Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Театрдың бір жаман тұсы – керек кезінде пайдаланады да, жарамай қалған кезде ысырып тастайды

Кез келген спектакль немесе фильм болсын, ондағы актер образы адам санасына тікелей әсер етеді. Сол актерды рөліне қатысты жағымды, жағымсыз деп те бөліп жатамыз. Бұл рөлге емес, актерға берілген баға ғой. Қандай рөлде ойнаса да, қазақ жігітің мінезін, болмысын жоғалтпайтын актерды танимын. Ол «Серпер» сыйлығының иегері, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс жасайды.  Тіпті, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясының өзінде байсалды Қабаштың, яғни Қабанбайдың образымен-ақ күлдіре білетін, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты «тірілткен»  Бейбіт Қамарановтың айтары бар.

ТЕАТРДА ӨЗІҢДІ ҚАЙТА-ҚАЙТА , КҮН САЙЫН ДӘЛЕЛДЕУІҢ КЕРЕК

-Өмірлік ұстанымыңыз, жиі айтатын сөзіңіз: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», -екен. Жарнамасы аз актерлардың бірісіз. Әлде шын таланттар жарнамаға әуес болмай ма?

– Көп уақытымды шығармашылықтың ордасы, өнердің үйінде – сүйікті театрымда өткіземін. Киноларға да шақырады.Уақытым тапшы болғандықтан көбінесе бас тартамын. Ауылдың қарапайым баласы болғандықтан ба, өзіме көп жарнама жасауды ұнатпаймын. «Ұлық болсаң – кішік бол»,-демекші, өзімді танымал адамдай ұстай алмайды екем. Қалай бармын, солай жүргім келеді.Өзімнен кейін келе жатқан жастар бар, соларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеуге тырысып жүрміз. Көп сұхбаттардан бас тартамын. Жастардың көрінгенін қалаймын.

– Сіздің автопортретіңіз қандай?

– Театр актерімін. Театр және кино актері деп айтылады негізі. Бірақ мен өзімді киноға бәлендей еңбегім сіңді деп есептемеймін.

– Бүгінгі күні театрға еңбек сіңіру маңызды ма, әлде кино саласына ма?

Мен үшін бірінші орында- қашан да театр. Барлық актер үшін солай деп ойламын. 2005 жылы оқу бітіргеннен театрда жұмыс істеп келемін. Бар болғаны 11 жылда көп тәжірибе жинадық, алда талай асулар бар. Театр оңай бағындыратын асу емес. Онда өзіңді қайта-қайта, күн сайын дәлелдеуің керек. Өткенде қарап отырсам, айына  шамамен 25 спектакль болса соның  ірілі-ұсақты 20-сында ойнайды екенмін. «Мен шынымен театрға байланып қалған екем ғой»,- деп ойладым. Өмірімді театрсыз елестете алмаймын.

– «Мен ұмытылмаймын!», «Райымбек,Райымбек!» -те Мұқағали бейнесіндесіз. Көрермен жақсы қабылдайды. Ал кино саласында қандай рөлдер ұсынады?

– Көбінесе деректі фильмдерге, тарихтағы оқиғаларға негізделген жобаларға түсемін. Алаш зиялыларындағы Әлихан Бөкейхановтың образы бұйырды. Актердың әрбір рөлі тағдырына әсер етуі мүмкін.

ТЕК ИДЕЯЛАРМЕН ҒАНА РЕЖИССЕР БОЛАМ ДЕУ БЕКЕРШІЛІК

– Шығармашылық адамдарына у-шу, той-думан кері әсерін тигізетін секілді. Мысалы мен тойдан гөрі спектакльге барғанды ұнатамын..

Жалпы біз не нәрсеге қызықсақ, сонымен өткен уақытымыз өзімізге пайдалы ғой.Кино саласына уақыт жоғалтқанша, сол уақытта театрға пайдаланғым келеді.Театрға қатысты көптеген жоспарларым бар.

Бүгінгі театрға көңіліңіз тола ма?

-Толықтай көңілім толады деп  айта алмаймын. Кемшіл тұсын қалай түзеуге болады, болашақта үш жылдық, бес жылдық жоспарлар құрып сол бағытта жұмыс жасауымыз керек. Оның алғышарттары да жасалып жатыр, нәтижесі жаман емес.

-А.Әшімов күнделігінде «Актер – өз рөлінің авторы болуы тиіс»,-дейді. Сізді өз рөлдеріңіздің авторы деп білемін. Ал осындай тамаша образдарды халыққа ұсынбас бұрын режиссермен келіспей қалатын тұстар бола ма?

-Режиссер рөлді сеніп тапсырады. Ойындағыдай алып шығатыныңды біледі. Әр рөлдің өз қиындығы болады. Кейбіреулер : «Театрда ойнау деген сөзін жаттап алып, уақыт өткізу»,- деп ойлайтын шығар.  Ондайлар бар, болған, бола береді де. Шынайы еместігі сахнадан көрініп тұрады. Мен өз рөлдерімді барынша бір-біріне ұқсатпауға тырысамын.

-Моноспектакль қоюға қалай қарайсыз?

-Мен спектакль қоя алмаймын. Режиссер емеспін. Көп қойылымдарда режиссердің көмекшісі болғандықтан маған көп адамдар:  «Болашақта режиссер болатын шығарсың»,- дейді. Мен режиссер бола алмаймын. Себебі, менде режиссерлік білім жоқ. Идея бар. Тек идеялармен ғана режиссер болам деу бекершілік. Менің ойымша режиссер болып туылады. Өз мамандығымды сүйемін.

Түсінікті. Ал моноспектакльда ойнауға қарсы емессіз бе?

-Жоқ, қарсы емеспін. Қуана-қуана келісер едім. Өйткені бізде моноспектакльдар аз және оны жандандыруға біздің күшіміз сәл жетіспей жатыр. Актерлар болсын, режиссерлер болсын сол қадамға бара алмай жатыр. Былтыр театрымызда Е.Кәрібаевтың «Ол» моноспектаклы қойылды. Тамаша. Батыл қадам. Ұнады. Моноспектакльды өзінше жеке сала етіп дамыту үшін жоғары жақтан қолдаулар, актерлардың және көрерменнің қызығушылығы керек.

-Актерлар жоқ болып кетпейді,тек рөлдерінің азаюы арқылы сахнадан алыстай береді ғой…

-Бұл театрдың заңдылығы. Мысалы, 40 жасқа келіп қалдым. Енді бірер жылдан соң менің де басыма сол күн туады. Сондықтан бар уақытымды актерлыққа, қастерлі өнерге арнағым келеді. Уақытқа сот жоқ қой. Актерды театр соған дайындайды. Іштей бәрін сезіп жүресің. Театрдың бір жаман тұсы – керек кезінде пайдаланады да, жарамай қалған кезде ысырып тастайды. Бұл жалпы өмірдің заңы ғой. Актер болудың бір жақсы жері – біз есейген сайын рөлдеріміз де есейе түседі. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы.

 1.Қызылорда театрында жүргенімде айтқан  бір үлкен кісінің сөзі әлі есімнен кетпейді. «Жақсы актер болмай-ақ қой, жақсы адам бол.Жақсы адам болсаң рөл өзі-ақ тауып алады» ,-деуші еді. Жаны бар сөз.

2.Театрда ойнама, сол болып өмір сүр. Екі сағаттық қойылымда рөліңе қатысты ізденіп, жан-жақты біліп қана ұсынған жөн.

 

ТЕАТРДЫҢ АРХЕОЛОГЫ

-Өмірдегі һәм өнердегі жолыңызды айтып берсеңіз..

-Шығыс Қазақстанның  Үржар ауданында бар-жоғы жүз елу шақты үйі бар ауылда дүниеге келдім. Мектепті сонда тамамдап, академияға түстім. Өнерлі отбасында дүниеге келдім. Нағшыларым, туған-туыстарым өнерге жақын. Алматыда оқу бітіргесін Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма-театрына  шақыртумен кеттім. Жалпы театр әу баста қазақ даласында ең алғаш Шығыста пайда болып, сол кезгі астана Қызылордада шымылдығын ашты ғой. Мен Шығыста туғам, кәсіби сахнамды Қызылордада бастап, сосын Алматыға келдім. Осы жүріп өткен жолымды «театр жолымен» сәйкестендіретінмін (күлді) Балалық қой..Бірақ сонда да театр жүрген жолмен жүрген секілдімін. Қызық…

-Бейбіт Қамаранов актер болмағанда кім болар еді?

-Археолог болар едім. Ауылда өскендіктен табиғатқа бүйрегің бұрып тұрады. Бала кезден бастап әрбір тау-тасқа қызығатынмын. Әлі де сұлу табиғатты жақсы көремін. Бәріміз тылсымға толы табиғаттың бір бөлшегіміз.

-Орыстарда «Отбасында екі актер болуы керек, немесе мүлде болмауы керек»,-деген сөз бар. Білуімізше, белгілі актриса Сәния Ерзат сіздің жарыңыз. Екеуіңіз де бір саладасыздар. Жаман жағы көп пе, жақсы жағы көп пе?

-Жаман жақтары да бар. Бірақ, жақсысы көп. Себебі, бір-бірімізді түсінеміз. Бірге ойнайтын рөлдеріміз де бар. «Күшік күйеуде» Қабанбай мен Алманы, бұған дейін Ақан сері-Ақтоқтыны ойнадық. Жалпы рөлдеріміз көп.

-Ақшасы мен жауапкершілігі жоқтығын қосқанда ол адамда басқаның бәрі бар. Мұндай адам актер бола ала ма?

-Жауапкершілік өмірде де аса маңызды. Актер үшін де солай. Жауапкершілігің болмаса рөлді де сеніп тапсырмайды. Халыққа жауапкершілі аздау еді деп түсіндіре алмайды ғой. Өнер сүйер қауым ондайды кешірмейді. Кәсіби актер болғандықтан сөз ұмыту, кешігу деген дүниелер болмауы керек. Адамдар театрға келгенде рухани рахаттанып , іздегенін тауып қайтуы керек.

МЕНІҢ БАРЛЫҚ АРМАНЫМ ТЕАТРМЕН БАЙЛАНЫСТЫ

-Актер мамандығының басқалардан ерекшелігі қандай?

-Театрдың бір ерекшелігі басқа сала мамандары (математиктер, ақын-жазушылар) өзі жалғыз отырып мықты туынды шығаруы мүмкін. Ал театр актеры ұжыммен жұмыс істеу арқылы ғана көркем туындыны халыққа ұсынады. Ал ақшаға қатысты айтарым, талант болса, дарын болса түбі бір жерден шығады.

-Сіздің актерлық формулаңыз… Талант, жауапкершілік және үшіншісі..

-Ізденіс деп айтуға болатын шығар. Бірақ жалқаулаумын. Қанша кішкентай рөл болса да іздену керек деп есептеймін.

-Адам басқаның бәріне қанағатшыл болуы тиіс. Білімге ғана қанағат болмасын. Өте керемет сөз. Соңғы рет оқыған кітабыңыз..

-Қ.Жұмаділовтың  «Көкжал» атты көк кітабы. Бір әңгімесі қатты ұнап жүр,  соған қатысты өзіне барып тілдескім келеді. Сол тарихи ма, әлде әдеби ма деп сұрағым келіп жүр. «Абылайдың ақырғы батыры» атты әңгіме Бердіқожа батыр жайлы екен. Тарихи туындылар ұнайды.

-Арман деген бір белес,біріне шықсаң бірі бар.. Көп армандайсыз ба?

– Әзірге көрініп тұрған бір белес театрда бағытпен, жоспармен жұмыс істеу. Менің бүгінгі таңда барлық арманым театрмен байланысты.

Адам өзін-өзі жақсы біледі. Өзіңізге көңіліңіз тола ма?

-Көңілім толады десем астамшылдық болар. Барынша өзімді рухани жетілдіру үшін жұмыс жасап жатырмын. Бұл өлгенше күрес секілді. Өзімнің кемшіліктерімді жақсы білемін. Сырттай өзімді сынап, өзіме жиі есеп беруге тырысамын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әлия Іңкәрбек

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Талғамға сай тарту

admin

Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың туғанына 100 жыл

admin

13 қараша күні Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”Дарын”мемлекеттік сыйлығының иегері,керемет әнші,тамаша актриса еліміздің елеулі,халқымыздың қалаулы ерке қызы Әсел Мәмбетова ханыммен тамаша сұхбаттасу болды!!рахмет.

admin