Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«АЛТЫН САҚА» ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөспі­рімдер театрында «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында өткен «Алтын сақа-2018» атты жаңа қойылымдар фестивалінің жабылу салтанаты болды.

Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған фестивальде соңғы бір жылда көрермен назарына ұсынылған жаңа спектакльдер өзара бақ сынап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздік актерлар анық­талды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлова, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс болды. Биылғы фестиваль репертуарында «Сең» (Ә.Нұрпейісов), «Шыңырау» (М.Горький), «Жусан иісі» (С.Мұратбеков), «Аққулар ұйықтағанда…» (Н.Ораз), «Базарың тарқамасын» (Б.Есен­әлиев), «Жаңа жылдық бәйшешек» («Он екі ай») (С.Маршак) атты қойылымдар болды.

img_4315Сонымен, бес күнге жалғасқан фести­валь қорытындысы да жарияланды. Өнері­мен өрге жүзген жеңімпаздар фестивальдің жабылу салтанатында театр сахнасында марапатталды. Өнер байқауының нәтижесі бойынша, жас актер Шыңғыс Жаңабай «Театр үміті» аталымын иеленді. Динара Әбікеева «Үздік сәттік кейіпкер» (актриса) аталымына қол жеткізді. «Үздік сәттік кейіпкер» (актер) аталымында Қадырғазы Қуандықов топ жарды. «Үздік негізгі кейіп­кер» (актриса) аталымы Ақбота Қаймақ­баеваға бұйырды. «Үздік негізгі кейіпкер» (актер) аталымында Ерлан Кәрі­баев ерек­шеленді. «Үздік әйел бейнесі» аталымында Жанар Мақашева, «Үздік ер бейнесі» аталымында Еділ Рамазанов өз ортасынан озып шықты. Лидия Кәден «Жыл актри­сасы» атанса, «Жыл актері» Мақсат Сәбитов болды. «Үздік режиссер» аталы­мын­да Жұл­дызбек Жұманбайдың жұлдызы жанды.

Айта кетерлігі, театр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурыз мерекесіне орай Атырау қаласына гас­троль­­дік сапармен барып, өнерсүйер қауымды рухани сусындатып қайтты. Өнер ордасы жұртшылыққа Байғали Есен­әлиевтің атышулы «Қоянды» жәрмеңке­сінің қайна­ған базарынан сыр шертетін «Базарың тарқамасын…» атты музыкалық драмасын тарту етті. Қазақтың сал-серілері, ақын-жыршылары, батыр-балуандары өнер көрсеткен «дала театрын» қайта жаңғырт­қан өнер ошағының ашық аспан астында сах­наланған бұл қойылымы атыраулық көрер­мендердің көңілінде ерекше із қалдырды.

«Ақшам-ақпарат».

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/%D0%B0%D0%BB%D1%82%D1%8B%D0%BD-%D1%81%D0%B0%D2%9B%D0%B0-%D1%84%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B8%D0%B2%D0%B0%D0%BB%D1%96-%D0%B0%D1%8F%D2%9B%D1%82%D0%B0%D0%BB%D0%B4%D1%8B/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“АЙТЫЛМАҒАН МАХАББАТ” театрландырылған əн-думан кеші – Сіздер үшін!

admin

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ ПАВЛОДАРҒА КЕЛДІ

admin

НА ПТИЧЬЕМ ЯЗЫКЕ

admin