Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

АЛАТАУДАЙ АҒАМЫЗ ЕДІ

«Жақсыдан сөз қалсын» айдарымен

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

Қарға адым жердегі Қаскелең

Әр аптаның ортасында ары-бері жүгіріп, анаған-мынаған барып, машина іздейтін әдеті болушы еді. Сондай кездерде сұраймыз ғой: «Оу, Бәйке, қайда барушы едіңіз?» деп. Ол кісі бізді жаңа көргендей қалт тоқтай қалып: «Қайда болушы еді? Елге барамын. Ағайын-туысқа сәлем беремін. Ата-бабалардың әруағына құран оқытып, еске алып қайтамын», – дейтін-ді.

Атагелді Исмаилов Касым Жәкібаев

Біз күлеміз. Өйткені, Бәйкеңнің туып-өскен жері – мынау тұрған Қаскелеңнің маңы. Қалаға тиіп тұр. Ары кетсе, бір сағатта жетіп барады. Соған бола…

«Әй, сендер күлмеңдер, – дейді Бәйкең басын шайқап. – Одан да маған машина тауып беріңдер. Өз ақшама жалдап барам. Әйтпесе, ниетім қабыл болмайды».

Қызық кісі еді. Мінезін айтамын. Кейде осылай, аяқ астынан қожа­насыр­­лығы ұстап қалатындай көрінетін.

Оның сырын кейін, жас ұлғайған шақта тереңдеп түсіне бастадық қой.

Қарға адым жерде тұрса да кір жуып, кіндік кескен ауылды сағынады екенсің. Ол жақтағы ағайын-туыс, дос-бауыр, аға-жеңге, іні-қарындастың жөні бөлек екен.

Б.Қалтаев, Қ.КамалдиноваБәйкең – барша қазақтың маң­дайына біткен дарынды, өнерпаз актер Бәйділда Қалтаев театрымыз­дағы ат төбеліндей-ақ әртістердің – ақсақал­дардың бірі еді.

 

Ақылды кісінің бейнесі

Менің бағыма қарай, 1978-79 жылдары Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты пьесасын сах­налағанымда ол кісі майдангер, жыл­қышы Сардардың рөлін сомдады.

Әдетте, бойында бір кемістігі бар,  таяққа сүйеніп, шолтаңдап жүретін, иә болмаса, қутыңдап, қу тамағын ойлайтын, тілі мүкіс шалдардың рөлін ойнауға келгенде алдына жан салмайтын көп актерлер қазақтың ақылды, дана, ойшыл, шыншыл, еңбекқор қарттарының бейнесін шығара алмай, әуреге түсіп жатады.

Ал Бәйкең – Бәйділда Қалтаев ондай образдарды жандырып жібе­ретін. Ішкі қатпарларын аз сөзбен-ақ аңғартып, бір сәттік пауза, сәтті қимыл арқылы жарқыратып ашып тастайтын. Бұл – оның актерлік шебер­лігі, бұл – оның актерлік ерек­шелігі еді.

Осы тұста оқырман қауымға түсініктірек болу үшін аздап шегініс жасасам ба деп отырмын.

Меніңше, қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмді көрмеген қазақ жоқ шығар, сірә. Оның режиссері – ұлттық киномыздың алыбы Абдолла Қарсақбаев екенін де көпші­лік жұрт жақсы біледі. Менің айтайын дегенім, аталмыш фильмдегі мектеп күзетшісінің Бәйкең ойнаған кішкентай ғана эпизодтық ролі туралы.

Естеріңізде ме, ұрыншақ, сотқар Қожа шешесі педсоветке кіріп кеткен кезде жаңағы күзетші шалға кездесіп қалмаушы ма еді. Енді екеуінің арасындағы диалогқа назар салып көріңіздерші.

« – Бұл кім?

– Мен ғой, ата.

– Менің кім?

– Мен, Қожамын.

– Мұнда неғып отырсың?

– Педсоветке келдім.

– Онда сенің не шаруаң бар?

– Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.

– Мәселе. Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?

– Директор етеміз дейді.

– Онда тіптен жақсы. Жалақың көп болады. Әй, Қожа. Сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгілі, одан үлкені боласың. Бірақ, оған тартпағансың.

Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр…».

Әне, осыдан соң күзетші шал Қожаға әкесі туралы есте қалар­лықтай тағлымды, тәрбиелік мәні зор, өмірде болған, өз басынан өткен бір оқиғаны айтып береді. Бала оған таңдана қарап, әкесі туралы әңгімені қызыға тыңдайды. Күтпеген жерден, қарапайым ғана күзетші қарттың жүрегінен баға жетпес қазына тауып алғандай күй кешеді.

Міне, осы бір эпизодтық рөл көрермен жүрегінде өмірбақи ұмытылмай қалып қойды десем, артық айтқандық бола қоймас, сірә.

Дарынды драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты пьесасы бойынша қойған спектаклімізде де ол осындай ақылды қарттың рөлін ойнады.

Мектеп бітірген жас балаларды астанадағы жоғары оқу орындарына түсіремін деп қарапайым еңбек адамдарын алдап соғатын Хайдарбек деген алаяқ, тоғышар біреу ер көңілді жылқышы, майдангер Сардардың алды-артын орап, ақыры баласын оқуға түсіру үшін институт ректорына хат жазуға көндіреді.

Сондағы көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Хайдарбек рөлінде – Қасым Жәкібаев. Сардар – Бәйділда Қалтаев. «Бейбіт еңбектегі елімізге күрек тісіне дейін қаруланған зұлым жау қорқау қасқырша түн жамылып, Отан шекарасын аттаған күннің ертеңіне, – деп жаза бастайды Хайдарбек май­дангердің атынан, – буырқанып-бусанып, мұздай темір құрсанып…» Сол кезде Сардар шыдай алмай: «Шырағым, мен Қобыланды емеспін ғой», – дейді. Ал Хайдарбек: «Біле-білсеңіз, Қобыланды сіздің жаныңызда жіп есе алмайды. Сіз социализмді қорғадыңыз, ол ше?.. Вот, мәселе қайда жатыр. Ол найзаның заманы, сіз оқ пен өртте шайқастыңыз», – деп зуылдайды.

Драматург Қалтай Мұхамеджанов­тың тілі уытты, әзіл-қалжыңға бай ғой. Көрермен қауым қыран-топан күлкіге батып қалушы еді.

Пьесаның идеясы да тамаша: «Оқығандардың түрі осындай болса, мен сені оқытпай-ақ қояйын, – дейді жылқышы Сардар баласына. – Өзім тәрбиелеп, өзім-ақ үйретемін!»

Мен Бәйділда ағаның «Ботагөз» спектакліндегі Итбай бейнесін өзіндік трактовкамен, мүлде басқаша қыры­нан алып шыққанын көрдім.

Оның Итбайы – алыстағыны шолатын, ел қамын жейтін, алаш идеясы үшін қолындағы барын беруге дайын өр кеуделі жан болып шықты. Спектакльдің дайындығын жасап, репетицияға кірісіп жатқан шақта: «Мен, Еске, осылай жасап көрейінші. Басқаша ойнай алмаймын», – дегені әлі күнге дейін есімде.

Ол кездегі кеңестік идеология, саясат бәріңізге де белгілі. Театр сынға ілінуі мүмкін. Жаңа дүниені жап­тырып тастауы да ықтимал. Міне, осындай сан-сапалақ ойлардың шырмауында тұрсам да, Бәйкеңмен үнсіз келісіп, басымды шұлғығанмын.

Расында да, байлық кез-келген адамға біте бермейді ғой. Оны ұстап тұру үшін де ақыл, пайым, парасат керек. Бар байлығын ата-баба жолына, ұлт бірлігіне жұмсағысы келген жан нағыз патриот емес пе.

Бәйкең осы рөлді асқан шебер­лікпен ойнап шықты. Түйсігі бар көрермен бұл Итбайдың басқа итбайларға ұқсамайтынын сезді. ЦК-дағылар да кеңестік идеологияның жалауын көтеріп, атойлап қарсы шыға қойған жоқ. Себебі, мұнда көзге ұрып, шектен шығып бара жатқан ештеңе байқалмайды. Тек ішкі ой, көзқарас, қарсылық қана сезіледі. Несі бар? Кеңес өкіметі абақтыға жауып, ату жазасына кескен алашордашыларға Итбайдың бүйрегі бұрса, бұрған-ақ шығар дегендей қалып танытты идеологтар. Бәлкім, сезсе де, сез­бегендей сыңай білдірген шығар…

Сондай-ақ, Сәбит Мұқановтың «Қашқар қызы» пьесасын сахналаған кезде Бәйділда Қалтаев Қашқария басшыларының бірінің рөлін ойнады. Шоқанмен танысуға келетін, көп сөзі жоқ, тәкаппар бекзаданың қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, көзқарасы арқылы Бәйкеңнің көп нәрсе аңғартқаны сонша, оның ойынын залдағы көрермен ғана емес, өз әріптестері де қалт жібермей, шымылдықтың тасасынан сығалап, бақылап, бағалап тұрушы еді.

Ол қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкиевтің «Әке тағдыры» атты пьесасы бойынша қойылған спек­такльде баласы соғыста қаза тапқан, келіні басқа жақтан бақытын іздеп бара жатқан жалғызбасты қарттың бейнесін сомдады. Ендігі қалған тіршілігін немересіне арнап, соның келешегінен үміт күтіп, «адам баласы бәрібір соғысты, жауыздықты, қиянатты жеңеді» деген жанкешті кейіпкердің өміршең позициясын терең ашып көрсетті.

Сонау бір жылдары, қылшылдаған жас кезімізде ұлы режиссер Шәкен Айманов сахналаған «Жас Абай» спектакліндегі Бәйкең сомдаған Құнанбай да: «Бұ заман не боп барады өзі? Бүйте берсек, барымыздан айры­лып қалмаймыз ба? Жер иесі, ел иесі кім болмақ?!» деп толғанатын-ды.

Қазір ойлаймын, жалпы, мұндай қасиеттер Байділда ағаның өз бойынан да қайнап, буырқанып шығып жатады екен ғой.

 

Бригадир Бәйділда

Баяғыда труппа-труппаға бөлініп, жан-жаққа гастрольге шығатын кезімізде елмен араласып, үлкен-кішімен тіл табысып, актерлерге жағдай жасап, екі араға алтын көпір бола білетін актер ағаларымызды бригадир етіп сайлайтынбыз. Әне, сонда сахнаға шығып сөйлейтін, дастархан басында әңгіме-дүкен құратын бригадир Бәйділда ағаның нағыз дана, шешен, ойшыл, білімді жан екендігін бәріміз де айқын сезіп отыратынбыз.

Бірде, алыстағы ауылдардың біріне барғанда Бәйкең бастаған шағын топ бір зейнеткер, жалғызілікті, күнкөрісі қиындау кейуананың үйіне түсіпті. Сонда ағамыздың жас актрисаларға әлгі кісінің үйін жинатып, ақтатып, өзі дүкенге барып, азық-түлік әкеліп, дастарханды жайнатып жібергенін көзкөргендер әлі күнге дейін еске алады.

Міне, біздің Бәйділда Қалтаев ағамыз осындай жаны жайсаң, ақылды, дарынды актер еді!

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/08/13/алатаудай-ағамыз-еді/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құттықтаймыз!!! Қазақ театры жасасын!!!

admin

ИРАН-ҒАЙЫПТЫҢ ТЕАТР КӨКТЕМІ

admin

Алматыда «Абайдан аманат» концерт-спектаклінің түсірілімі басталды

admin