Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ИРАН-ҒАЙЫПТЫҢ ТЕАТР КӨКТЕМІ

Атырауда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш», тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, белгілі ақын-драматург Иран-Ғайыптың мерейтойына орай республикалық театрлар фестивалі басталды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған игі істердің қатарында осы мәдени-тағылымдық шара да бар. «Мәңгілік елдің Алтын адамы» фестивалін Атырау облыстық Қазақ драма театры «Сү­йінбай» эпостық драмасымен бас­-тады. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілген өнер мерекесіне Семейден Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музы­калық драма театры, Алматыдан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Талдықор­ған­нан Бикен Римова атындағы Алматы об­лыстық драма театры, Оралдан Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театры келді.
Байқауды КСРО Мемлекеттік, Литва Ұлттық сыйлығының иегері, профессор Ионас Вайткус төрағалық ететін қазылар алқасы бағалайды.
– Мәдени шараларды жиі өткізудің өзіндік қажеттіліктері бар. Мұның бәрін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды орындауға, еліміздің рухани жаңғыруына, жаһандану үрдісін­дегі бәсекелестікке сай болуға бағытталған негізгі шаралардың қатарында атауға болады, – деді фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Өнер тойына Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын Иран-Ғайып Әбітайұлына табыс етіп, «Атырау – өнердің Меккесіне айналды» деп лебізін білдірді.
Қазақстанның халық артисі, про­фессор Есмұхан Обаев: «Соңғы бір-екі жылдың ішінде осы өңірге жеті өнер ұжымы гастрольдік сапармен келіп, фестиваль өткізді. Оның біріншісі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев­тың шығармашылығына арналған еді. Иран-Ғайып – атағы алысқа кеткен драматург. Оның атындағы фестиваль – қазақ театрларының бүгінгі деңгейін көрсететін, актерлердің, драматургтердің шеберлігін, жеткен жетістігін шыңдайтын өнер бәйгесі. Театр фестивальдерін тұрақ­ты өткізу – тарихта болмаған нәрсе. Жыл сайын бұл жерде фестиваль өткізу деген… Бұдан былай осы жұрт фестивальсіз күн көре алмайтын болады», – деді ол.
Фестиваль 24 мамырға дейін жалға­сады. Әзірге Иран-Ғайып Әбітайұлының «Сүйінбай» эпостық драмасы көш бастап тұр. Режиссер Мұрат Ахмановтың жетек­шілігімен Махамбет атындағы Қазақ драма театры актерлері сахналаған драма бірінші қойылымда-ақ көрермен жүрегіне жетіп, қошеметке бөленді.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

 

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/05/24/14352.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

30 тамыз – Конституция күні!

admin

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мәкіл Құланбаев 90 жаста

admin

«ЖАМБЫЛДАН – АМАНАТ» концерт-спектаклі өтті

admin