Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«МАХАББАТ КЕЗДЕСПЕЙТІН КЕРЕМЕТ БІР…»

Ғабит Мүсіреповтің туғанына — 115 жыл

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Алматыдағы С.Мұқанов пен

Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

музей кешенінің басшысы, филология

ғылымдарының кандидаты

 %d2%93-%d0%bc%d2%af%d1%81%d1%96%d1%80%d0%b5%d0%bf%d0%be%d0%b2

Осыдан аз уақыт бұрын «Время» газе­тінде К.Евдокименконың Гүлнәр Ғабит­қызы Мүсіреповамен «Я вам пишу…» атты сұхбаты жарияланды (12.01.2017). Көп кешікпей «Алматы ақшамы» газетінде осы сұхбаттың негізінде Қ.Иманбекқызының «Классиктің хаттары қайда екен?» деген мақаласы шықты (04.03.2017). Біреулер іле-шала оны әлеуметтік желіге де орна­ластырып үлгерді. Әрине, Ғабит Мүсі­реповтің Раиса Мұхамедияроваға жазған махаббат хаттары шынымен ізім-ғайым жоғалып кетсе, бұған салғырт қарауға бол­майды. Бұл – орны толмас рухани қазынадан айрылып қалғанмен тең. Ол хаттар шертер сырлар қайсыбір көр­кем шы­ғарманы оқығаннан да артық әсер сыйлауы мүмкін. Кезінде атақ-даңқы алыс­қа кеткен қазақ әдебиеті классигінің 62 жасында 25 жастағы актрисаға кезде­сіп, ғашық болып, үйленгені, жас айырма­шы­лығы 37 жас болғандығы қоғамдық ортада әр алуан пікір тудырған болатын. Ал сол «осы қалай?»  дейтін сауалдарға  бүк­песіз жауапты да тек осы хаттардан табамыз.

Енді, мәселенің басын бірден ашып алайық: бұл хаттардың машинкаға ба­сылған қазақша нұсқасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алматыдағы  Орта­лық Мемлекеттік архивіндегі № 2282 қорда сақтаулы тұр. 2012 жылы Ғ.Мүсі­реповтің туғанына 110 жыл толуына орай Солтүстік Қазақстан облысының мұра­ғаттар мен құжаттамалар басқармасы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұра­ғаты өздерінде сақталған Ғабеңнің хатта­рын және Ғабеңе жазылған хаттарды ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатынан алынған хаттармен толықтырып,  «Ғабит Мүсірепов. Данадан қалған рухани дүние. Хаттар, ойлар, нақыл сөздер» деген кітап­ты қазақ және орыс тілдерінде  Петро­павлдағы «Солтүстік Қазақстан» баспа­сы­нан шығарды. Көлемі – 13,16 баспа табақ  (242 бет).  Осы кітапқа Ғ.Мүсіре­повтің Раиса Мұхамедияроваға жазған 10 хаты, қызы Гауһарға жазған 1 хаты және Раисаның Ғабеңе жазған 1 хаты енген. Ал, Раиса Мүсірепова-Мұхамедияро­ваның «Кездесіп еді сол бейне» атты естелігі және Ғабеңнің хаттары ең алғаш рет «Қазақстан әйелдері» журналында (1992, №№1,2,5,6)  жарияланған. Естелік­ті жазып алған – журналдың бас редак­торының орынбасары, ақын Рза Қуна­қова. Ғ.Мүсіреповтің «Ой-сезім сәттері» кітабына («Жалын», 1996, 144 б. Құрас­тырған – С.Дәуітұлы) осы естелік пен хаттар сол қалпында енген. Одан соң «Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер» кіта­бында естелік әжептәуір қысқар­тылып (Алматы, «Білім», 2004, 2007; «Алаш жолы», 2012), 5  хаты берілген (құрастырған – С.Оразалин).

%d1%80-%d0%bc%d2%b1%d1%85%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%b8%d1%8f%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0

Махаббат хаттары – жазушының жария жасауға асықпаған, жұртшылық назарына ұсынбаған, ғашығына шерткен ішкі сырлары, жан толғанысы, сезім құпиясы болғандықтан, оны көп уақыт бойы Раиса Мұхамедиярова өзінде сақтаған. Сондай-ақ, хаттарының бірер данасын Ғабең де өзінде қалдырып отырған сияқты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Гүлнәр Мүсірепова үйлерінде шешесі аялап ұстаған әдемі қорапша (шкатулка) болғандығын, әкелерінің хат­тары соның ішінде тұрғандығын, анасы өзі көзі тірі кезінде бұларды  жариялауға рұқ­сат бермейтінін үнемі айтып отырғанын, қазір денсаулығына байланысты кімге бергенін есіне түсіре алмайтынын, ал кейін сол хаттар ұшты-күйлі жоғалып кет­кенін айтып, әлде деректі фильм түсі­рушілердің қолында кетті ме, әлде басқадай бір жолмен қолды болды ма, анығына көз жеткізе алмай дал болады…

Әрине, Гүлнардың ойларын іліп алып кеткен газет тілшілері жұртшылықты «классиктің жоғалған хаттары» туралы сенсациямен дүрліктіргісі келгені көрініп тұр. Рас, Раиса Мұхамедиярованың қолында болған хаттың орысша жазылған түпнұсқалары жоғалған. Бұл, өте өкінішті, әрине. Ал, 12 хаттың қазақша нұсқасы сақталып қалғаны дәтке қуат. Бұл хаттар қазақша жазылды ма, орысша жазылып, қазақшаға аударылды ма, аудармашысы кім – әзірге бұл жағы да белгісіз.  Сондай-ақ, журналистердің Ғ.Мүсіреповтің  хатта­рының қазақша нұсқасы  журналға, кітап­тарға шыққанынан, Орталық Мемлекеттік архивте сақтаулы тұрғанынан, ол хаттар­дың «Солтүстік Қазақстан» баспасынан шыққан кітапқа да еніп кеткенінен, бұл хаттардың көшірме нұсқасы Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені қорында болашақ жазушы хаттары жинақталатын кітапқа әзірленіп жатқанынан   бейхабар екендігі  байқалады.

7bc2ccae-4367-e167-d2ec-48bb471975c4

Ғабит Мүсіреповтің інжу-маржан туындылары еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда «Жазушы», «Раритет», «Дәуір», «Аударма», «Ан-Арыс», «ҚазАқ­парат», т.б. баспалардан қайта басылып шығып жатқандығы, 2016 жылы «Ұлпан» романы Түркияда, түрік тілінде шыққан­дығы оның рухани мұрасы ХХІ ғасыр оқырмандарына қапысыз жол тартқанын дәлелдейді. Ал «Ғабит Мүсіреповтің жеке тұлғасын  көркем бейнелеген туындылар бар ма?» деген сауалға жауап іздегенде, ойымызға Герольд Бельгердің «Кәрілік», Бексұлтан Нұржекенің «Ғабиттің көз жасы» атты әңгімелерін, «Ғажайып Ғабең» атты арнау өлеңдер жинағын (2012) және Сергей Әзімов пен Ермек Тұрсыновтың Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» және «Tanarіs» кинокомпаниясынан  орыс тілінде шыққан «Классиктің кеш оянған махаббаты» («Поздняя любовь классика») атты деректі бейнефильмін атауға болады. Режиссер С.Әзімов түсірген деректі бейнефильм, негізінен, Ғабит Мүсіреповтің хаттарына және Раиса Мүсірепова-Мұха­медиярованың  монологына құрылған. Фильм­дегі Ғабеңнің: «Дорогая моя Раечка! Вчера, когда ты собиралась уходить, я не мог подняться с места, не мог высказать то, что в этот момент как то нахлынуло на меня…» дейтін хатынан келтірілген үзінді жоға­рыда аталған қазақша хат нұсқала­рында жоқ. Яғни, С.Әзімов бейнефильміне хаттардың орысша нұсқасын пайдаланған. Бұл дер кезінде түсірілген, оқырмандар мен көрермендердің көкейлерінде жүрген көп сауалдарға жауап тапқан, тыңдаушысын бір сәт те бей-жай қалдырмайтын сәтті туын­ды болды. Мерзімді баспасөзде де лайықты бағасын алған болатын. Алма­тыдағы  мұғалімдер біліктілігін арттыру институтына республикамыздың түкпір-түкпірінен оқуға келген қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің оқытушыларын Музей кеше­ніне шақырып, арнайы кештер, кездесулер өткізгенімізде осы деректі бейнефильмді көрсетіп, мұғалімдердің көздеріне жас ала отырып әсерленгендеріне талай рет куә болдық.

«Езу тартқаны естен тандырғандай екен»

 Ғ.Мүсіреповтің «Жан сыры» хат-новел­ласынан: «…Мен әлдекімді іздегелі он бес жыл болды. Баладай сағынып, зарығып іздедім. Көшелерден де, жиналыстардан да, оңнан да, солдан да іздедім. Таба алмадым. Телефон соғар, хат жазар деп күттім. Түсіме енер, әлдеқалай кездесер деп күттім. Кездеспеді. Атын білмеймін, түсін таны­май­мын. Бірақ, тек қана соны сағындым. Он бес жыл іздедім, он бес жыл күттім, ақыры бір жиналыста кездесті. Қою қара шашын арқасына жайыңқырап жіберген. Мөлдір қара көзді, ақ-сұрлаудан гөрі аққұ­балау қыз екен. Жиналысқа кіріп келген бетінде көзім түсті де, кірпігіне кірпігім ілініп қалғандай, көзімді басқа жаққа аудара алмай қойдым. Жүрегім кеудеме сыймай, тулай берді. Бұған дейін таныс­паған адамдар бір қарастықта табысып қалғандай болдық. Мен одан көзімді аударғаным жоқ. Туралап қадалмағаны­мен, қыздың көзі де ылғи мені жанай өтіп отырды. Мен солай ұғындым. Әрі-беріден соң қыздың адал көздері қаймықпай қара­ды. Бұл қыз қалжақтың адамы емес. Көзде­рінен барлық жан-жүрегінің қалай соғып тұрғаны байқалады. Шын-ақ еліктің бала­сындай сергек те сезімтал бір ерке жан екен. Аққұба жүзі жұмыртқадай ғана сопа­ғырақ, көзінің ақ-қарасы айқын да ашық, езу тартқаны естен тандырғандай екен. …Батыс-Шығыс әдебиетінде мақтаулы сұлу қаракөз, қиғаш қас болып келуші еді, бұл қиғаш көз, қара қас екен. Әрі мөлдір қара көздерінің қарашығы да айырылмайтындай қара екен… Мен ол жиналыста сөйле­меймін деген едім, тек қана сол қыз үшін сөйледім… (ҚР ОММ. 2282 Қ. 1 Т.).

Р.Мұхамедиярованың сыры: «… Біз ойламаған жерден кездестік. Ол кезде Кино үйі жоқ еді. Сондықтан кино жасау­шылардың барлық іс-шаралары, әдетте, Жазушылар одағы үйінде өтетін. 1962 жылдың мамырының соңында кинемато­гра­фистердің екінші сьезі болды. Ол жылдары мен қала шетінде, театрдың киім-кешек таратушысының үйінде тұратынмын. Сол себепті съезге мен  сәл-пәл кешігіп келдім. Неге екенін қайдам, мен залға кір­ген сәтте, олар түгел дерлік маған бұрылып қарады… Үзіліске шығарда алқа мүшелері дәл қасымнан өтті. Ғабит Мүсірепов маған ұзақтау қадалғандай көрінді. Рас, мен оған онша мән бере қойған жоқпын. Онда тұрған не бар? Мен – әйел, ол – еркек. Келе­сі күні жаңа фильмдерді сараптау кезін­де, менің су ішкім келіп кетті. Ол кезде Жазушылар одағында буфет, бар, кафе дегеннің аты да болмайтын. Кезекші «Айналайын-ай, суды қайдан тауып берерімді білмей тұрмын» деп қиналды. Сол сәтте қасыма Ғабит Мүсірепов келді. Ол осы үйдің иесі – Жазушылар одағының хатшысы болатын. Ол мені кабинетіне шақырып, өз қолымен су құйып берді. Өзара аз-мұз тілдескеннен кейін мен алғы­сымды айтып, тезірек кетіп қалдым. Сол күннен кейін Ғабит Махмұтұлы маған тыныш­тық берген жоқ…» ( Ғ.Шымырбае­ваның «Өсек ақыры оларды ажыратып тынды» («И молва их развела – писателя и актрису»)  атты мақаласынан. «Казахстан­ская правда», 16.03.1999).

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «Махаббат жоқ жерде – қуаныш та жоқ» деген. Аман­сың ба, менің ең қымбаттым, аяулым, жалғызым, Раечка! Менің осы хатым Жаңа жыл қарсаңында сенің қолыңа тисе деп едім. Өйткені, сенің бар ойың, көңілің, бүкіл назарың менде болсын деген ой. Сенің хатыңды алып, мазасызданып отырмын. Сөздерің қандай ақылды. Сен күн сайын есейіп, ақылың толысып келесің. Саған жедел­хат жіберіп, екеуміз Жаңа жылды Мәскеуде қарсы алсақ деп едім, бірақ, сені жұмыстан босатпас деп ойладым. Дәл осы минутта сені құшақтап, аймалағым келіп кетті. Бізді Африкаға жіберуге дайындап, дәрігерлер тексеріп жатыр. Безгек, сүзек, тырысқақ ауруларына қарсы екпе жасады. Басымыздан башпайымызға дейін тексеруде. Дәрігерлердің айтуы бойынша, әзірге жүрек те, іш-құрылыс та жақсы. Мұнда жұмыс көп, ыстық жерге баратын болғандықтан, соған өзімізді әзірлеп, әрі кітапханаға барып сол елдің мәдениетімен, әдебиетімен кеңірек танысып жүрмін. Осы хатты бүгінгі самолетке үлгерейін деп мәжі­ліс­тің арасындағы үзілісте жаздым. Сау-сәлемет бол, көріскенше, өз Ғабитің. 29.ХІІ.62 жыл.».  (ҚР ОМА. 2282 Қ. 1 Т.).

«Жанының ит талағандай» екенін байқадым

Р.Мұхамедиярованың естелігінен: «…Бірде Мүсіреповтің өзі келді. Анатолий (Ғабеңнің шопыры – Ә.Қ.) маған келіп: «Ол бір бес минутқа шығып кетуіңді өтінеді» деді. Мен: «Бұл ақырғы тілдесу болсын, үмітін шорт  кесу керек. Ешкімнің де қол­жаулығы болғым келмейді» деп ойладым. Сөйтіп, машинаға жеткенше болаттай батыл­данып бардым да, Ғабит Махмұтұлы­ның көзіне көзім түсіп кеткенде, жан-дүнием төңкеріліп кетті. Оның көзінен «жанының ит талағандай» екенін байқа­дым.  Мен: «бұл – бассыздық, ұят, мүмкін емес, жас шамамыз жер мен көктей. Сізбен көңілдес болуға арым бармайды» деп өзімді жол бойына қайрап, шытынап келдім. Бұл құдырет дегеніңді қойсаңшы, тап жөпел­демеде «Ғабит Махмұтұлы, әрірек сырғы­ңыз» – деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Ол бірден «Қай­да барамыз?» деп сұрады. «Қайда барайық десеңіз, сонда барамыз» – деппін мен желігіп. Біз қала сыртындағы өткен жолы болған жерге бет бұрдық… Әңгіме-дүкен, аздап арақ-шарап дегендейін… Міне, сөйтіп біз көңілімізді табыстырған алғашқы бұлақ-жылға басында жиірек кез­десе бастадық. Суға түсетінбіз, карта ойнай­тынбыз. Ол мені преферансқа үйретті. Кейін мені балық аулауға апара­тынды шығарды. «Сөз сөзден туады, сөйле­месе қайдан туады» демекші, оның жүрек­жарды әр сөзі менің жанымды жаулай түсетін. Мен: «Иә, ол сенен үлкен, байырақ делік, ал онда тұрған не бар? Мен оны сүйемін ғой. Ендеше, оны сүюім адамгер­шілікке жатпайды деп кім айтар?» деп өзімді алдаусыраттым…».

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «Қымбатты ММ, РР! Әңгімені жер бетіндегі тұңғыш еркек Адам сияқты әйелге сөз айтудан бастайын. Адресің қайда? Менің дауысым саған жете ме? Мен саған адресіңді толық жаз деп едім ғой. Саған қалай хат жаза­мын? Әрине, саған бәрібір, өйткені, сені ойлайтын, бір сәт те естен шығармайтын адам бар, ол сен үшін мәңгілік! Қазір ол сенен қашықта болса да сен туралы ойлап, сені сағынып, мазасы кетуде. Сені іздеп таппай, жаны жай табар емес. Сен жүрген қаладағы барлық қонақ үйлерге телефон соғып іздесе де таппады. Қайда жүрсің, менің Қара қызым! Кеткелі бір апта болды, хабарың жоқ, жеделхатпен үйге адресіңді хабарла, өтінемін. Аэрофото ма, теле-космоспен бе, тез хабар бер! Бұл үйде қалған сенің ең қымбат адамың үшін өте қажет. Сенің жаның қандай таза, ММ! (Менің махаббатым деген сөз). Тіпті, кейде сәбидей томпиып, өкпелеп қалғанда да өте сүйкімдісің. Кінәлі болмасаң да кінәлі  жандай мойындай салатын әдетің ше? ! Мұндай қылық көп адамда кездесе бер­мей­ді. Әйтеуір мені кінәлаудан қашан да аулақ тұрушы едің. Жалғыз адам ойшыл болады екен. Тезірек оралшы, ММ. Саған үш нәрсе тілеймін: біріншіден – ауырма, екіншіден – жұмысыңның сәтті аяқталуын, үшіншіден – өзіңнің сүйіктіңнің құшағына оралуды. Мәңгілік сүюші М.М.Ғ. «Мәң­гілік» деген сөзді осы уақытқа дейін ешкім­ге айтқан жоқ едім»…. 22.09.62 ж.». (ҚР ОММ. 2282 Қ. 1 Т. 149 І.)

Р. Мұхамедиярованың естелігінен: «…Ғабең адам, азамат, қаламгер ретінде де біртуар жан. Мүмкін, бұл пікіріме біреулер келісіп, біреулер келіспес. Ал, оның сондай асыл жан екеніне, ана, әйел, жары ретінде менің көзім анық жетті. Олай дейтінім, Ғабең өте мейірімді, кешірімді адам еді.  Сон­дықтан да болар, менің жастыққа тән кейбір албырт мінезіме сабырмен қарап, ақылын айтып отыратын.  («Ғабит Мүсі­репов туралы естеліктер» кітабынан, 2004).

Ғ.Мүсіреповтің  «Оянған өлке» рома­нын­дағы қолтаңбасы: «Раечка! Егер менен сұраса – шын бақыт, шын сүю, шын адал жан кездестірген кезің болды ма десе, мен – болды, ол Раечкамен кездескен кезім, ол адал жан да жалғыз сол Раечкам болды дер едім. Барынша беріліп жазған кітабым соның ескерткіші, куәсі болсын. Ғабит. Қолы. 31.Х.62»

Р. Мұхамедиярованың естелігінен: «…Ме­ніңше, Ғабит екеуміздің махаб­баты­мыз бәз-біреулер үшін «Аққу көлі» болған шығар-ақ. Мәселенің шынымен солай бет алғанын білгенде, істі жеріне жеткізіп тыну керек-ау! Ақымақ басым ол кезде көп нәр­сенің байыбына бара бермеппін. Шынына келер болсақ, мен оның ыңғайына көніп, беделіне бас ие беріппін. «Менде екі кісілік ақыл жоқ, ол не айтса, шешім солай болады» деп түйіп жүре беріппін».

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «М.М. Қ.Қ.! Қазір біз Индиядамыз. Бір-екі күнде Мәс­кеуде боламыз, самолет күтіп жатырмыз. Сағындым, жаным сенде екен. Ендігәрі ешқайда ұзап кетпеуге ант етемін! Мәңгі сенің Ғабитің, 26.07.63 ж.». (ҚР ОМА. 2282 Қ. 1 Т. 149 І.).

Р.Мұхамедиярованың естелігінен: «Ол жыл мезгілдерінің ішінде көктемді ұна­татын. Сол кезде аң аулап, балық ұстауға құмар еді. Әсіресе,  Іле бойына, Қаскелең тауларына баратын еді. Осы бір қызықты сәттеріне мені де куә болсын дегендей, өзімен бірге ала баратын. Өзен жағасын­дағы жасыл желек, маңғаз тау көңілімізді көтеріп, кеудеміз тазарып, табиғат-ананың құшағында тербеліп, бір жасап қайтушы едік. Театрға, киноға бірге баратынбыз. Әсіресе, Ғабең драма театрын жақсы көретін. Астанаға келген шетелдік қонақ­тарды үйге шақырып, қонақ етуді ұнататын. Ондайда, мен де құрақ ұшып, Ғабеңнің айтқандарын екі етпей орындап, мейман­дарымызды риза етіп шығарып салушы едік». («Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер» кітабынан, 2004).

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «Періштем менің! Сенің «Бүркітің» үйде, қанаты талмай ұшып келді. Сен жұмыста екенсің. Үйге тез келуіңді тағатсыз күтіп отырмын. Түстен кейін мені самолеттен қарсы алған адамдар үйге келеді. Қонақтарды қарсы алуға дайындалу керек болар. Жол жүріп келіп демалмады деп маған ренжіме, сен бар жерде мен шаршамаймын. Өз Ғабитің, 23.09.63 ж.». (ҚР ОМА. 2282 Қ. 1 Т. ).

Р.Мұхамедиярованың естелігінен: «1964 жылдардың басында белгілі қазақ суретшісі Гүлфайрус Ысмайлова менің портретімді салмақшы болды. Суретшіге кезекті бір келгенімде, ол есікті ақырын ашып, «Ғабит Махмұтұлының әйелі қайтты» деп күбірледі. Мен тастай қаттым да қалдым. «Шынымен, мен кінәлімін бе?» деген қорқынышты сұрақ ойымды тұмшалады. Жерлеу рәсімі өткеннен кейін күндердің бір күнінде ол: «Раяжан, не істейміз?» деп сұрады. «Білмей­мін, Ғабит Махмұтұлы, мен жүктімін» дедім. Ол әйелінің жылын тосуды өтінді. Мен неге екенін қайдам, келіспедім. Тығылмақ ойнап өткен екі жыл аралығында қатты шар­шап кетсем керек. Ал екеуміздің күнәға батқанымызды бүкіл Алматы білетін. Олай болса, бір жылдың әрісі не, берісі не? Біз ақыры қазаның жылын тос­пастан қосылып алдық. Бұл дауылды («өсек-аяңды» дегені – Ә.Қ.) баяғыдан бетер күшейте түсті.». («Өсек ақыры оларды ажыратып тынды» атты мақаладан. «Казахстанская правда», 16.03.1999).

 

«Ол  өсекке ерді»

 

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «Амансың ба, менің жалғызым! Бүгін таңертең Гауһар­жанның атына сендерге хат жазып едім. Сөйтсе де саған айтам деген бірер ойым айтылмай қалған сияқты болып, күні бойы мені мазалай берді. Міне, түрлі жиналыс­тардан қол босап, сол мазалаған ойларым­ды саған қағаз арқылы жеткізуге тағы отырдым. Біріншіден, аман-есен жүрмін, денсаулығым ойдағыдай. Екіншіден, қатты сағынып жүрмін, құдайдан сұрайтыным – күніміз ерте батып, түніміз мезгілсіз тұтыл­масын. Үшіншіден, сен «Ана Жер-Ана» жайлы білгің келетін шығар. Оны комиссия мүшелері келесі жылға қалдырды. Сый­лыққа Шәріпова, Майқанова, қоюшы-режиссер ілігетін түрі бар. Биыл өтсін деп қақшиып тұрып алатын адам болмады. Сер­кебаев келмей қалды, ал мен әдебиет секциясындамын. Сөйтсе де пленумда келесі жылдың тізіміне кіргізуге күш сал­дым. Дауыс берерде жазушылар – Смир­нов, Симонов, Паустовский,  А.Куле­шов, К.Кулиев, И.Андронкинов, Ю.Мар­цин­кявичус, театр мамандарынан – Завод­ский, Мордвинов болды. Кинодан «Гам­лет», «Тірілер мен өлілер» трилогиясы жақ­сы бағаланды. Кейбір шығармалар бір ауыздан қабылданды, ал енді біріне ескер­тулер, пікірлер айтылуда. Ең соңғы шешім дауыста ғой. Ол көкектің 13-інде баста­лады. Әзірге негізгі жұмыстар бітіп, шешу­ші түйін 13-іне қалды. Әркім өз бақытынан көрер.

Қаламдас достардан Соболевті, Берді-ағаны көрдім. Саған шексіз сәлем айтып жатыр. Олардан басқа Боковты, Татьяни­че­ваны, Штокты, тағы басқаларды кездес­тіргенім жоқ, телефон соғуға да уақытым болмады. Оларды 1-Май мерекесімен құттықтауды ұмытпа. Сенің дайындыққа барып жүргеніңді естіп қуандым. Студияда кешкі жұмысқа қалуға тырыспа, оның орнына үйге келіп демал.

Ботақаным өсіп келе ме? Ақылы кіріп, жылауды азайтты ма? Жалғыз өзің оның жұпар иісін иіскеп, рахаттанып жүрсің, ә? Қымбаттым, саған тапсырма мынау. Май қарсаңында маған ұзақ етіп хат жаз.           Адресім: Мәскеу қаласы, Воровской көшесі, 52-үй. КСРО Жазушылар одағы, Инкомиссия, Мүсірепов Ғ.

Енді сенің жағдайың жайлы. Ақшаң бар ма, қысылып жүрген жоқсың ба? Керек болса, Жұматайдан ала тұр, береміз ғой, немесе Мұстафиндерден ал, қиналып қалма. Байқауға бара жатырмын, жұрттың жиналуы қиын. Ертең кешкі 9-да телефон соғамын. Әдеттегідей сүйдім, өзіңнің мәңгі­лік Ғабитің. 8.04.65 ж.». .». (ҚР ОМА. 2282 Қ. І Т. ).

Р.Мұхамедиярованың естелігінен:  «…Өзі­нің ұнататын тағамдарын әзірлетіп, менің көңілім көтерілсін дегендей, оны мақтап, жылы-жылы сөздер айтатын. Ғабең көбінесе ащы қуырдақты, қазы-қартаны, балқаймақты ұнататын. Ауылда туып-өстім емес пе, қазы-қартаны бабымен пісіріп, алды­на қоятынмын. Ал, балқаймақты жасай алмаушы едім. Сонда Ғабең маған өз анасының балқаймақты қалай жасай­тынын айтып түсіндіретін. Соның айтқа­нынан ұғып алып, балқаймақ жасауды да үйрендім. («Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер» кітабынан, 2004).

Ғ.Мүсіреповтің хатынан: «Қымбаттым менің, Қара қызым менің! Сені дүниеге келген көмекшіңмен құттықтаймын! (Екін­ші қызы Гүлнәр туралы – Ә.Қ.). Ден­саулы­ғың, жалпы жағдайың қалай? Сенің қинал­май жеңілденгеніңе қатты қуанып отыр­мын. Қызымыз қалай, мазалы ма? Қызыңды құшақтап сонда біраз демалып ал. Мұнан шыққан соң саған маза болмас, менің жал­ғызым! Асыға күтемін екеуіңді, бетте­ріңнен сүйдім, жалғызым! Мен үшін ана шарананың мұрнынан сүй! Сәлеммен, өз Ғабең, 1-көкек, 66 жыл». (ҚР ОММ. 2282 Қ. 1 Т. ).

Р.Мұхамедиярованың естелігінен: «…Түсінбеушіліктің қай кезде туындағаны есімде жоқ. Жұрт біздің ізімізді бағумен болды. Өткен-кеткен сайын олар Ғабеңді маған қарсы қоюға тырысты. «Ой, тәйірі, бұл сұлу ертең-ақ сені тастап кетеді» деп бөсті көпшілігі. «Бала Ғабиттен емес, деп ашықтан-ашық күйдіретін өсек өрбітті. Оның жасында балалы болу екіталай деп қызғаныш отын ушықтыра түсті. Ал мен адал болсам да, онымды ешкімге дәлелдеуге талпынған жоқпын, сырымды сыртқа шығар­ған емеспін. Ал қазір ойласам, оны сүйетінімді ол кезде күн сайын, сағат сайын айғайлап жар салуым керек екен ғой! Еркек деген құлағымен, көзімен сүйетінін кім білген? Ғабит Махмұтұлы де егде жасын еске алып, менің өзіне деген кіршіксіз махаббатыма сене алмаса керек… Ол өсекке ерді. Мен болсам, нақақтан күйген арым үшін одан кек қайтару амалын іздеп аласұрдым. Оның тілі ащы болатын, көздей айтқан әр сөзі жанды жеріңе дөп тиетін, жүрегімді пышақтай тілгілейтін. Шіркін, біреу сол кездегі менің жай-күйімді ұқса ғой! Кейін мен одан кетіп қалғанда, таныс­тарым: «Неге салбырап кеткенсің, мойның ішіне кіріп, ілбіп әрең жүрсің, кербез жүрі­сіңнен түк қалмапты ғой, бейшара» деп мүсір­кеп жүрді… Бір  кезде күллі жұрттың аузында, көпшіліктің көңілінде қалқып жүрген байғұс басымның бір сәтте шыңы­рауға құлаған аянышты жағдайын бір жан да болса ұқса ғой сол күндері. Сол кезде ғана мен қазақтың «Құласаң түйеден құла» деген мақалының мәнін жете түсіндім. Өкінішке  толы ол кезді еске алғанда өзім­нің осалдығымды көпке білдіргім келмеді. Ешкімнің тиышын да алған жоқпын, ешкім­ді сөкпедім де, бәрін де өзімше саралап, өзімше шештім. Бәрін махабба­тымды тапқан алғашқы сәттегідей сақтауға тырыстым. Біздің, Ғабит Махмұтұлымен қарым-қатынасымыз әдеттегідей емес еді. Егер менен біреу-міреу ол жайында қиянат­ты сөз үміттенсе, олар алданар, жұтап қалар еді. Шарасыздықтан өліп кетер еді. Әркім­нің де шығар өз биігі болады ғой. Алайда, екеуміз де бір-бірімізге деген зор сүйіспен­шілік сезімін бастан кешірдік. Ал, үлкен махаббаттың соңы трагедиямен, терең жарамен тынары әуелден белгілі емес пе?  Ондай махаббат мәңгілік пе?..». ( Ғ.Шы­мырбаеваның «Өсек ақыры оларды ажы­ратып тынды» атты мақаласынан. «Казах­станская правда», 16.03.1999).

«…Әрбір сұлу қыздың бірнеше жауы бар»

Ғ.Мүсіреповтің «Жан сыры» хат-новел­ласынан: «…Әрбір сұлу қыздың бірнеше жауы бар. Бірінші жауы – оның соңына көп адам түседі де, сұлу қыз дәл кезінде таң­дау жасай алмай қалады. Әсіресе, талға­мы көп, есті қызға таңдау жасау қиынға түседі. Осындай әрі-сәріде мерзімді уақыт кетіп, сұлу қыз бір кезде абыржып қалып, қате жасауы да мүмкін. Екінші, көркемөнерде таланты бар сұлу қыз жұрт көзіне жарқ етіп ілігеді де, оңнан-солдан сапырып соққан мақтаулардан бірде болмаса бірде теріс байлам жасап қалуы мүмкін. Адам қасиетін бағалай білмес надан қоғам – қыздың сырт сұлулығын дәріптей беріп – ішкі сұлулығын өсіре алмауы ғажап емес. Мен жоғарыда ескерт­кен сөзімде Раяның творчестволық тағды­рына, сенімді болашағына дұрыс бағыт беру керектігін ескертіп едім, амал не, ол жағы­нан ұстаз болғысы келген ой адамы әзір табылмайды. Ұстаз болады-ау деген адамдар­дың бәрі де Раяның өзіне тор құрып жүр. Үшінші, көркемөнер дүниесін ылғи сезім толқыны деп тануымыз керек. Сүюсіз-күюсіз көркемөнер болмайды. Шығарма шын-ақ дарынды болса, жас артистканы ертіп әкетіп, сүймеспін деген адамын еріксіз сүйгізеді. Бұл жас қыздың сезімін ылғи қозғап, ылғи соған шақырады. Ең басты бір қауіп осында. Бұл жөнінде мен Раяның ой-санасының тереңдігіне, тазалығына сенемін. Оның үстіне ол көркемөнердегі сезім дүниесін ой ғана өсіре алатынын жақсы біледі. Келешегі нені көрсетер, мен әзір ақыл-ойын сезімге жеңдіретін адам Рая сияқты болмау керек, деймін. Жоғары интеллект, жоғары парасаттың жасы Рая осыны істей алмаса, ондай қызды біз тағы бір ширек ғасыр күтуіміз керек. Жоқ, мен Раяның бойына кір жұғады екен деп ойлай алмаймын. Ол – тым сұлу жаралған жан. Нені болса да шарайнадай таза көрсететін жүзіне шаң жұқса, онда мен жан танымағаным!.. Ғ.М.М. 1962 г.». (ҚР ОММ. 2282 Қ. 1 Т.).

Ғ.Мүсіреповтің хаттары мен Р. Мұха­медиярованың естеліктерінен үзінділерді егіз-өрім бергендегі мақсатымыз – оқыр­ман ойындағы көптеген сауалдарға осы арқылы жауап беру. Шынында да, жасы  ұлғайған шағындағы Ғабеңнің ес-түссіз ғашық болуын осы хаттары арқылы бол­маса, басқаша түсіндіру бекер. Ол хатта­рында барынша ашық, өйткені, сүйгенімен екеуара бөлісетін сезім сырларын шын ғашық жан ғана осылай нәзік жеткізе алар, шебер жазушы ғана осылай өрнектейтін шығар, арқалы ақын ғана отты жыр шумақтарына орап бере алатын шығар. Ғ. Мүсіреповтің «Жан сыры» хат–новелла­сының:  «Бір данасы саған, бір данасы маған, үшінші данасы – екеуміздің қайсы­сымыз тұрақсыздық істеп, басқа біреуге бұрылып кетсек, соған…» деген кіріспе сөзі бар. Бұл, тіпті, классик жазушының зар толғанысы, асық жүректің терең сырлары, мәңгілік махаббат жыры деуге келер дүние.

Хаттар мен естеліктерді қатар салыс­тыра қарағанда, жұрттың өсек-аяңынан, қызғаныш пен көреалмаушылықтан, таба­лау мен түсінгісі келмеуден де биік тұрған бір құдыретті күштің барын сезінесіз!.. «Махаббат кездеспейтін керемет бір, Өмірде бір-ақ рет болатұғын!» – деп еді-ау Мұқа­ғали. Тағы да сол Мұқаң: «Ақ қаздардың арасынан аққуымды, Ажырата алмаған сормаңдаймын!..» –  деп зар шекті емес пе?!. Ал Ғабең ше?.. Раиса ше?..

Шәмші Қалдаяқовтың өз аузынан естіген едім, баяғыда «Ақмаңдайлым» әні алғаш шыққанда (өлеңі – М. Әлімбаевтікі, орындаған – Роза Бағланова) литосы бар, цензурасы бар, қызыл көздері бар – бәрі жабылып: «Махаббаттың жоқ, сәулем, ерте-кеші» деген тармақты «Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші» деп өзгерттірген екен! Сол сияқты классик жазушы мен жас актрисаның арасындағы ғажайып ұлы сезімнің жалынын қызыл қоғам, қоршаған орта, туыс-туған, дос-жаран, күндестер мен көре алмаушылар – бәрі жабылып сөндіруге, тұншықтыруға, таптап тастауға  тырысқан. Не деген жауыздық, қатігездік десеңізші! Сондағы сылтау, бұл – әрі-беріден соң советтік моральға жат қылық еді, советтік тәрбиеге сәйкеспейтін еді, қалыпты отбасылық шеңберге сыймайтын еді.  Біреулер «құрдастардың қалжыңы» деп айызы қана айтатын бір анекдот бар: «Бірде Ғабең құрдас досы Ғабиденге мақтаныпты дейді: «Көрдің бе, мен жас әйеліме екі бала таптырдым!» – деп. Сонда Ғабиден досы айтыпты: «Сауырына шыбын қонып кетсе жүкті болайын деп тұрған жас келіншекке кім бала таптырмайды. Сен мықты болсаң, менің кемпіріме бала таптырып берші!» – деп. Осы  әзілдің түбінде зіл жатыр ғой! Тіпті, мұны біреулер ойдан шығарған да болуы мүмкін. Осыны естігенде Ғабеңнің жүрегі тілім-тілім болып, қан жыламады дей аласыз ба?! Ғабең «Күнделігінде» жазады:

– «Ұлпан» не жайындағы повесть? – деп сұрады Снегин. –  «Ұлпан» – менің Мона Лизам!» – дедім оған. – «Ұлпанның» идеялық тақырыбы неде?» – деп сұрады менің зерттеушілерімнің бірі.

– «Адамның жаны мен жүрегінің ізгілі­гінде», – дедім мен. Екеуі де түсіне алмады-ау деймін. Өйткені, әлі еш нәрсе жазған жоқ. «О благородстве души и сердца» дегенді қазақша түсіндіре алмасам керек», –  деп. Ал, осы романды жазу үстінде Есеней – Ұлпан арасындағы ерлі-зайып­тылардың қарым-қатынасын жазушы зау көкке, ұшар биікке шығарады. Неге? Себебі, ол өмірде өз басынан кешкен ұлы сезімнің ұшқынын өнерде қалыптап кеткісі келді. Әрине, ешуақытта «жүрекке әмір жүрмейді, жүрекке әжім түспейді», «ғашық­тық тілі – тілсіз тіл!». Ал мұны жұрт­тың бәріне риясыз түсіндіру оңай шаруа емес.

Осы мақаланы жазу үстінде  жазушы­ның қызы Гүлнәрмен тағы бір тілдестік. Ол: «Мені хаттардың түпнұсқасы жоғалып кеткені қинайды. Бәлкім, осы мақалаларды оқыған ақ ниетті жан қайтарып берер…», – деді. Ол хаттар отбасылық құндылық болумен қатар, ұлттық рухани мұрамыз да еді ғой!

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2017/03/17/%D0%BC%D0%B0%D1%85%D0%B0%D0%B1%D0%B1%D0%B0%D1%82-%D0%BA%D0%B5%D0%B7%D0%B4%D0%B5%D1%81%D0%BF%D0%B5%D0%B9%D1%82%D1%96%D0%BD-%D0%BA%D0%B5%D1%80%D0%B5%D0%BC%D0%B5%D1%82-%D0%B1%D1%96%D1%80/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Фархад Молдағали UMAI ұлттық сыйлығын иеленді!

admin

“Күліп оян” таңғы-бағдарламасының студия қонағы – Бақыт Беделхан.

admin

26 қыркүйек – 150-дей кейіпкердің рөлін сомдаған актриса Әмина Өмірзақованың өмірден өткен күні

admin