Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Министрліктің жаңалықтары

Өнер мен мәдениет майталмандарына стипендия тағайындалды

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласы бойынша 2019 жылғы мемлекеттік стипендиясын тапсыру рәсімі өтті.

Қырымбек Көшербаев стипендия иегерлерін құттықтай отырып, осы шараның мәні мен маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Елбасының бұл бастамасы мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген қайраткерлер мен дарынды жастар үшін үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қамқорлықты сезінген азаматтар қазақстандық мәдениеттің өркендеуіне, қоғамымыздың рухани тұрғыдан дамуына алдағы уақытта да зор үлес қосатынына сенімдімін» деді Қырымбек Елеуұлы.

Айтулы стипендия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы 75 қайраткеріне берілді.

Тұңғыш Президент – Елбасының стипендиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қайрат Байбосынов, Жүрсін Ерманов, Меруерт Өтекешева, Александр Гаркавец, Гульвира Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды. Олардан бөлек, Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмова, актриса Айнұр Рахипова, балет әртісі Бақтияр Адамжан, ақын Қанат Омаров, дәстүрлі музыка өнерінің орындаушысы Медығат Манапов, кино режиссері Фархат Шәріпов және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық қызметкерлері және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы үстіміздегі жылы Қазақстан аумағында өтетін екі бірдей ірі шара – ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық және әйгілі ақын-ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткізу қажеттігін де тілге тиек етті.

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/219039-oner-men-madeniet-maytalmandaryna-stipendiya-taghayyndaldy?fbclid=IwAR2etw6WoBttSda43UgTtRJ_uhteVoqd7GkdN3gereMgWUpCHVXd-Nw-nN8

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ұлттық палатада туризмді дамыту бағдарламасы таныстырылды

admin

Мәдениет және спорт министрі Отырар ауданына іс-сапармен келді

admin

Қазақстанға келетін саяхатшылар санын 9 млн-ға жеткізу жоспарлануда

admin