Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Астанада «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті

Астанада «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Бұл сыйлық республикамызда жуырда тағайындалған әрі алғаш рет тапсырылды. Салтанатты жиын «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстанның театр қауымдастығының өкілдерінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Марапаттау салтанатына сондай-ақ, Парламент депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, еліміздің танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Мемлекеттік хатшы Г.Н. Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің дамуында мәдениет пен өнердің ролінің маңыздылығына аса мән беретінін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары «Мәңгілік мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды, 52 театр, 3180 клуб табысты жұмыс атқаруда, «Астана Опера», «Астана Балет» театры, Қазақ Ұлттық өнер университеті, Қазақ Ұлттық хореография академиясы бой көтерді.

Осы жылы Қазақстанда Халықаралық театр күні театр өнері саласындағы елеулі оқиға – «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығын тапсыру салтанатымен ерекшеленбекші.

Министр А. Мұхамедиұлы Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрына, Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрына және Республикалық неміс драма театрына «академиялық» мәртебе берілгені жөнінде естелік дипломдар табыстады.

«Мен үшін Елбасының тапсырмасы бойынша ұйғыр музыкалық комедия театрына, корей музыкалық комедия театрына, неміс драма театрына «академиялық» мәртебесін тапсыру үлкен абырой. Мұндай дәрежедегі жетістіктер Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі конструктивті саясатының арқасында жүзеге асырылуда»,- деп атап өтті ведомство басшысы.

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен 2017 жылы Қазақстан театрлары ассоциациясының бастамасымен тағайындалып отыр. Ұлттық сыйлық театр дәстүрін сақтау мен нығайтуға бағытталған.

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы театр өнері саласындағы шығармашылық жетістіктер үшін беріледі. Театр қауымдастығының пікірі бойынша, сыйлық қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталып, еңбекке, кәсіби жетістікке, Отанға қызмет етуге, жоғарғы патриоттық идеяларға оң көзқарас қалыптастыратын туындылардың дүниеге келуіне ықпал ету тиіс.

Сондай-ақ, «Сахнагер» сыйлығы еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, шығармашылық тәжірибемен тұрақты алмасу үшін жағдай жасамақ.

Ұлттық сыйлық аясында жас дарынды әртістерді қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін өткен жылы 100 жылдық мерейтойын атап өткен Айша Абдулина мен Асанәлі Әшімов аталып өтілді.

«Сахналық ғұмыр» номинациясы Дулат Исабеков, Юрий Померанцев, Меруерт Өтекешова, Құралай Ешмұратова, Гүлжан Әспетова, Бақытбек Алпысбаев, Кендебай Темірбаев, Талғат Теменов сынды театр майталмандарына ұсынылды.

«Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығының лауреаттары:«Үздік режиссер» – Нұрқанат Жақыпбай, «Үздік драматург» – Мадина Омарова, «Үздік актер» – Дулыға Ақмолда, «Үздік актриса» – Кристина Золочевская, «Үздік опера солисі» – Дина Хамзина, «Үздік балет артисі» – Татьяна Тен, «Үздік балет артисі» -Бақтияр Адамжан, «Үздік сахна суретшісі» – Қанат Мақсұтов, «Үздік балетмейстер» – Лариса Ким, «Үздік театртанушы» – Бақыт Нұрпейіс, «Үздік екінші план актері» – Жомарт Зейнәбіл, «Үздік екінші план актрисасы» – Ирка Абдульманова, «Үздік менеджер» – Руслан Тохтахунов, «Үздік дыбыс режиссері» – Ләззат Қыстықбаева, «Үздік костюм суретшісі» – Любовь Возженникова. Арнайы тағайындалған «Үміт» сыйлығы 17 өнер иелеріне табысталды. Іріктеу турына Қазақстанның 52 театр ұжымы қатысты.

Ақпарат көзі: http://bnews.kz/kz/redesign/news/astanada_sahnager2017_ulttik_teatr_siiligi_laureattarin_marapattau_saltanati_otti

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жастар театры қартаймайды

admin

«TICKETON AWARDS – 2023» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

admin

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тынышкүл Сұлтанбердиева – “Жаңа күн” бағдарламасының студия қонағы

admin