Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«ҚҰПИЯ» СЫРЫ

Бүгінгі қоғамның жай-күйін баршамыз білсек те, жетеріне жеткізе батыл айта алмай жататынымыз рас. Себебі әркімнің өз шындығы, өз қорқынышы бар. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құпия» атты қойылымы қоғамның құпиясын ашып көрсеткендей. 

Театр репертуарын заманауи ­драматургия мен тың тақырыппен толықтырған жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Құпия» пьесасын жас режиссер Ерлан Кәрібаев сахналаған. Қоғамның ащы шындығын сөзбен емес, іспен көрсеткен қойылымның режиссерлік тараптан жаңалығы бар. Қойылым режиссері бүгінгі қоғамның келбетін «STEP» деп аталатын өкшемен өрнектелетін аяқ биі арқылы жеткізуге ұмтылған…
Иә, қойылым аяқтан дыбыс шығарып билеу арқылы басталады. Ең қызығы – көп адамның бірдей дыбыс шығарып, бірдей билеуі. Тобыр дейтін ортаның алғашқы белгілері осылай басталды. Жас режиссер Ерлан Кәрібаевтың алғашқы туындыларының бірінен мұндай батыл қадам күтпеген көрермен іштен тына қалды. Ары қарай не болар екен дегендей ішкі сезімдермен арпалысасың. Үш тілдің (ағылшын тілі, орыс тілі, қазақ тілі) мамандары жұмысқа қабылдану үшін шыға келгенде ары қарайғы күрестің оңай болмасын көрермен жүрекпен сезінеді. Қоғамның шеңберіне сыймай кеткен кейіпкер – орыстілді аудиторияға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Арман (рөлде Дархан Сүлейменов) мұғалімнің бейнесі. Ол туған тілін табан астында таптағысы келетіндермен күреседі. Алайда…
«Студенттердің оплатасы – сенің зарплатаң». Дәл осындай қағидамен ақылы бөлімде оқитын жастардың есебінен колледж басқарып отырған директор Жаңабай Асылхановичтің (рөлде Бейбіт Камаранов) көздегені – тек өз пайдасы. Колледже мұғалімдерден студенттердің абыройы биік, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Мұғалімнің емес, студенттің айтқаны – заң. Себебі олар оқудың ақысын төлеп отыр. Осындай өрескел қателіктер мен әділетсіздіктерге оқу орынның барлық ұстазы көнген. Тек бас көтеріп, күрескісі келетін – Арман.
Бастарына құлыптанған тәж киген колледж оқытушыларының өмірі арқылы біраз жайтты көз алдыңа келтіреді. Басқа киілген құлыптанған тәж арқылы мұғалімдерді басшылыққа бағындырады. Бас көтеріп, ойын ашық айтуға мүмкіндік бермейді. Жиналыста әр мұғалім билігі бар адамның қолындағы кілттерді басындағы тәжге салып, ашуға тырысады. Бірақ ашылмайды. Оның кілті дәл сонда ма, белгісіз. Бірақ бәрі кілтті салып, ашуға талпынады. Тағы да дәрменсіз. Ашылмаған соң, баяғы күйбең тіршілігіне, қағазбастылығына үнсіз көнеді. Алайда құлыптың ашылуы санасының оянуында екенін кейіпкерлер түсінбейді. Тіпті бір өзі төрт пәннен сабақ беруге мәжбүр қағазбасты мұғалім бұғауды үзгісі келіп бұлқынғанымен, айтар тілі тұсаулы. Оңашада, өз араларында ғана күңкілдеп алады. Сөйтеді де басшы мен студенттің құлына қайта айналады…
Оқиға колледж студенттері мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас туралы болғанымен, көкейкесті мәселелерді қозғайды. Мәселен, үштілділік саясаты қоғамға не беріп жатыр? Қазақ тілінің халі қалай? Елдегі білім жүйесі қандай? Өзімізді, ортамызды, қоғамды өзгертуге не кедергі? Жас режиссер осы сұрақтардың жауабын бір ғана қойылым арқылы бере алған.
«Құпия» – қазіргі ұстаздардың жай-күйін, олардың ел алдындағы беделінің қандай екендігін һәм қоғамның ащы шындығын ашып көрсететін қойылым.
Бүгінде актер әрі режиисер Ерлан Кәрібаевтың жалпы шығарма­шылық ізденісі «EGO» театр зертханасымен тығыз байланысты. Негізін қалаған да өзі. Мұндай зертханалық театрлар актерлердің өзін-өзі дамытуына, көбірек ізденуіне, еркіндігіне әсер етеді.
Айта кету керек, «Құпия» қойылымы – Е.Кәрібаевтың театрда жасақ­талған өз зертханасының аясында дайындалған эксперименттік дүние.

А.МҰСАБЕК

Ақпарат көзі: http://kazgazeta.kz/?p=80169

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Отандық блогер сахнада боқтық сөз айтқан танымал әншіге мақтауын жаудырды

admin

«ABISH ALEMI» театр фестивалінде Ғ.Мүсірепов театры бас жүлдені иеленді

admin

Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» драмасы жаңаша мақамда сахналанды

admin