Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Динара Абдуллина, актриса: «Саған сенемін» сериалына үлкен сынақпен бекітілдім

Жуырда “Qazaqstan” ұлттық телеарнасында «Саған сенемін» телесериалы көрсетілді. Көрермендер әлеуметтік желілерге ол туралы жағымды пікірлерін жаудыра жазды. Осыған орай, сериалда басты рөлде ойнаған Динара Абдуллинамен сұхбаттастық. Ол – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы.

«Саған сенемін» телехикаясындағы Алау рөліне бекітілуім мен үшін өте қызық болды. Оның алдында толық метражды фильмге түсуім керек еді. Фильмдегі басты рөл – сәйгүліктің құлағында ойнайтын қайсар қызды сомдау маған бұйырғанына қуанып жүрдім. Сол үшін ипподромға барып, бір апта дайындалдым және белгілі бір деңгейде жақсы игердім десем де болады. Костюмші маған арнап киімдерді тікті. Өзім іштей дайындалып, рухтанып, ерекше құлшыныспен жүрген едім. Түсірілім басталуына екі күн қалғанда маған хабарласып: «Сіздің орныңызға басқа адам алдық, ренжімеңіз»,-деді.

Оның кастингінен бес рет өткен едім: фотобайқау, видео-байқау, т.б. Алдын-ала костюммен қаралып, видео түсірдік. Барлығынан өттім. Соған қарамастан, мені басқа актрисамен алмастырды. Менің қаншама еңбегім, ұмтылысым ешкімді алаңдата қойған жоқ. Себебін де түсіндірмеді.

Осындай жағдай актрисалардың өмірін айқындайды. Сол үшін де сіңіліме: «актриса болма, актриса болу – оңай шаруа емес»,-деп айтамын.

Қатты жылап, үнемі қиыншылыққа тап болып жүретініме налыдым. Жалпы, менің өмірімде ештеңе оңайлықпен келмейді. Сол жолы көмектесетін әкемнің жоқтығы, не бір танысымның болмағаны жаныма батты… «Бұдан да бір қайыр бар шығар»,- дей беретін уәзірі туралы аңыз бар ғой. Сол сияқты түбі бір қайыры болар деп өзімді жұбаттым…

Шынымен де қайыры болды. Сол күні маған «Саған сенемін» телехикаясының кастинг директоры хабарласып, басты кейіпкерді сомдау үшін байқауға шақырды. Байқаудан әбден көңілім қалғанын айтып, бас тарттым, бәрібір ойланып көруімді өтінді.

Динара Абдуллина, актриса
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Ертеңінде түнімен жылағаннан көзім ісіп, театрға жұмысқа келе жатқанымда бір әріптесім жолығып, кастингке бара жатқанын айтты. Мені де шақырғанын біліп, әйтеуір бірге бардық.

Барсақ, басты рөлге үміткер болып, он шақты қыз келген. Актерлер жөніндегі ассистент барлығына мәтінді таратты да, маған берместен өтіп кетті. Неге бермегенін сұрасам, «Сіз де актрисасыз ба?»-деді. Көңіл-күйім одан сайын түсіп кетті. Кастинг-директоры келіп, маған да мәтін бергізді. Бірақ бойымды тез жиып, өзімді дәлелдегім келді. Бағыма орай, бізге берген мәтінде өте эмоционалды, менің сол сәттегі көңіл-күйіме сай сахна жазылған екен. Камераға қарап барымды салып, жылап, айқайлап ойнап бердім. Бәрі тып-тыныш болып қалды. Басында менсінбей тұрған ассистент басқа да мәтіндерді беріп, байқап көруімді өтінді. Ұнатқанын білдім. Алла әрдайым қайырлысын нәсіп етеді ғой. Сөйтіп, Алаудың рөліне бекітілдім.

Көрермендер сериал туралы жағымды пікірлерін жазып, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бірақ оны осыншама сәтті шығады деп ойламадық.

Саған сенемін сериалы
©kaztrk.kz

Алау – бірінші жағымды рөлім

Жалпы алғанда Алау мен өмірдегі Динара екі түрлі. Алаудың киіну стилі маған ұнамайды. Осы үшін костюмшілермен, Едігенің жұмсақ, сабырлы образына бола, кей кезде Алаудың тым мықты болып кетуіне байланысты редакторлармен, гримшілермен келіспей қалатын кездерім болды. Бірақ артынан қарасам, мамандардың айтқаны дұрыс болған екен. Не дегенмен, өз істерінің шеберлері ғой.

Алау тік мінезді. Ол менде де бар. Оған қоса өте қайсар, қамқор жан. Осыған дейін сериалдарда тек жағымсыз рөлдерде ойнап келдім. Мысалы, «Сырғалым» сериалында Ақнұр деген қызды ойнадым. Ал «Саған сенемінде» жағымды образдамын. Артынан сериалды көргенде де, ойыныма сынмен қарадым. Шынымды айтсам, өзімнің жұмыстарыма ешқашан көңілім толмайды. Біреу мақтаса, қуыстанып қаламын. Одан да сын айтылғанын құп көремін. Сын әртіс ретінде өсуге көмектеседі ғой.

Әр рөлімді шынайы шығару үшін өз бойымнан өткіземін. Тағдырыма ұқсас тұстарын іздеп, өміріммен байланыстырамын. Мысалы, Алаудың әкесі өмірден өткен сахнаны ойнағанда өзімнің әкемнің өмірден озғанын есіме түсірдім.

Динара Абдуллина, актриса
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Жағымды кейіпкерді сомдағым келмейді

Әскери киноларға, төбелеске, шытырман оқиғаға толы, динамикасы көп фильмдерге түскім келеді. Батыр қыздардың образы ұнайды. Көбіне, жағымды кейіпкерлерді сомдағым келмейді. Ол оңай. Маған оңай жолмен жүрген ұнамайды. (Бәлкім сол себепті де өмірімде сынақ көп болар..?) Ондай образдар халыққа ұнайды. Бірақ оларға қарағанда екінші пландағы жағымсыз рөлдегі актерлер көп жұмыс істейді.

Киноға түсер кезде театр басшылығымен сөйлесіп, сұранып кетеміз. Басты жұмысым – театрда.

Көрерменге ой салатын рөлдер ұнайды

Әрбір актрисаның арманы – басты рөлді ойнау. Осы уақытқа дейін театрда бірнеше қойылымдарда басты рөлдерді сомдап келемін: Джульетта, Баян, Меңсұлу… Бірақ менің мақсатым – басты рөл емес, образым арқылы көрерменге ой салу. Мейлі, ол екінші пландағы рөл, эпизод болса да…

"Супер Серкеш" қойылымы
Динара әріптесі Елдар Отарбаевпен “Супер Серкеш” қойылымында. Сурет ©Дарын Шөкенов

«Супер Серкеш» қойылымындағы Меңсұлу Меңдібаеваның образы – менің табиғатыма 100% қарама-қайшы рөл. Ол сияқты режиссердің алдында қылмыңдау, майысу менің қолымнан келмейді. Барынша әртістік қабілетімді салып ойнап шықтым, бірақ тағы да айта кетейін, ойыныма өзімнің көңілім толмайды. Осылай өз-өзімді қайрап, сынап жүргенді жөн көремін. Қойылымның режиссері – «Тарлан» сыйлығының иегері, театр майталманы, театр режиссурасына үлкен еңбегі сіңген марқұм Жанат Әубәкірұлы Хаджиев ағамыз еді. Ол кісі мені қатты жақсы көрді. Аңғалдығымды ылғи әңгімесіне қосып айтып отыратын. Ағаның біраз қойылымында ойнадым. Меңсұлуды да маған бергісі келді…

Сахнада жұп талғамаймын, бірақ серіктесіңнің жақсы болғаны саған да көмектеседі. Көбінесе Елдар Отарбаевпен сахналас боламын. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында Қозы болса, мен – Баян; «Супер Серкеште» Серкеш – Елдар, мен – Меңсұлу; «Жақсы кісіде» мен – Қатирашты, ол Шалкезді ойнайды; «Ромео мен Джульеттадағы» Ромеоны сомдаған Қуаныш Керімқұлов жақында театрдан кетіп, орнына тағы да Елдар бекітілді. Ол – өте талантты актер.

Алғаш сомдаған рөлім

Театрға алғаш келгенімде Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасының дайындығы жүріп жатты. Дайындықты көретінбіз. Талғат аға Теменов дайындық жүргізіп жатты. Бір кезде режиссердің ассистенті қасыма келіп, Талғат ағаның шақырып жатқанын айтты. Барсам: «Қойылымда Музлукты ойнап жатқан қыздың рөлін жазып ал, ертең сахнаға шығасың. Дайындалып кел»,-деді. Ол – үлкен рөл. Сөздерін бір күнде жаттап алу оңай емес. Түнімен ұйықтамай дайындалдым. Алғашқы рөлім болғандықтан, бәрінің сынай қарайтынын білдім. Ертеңінде сахнаға шықтым. Серігім Мерей Әжібеков болды. Ол маған қарағанда тәжірибелі, сахнаға пісіп алған. Қойылым кезінде қатты қобалжығаным соншалықты, бетіме дейін дірілдеп кететін.

Динара Абдуллина, актриса
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Ол кезеңнен де өттік. Арада екі-үш жыл өткенде «Жақсы кісі» қойылымында Мереймен тағы да сахналас болдық. Сонда оның ойнының бір-екі жеріне ескерту жасасам, әлгі бетімнің дірілдеген кезін есіме салады (күліп).

Сол қойылымдағы Қатирашты жағымсыз рөл болса да, рахаттанып ойнаймын. Кейде көрермен әжелер менің кейіпкерімді жек көріп, «Ой, оңбаған!»-деп реплика тастайды. Кейін Джульеттаны сомдадым. Бір қызығы әр сахнасы сайын қобалжып тұрамын. Себебі ол – 16 жасар қыз. Менің жасым одан әлдеқайда асып кеткен. Бірінші бөлімінде ойнап-күліп, жүгіріп-секіріп жүретін жерлері көп. Содан тезірек құтылсам екен деп жүремін (күліп).

Танымалдыққа ұмтылмаймын

Биыл мемлекеттік «Дарын» сыйлығын алдым. Ол туралы Киевтің әуежайында отырғанда естідім. Нью-Йоркке фотофестивальге жүргізуші болып бара жатқанмын. Сонда әріптестерім «Дарын» сыйлығын алғандар туралы мақаланың скриншотын жіберіпті. «Театр және кино» номинациясы бойынша өз есімімді оқыған кезде жылағым келді. Қуанудың орнына «Осы атаққа лайықтымын ба?» деген ой мазалады. Одан бөлек, театр әртістері арасында «Жыл актрисасы» атандым. Әлі де еңбектенуім керек екенін білемін. Танымалдыққа ұмтылған емеспін, ұмтылмаймын да.

"Ромео мен Джульетта" қойылымы
Динара әріптесі Қуаныш Керімқұловпен “Ромео мен Джульетта” қойылымында. Сурет ©Дарын Шөкенов

Актриса үшін бақыт – көрерменнің өнеріңе тәнті болып соққан шапалағы. Сол 5-10 секундтық қошемет бізге күш береді. Сол үшін айлап, жылдап жұмыс істейміз. Ал қарапайым Динара үшін бақыт – атам мен анамның, інілерімнің, жақын жандарымның амандығы.

Жалғыз қалғанда…

Кіші жүздің қызымын. Атырау қаласы, Исатай ауданы, Тұщықұдық деген мен үшін керемет ауылда туылдым. Сол жерде 7-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін Атырауға Кіші өнер академиясына ауыстым. Актерлікті өте көп оқыдым. Ата-анамның ешқайсының өнерге қатысы жоқ…

Өмір адамды өзгертеді екен. 3-курсқа дейін өте ерке болдым. Ата-әжемнің бауырына басқан, маңдайыма жел тигізбей, қалауымды орындайтын тұңғыш немересі болдым. Ешкім ренжіте алмайтын. 3-курста оқып жүргенімде аяқ-астынан әкем өмірден өтті. Сол кезде бірден есейіп кеткенімді сездім. Ауылға анамды, інілерімді жұбатамын, жыламаймын деп бардым. Солай істедім де. Бірақ інілерімнің жылағанын көргенде, өзімді тоқтата алмадым. Содан бастап, оларды оқытуды, үйлендіруді, дұрыс жолға түсіруді өзіме мақсат еттім. Менің бақытты болуым – солардың бақытын көру… Оңаша қалғанда, көбінесе, соларды ойлаймын.

Динара Абдуллина, актриса
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Ешкімге айтпаған сырым…

Өзім актриса бола тұра бұлай айтуым оғаш көрінетін шығар, бірақ мен 3-курста оқып жүргенде-ақ, әртістікті ұнатпадым. Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен жастар театрына 40 шақты адам кастингке келдік, бірақ қабылдануға аса қатты ниетім де болған жоқ. Ол сенімсіздіктен емес, мамандыққа деген көзқарасыма байланысты еді.

Әке-шешем өнерге келуіме қарсы болды. «Әртістердің отбасында береке болмайды»,- дейтін. Бірақ қарап отырсаңыз, өнерге қатысы жоқтардың басында да ондай жағдайлар болып жатыр. Берекенің болу-болмауы адамның мамандығына емес, өзіне байланысты деп ойлаймын.

Алдағы уақытта өз адамымды жолықтырып, тұрмысқа шыққанда, азаматым өнерден кетуімді қаласа, келісемін. Өзімді отбасыма, балаларыма арнаймын (ойлана жымиды).

Маған өзіндік пікірі бар, намысты, мінезді, сөз мен ісі бір, өзін сыйлайтын және өзгеге сыйлата алатын адам ұнайды.

Ұлтыма пайдам тисе екен

Қайда жүрсем де ұлтқа пайдам тиюін ойлаймын. Кішкентай іс-әрекеттерім арқылы титтей де болсын үлесімді қосқым келеді. Мысалы, банкоматтан ақша аларда қазақ тілін таңдаймын. Атыраудан киім дүкенімді ашқан кезде де қазақша атау қойғым келді. Солайша, “Алау” деп атадым.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Оқырмандарға тілерім:

Шынайы болыңыздар. Ойларыңызды ашық жеткізіңіздер, қоғамға, жан-жағыңызға пайдалы іс жасаңыздар. Пайдаңыз болмаса, ең құрығанда зиян тигізбеген жөн ғой. Сонда өмір керемет болады! Бәріңізге бақыт, бейбіт өмір тілеймін! Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын!

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Ақпарат көзі: https://baribar.kz/53206/dinara-abdullina-aktrisa-saghan-senemin-serialyna-ulken-synaqpen-bekitildim/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Белгілі актерлер А.Төлепов пен А.Өтепберген енді Ғ.Мүсірепов театрында өнер көрсететін болды

admin

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мәкіл Құланбаев 90 жаста

admin

Алматыда «Алтын сақа» балалар спектальдерінің фестивалі басталды

admin