Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары Мемлекеттің жаңалықтары

Ақтоты Райымқұлова ҚР Парламенті Сенатының пленарлы отырысында баяндама жасады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Парламенті Сенатының пленарлы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Министр бұл Заң жобасының мақсаты – қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау екенін жеткізді.

«Жобамен қамтылған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр. Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді. Ал түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты»,-деді.

Осы орайда Заң жобасының ең өзекті түзетулеріне тоқталды.

«Электронды кітапхана 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы базасында іске асып келеді. Дегенмен бүгінде еліміздің электронды кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ. Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электронды форматта сақтау бағытында  айтылған олқылықтарды жою, халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және ел арасында ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электронды кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр»,-деді министр.

Сонымен қатар концерт қызметінде, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема барын айтты.

«Əнші, əртістер тарапынан концерт өткізу кезінде әдепсіз қылық көрсету, сахнаға мас күйінде шығып, өнер көрсету, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар жайт та тіркелген. Осы орайда, Заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай теріс іс-əркет жасауына жол бермеу үшін бірқатар міндеттеме енгізу арқылы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық. Оның ішінде маңызды нормалардың бірі –  музыка орындаушылардың фонограмма қолданатынын хабарлау. Фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнама өнімі мен касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қоса бұл билеттің құнына да әсер етеді»,-деді.

Осыдан соң Ақтоты Райымқұлова көркемдік кеңеске қатысты түзетулермен таныстырды.

«Қазір біз қолданып жүрген «Мәдениет туралы» Заңға енгізілген нормаларға сәйкес, Министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында мәдениет саласындағы қызметтің барлық бағыты бойынша республикалық көркемдік кеңестердің жұмыс істейтінін білеміз. Аталған көркемдік кеңестер жұмысы өз жемісін беруде. Театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы, әдебиет пен өнер шығармаларының деңгейі артып отыр. Əр саланың даулы мәселелері тұрақты түрде талқылауға шығарылып, өз шешімін тауып келеді. Алайда республикалық көркемдік кеңес барлық саланың даулы мәселелерін қамтуы мүмкін емесін тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған орай заң жобасы негізгі міндеті өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, өңірлік көркемдік кеңестер құруды көздеп отыр»,-деді Ақтоты Рахметоллақызы.

Сондай-ақ қоғам үшін маңызы бар әдебиеттерді сатып алуға қатысты түзетулерге тоқталды.

«2017 жылы депутаттар корпусының арқасында алғаш рет заңнама деңгейінде авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілді. Бұл басқа елдерде болмаған жағдай.

Алайда іс жүзінде қайшылықтар да пайда болды. Атап айтқанда автордан әдебиеттерді сатып алу құқығын барлық мерзімге мемлекетке беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезі мен одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн. Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды. Керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі автор оны басып шығаруға, Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады.

Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері жайлы.

«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда  көзделмесе коммерциялық емес мемлекеттік мекеме нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметке құқығы жоқ.

Алайда бүгінгі күні Қазақстанның көптеген музейі мемлекеттік кәсіпорынға айналған. Осы орайда қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр. Осыған орай заң жобасында осы норманың таралуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Кәсіпорындар өз қызметін «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы талаптарының аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормалардың бірі ретінде – мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзетуді атап өткім келеді.

Құрметті депутаттар, заң жобасы Парламент қарауында сапалы пысықталды. Депутаттардың еңбегі мен елеулі ұсыныстары үшін алғысымды білдіргім келеді»,-деді Министр.

Ақпарат көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/mcs/press/news/details/112590?lang=kk

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«АЛТЫН САҚА» жаңа қойылымдардың театрішілік ФЕСТИВАЛІНЕ шақырамыз!

admin

Театр туралы құнды естеліктер

admin

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ЖАҢА СПЕКТАКЛЬ ҰСЫНАДЫ

admin