Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Алтын сақа-2018» атты жаңа қойылымдар фестивалінің жабылу салтанаты болды.
Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған фестивальде соңғы бір жылда көрермен назарына ұсынылған жаңа спектакльдер өзара бақ сынап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздік актерлар анықталды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс болды. Биылғы фестиваль репертуарында «Сең» (Ә.Нұрпейісов), «Шыңырау» (М.Горький), «Жусан иісі» (С.Мұратбеков), «Аққулар ұйықтағанда…» (Н.Ораз), «Базарың тарқамасын» (Б.Есенәлиев), «Жаңа жылдық бәйшешек» («Он екі ай») (С.Маршак) атты қойылымдар болды.
Сонымен, бес күнге жалғасқан фестиваль қорытындысы да жарияланды. Өнерімен өрге жүзген жеңімпаздар фестивальдің жабылу салтанатында театр сахнасында марапатталды. Өнер байқауының нәтижесі бойынша, жас актер Шыңғыс Жаңабай «Театр үміті» аталымын иеленді. Динара Әбікеева «Үздік сәттік кейіпкер» (актриса) аталымына қол жеткізді. «Үздік сәттік кейіпкер» (актер) аталымында Қадырғазы Қуандықов топ жарды. «Үздік негізгі кейіпкер» (актриса) аталымы Ақбота Қаймақбаеваға бұйырды. «Үздік негізгі кейіпкер» (актер) аталымында Ерлан Кәрібаев ерекшеленді. «Үздік әйел бейнесі» аталымында Жанар Мақашева, «Үздік ер бейнесі» аталымында Еділ Рамазанов өз ортасынан озып шықты. Лидия Кәден «Жыл актрисасы» атанса, «Жыл актері» Мақсат Сәбитов болды. «Үздік режиссер» аталымында Жұлдызбек Жұманбайдың жұлдызы жанды.
Айта кетерлігі, театр ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурыз мерекесіне орай Атырау қаласына гастрольдік сапармен барып, өнерсүйер қауымды рухани сусындатып қайтты. Өнер ордасы жұртшылыққа Байғали Есенәлиевтің атышулы «Қоянды» жәрмеңкесінің қайнаған базарынан сыр шертетін «Базарың тарқамасын…» атты музыкалық драмасын тарту етті. Қазақтың сал-серілері, ақын-жыршылары, батыр-балуандары өнер көрсеткен «дала театрын» қайта жаңғыртқан өнер ошағының ашық аспан астында сахналанған бұл қойылымы атыраулық көрермендердің көңілінде ерекше із қалдырды.
«Ақшам-ақпарат».