Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Махаббат мәңгі ертегі

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 17,18 маусым күндері Әбіш Кекілбаевтың аудармасымен У.Шекспирдің «…Бір сен үшін тудым…» («Ромео-Джульетта») трагедиясының премьерасы болды. Қоюшы-режиссері  Жұлдызбек Жұманбай.

«Мәңгі махаббат бар жерде, мәңгі машақат бар. Риясыз ғашықтардың айналасындағы әзәзілдер мен азғырушы топ қай заманда да қайғы-қасіреттің қанды шекпенін жамылып жүрген.әулет пен әулет, топ пен топ, тобыр мен тобырдың кесірінен қаншама махаббат құрбан болды. Бұл – ықылым заманнан бері келе жатқан ұлтқа бөлінбейтін адамзаттық ахуал. Бұл – тіпті, біздің де, сіздің де, олардың да басында болған және бола да беретін мәңгілік мәселе.

У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасы» да – солардың кебі… махаббат пен ғадауаттың майданы ғана емес, пәруәрдігер пенделер ойынының ойраны екеніне көзіңіз жетеді. Қазақы қазыққа байланып, адамзаттық жан айқайына айналып шыға келген бұл драма – бұрынғы әннен, бұрынғы әңгімеден өзгерек.

«Бір сен үшін тудым…» – деп  шырылдаған шындықты, көзбен көріңіз, ішпен біліп, көңілге түйіңіз!…»  – дейді театрдың баспасөз қызметі.

Шынында да қойылымды көріп отырып, өз басым соңғы ширек ғасырда жасөсіпірімдер арасында жиі бой көрсетіп жүрген суицидтің бір себебін көргендей болдым. Сүйіктісінен айрылудан гөрі өзін құрбандыққа шалуды жөн  деп санайтын жас бозбала мен бойжеткендерге біздің көрсеткен жөн-жосығымыз осы ма?

Қазақта да махабатты мәңгілік ертегіге айналған ғашықтар хикаясы көп. Алайда жас қыз бен жігіттің арасындағы сүйіспеншілік сезімін ата-ана мен бауырдан, бабалар мирас еткен төл салт-дәстүрден, ел мен жерден жоғары қоюға бола ма?  Махаббат символына айналған Қыз Жібек пен Төлеген дастаны ғасырдан ғасырда жалғасқанымен Төлегенінен айрылған Жібек өзіне-өзі қол жұмсаған жоқ қой. Ендеше біз неге жастардың санасын улайтын ессіз махаббат идеясын насихаттап жүрміз. Адам баласының оқығаны мен естігенін емес, көргенін көбірек жадында сақтайтын ескерсек  жастар мен балалар театрының репертуарлық саясатында талап пен талғам басты назарда болғаны жөн шығар. Әйтпесе «жалғыз қызға жар тапсам  деп ем лайық. Көптен күткен тойым еді бұл менің» деген ата-анасының тілегін аяқ асты етіп, немере бауыры Меркуционы өлтірген Ромео үшін өз өмірін қиятын Джульеттаның тағдыры жастарды суцидке емес, ақылға жүгіндіруі тиіс емес пе?

        Ерлік Ержанұлы

Ақпарат көзі: http://www.qazaq-alemi.kz/news?id=2860

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Aбзал жанға алғыс»

admin

Рахман Омар: Ел алдында қалыптасқан бейнемді бұзғым келмейді

admin

«Көңіл толқыны». Талғат Теменов шығармашылығы

admin