Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Қойылымдар Мекеме жаңалықтары

Мұрат АХМАН, ҚР еңбек сіңірген әртісі, режиссер: ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН-ӨНЕР

– Мұрат Ноянбайұлы, еліміз барлық сала бойынша өсіп-өркендеп келеді. Қазақ мәдениетін дамыту, шетелге таныстыру жағын алсақ, көшіміз күймелі керуендей алға басты. Оның бәрін ел-жұрт көріп-біліп отыр. Алайда, мәдениет саласының да күрделі мәселелері бар шығар?
– Түріктің атақты жазушысы Әзиз Несиннің «Денсаулық министрлігін қарап едік, оның да дені сау болмай шықты» деген сарказм сөзі бар ғой. Сол айтқандай, мәдениет саласында тұралап, қордаланып қалған күрделі мәселелер өте көп. Бәрі бірдей артта қалды деп айтып отырғаным жоқ. Айталық, музыка мен сурет саласында әлемдік деңгейге шығып жатқан дүниелер бар. Ал театрлар туралы айтатын болсақ, ұлттық операмыз бен балетіміз жоқтың қасы. Оны өз деңгейінде, толыққанды етіп жазатын композиторларымыз жоқ. Мысалы, жақында ғана мюзикл театры ашылды. Онда да арнайы жазыл­ған ұлттық мюзикл жоқ. Шетелдік мюзиклдерді қойып жатырмыз. Біз оларды қайталағаннан қандай пайда таптық?! Сол сияқты драма театрлары да шетелдік туындыларды көрсетуге бейім болып бара жатыр. Бүгінгінің тақырыбын қозғайтын драматургия жоқ. Тарихи бір кезеңдерге, науқандық іс-шараларға, аталып өтетін даталарға арналып жазылады да, бір-екі қойылғаннан кейін ешкімге керексіз болып қала береді. Келесі жолы оны ешкім қоймайды да. Оған қыруар қаржы жұмсалатынын айтсаңызшы!
Жалпы, шын драматургияның сал­мағы ауыр, мағынасы терең, ха­лыққа айтар ойы, берер тәрбиесі мол болуы керек қой. Ғажап қойылымды көріп шыққан әрбір адам үлкен тебіреніске түсіп, жан-дүниесі байып қалады. Ал бізде мәнсіз, мағынасыз дүниелер көбейіп кетті. Қай өнер саласы болса да, олардың негізгі міндеті – ұлтымыздың жауһар асылдарын жарыққа шығару, әлемдік деңгейге көтеріп, шетелге таныту. Қазақ әдебиеті өте бай. Соны тиімді пайдалана білетін драматургтер, сценаристер, композиторлар, режиссерлер керек. Бүгінде режиссерлер мен драматургтер мамандығына деген құрмет азайып кетті. Екінің бірі драматург, режиссер болып алды. Әртүрлі шоуларды басқарып, жақсы ақша тауып жүрген актерлер оларды менсінбеуге айналды. Қоғамда осындай дерт бар.
Тарихқа үңілсек, әлемдік театр­лардың тарихындағы өзгерістер мен жаңалықтарды ең алдымен драматургтер мен режиссерлер алып келеді. Бізде де драматургтер мен режиссерлердің еңбегіне деген құрмет жоғары болу керек. Көптеген жастар коммерциялық қойылымдарға қатысуды қалап тұрады. Оның қандай туынды екеніне мән бермейді. Қазір патриотизм деген сөз күлкіге айналды. Шетелдегі сияқты керемет дүниелерді сахналаған кәсіби актерлерге лайықты қаламақы қоя­тын болса, онда тойханаларда шауып жүргендер өз мамандығына оралып, шығармашылық деңгейін көтеріп, таза өнермен айналысып, мол табыс табар еді. Сол сияқты драматургтердің қаламақысын көтеру керек. Режиссерлерге авторлық құқық берілуі қажет. Театрларда ұлттық қойылымдар басым болуы тиіс.
Бұрын бір жақсы дәстүр бар еді. Жас ұрпақ өнерді танып-біліп өссін деп мектеп оқушыларын, студенттерді театрға алып барып тұрушы еді. Өкінішке орай осы дәстүр қазір жойылып барады. Соның басты себебінің бірі мектепте ата-аналардан ақша жинауға болмайды деген тыйым салудан шығып отыр. Бұл жерде тағы да «шаш ал десе, бас алып» кеттік. Әрине, жемқорлыққа жол бермеу керек! Жиналған ақша біреудің қалтасына түспеуі тиіс. Ал енді нақты бағасы белгіленген театр қойылымдары үшін бір-екі мың теңгеден ақша жинап, оған оқушының өзін алып барса, бұның несі айып?! Осы да жемқорлық па?! Айталық, қазір Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ МемлекеттікАкадемиялықбалалар мен жасөспірімдер театрына оқуышларды шақыру проблемаларға айналып кетті.
Оқушыларды театрларға алып ­барып тұруды заңдастырса, мектеп бағдарламасына енгізсе, ұлттық өнерімізге қарай жасалған оң бетбұрыстың бірі ­болар еді. Театрға барып, қойылымдарды көру арқылы балаларды тарихты білуге, өнерді бағалауға тәрбиелемесек, төл мәдениетіміздің тамырына балта шабу ­болып есептеледі. Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі осы мәселені өзара келісе отырып шешуіне болады деп ойлаймын. Оны көрген оқушылар «бардық, көрдік» деп кете салмай, кейін сыныпта тамашалаған қойылымдарын талдап, өз ойларын ортаға салса, оның да тәрбиелік мәні өте зор. Қойылымдарды көру үшін қаражат бөлінсе, ол да жөн болар еді.
– Өнер адамы басқаға алаңдамай, шығармашылық жұмыстармен ғана айналысса, көп табысқа жететіні, қоғам дамуы­на елеулі үлес қосатыны анық. Алайда нарық заманы ең әуелі тұрмыстық мәселені ойлауға мәжбүр етіп жіберді. Осы орайда, өнер адамы да, ұжым да халыққа рухани байлықты ұсынуды ғана ойлап, алаңсыз еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасалғаны жөн?
– Өте орынды мәселе. Мәдениет міндетті түрде мемлекеттік қамқорлыққа алынуы тиіс. Айталық, тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың ұлттық өнер мен мәдениетке деген сұранысын қамтамасыз ету үшін көптеген облыс орталықтарында жаңадан драма театр­лары ашылды, керемет ғимараттар ­салынды. Оның бәріне бюджеттен ақша бөлінді. Халықтың көңілінен шығатын тамаша іс атқарылды. Алайда онда жұмыс істейтін ұжым мүшелерінің жағдайын қалай шешу керектігін ойлаған адамдар аз болды. ­Облысты елге танымал, парасаты мол, қазақ өнерін қадірлейтін азаматтар басқарған өңірлерде шақырылған білікті мамандарға пәтерлер берілді. Дегенмен, ­театр ұжымы жас буын өкілдерімен толығып отырады емес пе? Ал олардың тұрмыстық мәселесін шешудің жолдары қиын болды. Яғни жастар қамқорлыққа алынбады. Штат мәселесі толыққанды шешілмеді. Еңбекақы өте төмен деңгейде қала берді. Жас актерлердің не жөнді жалақысы жоқ, не тұратын пәтері жоқ. Жатақханаларда күн көріп жүрді. Сондықтан жастар облыстық театрларға барғысы келмейді. Одан гөрі той-томалақта ән салып, асабалық қызмет атқарып, жақсы ақша табатын жерлерге кетіп қалып жатты. Ал нағыз өнер еленбей, дұрыс бағаланбай қала берді.
Ұлтжанды, талантты жастар өте көп. Оларды жан-жақты қолдау жағы жетіспейді. Бұл шешімін таппаған, әлі де ашық тұрған мәселе. Биыл Елбасы бастамасымен «Жастар жылы» аталып өтуде. Өнер жолында жүрген жастардың көкейкесті мәселелеріне де жіті назар ­аударатын кез келді деп ойлаймын.
Өнерге келген адам бар жанын салып, сахнада актерлік шеберлігін көрсетеді. Қандай мақсатқа да еңбегімен жетуге талпынады. Түрлі байқауларға қатысады. Ал фестивальдер мен байқаулардың көбі әділ өтпей, шынайы талантын көр­сеткен жастардың тауын шағып, көңілін қалдырады. Сондай бір фестивальде Әшірбек Сығай ағамыз марапаттау кезінде сахнаға көтеріліп: «Әділқазылар алқасының төрағасы ретінде менің өтінерім «әділқазылар» деген сөздің «әділін» алып тастап, жай ғана «Қазылар алқасы» десеңіздер де болады. Бүгінгі бас жүлде осы фестивальді өткізіп отырған облыстағы театрда қалатын болды. Жергілікті әкімшіліктің шешімі – осы» деді. Не деген сөз десеңізші?! Ешкім де үндей алмай қалды. Шынында, қай театрдың ұсынған туындысы бас жүлдеге лайық екенін бәрі де біліп отырған еді.
Енді бүгінгі таңда өнер адамдарына жалақы төлеу мәселесін қайта қарау керек. Еңбекақыны нарық заманының қымбатшылығын ескере отырып тағайын­дамаса, бірнеше есе көтермесе, өнер адамдары өгей қоғамның жетім балаларының күйін кешіп қала бермек! Ең бастысы, ұлттық өнеріміздің деңгейін көтеруді ­басты мақсат ретінде негізге ала отырып, осы саланы жан-жақты дамыту қажет. Өнер академиясы мен театр институттарының түлектерін өз мамандықтары бойынша театрларға, мемлекеттік өнер ұжымдарына орналастыруды қолға алсақ, оларға өмір сүруіне қажетті барлық жағдайды жасасақ, сонда көптеген мәселелердің оң шешімі табылар еді.
Сонымен қатар бұл істе мән беретін тағы бір мәселе бар. Аталған міндеттерді жүйелі атқару үшін өнер мекемелерін білікті өнер адамдарының басқаруы бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Өйткені өнер ұжымдары кез келген пысықайлар басқара беретін шаруашылық мекемесі емес! Сондай-ақ Министрлік театр репертуарларын назарында ұстауы қажет. Оны қадағалауға өнер адамдары тартылуы тиіс.
Облыс театрларында еңбек еткен адам ретінде бір жайтты жақсы білемін, облыс басшысы ауысқан сайын «Өңірге өнерді жақсы түсінетін басшы келсе екен» деп тілеп жүретінбіз. Міне, осындай күрделі мәселелер шешілмей, жастарға қамқорлық та, өнер саласының өркендеуі де жүзеге аспайды. Сондықтан өнер жолында жүрген азаматтарға да, халықты рухани байлықпен сусындатып келе жатқан шығармашылық ұжымдарға да мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Бұл әдебиетке де, мәдениетке де, білім мен ғылым саласына да қатысты екені анық. Міне, сонда өркениетті, дамыған елдердің қатарына қазақ болып ұлттық өнер көшімізді алып бара аламыз. Әркімге бір еліктемей, өз жолымызбен жүруіміз керек. Бұған бүгін мән бермесек, кейін кеш қаламыз. Тіпті мынау жаһандану заманында өз бағытын айқындауда ұлттық құндылықтарына, діліне, тіліне, дініне мән бермеген елдер жер бетінен жойылып та кетіп жатыр. Содан кейін тәуелсіздігінен де, жерінен де айырылады. Осы жерде оңтүстікафикалық мемлекет қайраткері, әділеттілік үшін күрескен тұлға Нельсон Манделаның бір сөзін келтірейін. «Егер тілің мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген атақты қайраткер. Осы бір ұйқыңнан шошып оянатындай пікірге терең мән бергеніміз абзал.
– Өнер иелерін құрметтеуге қатысты қандай ұсынысыңыз бар?
– Менің ойымша, ел құрметтеген өнер иелерінің тойы халықпен бірге өтуі тиіс. Ол қалай десеңіз, қаламгердің шығармашылық кештері өтсе, соңғы жылдары жазған туындыларымен ­таныстырса, қандай жақсы. Ал танымал драматургтер, театр режиссерлері өздерінің қойылымдарын театрларда бір апта бойы көрсетіп, халықтың ­назарына ұсынса, міне, елге де, мерейтой иесіне де жасалған шынайы құрмет! Осындай іс-шаралар өтті де. 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың 70 жылдығына арналған «Исабеков әлемі» атты халықаралық ­театр фестивалі өтті. Оған 12 театр ұжымы, оның ішінде алты алыс-жақын шетелдің және алты қазақстандық театр ұжымы қатысты. Сонымен қатар Атырау және Орал қалаларында ақын Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты фестивальдері табысты өтті. Сол сияқты белгілі қаламгер Рахымжан Отарбаевтың 2015 жылы Атырауда және 2017 жылы Қырғыз елінде театр фестивальдері де апта бойы аншлагпен өткені белгілі. Бірақ оның бәрі ілуде біреу. Мұндай мәдени іс-шаралар дәстүрге айналуы тиіс. Дәл осылай дарынды режиссерлердің де ­театр фестивальдері өтуі қажет емес пе?! ­Тамаша туындылары бар режиссерлердің еңбектері аталмай қалуда. Бұл жағынан алғанда, көрші Ресей елінің режиссерлері бақытты деп есептеймін. Өйткені олар театр фестивальдерін өткізуді дәстүрге айналдырған.
Елімізде өнерге деген жаңа көзқарас керек. Өнерді бағалау, дарынды азаматтарымызды құрметтеу жағы өз деңгейінде емес. Өнер майталмандары жетім баладай ескерусіз қалды ғой. Айталық, келесі жылы өнер адамы мерейлі жасқа толатын болса, оның шығармашылық кешін өткізу, қойылымдарын сахнаға шығару мәселесін ұсынатын, соны шешетін ­комиссия болғаны жөн. Сол комиссияның шешімі негізінде аталған мәдени іс-шараларға қаражат бөлініп, жылдық жоспарға енгізілуі керек. Міне, өркениетті елдердің атқаратын ісі осындай болмақ! Ал мейрамханада тойлау жағын әр адамның өзі шешеді, өз мүмкіндігіне қарайды, ол үшін қаржы бөлудің, мәселе көтерудің қажеті жоқ.
Қай салада да пысықтар бар ғой. Олар кем қалып жатпаған шығар. Менің айтып отырғаным, шын дарын иелері. Олар қарапайым өмір сүріп, қамқорлыққа ­жарымай біразы өмірден өтіп кетіп ­жатыр…
– Мұрат Ноянбайұлы, ел мәдениетінің өркен жаюына қомақты үлес қосып жүрген азамат ретінде өзіңіз атқарған істердің бірқатарына тоқталып өтсеңіз?
– Тәуелсіздік жылдарында сахнаға шығарған қойылымдарымның барлығы халқымыздың тарихын, өнерін, дәстүрін арқау еткен. 1993 жылы жаңадан ашылған Орал драма театрына арнайы шақырумен бардық. Онда тарихи тұлғалар, атап айтқанда, Құрманғазы, Махамбет, әнші Мұхит, Сырым Датұлы бейнелерін жеке-­дара сахнаға шығардық. Соның ішінде Желтоқсан көтерілісін жаңа тұрғыда көрсетуге негізделген «Бір түнгі оқиға» спектакліміз (авторы Серік Асылбеков) Тараз қаласында өткен республикалық фестивальде бас жүлдеге ие болды. Театр­лар тарихында жаңадан құрылған ұжым ешуақытта бас жүлдеге ие болмаған. Ал Орал театры алғаш рет қатысып, бас жүлде алды. Әлі есімде, қазылар құрамында Әзербайжан Мәмбетов, Әшірбек Сығай, Иран-Ғайып, Алтыншаш Жағанова сынды өнер қайраткерлері болды.
Жезқазған театрында мен «Кет­бұғаны» қойдым. Сондай-ақ Иран-Ғайыптың «Алтын адам» қойылымын сахнаға шығардым. Әбділда Тәжібаевтың «Көтерілген күмбез» спектаклін қойып, фестивалде тағы да бас жүлдені жеңіп алдық. Орал қаласында өткен М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған республикалық фестивальде «Махамбетті» қойып, бірінші орын алдық. Одан кейін Талдықорған театрына келіп, Иран-Ғайыптың «Ана аманатымен» бас жүлде алдық. Талдықорған театрында «Райымбек батырды» қойып, Қарағандыда өткен фестивальде бірінші орынға ие болдық. «Мәңгілік елдің алтын адамы» қойылымы да бас жүлде алды. Қысқасы, республикалық фестивальдерде бес рет бас жүлде, екі мәрте бірінші орынға ие болдық.
Ол кезде фестивальдер үлкен талғам­мен өтетін еді. Қазылар алқасы ­облыс­тарды аралап, қойылымдарды көріп, солардың сынынан өткендері ғана фестивальге жолдама алатын. Ал қазір осы дәстүр сақталмай тұр.
Өткен жылы Орал драма театрының 25 жылдығы атап өтілді. Шаңырағын көтеріп, керегесін бекітіп едік. ­Театр аш­қан­дардың еңбегін облыс басшы­лығы мен халық қашанда жоғары бағалайды. Бізді театр директоры Қуаныш Амандықов шақырып, төріне шығарып, айырықша құрмет көрсетті. Біз де жастарға өз ұсыныс-пікірлерімізді айтып, өнер мен мәдениет жетістіктері жайлы ой қозғадық. Екі-үш жылда барып, жаңа қойылымдар қойып тұрамын. Орал драма театрында бас режиссер, екі жылдан кейін көркемдік жетекшісі болдым.
С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрында, одан кейін Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында еңбек еттім.
– Жайық өңіріне деген пейіліңіз бөлек екен. Қандай ерекше оқиғалар есіңізде қалды?
– 1993 жылы тәуелсіздік күні театр шымылдығын ашып, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасын қойдық. Ертеңіне өзбек драматургі Шараф Башбековтың «Шойын қатын» комедиясын ел назарына ұсындық. Театрдың ашылуы Жайық жұртшылығы үшін айырықша қуанышты оқиға болды. Бұл тәуелсіздікпен бірге келген өнер ордасы. Сол кезде Орал қаласында тұратын қазақтардың қуанғанын көрсеңіз, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Ұлттық өнерге шөліркеп қалған халықты көрдік! Залға сыймай, есіктің алдында тұрғандары қаншама?! Сыртта дастарқанын жайып, театр ашылуын тойлап жатқандарды көру – бір ғанибет! «Ұлттық өнердің көші келді, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!» деп қуанды. Өйткені тіліміз бен өнеріміз қағажу көріп, өткен қоғамның теперішін аз татпаған өңір ғой.
Облыс, қала басшылығы біздің тек қана өнермен айналысуымызға барлық жағдайды жасады. Пәтер берілгенше қонақүйдің кең бөлмелерінде тұрдық, сол жерде дайындалдық.
Орал театрына жастар жан-жақтан келді. Өнер институтында актерлік факуль­тетін аштық. Кейін соның түлек­тері келіп театрға қосылды. Ұжым өте ұйымшыл болды. Өзім 15 жылдай еңбек еткен Орал театры мен үшін өте ыстық. Ұлттық өнерді жоғары бағалайтын Жайық жұртшылығына және ел азаматтарына алғысымызды білдіреміз.
– Әрине, мәдениет, өнер саласы бойын­ша отыз жыл бұрын қандай жағдайда болсақ, қазіргі деңгейіміз тіптен бөлек. Дегенмен, ескерілмей қалып, кемшін түсіп жатқан жақтары қандай?
– Қазір ұлттық өнердің тағдыры, оның келешегі туралы терең ойланатын шақ туып тұр. Өйткені ұлттық дүние керек деп іздесек, театрлардан ондай қойылымдарды таба алмай қалдық. Бәрі де шетелдік дүниелерді сахналауды «мода» қылып алыпты. Мұны көктегі айға қолдары жеткендей дәреже көріп жүргендер бар. Сол қойылымдарын шетелге алып барып жүр. Басқа ел біздің ондай дүниемізді не қылсын?! Мәселен, біздің «Шекспирді» қойғанымызға ағылшындар таңғала ма? Француздың туындысын өздеріне алып барып көрсетсек, ол да ерсі. Орыс классиктерінің шығармаларын өздерінен артық қоя алмаймыз. Бұл еліктеу ұлттық өнерімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан өз өнерімізбен, ұлттық болмысымызбен жететін биіктер бар. ­Шетелге өз туындымызды көрсетуіміз керек. Театрлардың қазіргі жағдайы осындай ­болып тұрғаны жанымызды ауыртады.
Қазір кино түсірушілер көбейді. Тұрмыстық жайтты қозғайды, ұлттық салт-дәстүрді толық білмейді. Тарихқа барғысы келеді, ол жағын да терең ұғынбайды. Ұлттық құндылықтарды ашып көрсетуге өресі де, деңгейі де жете бермейді. Бұл менің жеке пікірім ғана емес, ел ішін араласаңыз, әрбір өрелі азамат осындай кемшіліктерді айтып береді.
Ал өнердің хас шебері өз жұмысын ғана біледі. Өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты атқарып, «Мені көреді, ісімді бағалайды» деп отырады. Оны бағалайтын, еңбегіне орай құрметтейтін басшылар, жауапты адамдар болмаса, шын таланттың қадірі кетеді, мысы ­басылады, құштарлығы жойылады. Бүгінгі күннің шындығы осындай болып тұр!
Өтпелі кезеңнің зардабын шегіп жатқандар – біздің замандастарымыз. Желтоқсанға қатысқандар да солар, ал енді нарық заманында бизнеске де кіре алмай, өзі қалаған жұмыстарынан ығыстырылып жатқандар да солар. Ұлтжандығымен, патриоттық сезімімен, адал еңбегімен «борттың» сыртында қалып қойып жатыр. Бұл тек өнер жолында ғана емес, барлық салада орын алуда. Жанымызды ауыртатын және біздің қоғамдағы дерттің бірі – осы.
– Бізде өнерлілер бар, өнерді бағалай­тындар болмай тұр ғой. Солай ма?!
– Өкінішке қарай, дәл солай! Театр­танушылар Бағыбек Құндақбаевпен, Әшірбек Сығаймен бітті-ау деймін. Қазір Мәскеуден оқып келген сыншылар бар. Өздерінің ұлты қазақ болса да, жан дүниесі өзге жұрттың рухани байлығымен суарылған. Олар сөзінің әлқиссасын «У нас в Москве…» деп бастайды. Ең арғы шегі «Бізде Қазақстанда, Алматыда не Астанада» демейді. Олар әлемдік және орыс әдебиетінің классиктерін білгенмен, қазақтың ұлттық құндылығын терең ұғынбайды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды», «Еңлік-Кебекті», «Қарагөзді» де қазақ тілінде оқымаған. Қазақ тарихын білмейді. Олар қалай сын айтады?!
– Өмірін үлкен өнер жолына арнаған адамдарға өз деңгейінде көңіл бөлінбеуде. Олардың еңбектері бағаланбай, өздері тасада­ қалып қойып жатқан сияқты…
– Иә, қазір шоу мен той науқаны қызу жүріп жатыр емес пе?! Шын өнерде жүргендер – әншілер емес, арзанқой орындаушылар! Бүгінде той-томалақта әу дейтіндер әспеттелуде. Солар бағаланып, үлкен атақтарға ие болып, сондайлар құрметтеліп, ауызға ілігіп, сый-сияпаттар көріп жатыр.
Жастар өспесін демейсің ғой, бірақ өнерге жеңіл қарап кеттік. Хас өнерде абырой да, атақ та, құрмет те бойдағы ­дарынмен, маңдай термен келеді ғой. Біздің елде ұлттық өнердің нағыз майталмандары бағаланса екен дейсің.
Жасымыз алпысқа келіп қалды, бізді де бағалап жатқан ешкім жоқ. Осы жағы жоғарыда отырғандарды ойландырса екен дейміз…
– Әр адамның өмірінде елеулі өзгерістер болады. Сіз өнер жолына қалай келдіңіз?
– Өнер әлеміне 12 жасымда келдім. 1970 жылдары Алматы хореографиялық училищесінің директоры болған Қазақ­станның халық әртісі Шара Жиенқұлова апайымыз «Бізде қазақ өнері, қазақ биі ­болуы тиіс» деп ауыл-ауылды аралап жүріп, дарынды балаларды іздеді. Мені Алматы облысы, Кеген ауданының Ұзынбұлақ ауылынан тапты.
Бір күні ауылымызға әртістер келіп, кешке «Аманкелді» фильмін көрсетті. Сол кинода Шара Жиенқұлова Аманкелдінің әйелі Балымның рөлінде ойнайды. Көрсетілімнен кейін өзі сахнаға шығып, өнерлі балаларды іздеп жүргенін, ертең таңдау жүргізілетінін айта келіп, ата-аналарға: «Бізде би өнері кенже қалып қойған. Тіпті қазақта би жоқ дейтіндер де бар. Неге болған жоқ? Оларға қаншама бидің болғанын дәлелдеп жатырмыз. Сондықтан бақтарын сынап көрсін. Өнерге жақын балаларыңызды алып келіңіздер» деді.
Ертеңіне Сәдуақас атам інім мен қарындасымды алып кетіп еді. Олар сынақтан өтпей қалыпты. Адамдар жиналып тұрған соң, мен де көрейінші деп барып едім. Атам көріп қалып, «Ей, бері кел. Сен де қатыс» деп ішке кіргізіп жіберді. Бишіге керегі – сымбатты дене бітімі, ептілігі, қимыл-әрекетінің музыкамен жарасым тауып тұруы. Үстімде ауылда жүргенде киетін киімім. Аяғымда етік. Барлық киімімді шешіндіріп, дене бітімімді түгел тексерді. Аяқ-қолдарымның қалай созылатынын қарап көрді. «Бір орныңда тұрып жоғары секір!» деді. Біраз тексерген соң, атамызға «Бұл балаңызды аламыз» деді. Атам маған «Үйге жүгір. Қой сойсын. Таңдау біткенше дайын тұрсын» деп шұғыл тапсырма берді. Мен аяғым-аяғыма тимей, үйге жүгіріп келіп: «Сүйінші! Мені оқуға алатын болды!» дедім. Үйдегілер дастарқан қамына кірісіп кетті. Бір кезде құрметті қонақтар да келді. Олар үйімізден дәм татып, ел-жер және өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу туралы ойларын айтты. Сондай бір әсерлі әрі мен үшін аса маңызды оқиға болған еді.
Алматы хореография училищесінде бес жыл халық биі бөлімінде оқыдым. 1976 жылы бітіріп, мемлекеттік ән-би ансамблінде екі жыл би биледім. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келдім. Армияда да Қазақстан және Қырғызстан Ішкі істер әскерінің құрамындағы бишілер ансамблінде болдым. Әскерден келген соң, театр ­институтына барып, актерлік шеберлік мамандығы бойынша оқуға түстім. Сонда Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, ­Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов сынды танымал тұлғалардың ұстазымыз болып, бізге дәріс бергенін айырықша ықыласпен айтар едім. Кейін осы оқу орнынан режиссерлік мамандығын алдым.
Бүгінде Алматы қаласында тұрамын, академияда доцентпін, көптеген шәкірт­­терім бар. Оралда жұмыс істеген кезімде де жастарға дәріс бердім. Төрт мамандық меңгеріппін: бишілік, актерлік, режиссерлік және кино актері. Ұстаздық еңбек жолым және шығармашылық туындыларым бар. Драматургиялық ертегілер мен пьесаларым бар.
– Сіздің келесі бір қырыңыз – кино актерлік. Елбасының рөлін сомдадыңыз. Қандай қиындықтар болды?
– Театр актері болған кезімде портреттік кейіпкерлердің бейнесін сомдадым. Ең бірінші Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасында Шоқанның рөлін сахнаға шығардым. Одан кейін «Волоколамск тас жолы» қойылымында Бауыржан Момышұлының рөлін ойнадым. Отыздан асқан шағымда Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» спектаклінде Сталиннің рөлі маған бұйырды. Сонда көп ізденістер жасауыма тура келді. Өмірде болған кейіпкерлердің бейнесін сахнаға шығару үшін тер төгуің керек. Сол тәжірибем Елбасы рөлін ойнауыма көп көмектесті. Сондай-ақ қазір ақпарат әлемінде мүмкіндік көп қой. Бейнетаспалар бар. Нұрсұлтан Әбішұлының жүріс-тұрысын, әрбір іс-қимылын, сөйлеу мәнерін барынша зерттедім. Бірнеше кітаптарын оқып шықтым. Мемлекет басшысының деңгейі өте жоғары ғой. Өзін ұстай білуі, адамдармен қарым-қатынасы қалай болатынына да мән бердім. Не керек, өз-өзімді жан-жақты жетілдірдім. Көзіңде шындық болмаса, айтқан сөзіңе адамдар сене ме?! Адамның өз-өзіне сенімділігі, білгірлігі көрініп тұруы тиіс. Елдің ішкі және сыртқы мәселелерін жан-жақты білетіндігің байқалуы қажет. Біз түскен режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» киносында Елорданың құрылып жатқан шағы, яғни 1994-98 жылдар қамтылды. Алғашқы қадамдар, сол кездегі ізденістер, атқарылған жұмыстарды елеп-екшеп, зерттеп шықтық, сценарий бойынша тағы да қарадық. Режиссермен келісе отырып жасаған дүниеміз ғой.
Көптеген эпизодтар сыймай қалды. Жалпы Астананы салу процесі өте қиын болғанын жанымызбен сезіне білдік. Оған Елбасы сияқты мықты тұлғалар ғана шыдайтын шығар?! Тың жерден түрен ­салып, Сарыарқаның сақылдаған аязында жұмысты жүргізу үшін басшыға ақыл да, айла да, алғырлық та, батырлық та керек, асқан шеберлік те керек! Шарша­майтын, талмайтын күш-жігер керек! ­Жобада бар, бірақ әлі қазығы да қағылмаған ғажайып ғимараттардың ертең-ақ салынатынына сендіріп, халықты соңынан ілестіре білетін көшбасшылық қабілет болуы тиіс. Әйтпесе, табиғаты жайлы,­ жайнап тұрған Алматыдан Арқаға ­барып, үлкен іске ел-жұртты жұмылдыра білудің өзі ғанибет! Елбасы әр адамның жүрегіне сенім ұялатып, ісіне серпін бере білді. Шетелдің инвесторларын тартып, оларға да көрікті Елорда болатынына дәлел келтіріп, қаланы көркейтуге қаражаттарын құйдырып, өздерінің бизнес орталықтарын салуына мүмкіндік жасау – іскер басшының ғана қолынан келетін іс. Сол тұста кейбір дамыған елдің азаматтары: «Біздер жетілген елміз десек те, астанамызды ауыстыруға ойланамыз. Ал қазақтар нарық заманының қиындығын еңсеру былай тұрсын, Елордасын ауыстырып жатыр. Олар мықты екен! Бұлар не деген батыр халық?!» деп, таңғалғандарын жасырмады. Фильмнің тұсаукесерінде Елбасымен кездестік. Сонда: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің жасаған еңбегіңіздің ширегін көрсете алсақ, жарар еді» деп едім, Елбасы: «Көр­сеттіңіздер» деді. «Рақмет, аға!» дедім.
Мен алғашқыда 12 сериялы «Астана – махаббатым менің» фильміне түстім. Онда Елорданың бас сәулетшісі рөлін сомдадым. Елорданың бас сәулетшісі де Елбасының прототипі ғой. Осының бәрі бір-бірімен сәтті жалғасты.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айбатыр СЕЙТАҚ
Алматы

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=54456

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кейіпкер келбеті — Данияр Базарқұлов

admin

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

admin

ТЕАТР ТЫНЫСЫ

admin