Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуары жазушы-драматург Нұрғали Ораздың «Аққулар ұйықтағанда» пьесасымен толықты. Драмалық қойылымның режиссері – Ержан Қауланов, суретшісі – Нұржан Сәменов. Басты рөлде – Нұржамал Әбілқиясқызы, Мерей Әжібеков, Жомарт Зейінәбіл ойнайды.
Пьеса авторы халықаралық Алаш және Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Нұрғали Ораз қоғамдағы өзекті мәселелерді алма-кезек көтере отырып, өз шығармасының өзегі ретінде қандай алмағайып заман болмасын, қазақ деген халықтың ұлт ретінде сақталып қалу идеясын негіз етіп алған. Ұлт тағдыры мен мемлекет мүддесі жеке бастың қамынан әрдайым биік тұру керектігін айтып, ұрпақ жалғастығын, отбасы тәрбиесін жоғары қояды. Ел келешегі – жастардың бойына қазақы менталитетке тән бауырмалдық, адамгершілік, жауапкершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруді мақсат етіпті. Екі ғасырда өмірге келген әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықты ашып көрсетіп, бір-бірінен алшақтап бара жатқан буынды жақындастыру-ды көздейді. Қарт кісінің «Біз өлмейтін ұлтпыз!» деген түйін сөзі арқылы ұрпақтар сабақтастығының үзілуіне, ұлттық болмысымыздың жойылуына қарсылық білдіреді.
Театрдың көркемдік жетекші-сі Еркін Жуасбек пьесаның екі жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі өткізген драматургиялық шығармалар байқауында «Дөңгеленген дүние» деген атпен жүлделі орын алғанын айтады.
– Мұқағали Мақатаевтың ғұмырлы поэзиясы, сыршыл өлеңдері әрбір оқырманның жанына, жүрегіне жақын. Сезімін байытып, парасатын кемелдендіріп, рухын өсіретін дүниелер. Сондықтан қойылымның бастан-аяқ өтетін оқиғасында жанама күш ретінде орын алды. Дегенмен, көпшілік спектакльдің көрерменге ұсынылған «Аққулар ұйықтағанда» деген соңғы атауына қарай сәл шатасып жатуы мүм-кін. Режиссер автормен келісе отырып, осылай өзгертуді дұрыс көрді, біз қарсылық танытқан жоқпыз. Өйткені бұл спектакльдің демі де, үні де, айтар ойы да бөлек. Көтерілетін мәселелер қаншалықты көкейкесті болғанымен, екі жастың бір-біріне деген қимастығы, тығырықтан шығар жол іздеуі, қарияның көмекке келуі үлкен ізеттілікпен, аса мәдениеттілікпен жазылған және сахнаға да сондай әдіспен шығарылған деп есептеймін. Бүгінгі жастардың басындағы баспанасыздық, жұмыссыздық, некесіз сәби сүю мәселесі қоғамда бар дүниелер. Оқиғаларды сахнаға шығару барысында поэма-ны қолдана отырып, екі туынды арасынан үндестік табуды мақсат еттік. Қойылым сол бағытын сақтап, жұртшылық назарына ұсынылды. Көрерменнің түсінуі, қабылдауы жаман емес, бір деммен көріп шығуы пьесаның өз миссиясын ақтағанын меңзейді, – дейді Еркін Жуасбек.
Рөлдерді бекіту мәселесіне тоқталсақ, бұл процесс режиссердің ұсынысымен, көркемдік жетекшінің бекітуімен іске асыпты. Аяғы ауыр болып қалған қыздың бейнесін тәжірибелі актриса емес, көрерменге жақын шығуы үшін шын мәнінде жас қыздың сомдағанын дұрыс көрген. Сондықтан екі құрамда да бұл міндет театрға жаңадан келген жас аруларға жүктелген. Спектакльдің үнімен үндесетін кейіпкер – қарт кісіні Жомарт Зейінәбілов сомдап, шебер алып шыққанын да айта кеткеніміз жөн.
Режиссер Ержан Қауланов «Мұқағали Мақатаевтың поэмасында анасы ауруға шалдыққан баласын құтқару үшін тәуіп шалдың кеңесімен аққуға қару кезенеді. Қойылымда керісінше өзі күнін әзер көріп жүрген шарасыз әке баладан құтылудың жолын іздейді. Құрсағындағы баланы алдырып тастауға қия алмай қыз қиналған әрбір сәтінде ақын рухымен сырласып, өлең жолдары арқылы тура бағыт табуға тырысады. Ақынның қызы Майгүлден айрылған қайғы-қасіретін жанама жеткізе отырып, ой салу-ға тырыстық» дейді.
Режиссер көп жағдайда сахна арқылы ақынның азап көрген, уайым шеккен бейнесінің насихатталатынына көңілі толмайтынын да жеткізді. Өз ізденісінде керісінше тау ұлын қамқоршыл, ақылман абызға айналдырып, тұлғалық қасиетін жаңа қырынынан танытуды көздеген.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасына жастардың назарын аударуды мақсат тұтқанын да жасырмады. Шығарманы жаңартып, оқырман қызығушылығын арттыруға ұмтылған. «Ақынның үстіне костюм кигізіп, сахнада әрлі-берлі жүргізіп немесе актерларға өлеңдерін оқытып, поэзия кешін ұйымдастыру ойымызда болған жоқ. Жылда қайталанатын қалыптан шығуға талпыныс жасадық. Сонымен қатар жастарға әрдайым кеңесші болатын, жол көрсететін аға буынның, айналамызда жақсы кісілердің бар екенін білдірткіміз келді» дейді ол.
Спектакльді тамашалаған түрік ақыны, халықаралық «Жамбыл» сыйлығының иегері Атаман Калебозанның пікірі де жазушының идеясы көздеген нысанаға дөп тигенін аңғартты.
– Қазақ тілін жақсы білмейтіндіктен, бастапқыда спектакльді қалай түсінеді екенмін деп уайымдағаным рас. Жазушы Мәлік Отарбаев қасымда оты-рып, оқиға желісін түгелдей аударып беруге тырысты. Тәржіма арқылы жеткен оқиға жанымды бірден баурап алды. Бұл мен үшін көптен бері сахнадан көрсем деп күткен идея еді. Нұрғали Ораз өз шығармасы арқылы қоғамның жағдайын суреттеп көрсетті және көрерменнің жан-дүниесін оятып, тебіренте алды. «Аққулар ұйықтағанда» пьесасында махаббат, мұң, үмітсіздік, жасықтық, өкініш, арман сияқты қасиеттерді молынан қамтыған. Қоғам мен адамды, айналадағы орын алған келеңсіз жағдайлар-ды сынайды. Автор қай кезде қателесетіндігімізді және сол қателікті мойындай бермейтінімізді «бетімізге» басады. Жүрек қалауымыздың менменшіл екендігін, махаббатымызға ойланбастан зиян келтіретінімізді, күйбең тіршіліктің бізді қаншалық-ты соқыр және саңырау ететінін жайып салады. Адам баласының бір сәтте дүниеге қызығып жолдан таятын әлсіздігін әшкерелейді. Бізге жақын деген адамдардың жат екендігін, жастар мен қарттардың арасындағы қатынастың едәуір алшақтап кеткендігін, мыңның ішінде жүріп жалғызсырайтындарды көз алдымызға әкелді.
Драматург сценарий желісін-де әлі дүниеге келмеген және тағдыры талқыға салынған сәби арқылы қоғамдағы алдыңғы буын мен жас буын арасында психологиялық диалог өрбітеді. Мұндағы сәби – болашақ ұрпақ, басты құндылық.
Автор кәсіби шеберлігі мен сыншыл көзқарасы арқылы тамаша туындыны өмірге әкеліп отыр. Өзім білмейтін тілде қойылған спектакльдің осыншалықты әсерлі болатындығын ойламап едім. Әуелі, сапырылысқан дүние болып көрінген сахна хикаяты жалғаса келе, мені өзіне тартып әкеткенін, өз-өзімді сол оқиғаның кейіпкеріндей сезіне бастағанымды аяқталғанда бір-ақ ұқтым. Осыған ұқсас сахналық хикаяттардың Түркия театрларында да қойылғанды-ғын айта кету керек. Мәселен, «Жібек құрт» атты қойылымда жазушы Адалет Ағаоғлу жалғызбасты үш әйелдің қоғамдық өмірден шет қалып, өз-өздерін қалайша тығырыққа тірегенді-
гін сатира арқылы көрсеткен-ді. Сол сияқты драматург Өзен Юлан қоғамның қат-қабатында қалыптасқан адамдардың жеңіл жолға қалайша еттері үйрене бастағандығын баяндайтын спектакльмен де байланыстың бар екендігін көрдім. Оқиға қай жерде өтсе де ортақ құндылықты қозғап отыр. Өйткені адамның тағдыры бір. Түркия мен Қазақстандағы қоғамдық мәселе бір-біріне ұқсайтынын түсіндім. Жазушылар соны жүрегімен сезіне білген. Сахналық декорация, режиссерлық ізденіс те өте сәтті шыққан. Актерлердің шеберлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Кәсібиліктері арқасында спектакльді өмірдің шындығына айналдыра алды. Сол шындықты актерлердің таланттары арқылы сезіндік. Мұндай дүние үлкен және білікті ұжымнан ғана туады, – дейді Атаман ханым.
– Бұл – өткен шақты көксеу емес, сол кезеңдегі қызықты, қарапайым өмірді, бір-біріне адал, шыншыл, бауырмал адамдарды сағынғаннан туған дүние.
Сол аңсарды Мұқағалидың өлеңдерінен табасыз және кейінгі буынға поэзияның тілімен жеткізе аласыз. Өйткені ақын сол шуақты күндердің куәсі болды, саябақтың хауызында жүзген аққулармен сырлас еді, қызыл-ды-жасылды дүниенің, шынайы шаттық пен мөлдір сезімнің жыршысы еді. Тіпті махаббаттың символына айналған аққулар-дың өзі сағыныштан жаралған-дай көрінеді. Ақынның өлеңдерінен, спектакльдің желісінен сезіледі. Бір сәт ойланып көрейікші, сол жайма-шуақ кезең, қыздың сыңғырлаған күлкісі, баланың бейуаз қуанышы қайда? Аққулар бүгінде қайда ұшып кетті, әлде мәңгілікке ұйықтап кетті ме екен? Күйбең тіршіліктің жетегіне кетіп, өмірді тек табыспен, қалтамен ғана өлшейтін адам баласы Құдайын тапқанда, неге сол «Құдайсыз кезеңнің» жақсы қасиетінен айырылды? Не себептен дүниеге әлі келмеген сәбидің тағдырына қол сұғып, болашағына зиян келтіруден қаймықпайды? Аққулармен бірге оның жауапкершілік, сүйіспеншілік сезімі, сыйластық пен бауырмалдығы да ұйықтап кеткен бе? Ал адамдық, аналық, әкелік қасиет ше? Аққулар жүзген сол саябақтағы, қазіргі қала мен ауыл тіршілігіндегі өмірге зер салып көрдіңіз бе? Қыстың ызғарында қалтыраған ағаштың, сары күзде жапырақтың көлеңкесінде жаура-ған жандардың хал-күйіне мән береміз бе? Жылаған баланың зарлы дауысына, кемсеңдеген кәрінің өзекті өртер өкінішіне құлақ түрдік пе?
Спектакльді түсініп көрген әрбір көрерменнің осындай сан алуан сезімді бастан кешіреріне күмәнім жоқ. Өйткені түркі әлеміне танымал драматург, жазушы Нұрғали Ораздың кәсіби шеберлігі мен театр ұжымының, режиссердің, суретшінің ізденісі өзара үйлесім тауып, пьеса идеясын толығымен жеткізе алған, – дейді Мәлік Отарбаев.
Көрермен ретінде пікірімен бөліскен Әбді-Сабыр Өмешов «Спектакль қазіргі заманды суреттейді. Сахнадан өмірдің шындығын көре алдым. Өз басым, дәрігер ретінде демографиялық өсімге қатты алаңдаулымын. Пьесада түсік жасату мәселесіне табиғаттың өзі қарсылық танытады. Бұл көрініс күннің күркі-реуі арқылы жеткізілген. Қойылымнан кейін батысқа еліктеп, бір әулеттің тамырына балта шабатын жастар ойланады деген үміттемін» дейді.
Түйін:
Премьера соңынан жазушы Нұрғали Ораз жиналған жұртшылыққа алғыс білдіріп, сахна төріне Түркиядан арнайы келген мәртебелі меймандарды шақырды. Жазушы Якуп Өмероғлу төраға-лық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығының өкілі Хусейін Калебозан мен ақын Атаман Калебозан түркі әдебиеті мен мәдениетке қосқан үлесі үшін пьеса авторы Нұрғали Оразға, театр директоры Сәбит Әбдіхалыққа, көркемдік жетекші Еркін Жуасбекке, режиссер Ержан Қаулановқа алғыс плакеткасын тапсырды.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/02/24/44086.html