Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында мерейтойлық 70-маусымы ашылды.
Биыл жастар театры «АССИТЕЖ» дүниежүзілік ассоциациясының Қазақстандағы орталығы болып жарияланды. Әлемнің 83 мемлекеті қатысатын бұл ұйымға Қазақстанның өнер ошақтары 84-ші болып қабылданды. АССИТЕЖ – дүние жүзіндегі балалар мен жасөспірімдер театрларымен біріге жұмыс істеп, тәжірибе, ұлттық дәстүрлермен алмасуға мүмкіндік береді.
Театрдың биылғы жетістіктері мен алдағы 70 жылдық мерейтой қарсаңында атқарылатын жоспарлар жайында театр директоры – Сәбит Әбдіқалықов, көркемдік жетекші – Мұрат Ахманов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Бақыт Беделхан, театр артистері Роза Әшірбекова, Лидия Кәден, Еркін Әбдірешовтің қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Биыл театрдың артистер тобы жас буын өкілдермен толықты. «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы дүйім жұртқа етене таныс Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергендерді жаңа маусымның қойылымдарынан көре аламыз.
Театрдың мерейтойлық 70-маусымының ашылуына балаларға арналған «Алтын мүйізді киік» ертегісі мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанының премьерасы көрермен назарына ұсынылады.
Режиссер Е.Әбдірешевтiң «Алтын мүйізді киік» ертегісінің негізгі кейіпкері – ертегінің өзі. Ғайыптан келген кейіпкер қазіргі балалардың қиялына еніп, оларды ертегілер әлеміне саяхат жасатады. Шым-шытырық оқиғалармен араластырып, барлық ертегінің түпкі айтар ойын бірге табуға шақырады. Ойнақы болса да ойға жетелей отырып, бала көңілін жақсы әсерге бөлейді. Ертегі өз патшалығының жарлығын жеткізу үшін әбден әуреге түседі. Соңында барлық балаларды адамгершілік пен мейірімділікке, табиғат-ананы аялауға шақыратын жарлықты жеткізеді. Тәрбиелік мәні ерекше бұл ертегінің бүлдіршіндер мен балаларға берері мол деп сенеміз.
Еліміздің азаттығы жолында қан кешіп, кең-байтақ жерімізді қорғаған батыр-баһадүрлеріміз аз емес. Қазақ елінде ұрпаққа тарихымыздан тағылым бере алатындай тұлғаларымыздың қатарында қасқайып тұрар батырларымыздың бірі – Райымбек. 13 жасынан атқа қонып, батырлық пен әулиелік қатар дарыған қасиетімен танылған батырдың, бозбала шағынан жігіт шағына дейінгі ерліктерін, ерекшеліктерін сүбелі суретпен күрделі шиеленістер арқылы айшықтайтын драма.
«Елім-айлаған» елдің зарын, «Ақтабан шұбырынды», «Зар-заманның» үні, «Ақтаңдақтардың» ізі, «Ашаршылық», ұлт үшін қасақана жасалған қырғындар, міне, осының бәрін өн бойына арқау еткен «Райымбек! Райымбек!» спектаклінің жүгі ауыр екенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
http://aikyn.kz/ru/articles/show/14893-teatr_mausymy_ashyldy