Сейтметов Райымбек Ноғайбайұлы – 1938 жылы 2-наурызда ОҚО, Түркістан қаласында дүниеге келген.
1955 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Консерваториясының «актерлік» мамандығын игерген.
1960 жылы Қазақ драма театрына (қазіргі М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры) актерлік қызметке қабылданды.
Әуезов театрында Н.Гогольдің «Үйленуінде» Кочкарев, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» адвокат Ақаевты, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» Сұңғат, «Құдағи келіпті» Арыстан, Ш.Айтматовтың «Ана – жер – Анасында» Жайнақ, М.Байджиевтің «Жекпе-жегінде» Әзиз, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» Бірсімбай, У.Шекспирдің «Отеллосында» Касио, «Асауға тұсауында» Люченцио, т.б. рольдерді шебер сомдады.
1982 жылдың күзінде Жастар театрына (қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры) басшылық қызметке келді. Мұндағы алғашқы сахналаған қойылымы Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс» комедиясы. Кейін М.Әуезовтің 1954 жылы жазылып, бірақ жарыққа шықпаған «Алуа» драмасын сахналады. Осы еңбегі үшін 1984 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысын», Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесіндегі» Т.Рысқұлов бейнесін, «Сталинге хат», «Бесеудің хатын» сахнаға әкелді.


