Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

БАС РӨЛДЕ – МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

Ақын Мұқағали Мақатаев поэма­сының желісі бойынша «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастаны – сахналанған сәттен бастап Ғ.Мүсі­репов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының репертуа­рындағы маңызы терең, тарихи құнды қойы­лымдардың біріне айналды.

Батыр бабамыздың ерен ерлігін суреттейтін қойылым қазақ әде­биетінің алтын қорындағы туын­дылардың бірі болып саналады. Өткен жылы Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына орай сахна­ланған бұл қойылымның қазіргі таңда жастар арасында көрермені көп. Тарихи туынды «Ақтабан шұбы­рынды», «ашаршылық» тәрізді қазақ жұртының жүрегіне жазылмас жара салған қайғылы оқиғаларды арқау еткен. Қойылымдағы қабағына қаһар қатқан, демінен зәһәр шашқан зар замандардағы қазақ халқының басынан өткен қайғы-қасірет көрер­меннің жандүниесін қатыгездіктен түршіктіреді. Жас ұрпақты тарих құшағына ендіретін қойылым, әсіресе, жауқазын жастарды туған елінің, туған жерінің тарихымен, батыр бабалар өмірімен жақын таныстырып, туған тамырына жақындатады, жүре­гінде еліне деген сүйіспеншілік сезімі мен рухын асқақтатады. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тамы­рынан ажырап бара жатқан балапан буынның туған жеріне деген құрметін арттырады, ұлттық құнарымен сусын­датады.

Қаһарлы заманның қаһарманына айналған таудай тұлғаның ерлігін насихаттауға арналған тарихи қойы­лымдағы Райымбек рөлінде «Батыр Бауыржан Момышұлы» орденінің иегері Асылхан Төлепов ойнады. Талабы таудай жас актер көрермендерге  «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағым­ның аспаны», «Сұңқар», «Бауыр­жан Момышұлы», «Майдан­герлер», «Қадірбектің арманы», «Рэкетир» атты көркем фильмдерден жақсы таныс. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас актер өзінің талантымен өнер­сүйер қауымның жүрегіне жол тапқан. Өнерімен өрге жүзген жас актер кино және театр өнерінде өз көрермендерін әлі талай қуантпақ, әлі талай таңқалдырмақ. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясында білім алған ол өз көрер­мендерін актерлік шеберлігімен қатар, спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктерімен де тәнті етіп келеді. Бүгінгі таңда жас актер таэквондодан қара белбеу иегері, Қазақстан чемпионы, Таэквондодан бүкіл­әлемдік ашық фестивальдің қола жүлдегері. Айта кетерлігі, Асылхан Төлепов Алматы қаласы мәсли­хатының ең жас депутаты.

«Танымалдылықтың «тәтті дәмін» сезіп жүрмін… Қалжың ғой. Бұрынғы қалпымнан өзгеріп кеткен түгім жоқ. Қоғамдық көліктермен жүремін. Жақында бір журналға сұхбат бердім, сонда қызық болды. «Көлігің қандай?» деген анкеталық сұрақтары бар екен. Басқалары «тойота», «джип» деп жазғанда, мен «автобус» деп үлкен етіп жазып қойдым… Ата-анам «ұлық болсаң, кішік бол» деп құлағымызға құйып өсірді. Сол нақылдан аттап кетемін деп ойламаймын» депті көрермендердің қошеметіне бөленіп жүрген жас актер бір сұхбатында.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/04/15/бас-рөлде-мәслихат-депутаты/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрметті театр сүйер қауым! Кербез Көкшеден келген Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры Алматы қаласында қонақта. Театрдың гастрольдік репертуарымен таныс болыңыздар!

admin

Халық әртісі Роза Әшірбекова өмірден өтті

admin

«Бүгін жексенбі». Ғ.Мүсірепов атындағы театрға 70 жыл толды (ВИДЕО)

admin