Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

ТЕАТРҒА 15 ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЙТА ОРАЛДЫМ

Камалияның өнердегі жұлдызды шағы 90 жылдарға тұспа-тұс келген. Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова сынды тарланбоздардан тәлім алған жас ару Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында кесек образдарды сомдады. «Қалың елім, қазағымда» – Тоғжанды, «Індетте» – Пәкизатты, «Ауылдан келген аруда» – Гүлдананы және тағы басқа көптеген образдарды асқан шеберлікпен алып шықты. Кинода да із қалдырып, «Жансебіл», «Молодые годы Абая» (Қазақфильм), «Аномалия» (Қырғызфильм) фильмдеріндегі бейнесімен көптің есінде қалған. Телевидение саласында да елеулі еңбек атқарды. Соңғы уақытта Камалияның екінші тынысы ашылып, актерлік ғұмырындағы екінші жұлдызды сәтті бастан өткеріп жатқандай. Соңғы 4-5 жыл көлемінде бірнеше отандық сериалдар мен комедиялық, драмалық фильмдерге түсіп үлгерді. 15 жылға жуық уақыт бойы қасиетті өнерден алыс кетіп, талай сынақты бастан өткерген актрисамен кездесіп, сұхбат құрған едік.

– Өнерден біраз уақыт алшақ­тап, соңғы 2-3 жыл көлемінде кино мен театрға қайта оралыпсыз. Не­ліктен ұзақ уақытқа созылған үзіліске тап болдыңыз?

– Театр мен кино әлемінен жырақтап қалғаннан кейін КТК телеарнасында «Күндерек» ақ­параттық бағдарламасы мен «Еу­ро­па Плюс Қазақстан» радио­сы ар­қы­лы біраз жыл көрерменмен қа­уы­шып тұрдым. Есептеп қара­сам, театр мен кино саласының есігін ашпағаныма – 15 жыл уақыт бо­лыпты. Кейін «Алматы» арна­сында жаңалықтар жүргізушісі болып қызмет атқардым. Бірақ басшылық ауысқан кезде жаңа директор мені телеарнаның бет-бейнесі ретінде көргісі келмеді. Сөйтіп, жарнама бөліміне ауыс­тыр­ды. Алайда дәл бұлай өз қаді­рімді өзім кетірмейін деп, теле­арнадан кеттім. Кетуін кет­кенмен, ақша табу жолдарын қа­растырып, жұмыс іздей бастағам. Сөйтіп жүргенде, қызымның құрбысы Ал­матыдан сұлулық са­лонын ашты да, сол салонның Астанадағы филиалын басқаруға ұсыныс жасады. Жоғары жалақы тө­лей­тінін де айтты. Ойланып қарасам, содан басқа амал да жоқ екен. Салон иелері өзім танитын сенімді адамдар болғандықтан, бірден келісім беріп, жолға да­йындала бастадым. Бұл кезде өнермен біржола қоштасып та, қойғанмын. Сол аралықта бір қыз қоңырау шалып, сериал түсі­ріл­гелі жатқа­нын айтып, мені кас­тингке ша­қыр­­ды. Көре салайын деп кастинг­ке бардым. Сөйттім де, бұл тура­лы лезде ұмытып, Астанаға аттан­ғалы жатқам. Тура пойызға мінер ал­дында кастинг директоры хабар­ласып, киноға өткенімді айтты. Анау-мынау емес, басты рөл­дердің бірі екен. Осылайша, «Ай­жан» сериалына түсетін бо­лып, Астана сапарынан бас тартуға тура келді.
– Осыншама уақыт үзілістен кейін сериалға жылдам бой үйрете алдыңыз ба?

– Аса қиындық тудырды деп айта алмаймын. Себебі, театрдағы 10 жылдық тәжірибем, кинодағы жолым, кәсіби алған білімім бәрібір менің жадымда жаңғырып, жол көрсетіп тұратындай еді. Бір жағынан режиссер Айгүл Ақсам­биева демеп, киноиндустрияға барынша сіңісіп кетуім үшін жанашырлық танытты. Ол «сізді телеарнадан көргенге диктор ғана екен десем, жап-жақсы актриса екенсіз» деп таңданысын білдірді. Айгүл кинодағы актерлік жаңа қырымды ашып, талантымды тани алды. Бастапқыда жап-жас қыз үлкен сериалды қалай түсіреді деп таңырқағам. Кейін оның кәсібилігін байқап, риза болдым. Екеуміз тізе қосып жұмыс істеп, адаптация өте сәтті жүрді. «Ай­жаннан» кейін шақыртулар бас­талып, сериал саласының қым-қуыт тіршілігіне араласып жүре бердік. «Келинка Сабина-2», «Өмір сынағы», «Құстар әні» фильм­дерінде, «Айман-Шолпан», «Рауан», «Бастық боламын», «Шыр­ғ­алаң», «Зәуре», «Отыңды өшір­ме», «Анашым, мені қал­дыр­ма», «Абзал жан», «Тергеушілер», «Құралай», «Топыраққа тамған тер», «Ана жүрегі» сияқты сериал­дар біраз уақыт қалғыған қа­си­ет­терімді қайта ашып, шығар­ма­шылығыма ерекше тыныс сый­­лады. Бір қызығы, көптеген кино мамандары мені актриса ре­тінде білмейді екен. Тек соңғы уа­қыттағы дикторлығымды, жур­налистігімді көріп жүріпті. Сон­дықтан қазіргі уақыт өнер­дің шы­ңына ұмтылумен қатар, өзімнің кәсіби актриса екенімді дәлел­деумен де өтіп жатыр.

– Сериалдағы сәттілік бой­ға қанат бітірген болар, қалай ойлайсыз?

– Өз-өзімді қайта тапқандай күй кештім. Телеарнада жүрген уақытыма өкінбеймін. Есесіне ол жерде қаншама адаммен кездес­тім, қаншама тәжірибе жидым. Қайта жұмыс істесем де, жауап­кер­шілікті әркез алға шыға­ра­тынмын. Мәселен, телеарнада жүрген кезде қонаққа баруды мүлде азайттым. Себебі, эфирдің жауапкершілігін қатты сезіндім. Кино мен театрда да сол жауап­кершіліктен ажырамауға тыры­сып жүрмін. Сериалдарға түсіп байырғы әріптестеріммен қайта қауыштым. Бұл да ерекше қуа­ныш. Сондай-ақ кинодан бөлек түрлі әлеуметтік роликтерге, бей­небаяндарға да түсіп жатырмын. Жалпы, қандай да бір тараптан шақырту келсе, бас тартпауға тырысамын. Себебі, әрбір ұсыныс – менің өнердегі ризығым, несі­бем. Оны кері итеруге болмас. Сондай түсірілімдердің бірінде Гүлжамал Қазақбаева деген танымал актриса апамызды кез­дестірдім. Ол кісі ә дегеннен «сен телевидениені тауысқан адамсың. Қайт театрға. Сенің орның театр­да» деп салды. Апамыздың бұл сөзі кәдімгідей ойландырып тас­тады. Біраз уақыт көкейімнен кет­пей қойды. Ойлана келе, Ғабит Мүсірепов атындағы акаде­миялық балалар мен жасөспі­рімдер театрының басшылығына ұсыныс білдірдім. Алдымен театр сыншысы, өзімнің курстасым Еркін Жуасбековпен ақылдастым. Ол менің ойымды қоштады. Ке­йінірек театр директоры Сәбит Әбдіхалықов сол театрда қызмет еткенімді ескеріп, жұмысқа қа­был­дады. Сөйтіп, өзім істеген қара шаңырағыма қайта оралдым. Ол кісінің мұндай шешіміне үл­кен ризашылығымды білдіремін. Шүкір, қазір бар ынта-ықы­ла­сыммен еңбек етіп жатқан жайым бар. Ең бастысы, театрға қайта оралғаным үшін қуаныштымын.

– Әр актердің көкейінде сүйікті образы болады. Сіз кімді ойнағыңыз келеді?

– Мына рөлімді жақсы көре­мін, мына рөлімді ұнатпаймын деп айта алмаймын. Рөлдің бар­лығы – мен үшін қымбат. Мәселен, «Айжанға» түскен кезде танымал болайыншы деген титімдей ой болған емес. Өз рөлімді беріле ойнадым. Ал жоғарыдағы сіздің сұрағыңыздың жауабы құпия болып қала берсін.

– Әу баста өнерге келемін деген ой болып па еді, әлде кездейсоқ аяқ бастыңыз ба?

– Мектеп қабырғасында биге жақын болдым. Сахнаға да шық­тым. Алматыда оқыған болсам, өнерімді шыңдап биші болып кетер ме едім. Кейін театр институтына құжат тапсырған кезде би бөлімі жоқ болып, актерлікке қабылданып кеттім.

– Өнер адамына айналға­ны­ңызды отбасыңыз қалай қа­былдады?

– Кішкентайымнан не өнер адамы боламын, не медицинаға барамын деп мақсат еткенмін. Себебі, медицина саласына да қатты дайындық жасадым. Бірақ жүрегім бәрібір өнерге тартып, көңілім сахнаға құлап тұратын. Сондықтан отбасым менің бұл таңдауыма түсіністікпен қарады.

– Өзіңізді дамыту, жетілдіру үшін шетелдік сериалдарды қарайсыз ба?

– Шетел сериалдарының кәсіби деңгейі өте жоғары. Ре­жиссурасы, операторлық жұмыс­тары, костюмі, гримі таңдай қақтырады. Біздің индустрияны жаман дей алмаймын. Дегенмен біздің мамандар да сол деңгейге шықса деймін. Актер бұл жерде орындаушы ғана. Режиссер, про­дюсер мамандар деңгейді көтере алса, біз де соған бейімделеміз, ұмтыламыз. Қазір сериал­дарымызға әуесқой актерлер көп түсетін болды. Ал қай жерде де кәсіби адамдардың жүргенін қалаймын.

– Қазір өнер адамдары түрлі өнер студиясын, дәріс беретін орталықтар аша бастады. Мұндай жоба жасау жоспарда бар ма?

– Өзгелермен бәсекелескенім емес, бірақ менің де осындай орталық ашқым келетіні рас. Театрда, кинода, телевидениеде мол тәжірибе жинақтадым, Өнер академиясында да сабақ бер­­­­дім. Сіз ойымның үстінен дөп түс­тіңіз. Бұл бағыттағы мақсатым – те­леарна жүргізушілерін дайындау. Қазіргі теле­жур­на­листерге, жүр­гізушілерге көңілім толмайды. Тілдерінде мүкістік бар, сөзді толық оқымайтын, интонацияны дұрыс қоймайтын, дикциясы на­шар жүргізушілер көбейіп кетті. Оларға қойылатын талап жоғары болу керек. Сонда ғана сапа бо­лады. Осы жұмыс­ты қолға алып, сапалы маман­дар даярлауға үлес қосу – менің арманым.

– «Өнер жолы – қиын» дейді. Сол қиындықты қаншалықты се­зі­ніп алып жатырсыз? Қиын­дықтар­мен лайықты күресе алып жүрсіз бе?

– Өмірде де, өнерде де қыз­ғанатындар, аяқтан шалатындар бар. Ондайлармен күресе білу де керек шығар. Бірақ бірінші ке­зекте өз-өзіммен күрескім келеді. Өзіме жақпайтын әдеттерден арылып, мінезімді ізгілендіре тү­сіп, сырттан келетін қолайсыз фак­торларға сабырмен, мықты иммунитетпен қарауды үйреніп жүрмін. Өзім мықты болсам, өзгелер еш қайран қыла алмайды. Саған қарсы дау айтқан әрбір адамға жауап қайтара берсең, өз-өзіңді жоғалтып аласың. Сон­ды­қ­тан түзу жолымнан айнымай, тек алға қарағым келеді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ключик к сердцу зрителя

admin

Picture of surprised young pretty with 3d glasses

admin

“Бiз – актермыз, бiз – патшамыз,

admin