Театрға балаларды ата-аналары ертіп келсе ғой…
Ұлан: Дебютіңіз құтты болсын! Балалар көңілді тарқасуда. Әйткенмен, келіспей отырған тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, қойылымда қыздардың пәрмені жоғары боп тұр. Ал ер адамдар образына келсек, Ханнан Ханзадаға дейін жігерсіз. Ханның қызын тым шолжаң етіп жібермедіңіз бе? Неге қыз бала (Меңсұлу) ер адамды (Сырдақты)аяғымен тебеді? Бас уәзірдің жары Дәметкен де күйеуіне әмір жүргізеді…
Е.Нұртазин: Бұл Шахмет Құсайыновтың пьесасының желісімен қойылды. Ал пьесада ондай әрекеттер бар. Қойылымды фарсқа(комедия жанры – Қ.Д.) жақындатқым келді. Өйткені, өмірде кейбір ұл-қыздардың сондай жөнсіз қылықтары кездеседі. Соны сахнадан көрсе, қазір күле қарайды. Сосын ондай мінез танытса, солар сияқты күлкі боларын түсінетін болады. Қыздың еркекшора, ұлдың қызтеке болуы қандай ерсі, жөн емес екенін көрсетуге тырыстық. Біраз жыл балалармен жұмыс жасап көрдім. Мектепте де сабақ бердім. Қазіргінің 3-4 жасар балаларының түсінбейтін нәрсесі жоқ. «Білесің бе, балақай, Эмо (эмоционалды тұрақсыз жастар – Қ.Д.) деген жаман» дей салумен оңай құтыла алмайсың. Себебі, олар дереу «Несі жаман? Қай әрекеті дұрыс емес?» деген сынды мың сауалын қойып, өзіңді сөзден жаңылдырады. Режиссер ретінде осы сауалға өзімше жауап іздедім. Соңғы уақытта қыз мінезді ұлдар қатары аз емес. Мысалы, осы қойылымдағы Сырдақ сияқты. Балалар оның образына әбден күлді. Ар жағында оның жасық мінезін, жігерсіздігін құп көріп отырған жоқ бірақ. Жігітке жараспайтын қылықтарын балалық саналары ұғып тұр. Бәлкім, 4-5 жасар баланың бәрі бірдей ұғынып та отырған жоқ шығар. Десе де, біртіндеп «дұрыс» пен «бұрыстың» ара-жігі саналарына осылай сіңе бастайды. Келемежге түсетін кейіпкерлердің кигендері де күлкі шақыратындай. Меңсұлу, Сырдақ сияқты стильде киінетін жастар аз ба? Ұл балаға ер мінезділік, қыз балаға нәзіктік жарасатынын ұғындырғымыз келді.
Бұл қойылым көркемдік кеңестен оңайлықпен өтпеді, шыны керек. Қарсы пікір айтқандар болды. Менің ойыма көрерменнің де бәрі бірдей қосылады деп күтпеймін. Алайда, менің көзқарасым бойынша осылай жасаған жөн көрінді. Оның тағы бір себебін айтайын. Балалар арасында кішігірім мониторинг жасадым. Өзімнің 5-6 жасар жиендерімді түрлі спектакльдерге ертіп бардым. Сөйтіп, оларға не ұнап, не ұнамасын бақыладым. Шетелдегі балаларға да не өтімді, не өтімсіз екенін зерттедім. Бұл комедия ғой. Ал комедия қашанда ащылау болады.
Ұлан: Бір-екі жерде кейіпкерлердің сөздері қате кеткен тәрізді. Мысалы, Алдар о баста Қарашашты «әйелім» деп таныстырады. Бірақ, әйелі емес, қалыңдығы ғой. Көркем шығармада, әсіресе, балаларға осындай сөздердің сыпайы нұсқаларын қолдансаңыздар…
Е.Нұртазин: Иә, ондай бірді-екілі қателіктер кетті. Актерлар да тірі жандар ғой. Сахнада кейде қателесіп кетеді дегендей. Әйткенмен, пьесаның өзінде ол сөздер бар. Негізі, техникалық ақаулар болды. Спектакліміз әлі аяғынан тік тұрды дей алмаймын. Премьерада ондай-ондай болады ғой. Келер жолы қателіктерге жол бермеуге тырысамыз.
Ұлан: Бұған дейін қандай режиссерлік жұмыстар атқардыңыз?
Е.Нұртазин: 2007 жылы «Нотр Дам де Пари» мюзиклін, 2012 жылы «Ромео мен Джульетта» мюзиклін қойдым. Дипломдық жұмысым − «Ромео мен Джульетта» драмасы. «Той боларда» деген тағы бір режиссерлік жұмысым бар. Бірақ, кәсіби түрде «Алдар көсе» ертегісі − дебютім.
Ұлан: Байқауымша, негізінен мюзикл жанрына ден қойып жүрген сияқтысыз?
Е.Нұртазин: Иә. Осы жанр бойынша ізденудемін. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында докторантураны тәмамдадым. Содан ары қарай Нью-Йорк кино академиясы мен Колумбия университетіне тәжірибелік оқуға бардым. Докторлық жұмысым да мюзиклға қатысты болды.
«Ұланның» анықтамасы:
Туған жылы: 28 тамыз, 1985 жыл
Туған жері: Алматы қаласы
Жетістігі: Оның режиссерлігімен қойылған «Қыз Жібек» мюзиклі халықаралық фестивальде Алтын кубок иегері атанған, Корея, 2012 жыл.
Ұлан: Енді қандай тақырыптағы қойылымдарды қолға алмақсыз?
Е.Нұртазин: Бұйырса, тағы біраз балаларға арналған қойылымдарды қоярмын. Енді шетелдік драматургиядан балаларға қызықты кейіпкер іздеп көрсем деймін. Қазақ балалары «Алдар көсені» танымауы мүмкін, бірақ Сног Догтың кім екенін жатқа біледі. Егер «Алдарды» ескі формада көрсетер болсақ, олар оны қабылдамас еді. Өйткені, өзіміз осы театрда өстік қой. Кішкентай кезімде ата-аналарымыз ертіп келетін. Сонда не көргенімді түсінбей, ішім пысатын. Нашар болғандықтан демеймін. Арасында жақсы-жақсы дүниелер сахналанатын. Бірақ, пафосы көп. Оны бала түсіне бермейді. Тым ауыр мазмұндағы спектакльдерді ұға алмайды ғой. Содан бір сағатқа әрең шыдайды да, келер жолы театрға барғысы келмей қалады. Бала кезінде қызықпаса, есейгенде де қызығуы екіталай. Содан бүгінгінің балалары бір кездегі мен сияқты іші пысып отырмасыншы деймін. Сол үшін ізденемін.
Ұлан: Сіздің Алдарыңыз бен Қарашашыңыз балалардың ішін пыстармады деген ойдамын. Қойылым соңында ертегі кейіпкерлерінің көрермендерді биге шақырғаны бәріне ұнады.
Е.Нұртазин:Соны өзім де байқадым. Осылайша, жаңаша бағытқа бет бұруымыз керек сияқты. Бізде көрерменнің театрға келу мәдениеті жоқтың қасы. Қазақтың ата-аналары балаларымен бірге келіп тамашаласа ғой. Бізде көбіне мектептен жинап әкеледі. Отыз баланы бір жетекші бастап әкелген оңай ма?! Әрқайсысына бір ескерту айтамын деумен берекесі кетеді. Кейде мұғалімдерді аяп кетемін. Ал ата-анасымен келсе, еркіндеу болар еді. Нағыз отбасылық демалысты сезінеді бір жағы.
Ұлан: Үйге барған соң ата-анасымен бірге көргенін талдайды дейсіз ғой…
Е.Нұртазин: Әрине. Талдайды, түсіндіреді. Онда да ата-анасының өзі Алдардың кім екенін білсе, айтады. Білмесе, несін айтады?! Меніңше, театр мәдениеті отбасынан басталады. Балалар қойылымдарының көрерменінің отыз пайызы ата-ана болса ғой.
Ұлан: Жұмыстарыңызға сәттілік, Есләм!
P.S.: Қысқасы, жаңа сипаттағы «Алдарды» көру керек. «Қай күндері қойылады?» дейсіңдер ме? Айтайық. «Алдар көсе» енді мамырдың 19-ы, маусымның 9, 17, 23, 24-і күндері қойылады. Көрсетілімнің бәрі аптаның жұмыс күндері, күндізгі сағат 12.00-ге белгіленген. Әйтпесе, сабақ күндері мектептен ұйымдастырылып әкелінбесе, демалыс күндері балаларды ата-аналары ертіп келуі неғайбыл. Десе де, бұл заманауи қойылым арқылы тәжірибе жасап көрмекпіз. «Алдар көсені» 26 маусымда кешкі уақытқа, яғни 18.30-ға қоямыз. Сол күні ата-аналар балаларын ертіп келе ме екен, соны байқағымыз келеді», − дейді театр директорының орынбасары Зәуре ШАЙЗАДАҚЫЗЫ. Естеріңде болса, биылғы №6 санда (10 ақпан, 2015 жыл) «Қазақтың баласына театр қажет емес пе? Қажет болса, неге бармайды?» деген тақырыптағы мақала жариялап едік. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ендеше, жоғарыда аталған күндері театрда жүздесейік, достар! Жарай ма?
Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №20, 19 мамыр 2015 жыл)