Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Құрманғазы оркестрі мен Мүсірепов театры көрерменге концерт-спектакль ұсынды

Алматыда Құрманғазы оркестрі мен Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының бірлескен жобасы «Аманат» концерт-спектаклінің премьерасы аншлагпен өтті. Концерт-спектакль Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған  жобада көрермен Құрманғазы оркестрінің орындауындағы танымал шығармаларды тыңдады. Сонымен қатар театр әртістерінің орындауындағы поэзиямен сусындап, қазақ халқының тарихына үңілуге мүмкіндік берген қойылым тамашалады.

Қобыз атасы Қорқыт пен күй алыбы Құрманғазының туындыларынан бастау алған шара, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Айтқали Жайымов сынды композиторлардың шығармаларымен жалғасты. Театр актерлары дана Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін шырқаса, Ерден Жақсыбеков пен Руслан Ахметов Абайдың рөлін сомдап шықты. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актерлары Ақбота Қаймақбаева мен Сәния Ерзат «Саржайлау» мен «Ақ маңдайлымды» орындауда кәсіби әншіден кем түспеді. Сонымен қатар театр актерлары белгілі композитор Әсет Бейсеуовтің «Назқоңыр», «Мұңайма» әндерінен акапелла айтты. Ал оркестр көрермен қауыммен бірлесе сазгердің әндерінен попурри орындады. Концерт-спектакль Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қос өнер ордасы – Құрманғазы оркестрі мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры тарихқа зер сала отырып, түрлі қиындықты басынан кешірсе де, тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтай білген халқына деген мақтаныш сезімін  көрерменнің әрқайсысына сезіндіре білді.

Концерт-спектакльдің дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері Абылай Тлепберген. Сценарий авторы – ҚР Мәдениет қайраткері ақын, жазушы – Ақзия Көлбаева. Қоюшы-режиссер – актер Данияр Базарқұлов. Қоюшы-суретші – Серікқан Омаров.

Шығармашылық кеш басталмас бұрын, көрермен назарына ұлттық бұйымдар мен аспаптар көрмесі ұсынылды.

Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/?p=29027&fbclid=IwAR2FY8g4O3z_cfx4iBR76z11sjun1fJkqWUu7OKc8fuXl1yheFYCnm2PbDQ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тарлан актерге тақта орнатылды 

admin

Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері:Сахна – менің тәңірім!

admin

Ғабит Мүсірепов атындағы Академиялық драма театры «Ұмытыңдар оны …» қойылымын ұсынады

admin