«Династия» деп аталатын дараларды таңдап барып, атадан балаға ауысып, ағадан бауырға жалғасқан бір кәсіптің айналасындағы сабақтастықтың әр әулеттің басына қонақтай бермейтін кірпияз-кіділігі өз алдына, өнердің өзге түрінде сирек те болса кездескенімен, актерлік мамандыққа келгенде сараңдығы ұстап, тіпті тартынып қалатыны бар. Мамандыққа деген махаббаттан туатын мұндай буын, қан қуалайтын жалғастық бүгінде таңсық болмауы мүмкін, бірақ сол кезең үшін шынымен шетін жағдай-тын. Бір үйден 12 театрал түлеген Чехов-Книпперлер, бір шаңырақтан 11 актер шыққан Михалковтар, орыс өнеріне тоғыз артист сыйлаған Самойловтар қазақ отбасыларынан топ-тобымен шықпаса да, ұлттық театр және кино өнерінде «Құланбаевтар династиясы» деген сөз құрметпен айтылады. Әрине, Алматы түбіндегі бір колхоздың ұстасы болған Иманәлі қарияның Бибиза, Мәкіл, Ақыл деген үш баласы да өнер жолын қуып, театр мен кинодан орнын тапса, кейін бұлардың қатарын жездесі Файзолла Тұтқабаев пен Мәкіл ағаның жары Гүлшаһира Байжанбаева толықтырып, жұптары жазылмай қазақ өнеріне бірдей қызмет етті. Басқасы бір төбе де, «Құланбаевтар» дегенде алдымен еске Мәкіл ағамыздың түсетіні шындық және ол бір әулеттің емес, ұлттық театр-кино өнерінің ең талантты шоғырының қатарынан ойып орын алар бірегей тұлға болып қосылды.
Соғыс басталған тұста Мәскеуден өнер ошақтары көшіп келіп жатқанда, Мәкіл бала мектеп-интернатта оқиды екен. Бірде бұлардың мектебіне келген орыс әйелі жаңадан ашылып жатқан театр училищесіне балалар іздеп жүргенін айтып, шағын этюд көрсетуін сұрайды. «Этюд» деген сөзді өмірі естімеген, көздері жыпылықтап, үрпиген балаларға оның қалай жасалатынын түсіндіргеннен кейін бұйығы көрінген бойы ұзын Мәкіл орнынан тұрып, сәл ойланып алып, шыбын ұстауға кіріседі. Жоқ шыбынды көзіне елестетіп, ауада қолын әрі-бері сермеп, аңдып жүріп, ақыры ұстап алады. Ұстап алған шыбынымен қоса болашақ мамандығын да уысына түсіргенін Мәкіл бала, әрине, білген жоқ. Жүйрікті шабысынан, талантты талабынан жазбай танитын қағылез маман Мәкілді өнер әлеміне шақырады…
Биыл 71-маусымын ашқан Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мәкіл Құланбаев ортада жүрсе, тоқсанның төріне шыққан болар еді. Әріптестерінің айтуынша, театр тарланы, саңлақ сахнагер Мәкіл Құланбаевтың өз кәсібіне адал болғаны соншалық, қырық жылдан астам қызметтік ғұмырында бірде-бір рет «басым ауырып тұр еді, бүгін ойнамай-ақ қойсам бола ма?», «шаруам шығып қалды, барып келсем деп едім» деген сияқты сексен сылтауы бар артық әңгімені атымен айтпаған екен. Мәкіл Құланбаевты еске алу кеші пішіні жағынан ұтымды ойластырылуымен ерекше болды, жас буын актерлер кешегі театр тарландарын түгелдей сахнаға қайта әкелді: Мәкіл Құланбаев – Қоңқайды («Ақан сері – Ақтоқты») бас кейіпкер етіп, Асқар Тоқпанов, Райымбек Сейітметов, Чапай Зұлқашев, Досхан Жолжақсынов, Маман Байсеркенов, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаевты «қатыстыра» отырып, спектакльге репетиция жасау барысынан көрініс көрсетті. Өзге еске алу кештеріндегідей сахнаға мерейтой иесінің суретін іліп қойып, жарыса естеліктер айтып, тез жалықтырып жіберетін көп жауыр кештің бірі емес, құрмет көрсетіліп отырған қазақтың қадірлісін қайта тірілтіп, өзге әріптестерімен бірге жарасты әңгіме-дүкен құрғызып, сол кезеңді көз алдымызға әкелгені – ізденгіш режиссер еңбегінің нәтижесі. Даңғаза жеңіл өнер мен шуылдаған шоу-бизнестің қалтарысында ұмытылып бара жатқан шын асылдың сәулесі жылтырағандай көрермен жылылық сезінді.
Әріптестерінің айтуынша, сонау 1948 жылы «Алтын сақа» спектакліндегі Алпамсаны ойнаған алғашқы рөлінен бастап, балалар аудиториясының қалтарыс-бұлтарысын, қия-қатпарын жете меңгерген Құланбаев өзі де баладай аңғал қалпын сақтап, айнадай жарқыраған жан дүниесіне кір жұқтырмай өткен. «Менің атым Қожа» фильміндегі «бір үйге бір еркек керек» дейтін Қаратай кім-кімнің де есінде болар. Балалық шақтың символындай бағаланатын Қожаның өзіндей мәңгі есте қалатын, ешқашан ескірмейтін бірегей образ. Анасын мотоциклге салып алып, екі күннің бірінде «айналайын, Милләтжан» деп үйіне келіп тұратын Қаратайды әкесі соғыстан қайтпаған Қожаның атарға оғы болмаушы еді ғой. Түзелуге уәде беріп, анасын жайлауға аттандырып тұрып айтатын Қожаның: «Маматай, алтыным, бұл үйге еркектің керегі жоқ. Оңбаған Қаратайға күйеуге шықпашы. Ол неге біздің үйге келе береді? Ол неге ылғи сені мотоциклімен алып жүреді? Не себепті мен үйге кіріп келгенде, ол жым бола қалады?» деген сөзінде қаншама қасірет жатыр? Шынтуайтына келгенде, кинода Қаратайды жек көретіндей ол түк те оғаш қылық жасап жүрген жоқ. Бірақ Қаратайдың қойдан да жуас мүләйім кейпі, анасы қайда болса, сол жерден табылып, мұрнының астынан «Милләтжан» деп міңгірлейтіні «жақсылар өлген соғыстан жамандардың аман келіп» жесірге ауыз салып, жетімнің жарасын одан ары тырнай түсетін шындығын айна-қатесіз көрсетеді. Ал, осы Қаратайды Мәкіл ағадан өзге кімге қиясың?
Мәкіл Құланбаевтың кинодағы жарқын образдарының бірі – «Алпамыс мектепке барады» фильміндегі Алпамыстың атасы болып ойнағаны. Немересін мінгестіріп алып, тау-тасты аралап, өсімдіктер мен жануарлар әлемін жалықпай таныстырып, дауысын мың құбылтып ертегі айтатын Мәкіл ағамызды нағыз ақсақал дерсің. Бұл дауыс кешегі Ерден ата мен Жұмбақбай атаның ертегілерін естіп өскен ұрпақтың әлі күнге құлағында болар. «Дауыс» демекші, Мәкіл Құланбаев кинода 70-ке тарта рөль ойнап, 500-ден аса фильмге дубляж жасапты. Кеңес Одағының қазақ тіліне аударылған тәржіма фильмдерінің барлығының дыбысталуына Мәкіл ағамыз қатысқан десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Кадр сыртында тұрып сан түрлі бейнені сұлу дауысына салып сайратқан Мәкіл аға әр қазаққа сол үшін ыстық. Сағынышқа айналған сағым бейнесінің ұмытылмайтыны да сондықтан. Театрдағы Қоңқай, Найзағара, Науан Хазірет, Махамбет, Амантай, Көпей, Садық, Санжар секілді сом образдарынан бөлек, кинодағы қай рөлін алсаң да, әрқайсысы шымыр бейне. Шынайылықпен сомдалған сол биік бейнелері ғибратты, тұнық ғұмырының белгісі болып өмір сүре бермек.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Ақпарат көзі: https://www.egemen.kz/2017/02/03/98148