір көзді Сыр оғланы Алатау баурайының аққұба да әдемі бойжеткеніне елжірей, еміне қараған. Сымбатты ару да жағымды жігіттің жұмсақ та құпиялы көзқарастарын бірден-ақ құп алған-ды.
Ендеше, әдепкі сөз сол әдемі қыз Жібек жайлы. Республиканың еңбек сіңірген артисі Жібек Лебаева лирикалық, романтикалық ыңғайдағы нәзік сезімді өнерпаз. Оның кейіпкерлері ылғи да өмірге құштар, бейбітшіл, адамзатқа тән ұнамды іс-әрекеттерге құмбыл болып келеді. Соның нәтижесінде, ол еліміздің атақты режиссерлерімен істес болды. Ә.Мәмбетов, М.Қамбаров, Х.Әмір-Темір, Қ.Жетпісбаев, М.Байсеркенов, С.Асылханов, М.Ахманов тәрізді қиялдары желдей ескен режиссура майталмандарының қолтаңбаларын байқап-барлап көрді. Өз тұстастарын былай қойғанда, Н.Жантөрин, С.Рақышев, А.Ружева, О.Әбділманов сынды аға буын артистермен сахналас болды. Өнер адамына тән сыр мен сымбат, болмыс пен мінез тазалығы – сирек қасиет. Талант оттары ұшқын атып, табиғатымен біте қайнасқан өнерге деген шынайы ықылас қана өнерлі жанды шыңға шығарар ізгі қасиет болмақ. Еңбекқорлық! Өйткені, еңбек – адамзаттың қалыптасуынан бастап, оның өмір өткелдерінде жоғары өрлеудің кепілі боп келе жатқандығына бар адамзат баласы куә. Тынбай еңбек ету талантты актрисаның мерейін үстем етпей қоймасы анық. Сан жылдар бойы сахна төрінде жанын сала ойнаған рөлдері көрермен көзайымына айналып, халық қошеметіне бөленгеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә?! Осындай ізденгіш, талантты актрисалардың бірі – бұл күнде Жібек Рахымбердіқызы Лебаева екенін тағы да мақтаныш сезіммен айтуға мәжбүрміз.
Ол 1953 жылдың 5 тамызында, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік бөлімін профессор Шолпан Жандарбекова мен доцент Татьяна Наурызбаеваның ұстаздығымен үздік аяқтап, Талдықорған облыстық қазақ драма театрына қызметке орналасқан. Ол жүзге жуық қазақ театр тарихына енген ең таңдаулы рөлдерді ойнаған. Талдықорған облыстық драма театрында кескіндеген бейнелері: Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Баян, В.Ежовтың «Бұлбұлдар түнінде» – Нина, Инга, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Хадиша, «Жәмиләсында» – Жәмила, М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында – Қарагөз, «Еңлік – Кебегінде» – Еңлік, А.Чеховтың «Ваня ағайында» – Елена Андреевна, М.Әуезовтің «Абайында» – Ажар, Б.Майлиннің «Шұға» қойылымында – Шұға, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында – Айгүл, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Ұлпан» шығармаларында – Ақтоқты, Ұлпан, Д.Исабековтің «Әпке» драмасында – Әпке, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» трагедиясында – Бұғы-ана, Бекей, т.б.
Аталмыш театрдағы алғаш рөлдерінің бірі – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы – Баян рөлі болды. Актриса қазақ қыздарына тән инабаттылық пен ізеттіліктің жиынтық бейнесі іспетті көркем де нәзік Баян рөлін аса тартымды орындаған еді. Сахнадағы жүріс-тұрысы, Баян сұлуға тән батылдық, инабаттылық пен еркелік жақсы көрініс тапты.
М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымындағы – Қарагөз бейнесін жасауда да кейіпкердің характер табиғатын, трагедиялық келбеті мен ішкі психологиялық тебіреністерді жақсы меңгергендігі айқын көрінді. Қарагөздің есінен адасқан тұсындағы сан қилы көңіл толқыныстарын, сезім арпалыстарын сахнада нанымды келтіргені рас-ты. Жібектің кескіндеуіндегі Қарагөз трагедиясын сезінбеу мүмкін емес еді. Қарагөз бойындағы іңкәр көңіл, таза махаббат, пәк сезімнің, ерке мінездің астарын терең түсініп, жүрек тебірентер бейне жасап шыққанына қалың көрермен куә. Актрисаның осы рөлі жөнінде мен өзімнің 2006 жылы жарық көрген «Талдықорған театры» атты кітабымда бүй деппін: «Қарагөз рөліндегі Жібек Лебаева характер табиғатын, кейіпкердің трагедиялық келбеті мен оның романтикалық көтеріңкі рухын актерлық тұрғыда нанымды берген. Қарагөз – Жібектің жындану, есінен айырылу сахналары барынша шынайы шыққан. Таланттың талант екендігін айқындар тұс – осы Қарагөз тентек атанып, есінен танар тұсы. Бұл тұста жас өнерпаз Жібек Лебаева мүлт кетпеген. Образ табиғатына өзіндік жаңартулар енгізіп, тәжірибесіздік жолына түсіп кетпей, керісінше, қысылшаң кезеңді салқынқанды байсалды мінезбен, шыншыл көрсеткен. Ақшыл жүзі мың құбыла тебіренген аяулы ару Қарагөз пішіні сахнаның төменгі жағынан берілген түрлі-түсті жарық сәулесімен сан нұрланып, көрермен жан дүниесін өзгеше бір әсерге бөледі».
А.Фадеевтің «Жас гвардия» қойылымында неміс әскери өкілдерінің алдында өзін актрисамын деп таныстырған ол, шын мәнісінде ұйымның белді мүшесі болып жүрген Люба Шевцованың рөлін де сәтімен атқарған болатын. Жібек Лебаеваның кезекті сәтті жұмыстарының бірі – Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» пьесасындағы Ене бейнесін кескіндеуі еді. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Ажар рөлін сахнада кейіптеу кезіндегі актрисаның тынбай ізденгенін айта кеткен де абзал. Адал махаббат жолында күрескерлік танытып, зұлымдық пен әділетсіздік жолындағы жалынды күрес сахнада сан қырынан жарқылдады. Әлбетте, бұл
актрисаның жемісті еңбегінің жемісі.
Т.Ахтановтың «Әке мен бала» қойылымында Сәния рөліндегі Жібек Лебаева қойылым реңін аша түскендей. Сәния рөлімен ол сахнаның сәнін келтірді десек, онымыз артық айтпағанымыз.
А.П.Чеховтың «Ваня ағай» қойылымындағы орталық тұлғалар қатарында Елена Андреевна бейнесінің орны бөлек. Бұл рөлді сәтті орындаған Жібек Лебаева көрермен көңілінен шығу үшін аз тер төкпеді. Елена Андреевна атақ-даңққа бола шалға тиген, «жас күйеуім болса екен» – деп, аласұра армандаған, қулығы мен айласы мол, бай әрі ерке әйел. Жібек Лебаева кейіпкер табиғатын ашуда, бұл жолы да мүлт кетпеді.
Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны» туындысында Жібек Лебаева Қазан көтерілісі кезеңіндегі бостандық пен азаттыққа, еркіндік пен махаббат жолына талпынған Мақпал бейнесін де сахнаға сәтті шығарды.
Жібек Лебаева, бүгінде, Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында актрисалық жолын жалғастыруда. Актрисаның шығармашылық кезеңі шынымен де, жастықтың алау отына малынған бойындағы артистік талантын дүйім жұртқа паш етуден жалықпай толымды көрсете білген нағыз жарқын шақтың өзі болғаны шын. Оның осынау жылдар бойғы жемісті еңбегі, ел есінде қалар көркемдік ізденістері ескеріліп, оған 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы берілген еді. 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрына қызметке орналасқан шағынан бастап, өзінің шоқтықты рөлдер санын өсіре түсті. Д.Исабековтің «Ескерткіш операциясындағы» – Әштеннің әйелі, Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» драмасындағы – Буырыл, С.Асылбекұлының «Желтоқсан желіндегі» – Талшын, И.Вовнянконың «Стриптизердің өлімі» атты қылмыстық хроникасындағы – Прокурор, Т.Ахметжанның «Екі жүрек» драмасындағы – Зұлханова рөлдері, сондай-ақ, Иран-Ғайыптың қаламынан туған «Естайдың Қорланы» деп аталатын жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов. Бұл қойылымдағы Естай мен Қорлан рөлдерін ҚР еңбек сіңірген әртістері, ерлі-зайыпты – Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева жарыса ойнайды. Өнерде де, өмірде де қатар жүзген қос аққудай Жібек Рахымбердіқызы мен оның жары Сағат Жылгелдиевтің өнері де халқымыздың асыл мұраларының бірі – театр атты киелі ордада көп жылдар бойы жалғасын тауып келеді. Актриса театрдағы актерлік рөлдерімен бірге, бірнеше көркем фильмдерге де түскен. 1997 жылы «Сағыныш» фильмінде Кәдеш рөлі (реж. Ұлжан Қолдауова), 2012-2014 жылдардағы «Бапкер» фильмінде Ана рөлі, «Жедел жәрдемдегі» – қалалық Ене рөлі, т.б. Талмай еңбек етудің үлгісіне айналған Жібектің жалынды өнері ел-жұртының жүрегінен ешқашан өшпесі анық!
Өмір мен өнер – егіз ұғым. Олардың өзара байланысын, айырмашылығын көре білу, бар жан-тәніңмен сезіне білу дара қасиет. Тағдырдың тосын сыйы мен өнердің сыршыл тұстары шексіз. Соқпағы мен сүрлеуі мол күрделі асуларда Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева бір-біріне тірек, серік, сапарлас болып келеді.
Сағат Ермағамбетұлы да талантты актер, асқан әнші, сирек дарын иесі. Оның актерлік шеберлігі көпшілік көңілінен шығып, өзіне лайық бағасын әлдеқашан алып үлгерген. Ол 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы, Аққыр елді мекенінде дүниеге келгенінен жоғарыда аз-кем сыр тартқан едік. 1977 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік бөлімін КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор – Хадиша Бөкеевадан бітіріп, ол да еңбек жолын Талдықорған облыстық қазақ драма театрынан бастаған. 20 жыл бойы аталмыш театр шаңырағында тынбай еңбек етіп, жаңа белестерге көтерілгені тапа рас. Сан түрлі кескін, әр алуан бейнелерді сахнада жандандырып, қилы кейіпкерлерге өмір сыйлады. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында, жаттанды таптаурындылыққа, бірізділікке ұрынбай, бір-бірінен ерекше дараланар сан бейнелерді ұтымды кескіндеуге ұмтылды. Актер болу үшін тек қана сымбатты кескін-келбет қана емес, жоғары сергектік қасиеттер керегі де аян. Өз мамандығының хас шебері болуды көздеген сезімтал жан мұны назарынан титтей де тыс қалдырмады. Көптеген кейіпкерлерді кескіндеген Сағат Жылгелдиев өз бейнелерінің жан әлеміне, сезім, сана иірімдеріне терең үңіле білді. Әр образдың даралылығына, психологиялық ахуалына баға беруге ұмтылыс жасауы арқылы ерекшеленді. Сөзіміздің айғағы ретінде, Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиевтің қайсыбір шығармашылық еңбектеріне тоқталып өтейік.
М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Сырым бейнесін кейіптеді. Жиын-тойдың дүлдүлі, өлең-жырдың бұлбұлы Сырым өнерімен ғана емес, өр мінезімен, мөлдір де таза сезімімен жұртшылықты таңқалдырып, тамсандырып жүрген серілердің серкесі Сағаттың Сырым жан-дүниесіне бойлай отырып, оның өзіндік мінезін аша білуі, Қарагөзге деген аса сүйіспеншілігін, құлай ғашық болған хал-күйін жеткізе білуі – актердің таланттылығын аңғартса керек. Сырымның психологиясына, эмоциясына зер салып, серінің есеңгірер, тебіренер сәттерін екі иығы селкілдеп, еріндері кемсеңдей, қос жанары от шашып, шабытты толғайды. Жанарынан тоқтаусыз аққан жас тамшылары Сырымның өкінішін, ыза-ашуын, ғашықтығын сездірер айшықты сәттер. Сахна өнерінің биігіне Сағат өзі бейнелеген Сырым жан әлеміне терең бойлау арқылы жетіп қана қоймай, кейіпкерінің ауанына бойлай білетін зерек дарын екенін дәлелдей түсті.
М.Әуезовтің «Абай» шығармасындағы Айдар кескіні де С.Ермағамбетұлына бұйырды. Махаббат пен адалдық жолында жанын пида етуге даяр, арамдыққа жаны қас шәкірт келбеті оны өзге қырынан танытты. Кіршіксіз көңіл, ыстық ықылас Айдардың өн бойынан шынайы көрініс тапты. Айдар мен Ажар махаббаты Сағат пен Жібек сезімдерін одан әрі алаулата түскендей болды. Қос ғашықтың нағыз сүйіспеншілігі кәдуілгі өмірде жарасым тапқан қос таланттың өзара жүрек лүпілін ортаға салды. Сол себептен де болар, қойылым барысында шынайы өмір мен өнер көріністері салтанат құрды. Айдардың ақкөңілділігі, тіршілікке деген құштарлығы оның көркем бейнесін одан сайын көріктендіре түскендей болды. Сағаттың актерлік ізденісі, қажымас қайраты, еңбексүйгіштік қасиеті Айдар бейнесін көрермен жүрегіне шын ұялата білгені рас.
Т.Қалилихановтың «Ақын Сара» драмасында бас кейіпкер Біржан салды жандандырды. Осы тұлғаны нұсқалау арқылы Сағат Жылгелдиев өнер бәйгесіне қамшы салдырмас жүйрік болып қалыптасқандығын, қай тақырыпқа үн қосса да, өзіндік өрнегі бар айшықты тұлға екенін байқатты. Жанрдың қай түрінде бой көрсетсе де қарым-қабілеті, ой-өресі, қиял кеңістігі дараланып тұратын бесаспап сахнагер атанды. Біржан сал рөлі актердің әншілік өнерінің сахнада шарықтай қанат қағуына мүмкіндік туғызды. Сахналық сөзді табиғи дауыс ырғағымен, жүрек дірілімен мың құбылтып, бойын сахнаға үйретіп қана қоймай, өз кейіпкерінің жан дүниесін көрерменге нанымды жеткізе алды. Біржан бойынан көрініс тапқан сезім толқыныстарын әсем әнімен, жарасымды қимыл-қозғалысымен айшықты ете түсті. Сал Біржанның төкпе жырларын Сағат еш сүрінбей, кідірмей, шындығында хас шеберлерше орындаған еді. Бала кезінен домбырамен ән салу қабілеті оның саф өнерін барынша өрлете түсті. Бозбала күнінде жиі-жиі қиялға берілген Сағат бертін келе сахнаның хас шебері атанды. Оның өн бойына дарыған ерен қасиеттерін қалың жұртшылық әділ бағалай білгендігі бек ақиқат.
Талдықорған театрында 20 жылға жуық еңбек етіп, алғаш сахнаға шыққан төңірегін думанға бөледі. Санамалап көрсе, аталған облыстық өнер ордасында көптеген рөлдерді қанжығасына байлап үлгеріпті. М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым, «Абайында» Айдар, «Хан Кенесінде» Ақпанбет, Нысанбай, «Еңлік – Кебегінде» Есен, «Таңғы жаңғырығында» Бақтығұл, Ғ.Мүсіреповтің Ақан сері – Ақтоқтысында» Ақан, «Ұлпанында» Құнияз, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер – Анасында» Жайнақ, «Жәмиласында» Данияр, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» Паж, Петручио, А.Фадеевтің «Жас гвардиясында» Сергей Тюленин, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетінде» Махамбет және т.б. көптеген бейнелерді айшықты, байыпты кейіптеп, отты өнерін көпшілік назарына ұсыныпты.
1997 жылы Сағат Жылгелдиев өзінің өмірлік жары, өнердегі серігі Жібекпен бірге Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек жолын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұл театрда да әр түрлі кейіпкерлермен қауышты. Сахна дарабозының бір ерекшелігі, ол – кез келген рөлдерге жан бітіріп, әр жанрдың өзіне тән ерекшелігін нәзік сезіне білуі. Оның кейіпкерлерінің арасында жас шамалары, мінез-құлықтары, жүріс-тұрыстары, сөйлеу мәнерлері ерекше жандар жетерлік. Алайда, сезімтал актер өз шеберлігінің, актерлік ауқымы кеңдігінің арқасында әрқайсысының жан түкпірлеріне үңіле отырып, оған іштей баға беріп, өзінің шеберлік қиялымен ұштастырып, спектакльдің көркемдік бояу-нақышын құлпыртып жібереді. Көрерменді мезі етер жаттанды әрекеттерден бой тасалап, жаттанды сөз сөйлеу мәдениетіне көп мән беретін ұқыпты сахнагер. Ол астарлы сөздегі ой мазмұнын терең түсініп, үн ырғағына, дикция айқындылығына ден қоя қарайтын, ән-жырға жаны жақын әмбебап талант. Жаны жұмсақ, жүрегі нәзік отты да, өршіл әрекеттерге етене жақын сахнагердің өнердегі орны ерекше. Ақынжанды актер, лирик әнші, әуелете әуен созар асқан жыршы. Сыр сүлейлерінің толассыз төгіліп жатар жыр-термелерін аса бір шеберлікпен, өзіне ғана тән үн мақамымен келістіре шырқайтын Сағаттың өнері – мәдени, рухани мол мұра.
Оның орындауындағы тамаша жыр-термелерді естісеңіз, таңқалмаңыз. Себебі, оған Сағаттың өзіне лайық кең де керімсал әсем мақамы, әуен-сазды нақышына келтіре отырып, шебер орындауы өзіңізді бірден-ақ баурап алары хақ. Сөз басында айтып өткеніміздей, Сырдың бойы ән мен жырға, би мен күйге қашаннан-ақ жомарт. Сол әріден бастау алар салт-дәстүр , біз сөз етіп отырған бір кездергі қара бала, бертінгі сахна шебері Сағатты да сырт айналып өтпегені ақиқат.
Балқы Базар, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Әбубәкір Кердері, Шораяқтың Омары, Қарасақал, Ерімбет, Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, Тұрмағамбет Ізтілеуов сынды жыршы-жыраулар үрдістерінен нәр алып, Сыр мақамдарының сиқырына шомылып, ғажап әуез ырғақтарынан молынан сусындап өскен қабілетті жаратылыс иесінің саз сырларына құмар болмауы мүмкін де емес еді. Әсіресе, ол Тасберген жыраудың «Маңырамасын» егіле тыңдаған сәттерінде ғажап бір басқадай әлемге еніп кеткендей, беймәлім күй кешіп, өзгеше бір хал-күйді сезінгендей болатын.
Көмейлері бүлкілдеп, тамақтары ісініп кеп, таңды таңға ұра, ән мен жырдың бұлағын ағытар атақты Сыр сүлейлерінің салтында өмір сүруді армандағаны да жасырын емес. Әттең, заман басқа, заң бөлек. Уақыт өзгерген. Соған сай өмір сүріп, өнер қумаса ол да бекер. Бәрібір өнерге келді ғой. Сахнаны мұрат тұтты. Бірақ бір сәт те, ән-күйінен, терме толғауларынан көз жазбады. Домбырасы қолында, жыр жауһарлары жадында болды.
Әй бірақ, бірақ… Сахнаға не тең келер, тәйірі! Театр өнерінің жөні бөлек қой. Драма жанрына деген сүйіспеншілігі өзгеше. Ұстаз-бапкері марқұм Хадиша Бөкейқызы одан мол үміт күткен еді. Оның актерлігіне, оның жанр табиғатын түсіну түйсігіне тәнті болатын. Сондықтан да ол ән мен актерлік өнерді қатар алып жүруді мақсат тұтты. Музыкалық қабілетін драмалық шеберлігімен байланыстыра дамытуды жөн санады. Ақан, Сырым, Біржан, Естайларды көзге әнсіз елестету мүмкін емес. Ал Сағаттың пішім-порымы, кескін-келбеті осы кейіпкерлерге сұранып-ақ тұрған жоқ па?! Ендеше, ол үшін драма мен ән- жыр өнері бір-ақ ұғым. Екеуі – егіз. Сөйте жүріп айтулы әнші актер мен жасөспірімдер театры сахнасында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарымында» Аманжолов, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қарабай, «Ақан сері – Ақтоқтысында» Қоңқай, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланында» Естайды және т.б. көптеген кейіпкерлер кескінін бейнеледі. Соңғы спектакль өнер мен өмір теңізінде 40 жыл бойы бірге жүзіп келе жатқан Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу құрметіне орай сахналанғанын айрықша атап өткен жөн шығар. Сағат бейнелеген Естай көрермен тарапынан да, сыншылар жағынан да мақтауға тұрарлық дүние болды. Көп жылдан бергі Қорланмен кездесулері сәтіндегі Естайдың толқынысы мен қуанышын, мұң-арманын актер өзінің жан қопарылысындай сезінді. Демек, оның өз мамандығына аса зор сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен, шығармашылық тұлға көзімен қарайтындығын айқындайтын тағы бір дәлелге тап болып отырмыз.
Киелі театр шаңырағында ғана емес, талантты өнер иесі радиотолқындар мен көгілдір экрандарда танымал. 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасының жобасы аясында түсірілген «Әке серті» телехикаясында басты бейне – Әкені нұсқалады. 2013 жылы көрерменге жол тартқан «Сырғалым» телехикаясында да басты кейіпкерлердің бірін кейіптеп, ыстық ықыласқа ие болған-ды. Саналы ғұмырын бүтіндей өнерге арнаған жан, әлі де биік асуларға қарай беттеп барады. Келісті сыр-сымбат, кескін-келбет, ерекше дауыс ырғағы, аса сезімталдық қасиет оны басқа әріптестерінен гөрі ерекшелендіре дараландыра түссе керек. Шынайы тебіреніс, жан қиналысы, көңіл толқынысы, бір образдан екінші кейіпке өту сәттері актер шеберлігін шыңдауда едәуір рөл атқарады. Актер өз жүрегіне кейіпкер жүрегінің лүпілін қосып, екеуін сахнада бір арнаға тоғыстырмақ. Киелі де қасиетті өнер жолын таңдаған жандардың отбасында шынайы сүйіспеншілік, адал еңбек, үлкен ынтымақ салтанат құрған. Тынбай еңбектеніп, әркез ізденіс үстінде жүрудің арқасында бір кездері мұнартқан армандарына жете білді. Көп жылдар бойы оларды қанаттандырып, алға жетелеген үлкен махаббат күші мен өнерге деген шынайы құштарлық. Біреулер үшін өнер жолы еш қиындықсыз бағына қоятындай көрінгенімен, оның кедір-бұдырлы тұстары әбден жетерлік. Сезіміне берік, шыдамында шек жоқ жандар ғана бұл кедергілерді жеңері сөзсіз. Қиял әлемі мен өмір шындығын қатар ұстану, оны көпшілікке жеткізе білу қашан да ғажап құбылыс.
Әріптестерінің арасында абыройлы, көрермендері алдында құрметті қос дарын иелері Сағат пен Жібек жүріп өткен шығармашылық тұрғыдағы жауапты жол аса жеңіл болды деп айта алмаймыз. Сан мәртебе өрледі, ерледі. Сүрінген, құлдыраған тұстары да жоқ емес. Сахнаның қат-қабат сырларын ұғу сапарында көрмеген құқайлары , сезіп-білмеген қуаныштары жетерлік десе де болғандай. Қысы-жазғы үздіксіз гастрольдік сапарлар, кішкене ұл-қыздарын тамыр-таныс, ағайын-туыстарына қалдырып, ұзақ жолдарға аттанып кетер артистік өмір-ай десеңізші! Олар баспаған топырақ кемде-кем шығар. Республика аумағын былай қоя тұрыңыз, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Египет, Түркия секілді, т.б. елдерді сан рет шарлады емес пе?!
Шүкір! Сондай аласапыранға толы артистік өмірлерінде өздерінің аттарына кір келтірмес тәрбиелі де тәлімді ұл-қыздарын өсірді. Бұл күндерде олар ибалы ата-ана, берекелі отбасының үлгілі ақылшылары. Сәйгүлікше зулай шапқан уақытқа не шара? Екеуі де алпыс деген аталы да жоталы жасқа жетіп, шығармашылық еңбектеріне де қырық жыл толып-ақ қалыпты. Күні кеше ғана студенттік думанды жылдардың қызығына тоймай жүрген өрімдей жастар еді. Шәкірт Сағатқа менің де ұстаздық еткен сәттерім есіме түсіп, жастық жылдарының буалдыр елесіне елітіп отырған жайым бар.
Иә, олар саз қосылған. Нағыз шығармашылық өнерпаздар отбасы. Серілер шаңырағы десек те артықтығы жоқ. Сағат екі бастан сауыққой, думаншыл. Жібекте де анау-мынау жігітке бергісіз ірілік бар. «Затым әйел екен» деп, бүгжеңдеуге жаны қас. Еңлікше еңсеріп, Ұлпанша ұйытып кеткісі келіп тұрады. Кейде ер кісіше сөз бастап кетер ерліктен, өрліктен де құр емес.
Осындай екі бірдей дарын иелерінің елеулі мерейтойлары кезінде, аузымызға су толтырып алғандай үнсіз отыруға дәтіміз шыдамады. Жас күндерінен жақсы білер қос шынардай жайқалған Сағат пен Жібек жөнінде құрастырылған қолыңыздағы түрлі-түсті суретке толы кітап-альбомның әдепкі сөзін жазуды өзіме парыз санадым. Бұл алдағы уақытта олар туралы айтылар, жазылар сараптама-талдаулардың басы ғана. Ілгеріректе, Талдықорған театрының отыз жылдығына орай «Талдықорған театры» атты кітабымда Сағат пен Жібек туралы да жап-жақсы лебіздер білдіргенмін. Амандық болса, әлі де айта да, жаза да береріміз хақ. Бар бітіргендерін таразылап шығу – бір отырыстың мәселесі емес.
Қос дарын! Қос аққу! Қос шынар! Сағат пен Жібек осы айтылған эпитеттердің қай-қайсысына да әбден лайық.
Қос алпыстарың құтты болсын, ұлы сахна өнерінің шын берілген бейнеткештері!
ҚР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері,
театртану профессоры.