Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ТАЛАНТТЫ СЫЙЛАУ КЕРЕК ТІРІСІНДЕ немесе «Тағдыр тақтасындағы» тоғысулар

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлының өмірі мен шығармашылық жолының негізінде қойылған «Тағдыр тақтасы» атты поэтикалық драмасының жалпы құрылымы мен көркемдік деңгейі бөлекше дүние болып шыққан. Қойылым кейіпкерінің өзі премьераға қатысып отыруы, көрерменнің сахнадағы оқиға желісін танымал өнер тарланының тағдырымен салыстыра отырып, ой түюі де бұл пікірімізді айқындай түседі. Жарты ғасырдан астам ұлттық театр мен кино саласында қажымай-талмай тер төгіп, алдына қойған мақсатынан ауытқымай, тағдырдың нешеме тауқыметін қара нардай қайыспай көтеріп келе жатқан Асанәлі ағамыздың соқтықпалы-соқпақты өмірінен қалың көрермен жақсы хабардар. Тағдырдың талай сүріндірген сәттерінде мойы­мастан, қиындыққа бойындағы күш-жігері мен намысын қарсы қойған  қайсарлығы — талант иесінің өмірлік алданышы мен мақсат-арманын ұлттық өнермен тығыз жалғастыруының арқасы деп білеміз. Осындай тағдыры күрделі талант иесінің өмір философиясынан тұратын қойылым дайын­даудың жауапкершілігі де оңай емес екенін көзіқарақты көрермен пайымдайтын болар.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшім­ұлының өмірі мен шығармашылығына арналған поэтикалық драманың авторы — қазақтың талантты ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның сахнадағы сөз қадірі қасиетін көрерменге ұғынықты етіп жеткізе алғаны, поэзия мен қара сөздің көркемдік өрнегімен шебер өрнектей білгені бірден байқалады. Драманы қоюшы  Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Жұлдызбек Жұманбай да қойылымды жаңашыл қадамдар мен шешімдер арқылы сахналағаны көзге де, көңілге де сезіліп тұр.

203Сахнадағы шахмат тақтасында Асекеңнің жеке өмірінде тағдырлас болған, өмірден ерте кеткен жұбайы — Майра, қос құлыны — Сағи мен Мәди, аяулы анасы мен театр сахнасында бірге еңбек еткен қазақ өнерінің марқасқаларының бейнелері жиі көрініс тауып, басты рөлдерде ойнаған кейіпкер­лерімен өткен өмірі мен бүгінгі заман тұрғысынан тілдесуі, көрерменді сан-тарау ойға жетелеп отыруы  да режиссер қиялының ұшқыр­лығынан хабар береді. Қойылымның басты рөлдерін ойнап шыққандардың дені Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері. Асанәлі Әшімұлы рөлінде — Әсет Иманғалиев, студент шағын сомдаған — Қуаныш Керімқұлов, анасы — Гүлжамал Қазақбаева, Майра — Гүлнәр Құрман­бекова, Бағдаттың рөлінде ойнап шыққан Асекеңнің шәкірті Әсем Иманбекова болсын, жалпы қойылымның көркемдік деңгейін көтеруге өздерінің шама-шарқынша талпыныс жасағанының куәсі болдық. Қосымша кейіпкер­лерді сахналаған студент-шәкірттерінің де үлкен сахнадағы алғашқы қадамдары көрерменді қуанта білді. Бас-аяғы 1 сағат 15 минуттан тұратын «Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасынан көрерменнің көкейге түйгені мол.

Бақыт БЕДЕЛХАН,

«Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасының авторы:

— Бұл қойылымды Асанәлі ағаның алдағы 80 жылдығына орайластырып дайындалған шығар­машылық еңбек деуге болады. Қойылым театр репертуарында жоқ, театр басшылығының шешімімен сакхнаға шықты. Асекеңнің өзі оқытқан шәкірттері бар, біздің театрдың өнер ұжымы бірігіп, осы қойылымды дүниеге алып келді. Танымал өнер иесінің өмірлік белесінде   поэтикалық туынды жасасақ деген ойдан туған еңбек еді. Қойылымды жазу барысында поэтикалық композиция емес, поэтикалық драма болып шықты. Асекеңнің өзі «Сендер сахнада өлең оқып отырасыңдар ма, мұны драмаға айналдырыңдар» деген ұсыныс айтты. Шын мәнінде, Асекеңнің өмірі мен өнері жатқан драма ғой. Басында «Майраның әні» деген атпен поэтикалық композиция болатын. Кейіннен «Тағдыр тақтасы» деп өзгертіліп, поэтикалық драма деңгейіне көтерілді.

Асекеңнің бүкіл тағдыры мен шығармашылық еңбегін толық қамтыдық деуден аулақпыз. Дегенмен, там-тұмдап болса да ол кісінің өмірі мен шығарма­шылығынан көріністер беруге талпындық. Кешегі қазақ театр өнерінің негізін қалаған — Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Қапан Бадыров, Райымбек Сейтіметов, Әнуарбек Молдабеков, өзге де талант иелеріне деген сағынышы, сахнадан іздеуі  кезек алмасып жатады. Бұл жерде драматургиялық және режиссерлік шешімдер сахнадағы «Тағдыр тақтасына» тоқайластырылып алынды. Бар-жоғы жиырма күннің ішінде жазылып, сахнаға қойылуы өте аз уақытты қамтыды. Бұл қойылымды алдағы кезде тақырып ауқымын кеңітіп, көркемдігін шымырлап, жандандырып, түрлендіріп, мазмұнын байытып, үлкен драмаға айналдырып, театрдың репертуарына енгізсек пе деген ойға бекініп отырмыз. Асекеңнің өнердегі шәкірттерінің талпынысы ол кісінің де ойынан шыққан сияқты, қойылым соңынан өзінің пікірін айтты да.    

Қойшыбай МАҚАШҰЛЫ,

Тәуелсіз еліміздің мәдени және гуманитарлық саласындағы қайырымдылық және демеушілік қызметі үшін Елбасы Н.Назарбаевтың Құрмет дипломымен марапатталған, тыл еңбеккері және еңбек ардагері:

— Асанәліні азабын да, бақытын да өнерден тауып жүрген, ертеден жақын араласқан інім ретінде сыйлаймын. Оның өнер және өмір жолы менің көз алдымда өтіп келеді. Балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған поэтикалық драманы көріп, Асанәлі інімнің өткен белестерін тағы да көз алдымнан өткізгендей ой түйдім. Өмірдегі шындық жәйттер сахнадан көрініс тауып жатты. Қалай басталып, қалай аяқталғанына дейін көрерменнің ой елегінен өтіп, түсініп, ұғынуына ешбір қиындық келтірмейді ғой деп ойлаймын. Нағыз өнер иесінің тағдыры ауыр болатынын бұрынғы ағаларымыздың өмірінен де білуші едім. Асанәлінің де өткен тарихы оңай болған жоқ. Тағдыр тауқыметін қанша тартса да мойымастан алға ұмтылып, өнерден таяныш тауып келе жатқанын жақсы білемін. Асекең өмірде, өнерде бір жақсылыққа қол жеткізсе, менімен сырласқысы, ой бөліскісі келіп тұрады. Өзімді театр мен кинода ойнаған рөлдерінің көпшілігін көріп келе жатқан тұрақты көрермені әрі жанашыры деп айтсам да болады. Облыстарға жасаған өнер сапарында ертіп барған кезі де болды. Танымал өнер иесіне қолдау көрсетіп, өмір асуларында қасында болуға талпынамын. Асанәлінің ұлы Асанәлінің өкіл әкесі, ал, менің әйелім көп балалы «Батыр ана» Аманкүл өкіл анасы екенін былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Асанәлінің жүріп өткен өнегелі өмір жолын, ел арасында беделін жақсы білгендіктен, ата дәстүрімен ұлының өкіл әке-шешесі болуды қуана қабыл алдық. Талпынып өсіп келе жатқан Асанәлі ұлымыздың алғашқы қадамдары ата-анасын да, елді де  қуантып жүр.    

Асанәлі ӘШІМҰЛЫНЫҢ «Тағдыр тақтасы» атты өмірбаяндық драма премьерасынан кейін сөйлеген сөзі:

— Бұл — менің шәкірттерімнің сахналауымен болған дүние. Драманы жазып, өздері дайындап, сахнаға шығарып отыр. Жастардың еңбегіне ризамын. Қадыр ақын айтпақшы, ақынды сыйлау керек тірісінде, талант иелерінің өзі туралы шығарманы көзі тірісінде көріп кеткеніне не жетсін. Таланттарды көзі тірісінде сыйлаған жөн. Көзі кетіп қалған соң сыйладың не, сыйламадың не, бәрібір. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастарды да қолдауымыз керек.  Онсыз болашағымыз болмайды, өнер өспейді. Қойылымда ойнаған жастарға рахмет айтамын. Менің өткен тарихыма қатысты біраз мәселені қамтыған екен. Бұл драмалық пьеса сахнаға дайындалып жатқанда репетицияға қатыспақ ойым да болған еді, дайындап жатқандар ол ойыма қарсы болды. Содан жастардың ойына еркіндік берген жайым бар. Осы қойылымды көруге келген үлкен-кіші азаматтарға да ризашылығымды білдіремін. Көрерменнің қолдауы бойдағы өнердің дамуына, одан әрі өркен жаюына ықпал етеді. Кешегі мықтыларымыздың соңғы тұяғы академик Серік Қирабаев пен Әлия Бейсеновалардың қатысып отыруы маған күш-қуат береді. Қойылымда тек мен ғана емес, қазақ өнері  майталмандарының есімдері аталып, бейнелері көрсетілді. Ол азамат­тардың рухы бізбен бірге болып, әрқашан қолдап отырады. Қазақ өнері  қайталанбас тұлғаларының рухын еске алып, сахна өнері жас перілерінің осындай қойылым дайындағанына ризамын.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/06/24/талантты-сыйлау-керек-тірісінде/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Red Sport Car Mercedes-Benz C63 AMG Drive Speed.

admin

Премьера спектакля «Сең»

admin

Қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы

admin