Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

“Театр сыншылары не бітіріп жүр?”

2020 жылдың 13 ақпанында “М.О.Әуезов мұражай-үйі” ғылыми-мәдени орталығында “International Union of Theatre Critics” – “Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің” тұсауы кесілді.

ЖАНСАЯ ТҰРМАҒАНБЕТ ТЕАТРТАНУШЫ

Заманауи театрдың бүгінгі даму тенденциясында театр сынының алар орны ерекше. Сахна өнерін зерттеушілер де, қамын жеушілер де, нанын жеушілерге бағыт беріп, қызғыштай қоритындар да – театртанушылар. Өз ісіне шын берілгендер ғана жиылған бұл салада атқарылған еңбектер туралы аз айтылатыны өкінішті, әрине. Бірақ, олар «мені айтса екен, жасағанымды көрсе екен» дейтін халық емес. Әлқисса, әңгімеміздің төркіні – “Халықаралық театр сыншыларының бірлестігінің” ашылуында.

13 ақпан – қазақ театрының тарихында айтулы дата. Бұл күні Семей жерінде еуропалық үлгідегі тұңғыш спектакль қойылған. Дәлірек айтқанда, Ж.Аймауытовтың сахналауымен 1915 жылы дәл осы күні «Біржан – Сара» айтысы ұсынылған еді. Бір ғасырдан астам уақытты артқа тастап, 2020 жылдың 13 ақпанында «М.О.Әуезов мұражай-үйі» ғылыми-мәдени орталығында «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» – «International Union of Theatre Critics» тұсауы кесілді. Театр өнерін дамыту бағытын бетке алған халықаралық бірлестік Анар Еркебай (Қазақстан), Лаша Чхартишвили (Грузия) және Эльчин Джафаров (Әзірбайжан) сынды белгілі театр сыншыларының бастауымен құрылған болатын.

Ерекше атап өтуге тиіс дүние – осы бірлестіктің ресми түрде ашылуы аясында А.Еркебай бастаған театртанушылардың тарапынан жасалған үлкен еңбек. Олар бүгінгі күні тіршілік етіп жатқан отандық театрлардың 2019 жыл бойынша жалпы статистикасын жасады. Тыңдап отырған екінші адамға жай ғана цифрлар болуы мүмкін. Бірақ, бұл сандар театрларымыздың даму көрсеткіші, бүгінгі хал ахуалы болып отыр.

Ғылым мен техника ғарыштап дамып жатқан замандағы адамзаттың санасын жаулаған бұқаралық ақпарат құралдарының қай түрі болмасын, рейтингке жұмыс істеу арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді. Сондықтан, қазақстандық театрлар арасындағы сараптамалық рейтинг те олардың көркемдік деңгейінен бұрын кәсібилік қабілеттерінің нәтижесін анықтау үшін зерттеліп отыр. Жоба туралы ақпараттар мен сауалнама мемлекеттік және жеке театрлардың барлығына дерлік жіберілген болатын. Жауап бергендердің саны – 43. Иә, алғашқы көрсеткіш үшін – жаман емес деп бағамдап қойдық. Кейбір театрлардың немқұрайлы қарағанын жасырмай, бірден «жауап бермейміз» десе, ал, кейбірінен «жіберетін түгіміз жоқ» деген мазмұндағы хаттар түсті. Осылайша, шағын «бәйгеде» шаңның арасында қалам деп, есігін жапқандар да, мен жүйрікпін, озам деген тұлпарлар да болды.

Салтанатты жиында 2019 жылғы сараптама бойынша еліміздегі үздік деп табылған театрлар «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды. Атап айтар болсақ:

1) Әуезов ат. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры үздік сайт үшін;  2) Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры «В гостях у Тролли» спектаклі үшін;  3) Алматы мемлекеттік қуыршақ театры «Айко мен Строшка» қойылымы үшін;  4) Режиссер Д.Базарқұлов 2019 жылғы 3 премьера үшін;  5) Қ.Қуанышбаев ат. қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклі үшін.

Сол тұлпарларды қамшылап, бағып, үйретуде театр сыншыларының ролі маңызды екенін театр өкілдерінің көбі түсіне бермейді. Яки, мойындауға, мойынсұнуға дәрменсіз болса керек. Театр сыншыларын өздеріне қарсы қойып, «үйреніп қалған жау атыспаққа жақсы» деп, сол стереотипті қамал қып құрып, соның артында бүркеніп ап жатқан театрларымыз бар-ау. Бар деген аздық етер. Олар көп. Ал, театртанушылар аз.

Жиын барысында сөз сөйлеген театртанушы С.Қабдиева көтерген мәселелер аса орынды деп есептейміз. Республика ғана емес, алыс-жақын шет елдердің фестивальдерінде қазылар алқасында бой көрсетіп жүрген білікті маманның қазақ театрына айтары көп. Айтып келеді. Елімізде соңғы бес онжылдықта бой көрсетіп келе жатқан фестивальдер қозғалысының театр өнерін дамытудағы ролі артып келеді. Бірақ, олардың ұйымдастырылу деңгейі (техникалық тұрғыдан емес, әрине) әлі де болса, өте жақсы деуге келе қоймай тұр. Әріге бармайық, фестивальге қатысушы спектакльдерді іріктеу – аса жауапты кезең екені ескерілмей жататын кездер болады. Фестиваль репертуарын құратын кезде, спектакльдерді ой мен қырдан жинамай, кәсіби мамандардың ұсынуы бойынша іріктесе ғой деген уәжін бірнеше мәрте айтып келеді. Кешегі сөзінде де айтты. Айтты. Айтылды. Айтылады. Есітіп, жауап қатары қайда?

Фестиваль репертуарынан бұрын, театрлардың жалпы репертуарлық саясатын жүргізу мәселесі де даулы мәселе. Театрда қызмет ететін Әлия Бөпежанованың сөзінше, мемлекеттік театрлардың репертуарлық саясатын жүргізуде көбі аса түсіне қоймайтын кедергілер орын алады. Әдебиет сыншысының сөзіндегі астарды, әлбетте, театртанушылар ұқты. Әлгі кедергілер театртанушыларға аса құпия емес, әлден-ақ айдан анық дүниелер еді. Мемлекеттік тапсырыс, арнайы жоспар, не белгілі бір театр қайраткерлерінің мерейтойларына арналған яки басқа да «белгісіз» себептердің аясында әлсіз репертуарлар құрылатынын сыншылар қауымы «беске» біліп отыр.

Жиын басында сөз сөйлеген жазушы, драматург Дулат Исабеков те театр жайлы толғамдарын төкті, ақтарыла тарқатты. Драматургия, театрдың көркемдік деңгейін өсіру турасында келелі ойлар тыңдадық.

Театрсүйгіш ортаның аға буын өкілдерінен ақ батасы мен тілегін арқалай келген драматургтан бөлек, театртанушы Еркін Жуасбек бой көрсетті жиында. Ол өз сөзінде театртанушылар жүргізген мониторингінің бос әуреге санап, одан да театр дамуы үшін нақты қадамдар жасау керек деген пікірін алға тартты. Жарайды, жасаймыз делік. Бірақ, ауру адамның еміне кірісу үшін, оған диагноз керек емес пе? Театр сыншылары театрды дертінен емдеп, құлан таза сауықтырмаса да, алдын алу шараларын, симптомдарын айтып, ескертіп жатқанын, жалпы организмінің анализін жасағанда тұрған әбестік жоқ. Ғ.Мүсірепов ат. балалар мен жасөспірімдер театрында көркемдік жетекші қызметін атқарушы театр сыншысының айтуынша, театртанушылар спектакльді талқылау кездерінде актер, режиссерді орынды, нақты сын айтып, талдау жүргізу жағы ақсап тұр. Әрине, «иә, рас, солай» деп қоштағандар бар шығар. Бірақ, айналдырған он шақты театртанушылардың республика көлемінде атқарып жатқан еңбегі еленбей, дауыстары естілмей жатса, талқылаулардағы пікірлері бағаланбай жатса, кім кінәлі? Бәрібір сыншы ма кінәлі? Бәрібір, сыншы кінәлі.

Бірақ, сол қазақ сыншысы айтқан пікірді шетелден келген маман айтсыншы, «міне, сыншы дегенің осындай болса керек!» дей қалатын олар. Қазақ театрына тағылған мін үшін жерге кіріп кететін тесік таппай қалатын – сыншылар. Оған бас ауырта қоймайтындар – театрлар. Парадокс.

Осы сынды екіұдай пікірлерді сирету үшін, еңбектері көп жағдайда көп себептермен білінбей қала беретін театртанушылар мен сыншылар не бітіріп жүр деген сұрақтар туындамас үшін «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» құрылып, нақты істерді қолға алмақ мақсатын көздеуде. Ала көзін тігіп, күмәндана, сынай қарамай, «оң екен» дескен жұрт (басым көпшілігі өзіміз, театртанушылар) жұмыла қазақ театрының отына да күйеміз, ызғарына шыдаймыз. Өйткені, олар театрды арнайы мақсатпен жағалап жүрген жоқ. Шын  сүйеді. Сол үшін де шын алаңдайды.

«Б.Құндақбаев, Ә.Сығайлардың көзі тірі болғанда, театр сынының жөні басқа болар ма еді?» дегенге салады көбі, сыншылар туралы әңгіме қозғала қалса. Сара жолды абыроймен жалғастырып келе жатқандар жоқ емес екенін, олардың да айтар, жазары бар екенін, олардың да «қайтсек қазақ театрын дамытамыз?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтіндер бар екенін айтқымыз келеді осы ретте.

Ақпарат көзі: https://www.oner.kz/theatre/view/13368-teatr-synshylary-ne-bitirip-zhur?fbclid=IwAR0awxfFH5XAY0ufmnyGCsuTrOi3-H1bAKt0dcbzEBr6NdFfyv-matFNNzI

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мұрат Ахмановтың 40 жылдық шығармашылығына арналған апталық

admin

Бүгінгі қуанышты күннен естелік #сурет #Серпер #БақытТушаев #БейбітКамаранов

admin

Young Woman Chef Serving Fresh Salad at Kitchen

admin