Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

АЛҒАШҚЫ ДЕБЮТ

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының 70 жылдығына орай өзгеше жаңалық!Үстіміздегі жылдың наурыз айының жиырма бесі күні алғаш рет «Үзілген бесік жыры» психологиялық драма желісімен жасалған «Ол» моноспектаклінің премьерасы көрерменге ұсынылды.

Автор Ермек Аманшаев, қоюшы-режиссер Ерлан Кәрібаев, қоюшы-суретші Нұржан Саменов, «Ол» роліндегі актер Данияр Базарқұлов, дыбыс режиссері Алмас Толғанбай, қобыздың әуенмен көркемдеуші Жансая Төлеген, жарық беруші Олжас Қалмырза, режиссердің асситенті Аман Гумаров.

Бұл экперементальді бағытта қойылған спектакльдің көркемдік-идеялық мақсаты – бүгінгі әлеуметтік қоғамға сай саналы ұрпақ, салиқалы тұлға қалыптастыру болып табылады. Сондықтанда, лабороториялық жұмыстың көрерменге рухани азық беруде маңызы орасан зор болып табылады.

Қойылымда режиссер бүгінгі өмірдегі түрлі әлеуметтік қайшылықтарды жеке адамның тағдыры арқылы көрсетеді. Е.Кәрібаев шығарма ерекшеліктеріне сай «Ол» кейіпкерінің жан иірімдеріне терең үңіліп, оны психологиялық тұрғыдан сәтті шешкенін аңғарамыз. Режиссерлік ой-тұжырымдарын актердің ойыны арқылы жүзеге асырып, қаһарманның әрекеттері мен ішкі толғаныстарын ашуға ұмтылған. Содан болар, көрермен кейіпкердің тағдырынан қазіргі таңда емі жоқ дертке айналып бара жатқан мансапқорлық, жағымпаздық, надандық атаулының куәсі болып, Олмен бірге күйзеліс пен толғанысқа түсті. Жасыратыны жоқ, бұқаралық ақпарат пен заманауи техника құралдарының дамыған кезіңінде адам жанының құнсыздануы өзекті мәселе болып тұр.

Басты рольді аталған театрдың белді актерінің бірі Д.Базарқұлов шырмалаң ой лаберинтінде көрерменді қырық минут бойы тырп еткізбей ұстап отырды. Актер кейіпкерінің өмірден өз орнын іздеген философиялық толғанысын, шынайы шындықтың құпиясын табудағы іштей тартысын қимыл-әрекетпен әсерлі жеткізді. Қойылымда басы артық реквизит жоқ. Барлығыда орынды қолдынылып, спектакльдің тұтас дүние болып шығуына септігін тигізді.

Жалпы, психологиялық «Ол» қойылым кімді болмасын ойландырары анық. Негізінен бұл моноспектакль жарыққа шықпас бұрын арнайы сыншылар мен зиялы қауымның арасында үш мәрте талқыланды және де қойылымда кеткен кемшіліктерді режиссер мен актер ескеріп, қажырлы еңбек етуде.

 «ОЛ» МОНОСПЕКТАКЛІНЕН КЕЙІНГІ ОЙЛАР

 АСХАТ МАЕМИРОВ, РЕЖИССЕР: Режиссер ретінде мен үшін дебют мәселесі өте өзекті. Дебютсіз өнер иелеріне өмір сүру мүмкін емес. Ол шығармашылық өліммен тең. Мейлі сен режиссер, не актер бол дебюттік қойлымдар арқылы сенің жаңа қырыңнан танылуыңа, ашылуына септігін тигізеді. Сондықтанда, “Ол” моноспектакльмен жігіттерді құттықтаймын. Спектакльдің материалын білгендіктен, маған бәрі түсінікті болды. Ал пьесаның мазмұнын білмейтін адамға кішкене түсініксіздеу сияқты. Кейіпкер неге рухани тоқырауға түскендігін сахнада толықтай жеткізді деп ойлаймын. Алайда кейбір диалогтарын сөзсіз немесе ыммен берсеңдер екен. Негізінен, 90 жылдары бұл шығарма өте өзекті болды. Қарап отырсақ, қазіргі кезде де өз актуалдылығын жоймапты. Жалпы, Ерлан мен Даниярдың шығармашылықтарын көз жазбай қадағалап, байқап жүремін. Алға мақсат қойғыш, ізденімпаз жастар. Қойылымды дайындап жүрген кезінде де бір келіп, көріп кеткем. Содан бері біраз өзгеріске ұшырапты. Енді бүгінгі сын пікірлерді естіген соң тағы да өзгерте, толықтыра жатарсыздар деп ойлаймын. Сендер жақсы үлгі болып бастап бердіңдер, қазақ театрларында мынандай ашық көрсетілім болып жатқан жоқ. Бұл ары қарай жалғасын табу керек сияқты. Ізденіс театрға да, актерге де, режиссерге де керек дүние. Қойылымды театр әлемін түсінетін адамдар қарау керек сияқты. Істерің оңынан болсын. 

 ӘЛИЯ БӨПЕЖАНОВА, СЫНШЫ: Біріншіден алғашқы жұмыстарыңмен құттықтаймын. Мұндай ізденістер біздің қазақ театрларында бірең-сараң бар. Бұл жастардың жалынды театрының шығармашылық батыл қадамдарын өз өнерімен дәлелдеп жүргенін сырттай бақылаудамын. Негізінен Е.Кәрібаев пен Д.Базарқұловтың қатты ізденісте екенін “Қара шекпен” қойылымынан көргенмін.

Қазіргі кезде репертуары тұрақты театр көрермендерінің әртүрлі типі бар. Сондықтан академиялық театрлар көрерменннің барлық сигментін қамтиды. Онда комедия, трагедия, драма, тарихи, әлеуметтік спектакльдер де болады. Соған қарамастан бұл қойылым көзі ашық, озық ойлы көрермен үшін керек дүние. Бұндай жұмыстардың көрермені көп болмауы мүмкін, алайда өз көрерменін табатынына сенімдімін. Енді нақты осы қойылымға келетін болсақ, сіздерді үлкен жұмыспен құттықтаймын. Осындай моноспектакльдерде ойнау өте қиын. Бұл пьеса 1991жылы Әубәкір Рахимовтың режиссурасымен М.Әуезов театрында әлеуметтік бағытта қойылған болатын. Сол шақта жастар мен студенттер театрға ағылып, керемет құбылыс болып өткен спектакль. Көп линиялы құнды пьесаны жүзеге асыру, әрине, батыл қадамды қажет ететінін айтпасақ та белгілі. Расыменде, бұл пьесаны моноспектакль етіп алғанда тура бүгінгілік сипаты үлкен. Қазіргі жастар қиындау күн кешіп жүр, себебі, қанша егеменді ел дегенімен қазақ жастарында тұрақты жұмыс пен жеке пәтердің болмауы, айлықтарының аздығынан хабардар етеді. Сол тұрғыдан келгенде спектакльдің қоғамдық өзектілігі маңызды. Оны қабылдауға тұрарлық. Енді менің айтқан пікірлерімді қабыл аласыздар ма, жоқ па өздеріңіздің еркілеріңізде. Ренжімейсіздер деп ойлаймын. Айтайын дегенім, спектакльге әркім өз пікірін білдіргенде өзінің ой өрісін, білім деңгейін көрсетеді. Сондықтан егер кейбір дүниелерді түсінбей жатсам, артық пікір айтты демеңіздер.

Біріншіден Асхат айтпақшы, бұл спектакльдің, пьесаның мазмұнын білмейтін адамға кішкене түсініксіздеу екені рас. Алайда, сахнада бәрі түсінікті болу шарт емес. Бір қабылдамағаным мұндағы кейіпкер өзін иродливый (сүйкімсіз) етіп көрсетуі. Ал енді бүгінгі күнге алып келетін болсақ, мысалы қазіргі жастар тамақ ішпесе де, әдемі киінеді. Содан кейін бас кейіпкердің жалаң аяқ жүруі, оның расымен “жалаң аяқ” дегені ме? осы жағынан тағы да ойланып көрсе екен. Тағы да айта кететін жайт, сахнадағы ескі экранның орнына бүгінгі күнмен үндестіріп, плазменный экран қолданса болар еді деп ойлаймын.

Екіншіден трагедияны сәбидің қайтыс болып кетіп, жерлейтін жер таба алмаудан бастаса көрерменді бірден баурап алады деп ойлаймын. Шынында да, бұл жерде ішкі айқай және жеке адамның жан дүниесімен іштей арпалысуы. Бұл жерде қарама қайшылық бар сияқты.   Қоғаммен арпалыс, адамның өзімен арпалыс. Меніңше, соның акценттерін қойыңқырау керек сияқты. Пьеса автордың жас кезінде жазылған шығарма болғандықтан бұл жерде бірнеше линия бар. Қоғамға қарсылығы, шындықты айтса ешкімге ұнамайтының, үйсіз-күйсіз жүретінің, рухтың жоқтығы, қоғамда адамның бағаланбайтындығы соның бәрі жан-жаққа тартыңқырап жатқан тәрізді. Соның бәрін жинақтаңқырау керек деп ойлаймын. Бірақ кейіпкердің сахнадағы ойыны шынайы. Қалай дегенімен бұл үлкен жұмыс.

АНАР ЕРКЕБАЙ, СЫНШЫ: Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрын, жас режиссеріміз  Е.Кәрібаев пен актер Д.Базарқұловты осындай керемет бастамаларымен құттықтаймын.Жалпы әр театрда, әсіресе үлкен академиялық театрларда осындай кішкентай лабораториялар қажет. Моноспектакль – өте күрделі дүние. Қойылым бойы сахнада жалғыз актердің көрермен залын баурап, әр сөзімен, әрекетімен кейіпкерінің оқиғасын жеткізу әр орындаушының қолынан келе беретін іс емес. Сондықтан да, Ерлан мен Даниярдың «Ол» атты жұмысы моноспектакль жанрына толықтай жауап береді.

Қазіргі ХХІ ғасырдың театры – режиссерлік театр. Әр шығарманы режиссер өзіндік интерпретациясымен, ой‑тұжырымымен шешеді. Режиссер Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасын барынша қысқартып, тек бас кейіпкердің линиясын қалтырған. Актер Данияр Базарқұловтың кейіпкері шынайы өмір мен фантасмагорияның арасында өмір кешеді. Ол – рухани құлдырауға түскен, бүгінгі қоғамнан, өзінің мардымсыз өмірінен шаршаған адам. Актер кейіпкерінің психологиясын терең түсінген. Дегенмен де, өзіне ұсынылған шартты жағдайға сәйкес тек сөзбен ғана емес, сондай‑ақ іс‑қимылмен де әрекет жасағаны дұрыс болар еді. Дәл сондай, әр ойды, кейіпкерінің ішкі жан күйзелісін айғаймен жеткізу де артығырақ. Жалпы, айқайлау – қазақ театрларын жаулап алған індет. Қойылым камералық болғандықтан бұл жерде айғай мен дыбыстық эффектілерді де орнымен қолдану керек деп есептейміз. Бүгінгі қойылым алғаш рет болып отырғандықтан режиссер да, актер да болашақта әлі талай жұмыстар жүргізіп, қойылым бойындағы кемшіліктерді түзетеді деп сенеміз. «Ол» моноспектаклі жас режиссер мен актердің шығармашылық потенциалының молдығын көрсетіп, қазақ театрын тың жұмыспен толықтырды.

 ӘБДІЛДӘ БАУБЕК, ЖУРНАЛИСТ:  Әдебиет, мәдениет мәселесіне келер болсақ, кез келген жазушымен, ақынмен сөйлескен кезде бәріміздің ағамыз Альберт Камю, Франц Кафка және бәріміз символизм, постмодернизм туралы сөйлейміз. Қойылған спектакльді түсініксіздеу, ұғынықсыздау деп жатырсыздар. Алайда бәрі түсінікті. Басты кейіпкердің әйелін, баласын жоғалтқаны туралы айтылды. Мәселе мұнда да емес, қазіргі қоғам талабы туралы айтып жатыр. Әлия апай айтқандай, неге басты кейіпкер жалаң аяқ жүр? Ол қазіргі қазақтың бейнесі ғой. Осыдан отыз жыл бұрынғы Ермек Аманшаевты іздеп қажет емес. Мұндағы символизм төртбұрыштан шығып кетсе дабылдың қосылуы. Ал шындықтың бәрі темір жәшіктің ішінде жатыр. Теледидар сайрап тұр. Неге осы біз спектакльді көрген кезде оның көркемділігін көрмейміз? Көрермен ретінде менің ойым, қазіргі қоғамға ауадай қажет ойларды актер де, режиссер де айтты, басқа айтарым жоқ. Бұл жердегі актердің сыртқы келбеті әр қазақтың жүрегіне терең үңіліп, оның ішкі дүниесі жұлым-жұлымы шығып жатқанына көзімізді әбден жеткізді. Осындай мәнді қойылымды көпшілікке ұсынып отырған режиссер мен актерді қолдау керек деп ойлаймын. Әлі де талай ізденістерге барады деген үміттемін.   

ДУЫЛҒА АҚМОЛДА,  АКТЕР: Бұл қойылымды тағы да көру керек сияқты. Себебі, қойылымды көрген сайын оған деген ойың тереңдейді. Жаңа Алия апай дұрыс айтты, 1997 жылдары болуы керек Қайрат Сүгірбеков осыған ұқсас эксперименттік бағытта бұл қойылымнан да тереңірек, бұдан да түсініксіздеу спектакль қойған. Ол кезде біз бір адамнан екеу жасап ойнадық. Шынын айту керек сонда бізді ешкім қабылдамаған, тіпті көркемдік кеңестен, басшылықтан келетіндер М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында мынандай эксперименттік спектакль қойылып жатыр, бұл не деген сұмдық?! – деген еді. Ал қазіргі кезде өнер әлемі барынша кеңіді. Қазіргі көрермен де, өнер адамдары да осындай экспериментті спектакльді қабылдайды. Қарап отырсақ осы уақытқа дейін көрерменнің жетегінде,”көрерменге түсінікті болу керек, түсініксіз болса ұқпайды ғой” деген таныммен келдік. Ал бірақ біздің көктен жерге түсетін уақытымыз жетті. Жерге түсуіміз арқылы керсінше біз көрерменді жетектеуіміз керек. Дәл казіргі заманда ең көп дүние шоу және сайқымазақ әзілдер! Көрермендер дені жеңіл-желпі, ойландырмайтын дүниеге кетті. Жылағың келетін нәрсеге олардың неге күліп отырғандарын түсінбейсің… Адамның ой-санасын жетілдіретін, ойландыратын осындай дүниелер жоқтын қасы. Сондықтанда осы сияқты жаңаша нәрселерге бару керек. Әрине, бұл батыс өңірлерінде жаңалық емес. Сол себепті де онда көрермендердің талғамы жоғары. Ерлан мен Даниярдың мұндай шығармашылыққа баруы батырлық. Бұл шығармашылық өсу, ілгерілеу. Ұмтылыс, бір жаңалық әкелу, жаңаша іздену.

Енді жаңа Асхат ағай айтты ғой  Мүмкін кейбір айқайларға бармау керек, кейбір іс-әрекеттер жасалмау керек шығар, әлде болсада сабыр көшу керек  шығар, адам сияқты сөйлеу керек деген нәрселерді айтамыз.  Бірақ кейбір кезде актерге мүмкіндік беру керек. Айқайлағысы келе ме, айқайласын. Ал режиссер оны байлап тастайды, айқайлама болмайды деп. Жоқ актер сол жерде айқайлағысы келеді, жан дүниесін алдыңа жайып салып, айтқысы келеді. Актер таяқпен ұру керек пе? Ұрсын. Енді ол эмоция. Бұл жерде артық дүниені көрген жоқпын. Тіпті ол темекісін шегіп отырып, кейіпкердің есінен адасып кеткенін актер әсерлі берді.

НАТАЛЬЯ ДУБС, РЕЖИССЕР: Сіздерді жаңа моноспектакльдеріңізбен құттықтаймын. «Үзілген бесік жыры» пьесасын бір адамға арнап, жүйелеп жасау, оны алқалы топқа көрсету үлкен ерлік деп есептеймін. Менің қабылдауымша бұл қойылым символикаға құрылған. Осындай батыл қадамға барғандарыңыз мені қуантады. Сіздерге тек қана жақсы тілектерімді білдіргім келеді. Осындай бастамаларыңыз ортаймай, бір-бірлеріңізді тек алға жетелей беріңіздер.

13241152_1701506890108476_6868909677349420178_nКУАНЫШБЕК АДИЛОВ, АКТЕР: Ең алдымен ролін шынайы орындаған актерге рахметімді айтамын. Содан соң әрине, режиссерге осындай форматта, фаеде спектальді батыл қойғаны үшін рахмет. Мен қойылымды жүйелеп талдап беретін сыншы емеспін, бірақ одан алған әсеріммен бөлісе аламын. Жалпы моноспектакль –  өте күрделі дүние болғандықтан, оны бірден шығару оңайға түспейді. Маған бұл қойылымда жетіспегені: “Ол” кейіпкерінің кандай мақсатты көздейтіні. Оның өз-өзімен тартысқа түсетін кезінде сахнаның рамкасын аттап өтеді. Ал оны аттап өтуге не итермеледі? Сол жақтары ашылмаған тәрізді. Әрине, көрерменге бәрі түсінікті болдуы шарттылық емес. Бірақ түсініксіз болған жағдайдың өзінде режиссер қойылым көрушілерге басқа альтернатива ұсынуы керек деп ойлаймын. Мен спектакль көріп отырғанда көз алдыма есінен адасқан адамның кескіні келді. Қырық минут бойы бір актердің қимыл-әрекетін бақылап отыру жиналғандарды жалықтырып алады деп ойлаймын. Сондықтанда, меніңше динамика мен ырғақ қосқандарыңыз жөн. Ұсыныстарымды қабыл алсаңыздар спектакль үлкен табысқа жететіні сөзсіз.

ЕЛІК НҰРСҰЛТАН, РЕЖИССЕР: Бұл спектакльді алғашқы қадамымен құттықтаймын.  Енді эксперемент деп айтылып жатыр. Бірақ жалпы қойылым қаншалықты эксперемент деп айтуға болады? Осы кезге дейін түрлі-түрлі эксперименттік бағыттағы спектакльдер көріп жүрміз. Бүгінгі қойылымды эксперимент деп емес, ізденіс деп айтқан дұрысырақ сияқты. Негізінен эксперименттердің дені Америкада 40-60 жылдары жасалынып кеткен. Тіпті өзгеше керемет қойылымның  өзін олар ізденіс деп атаған. Қарап тұрсақ, қазақ театрларында да осындай спектакльдер болуы керек. Бұл жақсы үрдіс. Қазір менде У.Шекспирдің “Король Лир” пьесасын сахналамақшымын. Ол эксперимент емес, жай спектакль. Соған сіздерді шақырамын, себебі сын айтылған дұрыс. Шынайы, салауатты сын айтылғанға не жетсін? Сыншыларды спектакльді талдауға, жалпы олардың ойын білу үшін шақырғандарыңызға көңілім толып отыр. Меніңше, кез келген жас режиссер жаңаша ізденістерін ортаға салып, өз қадамдарын нық басудан тайсалмау керек. Сонда ғана заман талабына сай режиссура дамып, құнды дүниелер жарықа келеді деген сенімдемін. Жұмыстарыңыз жемісті болсын.

СҰЛТАН СРАИЛОВ: Жақсы актерлік жұмыс осындай қойылым қою әрбір актердің арманы. Стендаль 25 жасында мен не тындырдым? Қандай игі істер жасай алдым?- деп жылаған екен. Қойылымдағы аталған сұрақтың өзі көп адамның көкейінде жүрген сан түрлі сұрақтарды қозғап, ой алмасуға алып келері ақиқат. Сондықтан да адамның санасын ойландыратын осындай қойылымдар көп болғай.

СӘБИТ ӘБДІХАЛЫҚОВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Кез-келген нәтиже еңбекпен келеді. Шығармашылық болғандықтан оңай дүние жоқ. Бүгінгі нәтижелі қойылым үшін жастарды құттықтаймын. Бұл моноспектакльді Түркия мемлекетінің Конья қаласында биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған “Мың бір тыныс және бір дауыс” түркітілдес халықтарының  халықаралық фестиваліне “Қара шекпен” спектаклі екеуін қатыстырайын деп отырмыз. Себебі, бұл қойылымның берер тағылымы зор. Қазіргі қоғамдағы түрлі қайшылықтардың астарын ашып, көрерменге рухани азық береді. Бүгінгі күні барлығымыз әлеуметтік желі: инстограм, фейсбук болмасын, біз “бақытты адам” ролін сомдап жүрміз. Ақиқатына көз жүгіртсек, бәрі жасандылыққа айналуда. Шындықтың бетіне тура қарайтын күн туды. Тұлғаларымызды тобырға айналдырмас үшін осындай қойылымдар жастардың көкірек көзін оятуда өте қажет.

МАРАТ АБАЙ-ДІЛДӘ,  АКТЕР: Өнер әлеміне жетіспейтін дүниелердің бірі жаңашылдық, яғни қазіргі заманмен үндестік. “Ол” моноспектаклі еліміздегі театр әлеміне кішкене болсын жаңаша көзқарас пен өзгеше леп алып келді деп есептеймін. Сол үшін де осы ұжымға рахмет. Қойылымға тоқталар болсақ, режиссердің трактовкасы бойынша, спектакль актердің импровизациясына құралғандығы бірден аңғарылады. Алайда Даниярдың кейіпкеріне жалын атқан маңызды сахналарында көзін көп жұмуы қойылымға кері әсерін тигізді. Актер бүкіл жағдайды іштей бергенімен, қимыл-әрекетінде, ым-ишаратында сәл жетіспеушіліктер боп жатты. Соған қарамастан спектакль оңды шешімін тауып, отырған көрермендердің ықыласына бөленді. Аталған кемшіліктермен жұмыс жасау болашақтың еншісінде деп ойлаймын. Іске сәт!

БАҚЫТ БЕДЕЛХАН, ДРАМАТУРГ: Біріншіден, экспериментальды спектакльмен құттықтаймын. Осы заманның жастары көретін спектакль дайындауға жас режиссер мен жас актер өзіндік ізденіс пен талпыныс жасағаны қуантады. Бірақ бұны сондай үлкен жаналық деп айта алмаймыз. Себебі бұған дейін 50-ден астам театрлардың біразы бұндай экспериментке барды. Қойылым 400-500 адам жинайтын емес, шағын көрерменнің ортасында отырып, заманның, қоғамның қалтарыс-бұлтарыстарын түгел ақтарып, бір адамның жан дүниесі арқылы беру – ізденістің жемісі деп айтуға болады.

Жалпы, бұл Е.Аманшаевтың “Үзілген бесік жырының” негізінде алынып отыр. Бірақ соның формасы, ішкі сюжеті, айтар ойының бәрі бар, бірақ оны актер өзінің дүниетанымен, көзқарасымен болып жатқан тоқтаусыз тіршілігін, кейіпкерінің ішкі жан күйзелісін өзінше дамытқан. Бұл жерде дүниенің бәрі жалаң айтылатын болса, адам жанына ауыр тиеді. Сол жағынан режиссер әдемі формасын тауып берген. Актер де өзінің шеберлігін қосқан. Сөйтіп бәрін символикаға құрған. Көзі қырақты көрермен тамашалап отырып, қойылым астарына үңіліп қарау керек деп ойлаймын. Өйткені бұл көрерменді талғайтын қойылым. Өзіндік пікірі бар, өзіндік көзқарасы бар адам болмаса, қарапайым адам кеп бірден түсіне бермейді. Бұл да керек. Яғни интелектуалдығы жоғары, ойы бар, пікірі бар, өзіндік көзқарасы бар адамдарға арналған шығарма. Көрерменнің көзбен көріп, қолмен ұстайтындай қасында тұрып, рөл ойнау бір жағынан актер үшін де үлкен мектеп, үлкен шеберлік. Себебі қол созым жерде тұрып, адамға өтірік айта алмайсың… Сондықтан бұл кейіпкержандылықтың жарқырап көрінетін тұсы болғандықтан жаңаша форма, ізденіс. Талмай ізденістің әзірше жемісі деп айтуға болады. Егерде, бұл дүниені жаңғыртып отырып, талай тақырыптарды жарыққа шығаратын болса, осы біздің толқынның, кейінгі жастардың жемісі ғана емес жеңісіне де айналады.

РАХИЛЯМ МАШУРОВА, АКТРИСА, ПЕДАГОГ: Баршаңызды жаңа “Ол” моноспектакльмен құттықтаймын. Мен бұл спектакль қалай болады екен деп іштей тебіреніп, дайындалып, сан сұрақтарға жауап табу үшін келгем. Бірақ спектакль қалай басталып, қалай аяқталғанын өзім білмей қалдым. Ерланның мына менімен жасты кәсіби театрда қойып отырған бірінші спектаклі. Негізінен шәкіртім Ақтауда да қойған екен, алайда оны көре алмадым. Бүгінгі спектаклі жалғыз актермен қырық минут көрерменді ұстап отыру оңай емес. Режиссер мына бейненің ішкі дүниесін мизансцена, музыка, жарық беру арқылы ашқан. Режиссер, актер, суретші, музыкант, қобызшы бірін бірі түсініп, мынадай дүниені алып шыққандарың театр үшін үлкен табыс. Мен актриса ретінде әрбір қимыл-әрекетіңді, айтқан сөздеріңді, дыбысқа мән беруіңе дейін өзімнің ішкі жан дүниемнен өткізіп отырдым. Әр нәрсені қалай ойнататыныңды бақыладым. Реквизит ретінде теледидардың жәшігін неше түрлі нәрсеге, яғни орындық, қайық, теледидар, төсек, мінбеге айналдырғандарыңның  режиссердің қиял әлемінің кеңдігін көрсетіп тұр. Бүгінгі қойылым өзіндік ойымен, қобыздың әсерлі үнімен, актердің ізденісімен, режиссердің батылдығымен ерекшеленді. Актер ішкі энергетикасын суық суға аяғын, біресе басын салумен берді ма деп ойлаймын. Өйткені суға аяғын салғанда денесі тітіркенгенін сезіндім. Дегенімен, қойылым басында пьеса мәтіні түсініксіздеу айтылды. Данияр мынандай алақандай жерде саған алдымен мәтініңді ойлауың тиіс. Алғашқыда шыққанда сыбырмен сөйлегенің дұрысырақ сияқты. Жалпы, өмірден түрлі қиыншылықтар көрген адамның бейнесін ашып шықтыңдар. Рахмет!

ГҮЛЬСИНА МЕРГАЛИЕВА, РЕЖИССЕР: Ерлан, Данияр я вас поздравляю! Вот сегодня родился спектакль. А какой спектакль это другой вопрос, но спектакль родился. А что мы делаем и что мы должны делать? Для себя я считаю, что мы должны поддерживать тех, кто пытается двигать театральное искусство вперёд. Как мы можем знать, что это движение вообще “вперёд-назад”, если не давать шанс. Спасибо за предоставленный шанс Сабит Абдыкалыков – директору театра имени Г.Мусрепова и заместителю директора Талгат Есеналиев за человечность и поддержку. Конечно спасибо, его коллективу за доверие.

Данияр я желаю тебе не быть из кинофильма выживших. Что я имею введу? Я имею введу, в дальнейшим не забудь что тебе надо и что ты играешь. Это очень важно. Когда артист один на сцене, он начинает любоваться с собой и любит мучиться на сцене. Ну, это тебе на будущее. А с Ерланом я говорю как режиссер с режиссером. У нас всегда такой открытый разговор, потому что он мой артист. Все что я увидала на сцене, я это все видела. В каком плане? Так любит все тазик и воду. А нужно ли это? Вот вопрос, наверно он был крайне нужен. Этот прием который почти все режиссеры любят в Москве, везде который называется современным театром. Рас его использовали, он уже становится не современном театром. Надо быть не похоже, значить быть самим собой. Но, в этом спектакле тазик и вода оправдываются тем что туда капает вода и актеру нужен этот элемент чтобы сыграть свой роль. Мне нравится твой храбрый шаг. Мы тебе желаем большого плавания, интересных работ. Самое главное мне нравится что ты пьесу Е.Аманшаева зазвучал. У него появился второе рождение.  Спасибо за “Ол” – моноспектакль, который стоит посмотреть. Спектакли и театры должны быть разные. Вот вам одно из разнообразий.

ДАНИЯР БАЗАРҚҰЛОВ, АКТЕР: Негізі осы қойылымда роль сомдағым келіп жүргеніне он жылдан асты. Бірақ моноспектакльретінде ойнағым келгеніне төрт бес жылдың көлемі болды. Содан соң бұл пьесаны моноспектакльге лайықтап, Е.Кәрібаевқа ұсыныс білдірдірдім. Солай кенеттен бір күннің ішінде спектакльге дайындық басталып кетті. Екі ай қойылымды шығаруға уақыт кетті. Спектакльдің репетициясына А.Маемировті, Е.Нұртазинді шақырдық. Олар өз ойларын білдірді. Біздің бағытымыздың дұрыс екенін айттып, рухтандырды. Содан кейін алға қарай жылжып, шешіле жұмыс жасадық.

Мен өзім алғысымды білдіргім келіп отыр. Себебі, қойылымға жиналғандардың барлығы да өз ойын ашық, еркін айтатын өнердің жанашырлары. Біз сіздер айтқан кемшіліктермен әлі де күресеміз. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге рахмет. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Бұл жұдырық болып жұмылған ұжымның жетістігі деп ойлаймын.

ЕРЛАН КӘРІБАЕВ,  ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ:  Мен осы қойылымды қою арқылы режиссер ретінде көп тәжірибе алдым. Бұл моноспектакльде өзімді көрсеткім келген жоқ. Менің басты мақсатым – актермен жұмыс жасау, яғни қолға алған режиссерлік бағытым актердің жан дүниесіне үңіліп, оны басқа қырынан ашу. Бұл жұмыс арқылы көптен бері іште тұнып, айтылмай жүрген ойларды шығардық деп ойлаймын. Спектакль жарыққа шыққан соң өзімнен ауыр жүк түсетін шығар деген сенімде болдым. Алайда керсінше, көрерменге ұсынған сайын жауапкершілік арта түсті және сан түрлі сауалдар мазалады. Меніңше ол да жақсы, ішкі жан дүниеміз тынышталса біздің жұмысқа деген құлшынысымыз азаяды. Ал ол таусылмаса екен дейміз. Сондықтанда ізденіске шақыратын, көпшілікке құнды ой тастайтын дүниелерді сахналай берсек екен деймін. Сындарыңызды, пікір-ойларыңызды білдіріп жатқандарыңызға рахмет. Айтылғандардың керегін алып, жетіспей жатқан тұстарын әлі де жандандыра түсеміз деп ойлаймын. Баршаңызға алғысым шексіз.

P.S: Жалпы, қойылым жайлы әртүрлі сын да, ескертпелер айтылды және мақтаулар мен жылы лебіздерін де білдіргендер көп болды. Зиялы, сарапшы қауымның өз пікірін қысқаша түрде ұсынып отырмыз. Бұғанасы қата қоймаған жаңа моноспектакль көрермендерге жол тартты. Сапары сәтті болсын!

 Назерке  ҚҰМАРҒАЛИЕВА

 Т.Жүргенов атындағы қазақ  ұлттық өнер академиясының

«Театртану» мамандығының 2 курс  магистранты

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Халықаралық театр күні мен Ғ.Мүсіреповтің 115 жылдығына арналған «Алтын сақа» жаңа қойылымдар фестивалі басталды

admin

Город Алматы встретил и проводил артистов Саха театра овациями

admin

КЛАССИКТІҢ ХАТТАРЫ ҚАЙДА ЕКЕН?

admin