Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЕЛ МЕН ЕРДІҢ МҮДДЕСІ

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

Карузо мен Ланца

«Әшірбек пен Есмұқан машина­ның артқы жағындағы орындыққа қатар отырып алып, Алматыдан Шым­кентке жеткенше ән шырқа­ды!»  деп күледі Асекең – Асанәлі Әшімов.

Екі ара, шамамен, сегіз жүз ша­қырым жол емес пе. Еш жерге кі­дірмей барғанның өзінде он сағатта әзер жетесің. Япыр-ай, соншама уақыт бойы жағымыз талмай, даусымыз қарлықпай қалай ән сал­ғанбыз деп, қазір өзіміз де таңға­ламыз.

Беу, шіркін, ондай да күндер өтті-ау бастан!..

Ән десе, Әшекең ішіп отырған асын жерге қоятын. Әсіресе, халық әндері, Жаяу Мұсаның, Біржан­ның, Ақанның, Иманжүсіптің ән­дері оның жанына ерекше жақын еді.

Өзі де дауысты әнші. Тәп-тәуір тенор. Әнді бүкіл жан дүниесімен беріліп, музыкадағы образға еніп отырып шырқайды. Жүректен шыққан дүние, әманда жүрекке жететін әдеті ғой. Содан да болар, оның жанында жүргенде біздің де әу дегіміз келіп, көңіліміз шалқып тұрушы еді.

Мен оны қалжыңдап Энрико Карузо деп атайтынмын. Ал ол мені Марио Ланца дейтін-ді.

Бір қызығы, Әшірбек екеуміздің даусымыз ә дегеннен-ақ үйлесе кететін де, үнемі бірге шырқай жөнелетінбіз.

Ол кейде өзінен он жас, жиырма жас үлкен ағаларына әзілдеп: «Сіздер жақсы болып жүріңіздер! Сонда жұрт: «Әшірбектің ағалары осындай екен ғой!» деп, мені де мақтайды деуші еді күліп.

Тамбурдағы радио

Бірде, түнгі сағат екіде Шым­кент қаласының маңындағы Ман­кент бекетінен пойызға міндік. Жаздың бір алқаракөк әдемі түні еді. Жұлдыздар жымыңдап, бізге күле қарап тұрған секілді. Себебі, біз де өте көңілдіміз. Құс жолы ап-анық боп сайрап жатыр. Ай сүттей жарық. Қапырық купеге кірсек, көңіл шіркін байыз таппайтынын сезіп келеміз.

Содан ба, екеуміз тамбурда бөге­ліп қалдық. Біраздан соң ақырын ғана ыңылдап ән салдық. Бірте-бірте даусымыз күшейе түсті. Өйткені, ән ырғағы жүректі тербеп, әдеттегідей өзінің бір тылсым, тұңғиық тереңіне қарай тартып  бара жатты.

«Көгаршын ән еркесі, баппен айтса…»

— деп созамыз даусымызды.

Кенет вагонның жартылай ашық қалған есігінен біреудің жолсерік жігітке қарап:

— Әй, қарағым, анау радиоңның даусын қаттырақ қойшы. Жақсы бір кәнсерт  беріп жатқанға ұқсай­ды, — деген даусы естілді.

Біз бір-бірімізге қарап, күліп жібердік.

«Көгаршын» кімнің әні?

Сол сапарда ғой, екеуміз тала­сып қалдық. Мен: «Көгаршын» Біржанның әні деймін, ал ол болса: «Жаяу Мұсаныкі» деп жеңістік бермейді.

Пойыз 2-Алматы вокзалына жақындаған кезде Әшірбек:

— Әй, Досаға, сен мені осы вок­залға жақын маңдағы кафелердің біріне отырғызатын болдың-ау, — деп иығымнан қапсыра құшақтады.

— Оу, неге? – деймін мен.

— Өйткені, сен жеңілдің.

— Қалайша?..

— «Көгаршын» Жаяу Мұсаның әні!..

— Жо-жоқ!..

— Қазір көресің. Мен оны дәлелдеймін.

Сөйтіп,  арамыздағы талас тағы да жалғаса кетеді.

Екінші Алматы вокзалына келіп түскенде ән тарихын жақсы білетін бір танысымыздың үйіне телефон шалдық.

Әшірбек жеңді. «Көгаршын», расында да, Жаяу Мұсаның әні болып шықты.

Бір қызығы, Жаяу Мұсаның әндері алуан түрлі болып келеді емес пе. Жалпы, он тоғызыншы ғасырда дүниеге келген қазақ композиторларының ішіндегі тағдыры қызық, өмір жолы бұра­лаң және сол сапарда көрген-білген жәйттерінен көп сабақ алған, домбырамен бірге сырнай, скрипка секілді саз аспаптарының құла­ғында ойнаған дарынды жанның диапазоны, құлашы өте кең. Сон­дықтан да, оның әндері жаңашыл, бір-біріне ұқсамайтын; бірде ойнақы, бірде сазды, енді бір­де кең тынысты, ерекше дүниелер болып келеді емес пе.

Мен, әрине, жеңілгенімді мойын­­дадым. Әшірбекті вокзал маңын­дағы кафелердің біріне қарай бастай жөнелдім. Қазір есіме түссе, көзіме жас келеді. Әй, бір тәтті, әй, бір шекер күндер екен-ау сол!..

Әшірбектің әзілі

Менің ойымша, Әшекеңнің көңілінде «әй, бір жезтаңдай, күміс көмей әнші болсам-ау» деген арман қалған секілді.

Студент кезінде Хадиша Бөке­ева апамыздың өзі қолынан жете­леп, опера театрының жетекшісі Байғали Досымжановқа алып барғанын жиі еске алып отырушы еді.

Орта бойлы, бидай өңді сүйкім­ді жігіттің даусын тыңдап, біраз ойланып қалған Бәкең бір кезде: «Хороший, конкретный, маленький тенор, но не оперный!» деп қай­тарған  көрінеді.

«Әй, сол кезде Байғали ағамыз менен әнші қыздарды қызғанды-ау деймін. Әйтпесе, опера театрында Әшірбектен де әлсіз тенорлар толып жүр ғой!» деп сылқ-сылқ күлетін еді Әшекең.

Серінің ерлігі

Сері деген ұғым тек сауықшыл, өнерпаз, әнші деген түсіністікпен ғана шектелмеуі керек. Оның бір жарқын мысалы – Ақан сері.

Біздің Әшірбек те сондай серілердің санатынан табылатын дана, ой мен сөзге жүйрік, талғампаз жан еді ғой. Өнерге, талантқа барынша адал, ақ жүрек, әділ болатын. Шындық үшін шырқырап талай рет отқа да, суға да түскенін өз көзімізбен көрдік.

Басқа біреу болса сонау кеңестік заманда ЦК-дағы жылы орнын суытпай, жусаннан аласа, бете­геден биік болып, креслоға жабы­сып қалар еді. Ал Әшекең олай ете алмады. Кесетін жерінде кесіп, тіле­тін жерінде тіліп айтты. Сөй­тіп, нағыз таланттарға араша түсті. Қолдады. Ақырында, жоғарыдан айтылған нәрселердің бәріне бас шұлғып отыра берер можантом­пайшенеунік бола алмаймын деп, қолын бір сілтеді де, кетіп қалды.

Кейін, Тәуелсіздік алған жыл­дары ЦК-да өткізген күндері есіне  түскен кездерде:

— Апыр-ай, Аширбек Туребае­вич Сигаев деп шақырушы еді-ау! Не деген қорлық! – деп жүрді басын шайқап.

Бұл, әрине, ердің ғана емес, елдің де намысы ғой.

Қаратаудың тәжі

Сонау жас күнімізде маған алғаш рет Кентау қаласын көрсе­тіп, өзі туып-өскен өлкенің ең көрікті, тарихи жерлерін аралатқан да осы Әшекең еді.

Сол кезде бұл қала менің көңі­лімде ғажап әсер қалдырған-ды. Әйгілі Қаратаудың шыңдарына қызыға қарап, сылдырап аққан бұлақтан су ішіп, шөлімді қандыр­ға­нымыз, айна көлде жүзгеніміз, Кентаудың орталық алаңындағы жаздық кафеде отырып, зиялы қауыммен сұхбаттасқанымыз, ақын-жазушылармен танысып, кітапханаға кіргеніміз, мәдениет сарайында концерт тамашалаға­нымыз – бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымда.

Ол кезде Кентауды жұрт Қара­таудың тәжі деп атаушы еді. Эко­номикасы өркендеп дамыған өндіріс ошағы болатын. Соған сай мәдениеті де шарықтап, биікке қанат қаққан нағыз өркениетті қала еді…

Мені ерекше қайран қалдырған дүние – Мәдениет үйіндегі музей болды. Онда Кентау өңірінен шыққан өнер адамдарының жәді­гер­ліктері, тұтынған заттары қойылған екен. Міне, солардың нақ ортасында менің достарым – Асанәлі Әшімовтің, Райымбек Сейтіметовтің, Әшірбек Сығаев­тың да суреттері, кітаптары тұр жарқырап.

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/08/01/ел-мен-ердің-мүддесі/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Иронично о серьезном В ТЮЗе имени Мусрепова состоялась премьера комедийного спектакля «Супер Серкеш»

admin

«Судағы із» сериалдарды жаңа деңгейге көтереді

admin

Бір сен үшін тудым

admin