Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Қуаныш пен қобалжу: Алматыда ұзақ үзілістен кейін театрлар қайта ашылды – видео

Алматыда театрлар қызметін жандандыруға рұқсат берілді. Мәдениет нысандары барлық санитарлық талапты, көрермендер арасындағы арақашықтықты сақтауы қажет

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 75-маусымы басталды. Театрдың жаңа маусымға дайындығын Sputnik Қазақстан тілшілері көріп қайтты.

Театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұловтың айтуынша, әртістер сахнаға шығар алдында бірқатар дайындықтан өтті.

“Еңбек демалысына шыққанның өзінде, 24 күн, бір ай демалған кезде де “форманы” біраз жоғалтып аламыз. Тренингтер жасап, әртістер сахнаға өзін жинақтап барып шығады. Бұл жағдайда да солай болды. Театр ашылар алдында біраз дайындалдық. Күні-түні репетиция болды. Ашылмас бұрын санитарлық талаптармен танысып, ең әуелі сонымен жұмыс істедік”, – дейді Базарқұлов.

Театрда көрермендер залында арақашықтық сақталған. Бір қатарда бес адам ғана отырады. Ал келесі қатар бос тұрады. Осылайша, 374 адам сиятын зал қазір 120 адамды қабылдайды.

“Әртістердің көрерменмен қауышуы – үлкен бақыт. Себебі актер көрерменсіз ешкім емес. Актер көрерменнің ықыласы мен қошеметіне бөленген кезде ләззат алады”, – дейді Данияр Базарқұлов.

Ал режиссер Елік Нұрсұлтан “Шағала” қойылымының тұсаукесері карантинге байланысты бекітілген уақытынан кешігіп өткелі жатқанын айтты.

Шағала” қойылымы карантин басталмай тұрып белгіленген дүние болатын. Жоспарлаған уақытымыздан кешіктік. Өйткені карантин болды, еліміз осы жағдайды бастан кешірді. Дайындықты карантиннен кейін жалғастырдық. Спектакльге екі жарым ай уақыт кетті”, – дейді режиссер.

Актерлерге бір көрермен отырса да, бәрібір. Кәсіби маман болған соң көрерменнің санына қарамайды, деп толықтырды Нұрсұлтан.

Режиссердің бұл пікірін театр әртісі Аида Жантілеуова қоштай кетті. Айтуынша, 20 адамның алдында өнер көрсету театр әртісі үшін жаңа дүние емес. Ауылдық жерге барған кезде мұндай жағдай жиі болып тұрады.

“Бір жағынан – қобалжу, бір жағынан – қуаныш. Себебі көрерменді сағындық. Жарты жыл бойы сахнада өнер көрсетпеу, көрерменмен қауышпау біз үшін трагедия болмаса да, драма болды”, – дейді Жантілеуова.

Ал қазір актерлер театрға 120 көрермен келетініне де қуанышты.

Ақпарат көзі: https://sputnik.kz/video/20201015/15208548/Almaty-teatrlar-ashyldy.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен барады!

admin

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

admin

Шын жүректен құттықтаймыз! #Қаллекитеатры #Қазақтеатрыжасасын

admin