Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

ЖЕТІ ҚЫРЫН АЙҚЫНДАҒАН ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН

Тәуелсіздігіміз жарияланған күннен бастап мемлекет басшысының сындарлы саясаты еліміздің нық қадамдар жасауына зор мүмкіндіктер туғызды. Әсіресе, осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалған нақты бағдар болды.

«Рухани жаңғырудың» жалғасы іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халқымыздың санасын оя­тып, рухын көтеріп, ғажайып күш берді. «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ даласының жеті кереметі деп тұрғандай. Әр азамат осы жеті кереметті біліп өссе, ел тарихының бірнеше мыңжылдықтан бастау алатынын ұғынып, бөтен елге көз салмай мақтанышпен өмір сүретіні сөзсіз. Ұлт көшбасшысының «төл тари­хы­мызды жаңа заман талаптарына сай тәсілдерді қолдану арқылы таныту қа­жет» деген ойы жаһандық тарихтағы ор­­нымызды тануға зор мүмкіндік береді. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уа­қыт» атты тақырыптан бастау алатын ма­қала қазақтың әлемдік өркениеттен алар орнын нақты айтады. Мемлекет бас­шысының «біздің тарихта қазақ ұя­латын ешнәрсе жоқ» деп ертеректе айт­қан сөзі ойға еріксіз түседі. Елбасы та­рихы 5 мыңжылдықты қамтитын ұлы даланың тұрғындарының ойлап тапқан құралдары, қазба жұмыстары бары­сын­да табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар қа­зіргі замандағы қолданып жүрген зат­тардың түпнұсқасы екенін ашық айтты.

Мақаладағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты та­рауы бізге ерекше шабыт берді. Қазақ­станның өркениет тарихын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толық­мет­ражды көркем картиналардың ар­найы циклін өндіріске енгізу керек де­ген ұсыныс көкейде жүрген идеяла­рымыздың іске асуына жол ашқандай. ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің жоспарында Ботай мәдениеті туралы фильм түсіру болғаны жасырын емес. Елбасының мақаласынан осы тақырыпты естігенде ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Ботай арғымағы» толықметражды ани­мациялық фильміне кірісіп те кет­тік. Қазір фильмнің сценариі жазылып жатыр. ЮНЕСКО-ның тізіміне алын­ған, жылқыны қолға үйреткен тұңғыш ел ретінде ежелгі халықтардың бірі болғанымызды айқындайтын біз үшін бұл – үлкен құндылық. АҚШ, Англия, Германия, Иран ғалымдары осы жерден табылған жәдігерлерді терең зерттеп, осы өлкеде адамдардың 5 300 жыл бұ­рын өмір сүргенін тайға таң­ба басқандай етіп айқындап берді. Де­мек, Ботай мә­дениетіне тек ежелгі адамдардың қо­нысы емес, қазақ халқын әлемге таны­татын құнды ескерткіш ретінде қара­уы­мыз керек. Енді шығармашылық құ­ра­мымызбен осынау ірі, ауқымды тақы­рыпты экранға шығарсақ, қазақ елінің беделін көтеретін үлкен жұмыс болмақ. Осы фильм арқылы көрермендеріміз бабаларының әлемдік өркениетке қосқан үлестерін біліп жүрсе дейміз. Министрліктің талабы да сол.

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» дейді мақа­лада. Жылқыны қолға үйрету бары­сын­да бабаларымыз қаншама дү­ниелерді ойлап тапқан. Аттың ауыз­дығы, үзеңгісі туралы ойлап көріңізші. «Ауыздық» жылқыны бағындырудың белгісі болса, «үзеңгі» ат үстінен садақ ату мүмкіндігіне жетудің нақты белгісі. Біз дайын дү­ние­ге ие болғаннан кейін, оның жасалу жол­дары туралы терең ойлана бермей­міз. Ал сол кездегі өл­шем бойынша, ол дегеніңіз – үлкен арифметика. Керемет дәлдікті қажет ететін жағдай. Металл өндіретін зауыты жоқ, фабрикасы жоқ заманда ондай нәрсені ойлап табу, жасау сол заман үшін ақыл-білімнің шыңы десе болғандай. Арбаның дөң­гелегін ойлап табуы, әлемдегі барлық өркениетке негіз болған «механика» ілімінің басы десе де болады.

Жылқыны қолға үйретіп, қымы­зы­ның қасиетіне жеткен ел үлкен дер­жаваға айналып, сан ғасырлардан кейін тарих сахнасына бес қаруын асынған көшпенділер империясын шығарды. Барша әлемді уысында ұстаған көш­пенділердің атты әскерлері талай елдің ұйқысын қашырғаны белгілі. «Метал­­­ды өңдеп бес қаруын сайлаған ел киім үлгісінің де негізін қалады», – дейді Елбасы. Біз ұлттық киімімізбен де мақтанамыз. Көшпенділер ойлап тапқан шалбар, былғары етік, бөрік, шапандарымыз әлемнің сән индустрия­сынан ешқашан түспесі анық.

Болашақ фильміміз арқылы мем­лекет басшысы айқындап берген бар­лық жеті қырымызды қамтып, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін құнды да сапалы дүниемізді іске асырсақ дейміз. Ба­лаларымыз – жалғасымыз. Сондықтан, тарихтың терең тамырынан қуат алып, еліміздің беделін асыратын, әлемдік аренаға көтеретіндей туынды шығару біздің басты міндетіміз деп санаймын. Жеті қырын айқындаған елдің бола­шағы жарқын болмақ.

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрдың бір жаман тұсы – керек кезінде пайдаланады да, жарамай қалған кезде ысырып тастайды

admin

70-ші маусым – жаңалықтар маусымы

admin

Театрымыздың режиссеры, ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ноянбайұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдық мерей тойына арналған төс белгімен марапатталды. Құттықтаймыз!!!

admin