Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Жаңалықтар

Жайдарбек Күнғожинов Əлем каскадерлері академиясының «Таурус» жүлдесін жеңіп алды

Nomad Stunts кəсіби каскадерлер тобынның негізін қалаушы, жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов Əлем каскадерлері академиясының «Таурус» жүлдесін жеңіп алды.

Каскадер, кино əдістерін қоюшы, экшн мамандары арасында «Оскар» аталып кеткен жүлдені режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасындағы каскадерлерлік əдістер үшін иеленді.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жайдарбек Күнғожинов пен Nomad Stunts ұжымын Əлем каскадерлері академиясының «Таурус» жүлдесін жеңіп алуымен құттықтады.

“Құрметті Жайдарбек Күнғожинов!

Сізді жəне Nomad Stunts ұжымын Əлем каскадерлері академиясының жыл сайынғы «Таурус» жүлдесін жеңіп алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз негізін қалап, жетекшілік ететін Nomad Stunts кəсіби каскадерлер тобы əлемдік кино прокатта жетістікке жетіп, көрерменнің жоғары бағасына ие болған бірқатар фильмде еңбек етті.

Кино саласында күн өткен сайын қарқынды дамып келе жатқан заманауи технологияға қарамастан Сіздер көрермен таңдай қағатын барлық эпизодтың шынайы шығуына атсалысып келесіздер. Кино алаңында аттың құлағында ойнап я болмаса көз ілеспес жылдамдық ішінде ширақ қимылдармен көзге көрінбейтін қара жұмысты істеп, тəуекелшіл маман екендіктеріңізді паш етіп жүрсіздер.

«Томирис» тарихи драмасы – Nomad Stunts майталмандары үшін орны бөлек жоба. Бұл жүлде Сіздердің осы фильмнің барысындағы қиын да ерен еңбектеріңізге көрсетілген зор құрмет деп білемін.

Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Сізге жəне ұжымға зор денсаулық, толайым табыс, түсірілім алаңында сəттілік тілеймін!,- деп жазылған министрдің құттықтау хатында.

Айта кетейік, «Томирис» – «Таурус» жүлдесіне ұсынылған алғашқы отандық фильм. Шетелдік фильмдегі үздік қойылым номинациясында «Томириспен» қатар «Спасти Ленинград» (Ресей), «Захар Беркут» (Украина), «Касабланка» (Египет), «Римнің бірінші королі» (Италия) фильмі жүлдеден үмітті болды.

Сәйкес жаңалықтар

Күйеуінің қазасын естіп тұрып, комедиялық ролін сомдаған актриса

admin

ҚҰТТЫҚТАУ

admin

16 қараша күні театрымыздың артисі, Халықаралық театрлар фестивалінің лауреаты, киноактер – Данияр Базарқұловтың туған күні! Шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, отбасы мен жақындарына амандық, еңбегіне жеміс, шығармашылық жеңіс, биік шыңдар тілейміз!!!

admin