Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ӨНЕРІМЕН ӨРГЕ ЖҮЗГЕН

Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындамыз. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай «Қабырғадағы сағатқа қарауды ұмыттыңыз… Басқа есіктен шығып кеттіңіз ғой» деп, дайындықта жүргендерге жалықпай қайталайды, актерлердің қимыл-әрекетіне кейде көңілі толғандай бас изеп, кейде орнынан атып тұрып, олардың жанына жетіп барып, өзі қоса ойнай жөнеледі. Ал біздің кейіпкер – салқынқанды, сабырлы. Режиссердің ескертпелеріне үнсіз ғана бас изеп, өзінің рөлін іштей жұптап тұрғаны байқалады. Ойнауы керек кезде жүзі күрт өзгеріп, басқа бір кейіпке ене түседі… Бұл сахна талай таланттарды баптаған орын ғой. Қазақ театрындағы ең бір талантты деген режиссерлердің, актерлердің ұстаханасы, құтханасына айналған мекен. Біздің кейіпкердің де бұл сахнада жүргеніне ширек ғасыр. Студент шағында Райымбек Сейтметовтың шақыртуымен және өзінің асқақ арманын жүрегінде аялап, осы шаңыраққа енген, ердің жасына жеткен Жомарт Зейнәбіл туралы бізден бірер сөз…

ДАРИЯДА ТУҒАН ҰЛ

Қызылорданың шаңдауыт, құмды өлкесі қысы-жазы реңкін көп өзгерте қоймайды. Бұл маңдағы жұрт ­Сырын еміп, жырын тыңдап, қоңырқай тірлігін кешіп, бір бояулы қалпынан көп ауытқымай келе жатқан өмірдің ұзын-сонар жолында дүнияға тағы бір ұл келді екен деп ұлан-асыр той тойлай қоймаған да шығар-ау! Сырды бойлай өткен салға анасының табаны тие сала жарық дүниеге ұмтылған шақалақтың өзен үстінде жарық әлемге енгені ғана көпшіліктің есінде қалғаны анық. Арада біраз жыл өтіп, дарияда туған ұлдың ажалдан қашып, дарияны мекендейтін Қорқыттың кейпін сомдап, бейнесін көпшілікке жеткізерін бұл маңның адамы былай тұрсын, әлгі баланы өмірге әкелген ананың өзі де болжап білмеген шығар. Хош, ол жайындағы әңгімеге кейін ораламыз…
Қазақ ауылы үшін аз да емес, көп те емес, үпір-шүпір баланың ізін ала дүниеге келген ұлға әкесі өзге перзенттерінің есіміне ұйқастырып, Жомарт деп ат қойыпты. Ол заманның балаларының бәрі бірдей кітап оқып кетпесе де, көпшілігі жазу-сызуды құрмет тұтқаны анық. Бала Жомарт та кішкенесінен сол қатардан көрінген екен. Бірақ бір ерекшелігі, өзгелер жаңа заманның келбетін көрсетер кітапқа құмартса, біздің Жомарт «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Рүстем-Дастан», «Шахнама», «Зәйтүн-Қарлығаш»… деп тізбектелген кілең қиссалардан бас алмайтын. Оның құрдастары «Юный техник», «Мәдениет және тұрмыс» сынды журналдарды құмарта «кеміріп» жүргенде Жомарт «Жаңа фильм» басылымын асыға күтетін. Жыл сайын КСРО кеңістігіндегі танымал актерлердің суреті басылған открыткалар жиынтығы шығады. Жомарт сол жиынтықтарды жинаумен әуестенді. Әр актердің сан қырлы келбетіне үңіліп, олардың суретте бейнеленген қас-қағым сәттік қимылына қарап, солардай болуға ұмтылды. Мұның бәрі жас баланың бойында актерлікке, өнерге деген құштарлықты оятқаны анық. Мектепішілік мерекелік іс-шараларда өзіне берілген рөлді қуана ойнап шығатын бала да осы – Жомарт еді. Оқушысының өнерге деген құштарлығын байқаған әдебиет пәнінің ұстазы Гүлқадиша ­Нысанбаева талантты шәкірттерінің ­басын қосып, Сәбит Мұқановтың «Шоқан» пьесасын сахналамақ болады. Жомартқа Шоқан Уәлихановтың рөлі бұйырады. Басқа бір мұғалім ІІ Александр патшаны сомдамақ екен. Гүлқадиша апайы үлкен қаладан радиоспектакль жазылған пластинка алдыртып, оқушысына сыйлайды. Міне, бала ­Жомарт әлгі пластинканың қасында отырып алып, Шоқан рөлін жақсылап жаттайды. Сол арада Жомарттың рөлі ауысып, ол енді Шоқанды емес, ІІ Александрды сомдауы керек. Шоқан рөлінде – мектептес досы, «Өскен өңір» газетінің бас ­редакторы болған Зәкім Жайлыбайдың ұлы Ерлан Қалмағамбетов. Енді рөлге екеуі бірге дайындала бастайды. Бала Жомарт спектакль соңында ­даусын жуандатып, ІІ Александр кейпінде созылыңқы үнмен: «Сау болыңыз, ротмистр! Қырғыз-қайсақтан шыққан спартак!» деп аяқтайтын тұсын қойылымды тамашалаған балалар түгел жаттап алып, біразға дейін айтып жүреді. Кейін оқуға түскен соң, өзінің бала күнінде әбден тыңдап, жаттап алған радиоспектакльдегі ІІ Александрдың рөлін ұстазы Нұрқанат Жақыпбаев, ал Шоқанды Райымбек Сейтметов оқығанын біледі…
Ауылдың ұяң баласы Өнер академиясына оқуға келгенімен, бірден түсе алмайды. Сол уақытта шәкірттер қабылдап отырған маман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаева: «Балам, өнерге лайық-ақ бала екенсің! Алайда жастығың көзге анық байқалады. Ертең сені әскерге алып кетеді ғой. Содан кейін оқуға біржолата кел. Бірден маған жолық. Өзім қабылдамасам да, курсты қабылдап жатқан ұстазға айтып, сені оқуға алдыртам» деп, шығарып салады. Алайда ауылына бара сала, ешкім әскерге ала қоймай, бір жылдай аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болады. Сол жерде жүріп Шиелі аудандық театры ұйымдасып, түрлі қойылымдар қойып жүргенін біліп, өзі де ептеп рөлдер ойнай бастайды. Режиссер Әмина Тасболатова қойған Бәкір Тәжібаевтың «Батақтың Сарысы» қойылымында Мырзағұл байдың рөлін сомдайды. Міне, дәл осы қойылыммен аудандық өнер ұжымы «Халық театры» атағында бағын сынайды. Арнайы комиссия келіп, қойылымды тамашалап кеткен соң, жігіт Жомарт әскерге аттанады. Сол жақта жүргенде «Халық театры» атандық» деген тілдей хат соңынан қуып жетіп, баладай қуанғаны да анық есінде…

СЫН ШАҚТА

Арада төрт жыл зымырап өте шықты. Әкесі Әтен даңқты ғалым, академик Шахмардан Есеновтың туған бөлесі. Ұлын Алматыға, дәл сол академиктің шаңырағына жетелеп барып, баласын оқу орнына түсірмек болады. Әрине, Өнер академиясына емес. Бірақ актерлік оқуды аңсаған Жомарт тағы бір мәрте бағын сынап көргісі келіп, үлкендердің алдынан өтеді: «Оқуға осы жолы түсе алмасам, өздеріңіз айтқан оқу орнына ­барайын» дейді жас жігіт. Сонымен,­ қайтадан ­театр, қайтадан дайындық. Рәбиға Қаныбаева сонау жылы қабылдаған курсын қанаттандырып, қайтадан шәкірт ­қа­был­дап жатқан кезге тура келгенін айтсаңызшы! Талапкер өзі жаттаған өлеңін зуылдап айтып жатыр. Рәбиға апай жас баланың түріне бажайлап қарап алып:
– Фамилияң кім? – деп сұрайды.
– Зейнәбілов…
– Өзіңді бір жерде көрген сияқ­тымын…
Ұяңдығынан әлі де арыла қоймаған талапкер төрт жыл бұрын өзі «қайтып келсең, оқуға аламын» деп шығарып салған бала екенін айтқан жоқ.
Келесі күні дәл сол әңгіме.
– Сен бала, былтыр келіп пе едің?
– Жоқ, былтыр келген емеспін…
– Қай жердің баласысың?
– Қызылорда…
– Түрің таныс.
Үшінші күні осы әңгіме қайталан­ғанда, шынын айтты: «Апай, осыдан төрт жыл бұрын оқуға келген едім. Ол кезде де сіз емтихан қабылдағансыз. Әскерге барып кел, сосын оқуға алғызам деп едіңіз»…
– Бәсе… Сен сол бала ма едің?! ­Солай деп жөніңді айтпайсың ба бірден? Әскерге барып келдің бе?
– Әрине.
– Өнерге адал бала екенсің, – деді апайы.
Әр емтиханға келген сайын ұяңдау шәкіртін Рәбиға апай қадағалап жүрді. Шығармашылық емтиханның бәрінен өтті. Қазақ тілінен де жақсы бағаға тапсырып шықты. Алда – тарих пәнінің емтиханы…
1990 жылдардағы Алматының мінезі алағай да бұлағай еді ғой. Кешкі қыдырыста төбелес шығып, суық қару білегін аямай осып өтіп, ауруханаға түсіп қалған біздің кейіпкер соңғы емтиханға үлгермей қалады. Актерлік те, үлкен арман да қол бұлғап қалып қойғандай, көңілі жабырқау күндері сүйінші ­хабар жетеді. Рәбиға Мұқайқызы сөзінде тұрып, мұны оқуға алдыртыпты…
Екінші курста ұстазы ауысып кетіп, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың ұстаздық етуімен оқуын аяқтайды. КСРО тарап, Лениндік стипендия жойылғанымен, Өнер академиясында С.Қожамқұлов атындағы атаулы стипендия тағайындалады да, оқуда үздік Жомарт Зейнәбіл осы арнаулы шәкіртақының иегері атанады. Бұл стипендияның оқу үлгерімі жоғары, академия ішіндегі жұмыстарда белсенді шәкіртке конкурс арқылы және дәл «театр өнері» факультетінің студентіне берілетінін ескерсек, біздің кейіпкердің өнер жолына бастап апарар оқуға да бар ынта-зейінін салғаны түсінікті болады.
1994 жылы аталған оқу орнын ­театр және кино актеры мамандығы бойынша Нұрқанат Жақыпбайдың шеберлік класынан бітіріп, сол жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа қабылданады.
Айтқандай, 1990 жылдардың аумалы-төкпелі күндерінде Жомарттың алыпсатар болып кете жаздағаны бар. Қытаймен шекара ептеп ашылып, сол жақтан оқуға келген студенттермен дос-жар. Олар кері қайтарда бұл жақтан бірдеме ала кетіп, сырттан жаңа заманның көзді арбар, сәнге айналған заттарын әкеледі. Қызылордада Қытайдың көзін қызықтыратын заттар бар болып шықты. «Аймақтарда өндірілген өнімге екі «Адидас» айырбастаймын» дейді олар… Құлшына кіріскенімен, жүрегінде әлдилеген арманы есейіңкіреп қалған Жомартты бірден сабасына түсірді… Елеп-екшесе,­ сабағы құлдырап бара жатқандай… «Дүниесі құрсын, актер ­боламын деп жүрген жоқпын ба? Оқуымды қаузайын» дейді Жомарт өзіне-өзі.
Иә, ол уақытта өнерде жүрген біраз ­талантты жандар театрдан алшақтап жатқан заман еді. Оқу бітіргенде де жұмысқа тұру тәртібі осы күндегідей емес. Министрлік театрларға тікелей өздері бөледі. Не өнер ордасынан тікелей шақырту керек. Оқуын тамамдар шақта әкемтеатрдағы төрт бірдей артист басқа салаға ауысады. Әзірбайжан Мәмбетов Жастар театрында істеп жүрген жігіттерді өзіне шақырып алады. Енді Жастар ­театрында төрт орын босайды. ­Райымбек Сейтметов курстық жұмысын көріп, риза болғандықтан, төртінші курста оқып жүрген төрт жігітті театрға шақырады. Олардың арасында Жомарт Зейнәбіл де бар еді… Міне, одан бері де ширек ғасыр зу ете түсіпті…

Т.Ахтанов, «АНТ». Әбілхайыр – Ж.Зейнәбіл, Бәтима ханым –Г.Байбосынова
Т.Ахтанов, «АНТ». Әбілхайыр – Ж.Зейнәбіл, Бәтима ханым –Г.Байбосынова

ҚАРА ШАҢЫРАҚТАҒЫ  ШИРЕК ҒАСЫР

Жомарт Зейнәбілдің актерлік талантын көпшілікке паш еткен рөлінің бірі де бірегейі – Қорқыт десек, қателеспейміз. Өзге актерлер «Иран-Ғайыптың тілі қиын» деп тартыншақтап жүргенде үш, бес, жеті жолдан кейін ұйқасып келетін ақ өлеңмен жазылған шығарманы жүрегіне жақын тарта қабылдады. Бала Жомарттың қисса-дастандарды құныға оқып, арыс­танды еміп, қасқырмен айқасып жүретін кейіпкерлердің сөзін жүрегіне сіңіріп өскені осындайда үлкен көмек болатыны да анық. Сөзді жаттау қиын емес-ау, бақсылық сахнаны қайтпек? Пақырыңыз бірер ай зікір тыңдап, оның да ұңғыл-шұңғылын ұғып алды. Осылайша, ­Жомарт Зейнәбіл сахнаға өзінің бақсы сарынын әкелді. Оның екпінінің нақтылығы көптің көңілінен шықты. Мәскеудегі театр сыншысы Лейла Тастанованың: «Жомарт Зейнәбілдің Қорқытын көріп, мифтер әлеміне, байырғы даланың өміріне еніп кете бардық» деуі осы сөзіміздің дәлелі.
Жамбыл кітапханасының сол кездегі қызметкері Света Бекмағамбетова апай Жастар театрына да жиі бас сұғатын. Сондай шақтарда кітаптар төңірегінде, мәдениет жайлы емен-жарқын әңгіменің тиегі ағытылды дей беріңіз. Қандай қойылым қоярда да, кейіпкер әлеміне үңілгің келсе, ол жайлы кітап оқығаннан артық не көмек керек? Мұны бала ­жастан түсінген актер Жомарт та қазіргі ­Назарбаев көшесінің бойында орналасқан кітапхананың тұрақты оқырманы болмаса да, керек кезде жиі бас сұғып, өзіне қажет кітаптарды жазылып алып кетуді әдетіне айналдырған. Едел-жедел Махамбетті ойнау тапсырылғанда да сол жерден табылғаны рас. Даңқты ақынның өміріне, шығармашылығына қатысты кітаптарды кітапханашымен ақылдаса отырып, таңдап алады. Жұмысқа трамваймен келе жатып, сол кітаптардан бас алмайды. Күрескер, ақын, күйші, қайраткер ­Махамбет бейнесіне сол кітаптар арқылы тіпті жақындай түседі…
Әкім Таразидің «Жақсы кісі» пьесасын­дағы Мұнтаз рөлі де біздің кейіпкерге айрықша ыстық. Мектепте оқып жүргенде теледидардан көрген спектаклі болғандықтан, оның әрбір сөзі жадында. Мұнтаз рөлін сомдаған Мәкіл Құланбаевтың әр сөзін жатқа айтып береді. Дайындық кезінде «мына бір жерде Мәкіл аға былай ойнайтын еді, мынадай сөзі қалып қойыпты» деп, режиссер Жанат Хаджиевтің есіне мың қайтара салып жүргені. Т.Ахтановтың «Ант» спектакліндегі Әбілқайыр рөлін сомдағанда да ақ өлеңге құрылған диалогты иіріміне келтіріп айту, хан бейнесін, оның сұсы мен сесін келтіру үшін барын салды…
Иә, актер Жомарт Зейнәбіл осы шаңырақта жүріп алпысқа тарта рөлді жүрегінен өткізіпті. Олардың әрқайсысын санамалап шығу шарт емес. Әлі күнге әр кейіпкерінің сөзін мүдірмей айтып береді. Сірә, жүрегіне әбден сіңгендіктен де шығар. Иә, сонау бір кездері Қожа Ахмет Яасауидің рөліне жүрегі дауаламай, бас тартқаны да бар. Рөлді ұсынған Әзірбайжан Мәмбетовке «Бұл рөлге әлі дайын емеспін» деп, шынын айтқан. Ол қадамы дұрыс па, бұрыс па, өнер саласында жүрген сыншы-сарапшылар кейінірек елеп-екшей жатар. Алайда асығыстықты жаны қаламайтын актер үлкен жауапкершілік артқан рөлді иеленуден бас тартуы – жүрексінгені емес, сол рөлдің жүгін жүрегінен өткізіп көргені деп ұқтық…

Қарагөз Серікқызы

БІЛІМІН ТӘЖІРИБЕМЕН САБАҚТАСТЫРҒАН…

Бақыт Нұрпейіс,
өнертану докторы, Т. Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өркендеуіне күш-жігерін жұмсап, сахна төрінен сан алуан бейнелер галереясын жасап жүрген ізденімпаз актерлердің бірі – Жомарт Зейнәбіл. Оның қатысуымен қойылған балалар спектакльдері үлкен табыспен өтіп, бүлдіршіндердің эстетикалық талғамын қалыптастыруға зор үлес қосты. Әрине, сонау 1994 жылдан бастап, бір театрда табан аудармай еңбек етіп келе жатқан актердің ойнаған рөлдерін санап шығуға біраз уақыт кетері сөзсіз. Ең бастысы, ол драмалық, комедиялық, трагедиялық кейіпкерлердің кескін-келбетін бір-біріне ұқсастырмай даралап ойнай алатын қарымын көрсетті. Аталған театрдың майталман өнерпаздары: Р.Әшірбекова, Қ.Жәкібаев, Қ.Демесінов, Л.Кәденова, Г.Қазақбаева, К.Белжанова, С.Рақышев сынды, т.б. актерлермен бірге өнер көрсете жүріп, өзінің шабыт шалымын, шеберлік қырын ұштай түсті.
Ж.Зейнәбіл қашан да білімін тәжірибемен сабақтастырып, сахнадан алуан қырлы адамдардың толыққанды бейнесін жасау жолындағы ізденісін жалғастырып келеді. Ол театр репертуарының көркіне айналған бірнеше спектакльдерде басты рөлдерді сомдады. Атап айтқанда, Ж.Хаджиевтің ­режиссурасымен қойылған Иран-Ғайыптың «Қор­қыттың көрі» пьесасындағы Қорқыт актер шығармашылығынан елеулі орын алады.
Спектакльдегі негізгі оқиға Қорқыт пен Әзірейілдің ой қақтығысына құрылған. Қарапайым пенде ретінде өлімнен қашып дүниежүзін кезген Қорқыттың жан азабын Ж.Зейнәбіл көркемдік өлшеммен нанымды бедерледі. Оның ішкі монологтарын айтқанда айқайға баспай, байыппен сөйлейді. Сондықтан да кейіпкер жан дүниесінде болып жатқан арпалыстар дана адамның жүрегін жарып шыққан толғанысқа айналып, көрермендерді ойлантады. Қорқыт талай жерді шарлап, ақыры адам баласының ешбір қиындықтар мен өлімнен қорықпау керегін, маңдайына жазғанды көру қажетін ұғынады. Осы ойларын күй тіліне түсіріп, адам өмірінің өнермен, соңына қалдырған ізгі істерімен жалғасатынын паш етеді. Ж.Зейнәбілдің Қорқытынан фольклорлық элементтермен бірге, бүгінгі адамға тән сипаттар синтез тауып, кемеңгер тұлғаның жинақты бейнесі бар болмысымен жарқырап көрінді.
Ж.Зейнәбілдің шеберлігі театрмен бірге өсіп, қойылым сайын жаңа қырынан көрініп, актерлік-орындаушылық палитрасы байи түсті. Айталық, І.Жансүгіровтің «Исатай – Махамбет» пьесасы бойынша қойылған (режиссері Ж.Хаджиев) спектакльдегі Махамбетте актер өзіне тән ерекшелігімен есте қалды. Махамбет­тей батырды ойнау актерден сыртқы кескін-келбет пен қоса, ой тереңдігін де қажет ететіні белгілі. Оның бойында осы талаптардың барлығы да тоғысып, сахнада шұрайлы жері мен құнарлы құрағын орыстардың иеленуіне бермеуге келісіп, сөз байласқан Исатай мен Махамбеттің ерліктері шынайы суреттелді. Орындаушы ақынды қызба мінезді, алғанынан қайтпайтын, намысты ер етіп бейнеледі. Актердің ойыны ойға, нанымды әрекетке құрылды. Махамбет – ішкі қайшылығымен, парасатымен, ел аманатын ақтаған азаматтық сипатымен дараланды.
Исатай – Т.Мейрамов пен Махамбет – Ж.Зейнәбілдің актерлік ойындары әдемі сахналық дуэтке айналып, спектакль оқиғасының ырғақты да, динамикалы өрбуіне негіз болды. Тарихи тұлғалардың бейнесін көркемдік тұтастыққа жеткізген театрдың аталмыш спектаклі 2003 жылы М.Өтемісовтың 200 жылдық мерейтойына­ орай Орал қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде бас жүлдені олжалап қайтты.
Замандас бейнесін жасауды назардан тыс қалдырмаған театр репертуарының ауыр жүгін көтеруде Ж.Зейнәбілдің еңбегі ерекше. Соның ішінде актердің орындауында көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленген О.Бөкейдің «Атау кере» повесі (сахналық жүйесін жасаған Мұхамедия Ахмет-Төре, режиссері Н.Жақыпбай) ­бойынша қойған спектакльдегі – Таған. Оның кейіпкер табиғатын танып-көруі, сезінуі жемісін берді. Өмірдегі қиындықтарға шыдамай, ішімдіктің соңына түсіп, азып-тозып кеткен Тағанның сыртқы кейпін, оқиғаның өрістеуіне байланысты мінезінің өзгеру үрдісін бет-әлпетін құбылтып, дауыс-дикциясымен, қимыл-қозғалыстарымен берді. Бір жұтым арақ үшін басы ауған жаққа кете беретін жігіттің рухани қайта түлеп, қалыпты өмірге оралуына көрермендерді сендіре алды.
Әрбір кейіпкерге өзіндік ой-қиял арқылы қанат бітіріп, жан-жақты барлауға құштар Ж.Зейнәбіл алдағы уақытта да талай бейнелерді жасайды деп сенеміз.

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=55085

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Астанада «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті

admin

Палитра культур В честь EXPO-2017 ТЮЗ имени Габита Мусрепова пригласил зрителей на «Ярмарку»

admin

Балалар драматургиясы неге әлсiз?

admin