Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Алматы халқы тағы бір рухани кешті тамашалап, көңілдерін өткен күннің тәтті де зарлы естелігімен толғатып қайтты. Әрине, алып шаһарда күнде болмаса да күнара дерлік түрлі деңгейдегі рухани іс-шаралар болып жатады. Бірақ театр маусымының ашылуы – бұл үлкен дүние. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 73-маусымын ашты. Маусымашар кеште көпшілік назарына «Жусан иісі» спектаклі ұсынылды. 

70 жылдан астам уақыт бойы ұлт руха­ния­тына берік қызмет етіп келе жатқан шығармашылық ұжымның бұл күнде өзіндік көрермені қалыптасқан. Негізгі атауы – «балалар мен жасөспірім­дер» сөзі­нен құралғанына қарамастан, театр табал­ды­рығынан үлкендер де жиі аттай­ды. Түсіне білген адамға ұжым ұсы­нып отыр­ған әртүрлі қойылымдардың ұсынар тағы­лы­мы сірә, жас таңдамаса керек. Бір жағы­нан бала көңілін тап басып тану, оның танымы мен талғамына сай дүние ұсыну оңай шаруа емес. Мұны бала­лар шығармашылығына ғұмырын арна­ған жандар жақсы біледі. Сондықтан Мүсі­репов театры бұл уақытта үлкен жауап­кершілікті асқан қиындықпен, жігерлі абыроймен атқарып келе жатыр деуге негіз бар. Спектакль басталмай тұрып Сәбит Әбдіхалықовпен кездесіп, жаңа маусым жаңалықтары жайлы пікірлескен едік. – «Алатау» театрына келіп, Алматының ішінде шағын гастрольдік сапар жасап жатырмыз. Мұнда алты күн ішінде 12 спек­такль ойнау жоспарланып отыр. Күн­діз «Әріптер әлеміне саяхат» атты латын әліпбиін насихаттайтын қойылым­ды көрермен назарына ұсындық. Ал 73-мау­сым­ды танымал жазушымыз Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» спектаклімен ашуды жөн санадық. Себебі, бұл шығар- ма – балаларға, жастарға арналған бірегей туын­ды. Жас көрермендердің санасына тез сіңіп кете алады. Үлкендер де үлкен қызығушылықпен, махаббатпен тамаша­лайды деген сенімдеміз. Қойылым кешегі соғыс жылдарындағы балалардың қуаныш пен қайғыға толы күндерін суреттейді. Театр сахнасына бейімдеген – режиссеріміз Жұлдызбек Жұманбай. Спектакльдегі қолданылған деталь, ерекшелік, стиль бәрі шығарма мазмұнымен жымдасып тұр. Оған көрермен өздері де куә болып, баға­сын бере жатар, – деді театр директоры.

Дәстүрлі өнер театрының залына көрер­мен көп жиналды. Жасы да, жаса­мысы да бар. Театр директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов жаңа маусымның ашы­луымен құттықтап, театр қызмет­кер­ле­ріне шығармашылық табыс тілеп, келген қауым­ға ризашылығын жеткізді. Театр басшы­сы өзімен бірге сахна төріне шық­қан театрдың көркемдік жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек, Қазақстанның Халық артисі Роза Әшірбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Кәдірбек Деме­сін, Лидия Кәденді таныстырып, одан кейін шымыл­дық артында күтіп тұрған шығар­ма­шылық топқа кезек берді. «Алыста қалған балалық шағым… Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзім­ді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған бала­лар­дың ең соңында сол аяғын жер сыпыр­ған­дай көлденең сүйретіп, ес қал­май далбақ­тап жүгіріп келе жатқан Аянды көрген­дей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыс­пен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегі­ден де қызық ертегі айтамын», – деген жалынышты үнін естимін» деп басталатын Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесін оқымаған адам кемде-кем шығар. Шығарма сондай әсерлі. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай шығарманың кітап нұсқасындағы мазмұны мен әсерін сақтай отыра көрерменге татымды дүние жеткізу­ге тырысқан. Бұған жазушының тағы бір шығармасы «Жабайы алманың» да кірік­тірі­луі туынды құндылығын толымды етіп, тілін байыта түскендей. Қойылым­да­ғы әр образ сендіреді, көңілге ой тастайды, көзге жас әкеледі. Мұның бәрі шынайылықтан туындап отырғаны да белгілі.

Театр ұжымы 26-27 қараша күндері «Ене мен келін», «Келіндер көтерілісі» атты қойылымдарды көрсетеді. Желтоқсан айының төртінші жұлдызында «Бір түп алма ағашы», ал 10-11-і күндері «Желтоқ­сан желі» спектаклін қою жоспарлануда. Осы маусымда марқұм жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Ғабит» спектаклі қойылмақ. Онда халқымыздың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің тағдыры мен шығармашылығы баян етіледі.

– Театрымыз да әйгілі жазушының атында болғандықтан ол кісі туралы да бір шығарманың репертуарымызда болуы заңдылық. Бұл туынды марқұм жазушы­мыздың қолынан шыққан соңғы пьесасы екен. Өкінішке қарай, көзі тірісінде тамашалап үлгере алмады. Сондай-ақ Әлібек Жәнібектің «Құпия» атты спек­таклін де біздің режиссерлер дайын­дап жатыр. Желтоқсан айының 20-сына таман жөндеу жұмыстары аяқталып, өзіміздің шаңыраққа қайта ораламыз. Оған дейін Алматының іші, Талдықорған, басқа да қалаларға іссапармен барып, өнерімізді ұсынып қайту ойда бар, – дейді Сәбит Әбдіхалықов.

Алдағы уақытта да театр көрерменін ынтықтыра түсетін, туынды ғажайыбына сиқырдай арбап, санаға сілкініс сыйлай­тын дара шығармаларды сахналай береріне сенеміз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрға басшы болған Азамат Сатыбалды “хайп қуғандарға” қойылым арнады

admin

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ЖАҢА СПЕКТАКЛЬ ҰСЫНАДЫ

admin

Театрымыздың актрисасы Ақмарал Дайрабаева А. Бисембиннің “Қыз жолы” телехикаясында мектеп директорының орынбасары -Айжан Ахметқызы рөлін сомдауда. #Хабартв #Театр #кино

admin