Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Еңбекторы. Театр режиссеры Виктор Пұсырманов жайында.

Жақсыдан сөз қалсын

 

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі 

Эпиграф

1Сонау алпысыншы жылдардың ортасынан бастап, жетпісінші жылдардың орта шеніне дейін Виктор әкемтеатрда режиссер, балалар және жасөспірімдер театрында бас режиссер болып қызмет істеді. Көптеген жақсы спектакльдер қойды. Олардың ішінде Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер», З.Шаниннің «Ақын жүрегі», Ә.Тәжібаевтың «Қыз бен солдат», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» пьесасы бойынша дайындалған дүниелерді т.б. ерекше атап өтуге болады деп ойлаймын.

Әрине, оларды көрген өнерсүйер қау­ымның қатары қазір сиреп қалды ғой. Бірақ, Виктордың театрдағы қойылым­дарын тамашалаған жандардың әлі күнге дейін еске алып, тамсанып отыратындары анық.

Сол жылдары М.Әуезов театрынан Мәскеудегі Жоғары режиссерлер курсына кеткен мен Алматыға қайтып оралғанда әлдеқандай себептермен өзімді әлгі курсқа жіберген театрға емес, балалар мен жасөспірімдер театрына баруға мәжбүр болдым. Бақытыма қарай, қазақ әдебие­тінің сол кездегі көзі тірі классигі Сәбит Мұқановтың төрт пьесасын сахналадым. Соның алғашқысы – «Ботагөз» еді.

Әлі есімде, автордың монологы: «Күн көзіндей жарық бар, Ботагөздің көзінде, Телегей теңіз тарих бар Ботагөздің сөзінде!» деп басталушы еді. Міне, осынау көркем мәтінді спектакльдің эпиграфы ретінде Сәбеңнің өзіне оқытып алғым келді. Біріншіден, автордың өз даусы көрермен жүрегіне ерекше әсер ететіні хақ. Екіншіден, ел құрметіне бөленген, көпшілік қауым өз көзімен бір көруді аңсап жүретін Сәбең емес пе.

Иә, сөйтіп, классик жазушының үйіне телефон шалдым. Көңілім ептеп қобалжып тұр. Бірақ, Сәбең біз ойлағандай емес, өте кішіпейіл, қарапайым кісі екен. Ә дегеннен-ақ, «иә, жарайды, барайын! Ертең сағат тоғызда театрда болайын» деп уәде берді.

Ал ертеңіне дыбыс операторы екеуміз зыр жүгіріп, микрофонды  былай қоямыз, Сәбеңді былай, мына жерге отырғызамыз деп, абыр-сабыр боп жүргенімізде сағат тілі қалайша тоғызды көрсетіп қалғанын байқамай да қалыппыз.

Бір кезде театрдың іші күңгірлеп, таудай Сәбеңнің бірдеңе деп кейіп, сөйлеп келе жатқанын бір-ақ көрдік.

– Әй, мынау не?! Бүйтіп тексеретіндерің бар, есіктеріңнің алдына ит байлап қоймайсыңдар ма? – деп қояды.

Шамасы, «қайда барасыз, сізді мұнда кім шақырды?» деп сұраған вахтадағы кезекшіге ренжіп қалған болса керек. Қап!  Есік алдында өзім күтіп аламын ғой деп, ешқайсысына ескерте қоймап едім.

– Оу, Сәбе, келіңіз! Төрге шығыңыз. Мұнда отырыңыз, – деп құрақ ұшып, жік-жапар болып жатырмыз. – Спектакльдің  беташарына сіздің өз даусыңызды жазып алмақпыз.

– Ә, менің өз даусымды жазбағанда, басқа кімнің даусын жазайын деп еңдер?! – дейді Сәбең жіңішкелеу әуезді даусын созып.

– Сөйтеміз, Сәбе! Сөйтеміз. Ал бастайық.

– Бастасақ бастайық.

Дыбыс операторы Сәбеңді микрофонға жақындау отырғызып, «ал кеттік» дегендей белгі берді.

– Уа-а, күн көзіндей жарық бар…», – деді де, Сәбең булығып, жөтеліп қалды.

– Қане, қайтадан…

– Уа, күн көзіндей жарық бар, Ботагөздің көзінде, уа-а, Телегей-теңіз тарих бар…

Сәбең тағы да жөтелді. Ол кезде қазіргідей өңдеп, жөндеп, бәрін лезде жым-жылас ете қоятын техника жоқ.

– Қап!.. Сәбе… Енді жөтелмеңіз, – деп жатырмыз жанұшырып.

– Жақсы, – дейді Сәбең.

Тағы да бастаймыз, тағы да сол. «Уа» деп, әуезді даусын созып, жап-жақсы мақамдап келе жатып, жөтеліп қалады.

Екі-үш қайталаған соң, Сәбеңді шаршатпайық деп, тоқтата қойдық. Бұл әрекетімізден ештеңе шықпайтынын іштей сезіп тұрмын.

Бірақ, Сәбең риза болып:

– Анау театрда – Әзірбайжан, мынау театрда – Бектұр. Екеуі де орыс боп кеткен… Әй, сен өзің бір, қазақшылығың бар, жақсы бала екенсің! – деп  мені мақтап отыр.

Содан соң, бәрі дұрыс болады, құдай қаласа, енді премьераға келесіз деп, Сәбеңді шығарып салдық.

Әлгі беташар эпиграфты мәнерлеп оқуды енді Мұхтар Бақтыгереевке тапсырдық. Ол өзінің баритон даусымен тебіреніп, сахнаны күмбірлете жөнелді.

«Әй, осы сендер Сәбеңнен таяқ жеп қалмасаңдар неғылсын! – деп Виктор сылқ-сылқ күледі. – Ничего, дерзайте!»

Виктор жалпы, өмірде ғана емес, шығармашылықта да өте батыл, тәуекелшіл болатын. Кеудесін шабыт кернеп, шалқып тұрған сәттерде: «Ой, осы менің өтірігімнің өзі шынға айна­лып кетеді!» деп күлуші еді өзі.

 

Сәбеңнің даусы

 

Міне, «Бо­та­гөз­дің» премь­ерасы болатын күнге де келіп жеттік. Сәбең өзінің бір топ жора-жолдас­тарын, қаламдас інілерін ертіп келіп, алдыңғы қатарға жайғасты.

Спектакльдің шымылдығы: «Күн көзіндей жарық бар, Бо­тагөздің көзінде, Телегей теңіз тарих бар, Бота­гөздің сөзінде!» деп тебі­ренген Мұхтар Бақ­тыгереевтің даусы­мен ашылды.

Сәбеңнің көңілі мар­қайып, сүйсініп қалды. Залдағы көрер­мендер оқиға желісіне еріп, қызығып, тебіреніп отырып тама­шалады. Спек­такль­ден соң дирек­тордың кабинетіне жиналып, өзара талқылау өткіздік.

– Әне, көр­дің­дер ме, бұлар менің өз даусыммен бас­тады ғой, – деп Сәбең ағынан жарылып, мақтанып отыр.

Қасындағы кісілер аң-таң. Апыр-ай, сенейік пе, сенбейік пе деп таңданып қалған сияқты. Сол кезде құдай қосқан қосағының сырын жақсы білетін Мәриям жеңгей күліп:

– Әй, Сәбе, ол сенің даусың емес қой, – деді.

– Жоқ, менің даусым. Өзім келіп жаздырдым ғой, – дейді Сәбең. –Мына балалар біледі.

– Біледі. Әрине, біледі. Бірақ, бұл сенің даусың емес.

– Ау, сонда кімнің даусы?

– Мұхтардың даусы.

– Әй, қайдағы Мұхтар?! Қай Мұхтар?!

Сәбеңнің қабағы түйіліп, жан-жағындағыларға түксие қарап, өз құлағына өзі сенбегендей аңтарылып қалды.

– Иә, Сәбе, осы театрда Мұхтар Бақтыгереев деген әртіс балаңыз бар. Бұл соның даусы!

– А-а?!. Не дейт?! – Сәбеңнің көзі от шашып, енді бізге шүйлікті. – Әй, сендерді мен адам екен деп жүрсем…

Ал содан, біраз бұрқылдап, ит-сілікпемізді шығарып ұрсып-ұрсып алды да, сабасына қайта түсіп, «Ботагөзді» мынау қалың елдің көз алдында қайта тірілткен өздеріңсіңдер» деп, бізді мақтай бастады.

Әліге дейін ойлаймын: «Апыр-ау, Сәбең өз даусын өзі естімеген екен-ау!..» деп.

Ақ аруана

Виктор кейін театрдан қол үзіп, кино саласына ауысып кетті. Неге өйткенін, нақты білмеймін. Әйтеуір, солай қарай аңсары ауды да тұрды.

Мәскеудегі жоғары режиссерлік курсқа бірге бардық емес пе. Сол кезде Виктор әйгілі «Гамлет» фильмін түсіріп жатқан режиссер Григорий Козинцевпен танысты. Сөйтіп, екеуі пікірлес, сырлас, рухани дос болып кетті. Виктор өзіне ұстаз тапқандай болды. «Гамлет» фильмін түсіріп жатқан топқа режиссердің ассистенті болып кірді. Содан соң «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз Жібекті» қолға алған кезде ұйымдастырушы режиссер болып, көп жұмыс атқарды. Қазақ киносының қара нары Сұлтан Қожықовтың шығармашылық мектебінен өтті. Белгілі кинооператор Асхат Ашраповпен жақсы жолдас болып кетті.

Қысқасы, Виктор театрмен қоштасып, «Қазақфильмнен» бір-ақ шықты.

Сөйтіп, ол кинорежиссер ретінде «Ақ аруана» (1972ж.), «Кездеспей кеткен бір бейне» (1977ж.), «Алатаудың күміс мүйіздері» (1979ж.), «Қауын» (1980ж.), «Жау, тоғызыншы ұлдан сақтан» (1985ж.), «Қайсар» (1991ж.), «Әбілхайыр хан» (1993ж.) атты бірнеше көркем фильм түсірді.

Оның кино саласындағы еңбектеріне көз жүгірткенде, біздің есімізге ең алдымен «Ақ аруана» фильмі түсетіні анық. Басты рөлді атақты актер Нұрмұхан Жантөрин ойнағанын жақсы білесіздер. Ал фильмнің сценариіне белгілі жазушы әрі өнер қайраткері Сәтімжан Санбаевтың орыс тілінде жазған «Белая аруана» повесінің сюжеті арқау болды.

Бұл өзі, күні бүгінге дейін көрермен қауым қызығып көретін сәтті туынды­лардың бірі. Ендеше, Виктор Пұсырманов­тың есімін алғаш кинорежиссер ретінде  көпшілік қауымға танытқан да осы – «Ақ аруана» фильмі деп толық сеніммен айтуға болады.

Режиссер, менің түсінігімде, бәрінен бұрын – ұйымдастырушы бола білуі керек. Бұл жағынан келгенде, Виктордың алдына түсе қоятын өнер қайраткерлері, әй, қайдам, сирек шығар-ау.

Оның «Ақ аруананы» түсіруге арналған бүкіл техниканың тоқсан пайызға жуығын тү-у сонау Мәскеуден алдырып, Алматыда қабылдап алып, сонсоң оны жиырма шақты мәшинеге артып, ұзын-салқар көш секілді тізіліп, Маңғыстауға қарай жол тартқаны­ның өзі, қазір ойлап қарасаңыз, нағыз жанкештілік емес пе?!

 

Шаң басқан «Волга»

 

Міне, осы киноға келген соң, Виктордың бойына шыр бітті. Қаламақысы көбейіп, тұрмысы түзелді. Сөйтіп, бір күні: «Әй, мен «Волга» алдым ғой!» деп қуанып, маған телефон шалды.

Құтты болсын деп, оны өзімізше жақсылап атап өттік. Бірақ, Виктордың сол «Волганы» мініп, рахаттанып қыдырып жүруге де қолы тимеді. Ылғи да жұмыс, қызмет деп, анда-мұнда шапқылайды да жүреді. Ал «Волгасы» болса, бүгінгі мынау Республика Сарайының артқы жағындағы бір автотұрақта қаңтарылып, шаң басып, дөңгелектерінің желі босап, ұзақ уақыт сарылып тұрды да қойды.

Сондай күндердің бірінде ол тағы да телефон соғып: «Әй, ертең екеуміз әлгі машинаны бір көріп қайтайықшы» деп жалынғандай болады.

Енді қайтеміз?.. Барамыз. Көреміз. Кілтті бұрап, оталдырайық десек, оталмайды. Аккумуляторы «отырып» қалған. Сол маңдағы біреулерге жалынып-жалпайып жүріп «прикурить» етіп аламыз. Ақыры, мотор гүр ете түседі.

Виктор қуанып, рульге отырады. «Ал енді, жүрмейміз бе?» деймін мен күліп. Көптен бері орнынан қозғалмаған машинаның желі шығып, мыжылып қалған дөңгелектеріне қарап Виктор басын шайқайды.

Бірақ, сонда да осы машинада отырғанына мәз. «Себебі, бұл менің өзімдікі ғой» деп күледі.

Міне, осындай бала мінезді, ақ көңіл, қызба жігіт еді Виктор.

Өнердегі нағыз еңбекторы болатын…

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Таланттар тоғысқан театр

admin

Топырағына аунап өскен жерді қалайша сағынбаймын?!

admin

26 қыркүйек – 150-дей кейіпкердің рөлін сомдаған актриса Әмина Өмірзақованың өмірден өткен күні

admin