Камалияның өнердегі жұлдызды шағы 90 жылдарға тұспа-тұс келген. Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова сынды тарланбоздардан тәлім алған жас ару Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында кесек образдарды сомдады. «Қалың елім, қазағымда» – Тоғжанды, «Індетте» – Пәкизатты, «Ауылдан келген аруда» – Гүлдананы және тағы басқа көптеген образдарды асқан шеберлікпен алып шықты. Кинода да із қалдырып, «Жансебіл», «Молодые годы Абая» (Қазақфильм), «Аномалия» (Қырғызфильм) фильмдеріндегі бейнесімен көптің есінде қалған. Телевидение саласында да елеулі еңбек атқарды. Соңғы уақытта Камалияның екінші тынысы ашылып, актерлік ғұмырындағы екінші жұлдызды сәтті бастан өткеріп жатқандай. Соңғы 4-5 жыл көлемінде бірнеше отандық сериалдар мен комедиялық, драмалық фильмдерге түсіп үлгерді. 15 жылға жуық уақыт бойы қасиетті өнерден алыс кетіп, талай сынақты бастан өткерген актрисамен кездесіп, сұхбат құрған едік.
– Өнерден біраз уақыт алшақтап, соңғы 2-3 жыл көлемінде кино мен театрға қайта оралыпсыз. Неліктен ұзақ уақытқа созылған үзіліске тап болдыңыз?
– Театр мен кино әлемінен жырақтап қалғаннан кейін КТК телеарнасында «Күндерек» ақпараттық бағдарламасы мен «Еуропа Плюс Қазақстан» радиосы арқылы біраз жыл көрерменмен қауышып тұрдым. Есептеп қарасам, театр мен кино саласының есігін ашпағаныма – 15 жыл уақыт болыпты. Кейін «Алматы» арнасында жаңалықтар жүргізушісі болып қызмет атқардым. Бірақ басшылық ауысқан кезде жаңа директор мені телеарнаның бет-бейнесі ретінде көргісі келмеді. Сөйтіп, жарнама бөліміне ауыстырды. Алайда дәл бұлай өз қадірімді өзім кетірмейін деп, телеарнадан кеттім. Кетуін кеткенмен, ақша табу жолдарын қарастырып, жұмыс іздей бастағам. Сөйтіп жүргенде, қызымның құрбысы Алматыдан сұлулық салонын ашты да, сол салонның Астанадағы филиалын басқаруға ұсыныс жасады. Жоғары жалақы төлейтінін де айтты. Ойланып қарасам, содан басқа амал да жоқ екен. Салон иелері өзім танитын сенімді адамдар болғандықтан, бірден келісім беріп, жолға дайындала бастадым. Бұл кезде өнермен біржола қоштасып та, қойғанмын. Сол аралықта бір қыз қоңырау шалып, сериал түсірілгелі жатқанын айтып, мені кастингке шақырды. Көре салайын деп кастингке бардым. Сөйттім де, бұл туралы лезде ұмытып, Астанаға аттанғалы жатқам. Тура пойызға мінер алдында кастинг директоры хабарласып, киноға өткенімді айтты. Анау-мынау емес, басты рөлдердің бірі екен. Осылайша, «Айжан» сериалына түсетін болып, Астана сапарынан бас тартуға тура келді.
– Осыншама уақыт үзілістен кейін сериалға жылдам бой үйрете алдыңыз ба?
– Аса қиындық тудырды деп айта алмаймын. Себебі, театрдағы 10 жылдық тәжірибем, кинодағы жолым, кәсіби алған білімім бәрібір менің жадымда жаңғырып, жол көрсетіп тұратындай еді. Бір жағынан режиссер Айгүл Ақсамбиева демеп, киноиндустрияға барынша сіңісіп кетуім үшін жанашырлық танытты. Ол «сізді телеарнадан көргенге диктор ғана екен десем, жап-жақсы актриса екенсіз» деп таңданысын білдірді. Айгүл кинодағы актерлік жаңа қырымды ашып, талантымды тани алды. Бастапқыда жап-жас қыз үлкен сериалды қалай түсіреді деп таңырқағам. Кейін оның кәсібилігін байқап, риза болдым. Екеуміз тізе қосып жұмыс істеп, адаптация өте сәтті жүрді. «Айжаннан» кейін шақыртулар басталып, сериал саласының қым-қуыт тіршілігіне араласып жүре бердік. «Келинка Сабина-2», «Өмір сынағы», «Құстар әні» фильмдерінде, «Айман-Шолпан», «Рауан», «Бастық боламын», «Шырғалаң», «Зәуре», «Отыңды өшірме», «Анашым, мені қалдырма», «Абзал жан», «Тергеушілер», «Құралай», «Топыраққа тамған тер», «Ана жүрегі» сияқты сериалдар біраз уақыт қалғыған қасиеттерімді қайта ашып, шығармашылығыма ерекше тыныс сыйлады. Бір қызығы, көптеген кино мамандары мені актриса ретінде білмейді екен. Тек соңғы уақыттағы дикторлығымды, журналистігімді көріп жүріпті. Сондықтан қазіргі уақыт өнердің шыңына ұмтылумен қатар, өзімнің кәсіби актриса екенімді дәлелдеумен де өтіп жатыр.
– Сериалдағы сәттілік бойға қанат бітірген болар, қалай ойлайсыз?
– Өз-өзімді қайта тапқандай күй кештім. Телеарнада жүрген уақытыма өкінбеймін. Есесіне ол жерде қаншама адаммен кездестім, қаншама тәжірибе жидым. Қайта жұмыс істесем де, жауапкершілікті әркез алға шығаратынмын. Мәселен, телеарнада жүрген кезде қонаққа баруды мүлде азайттым. Себебі, эфирдің жауапкершілігін қатты сезіндім. Кино мен театрда да сол жауапкершіліктен ажырамауға тырысып жүрмін. Сериалдарға түсіп байырғы әріптестеріммен қайта қауыштым. Бұл да ерекше қуаныш. Сондай-ақ кинодан бөлек түрлі әлеуметтік роликтерге, бейнебаяндарға да түсіп жатырмын. Жалпы, қандай да бір тараптан шақырту келсе, бас тартпауға тырысамын. Себебі, әрбір ұсыныс – менің өнердегі ризығым, несібем. Оны кері итеруге болмас. Сондай түсірілімдердің бірінде Гүлжамал Қазақбаева деген танымал актриса апамызды кездестірдім. Ол кісі ә дегеннен «сен телевидениені тауысқан адамсың. Қайт театрға. Сенің орның театрда» деп салды. Апамыздың бұл сөзі кәдімгідей ойландырып тастады. Біраз уақыт көкейімнен кетпей қойды. Ойлана келе, Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшылығына ұсыныс білдірдім. Алдымен театр сыншысы, өзімнің курстасым Еркін Жуасбековпен ақылдастым. Ол менің ойымды қоштады. Кейінірек театр директоры Сәбит Әбдіхалықов сол театрда қызмет еткенімді ескеріп, жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, өзім істеген қара шаңырағыма қайта оралдым. Ол кісінің мұндай шешіміне үлкен ризашылығымды білдіремін. Шүкір, қазір бар ынта-ықыласыммен еңбек етіп жатқан жайым бар. Ең бастысы, театрға қайта оралғаным үшін қуаныштымын.
– Әр актердің көкейінде сүйікті образы болады. Сіз кімді ойнағыңыз келеді?
– Мына рөлімді жақсы көремін, мына рөлімді ұнатпаймын деп айта алмаймын. Рөлдің барлығы – мен үшін қымбат. Мәселен, «Айжанға» түскен кезде танымал болайыншы деген титімдей ой болған емес. Өз рөлімді беріле ойнадым. Ал жоғарыдағы сіздің сұрағыңыздың жауабы құпия болып қала берсін.
– Әу баста өнерге келемін деген ой болып па еді, әлде кездейсоқ аяқ бастыңыз ба?
– Мектеп қабырғасында биге жақын болдым. Сахнаға да шықтым. Алматыда оқыған болсам, өнерімді шыңдап биші болып кетер ме едім. Кейін театр институтына құжат тапсырған кезде би бөлімі жоқ болып, актерлікке қабылданып кеттім.
– Өнер адамына айналғаныңызды отбасыңыз қалай қабылдады?
– Кішкентайымнан не өнер адамы боламын, не медицинаға барамын деп мақсат еткенмін. Себебі, медицина саласына да қатты дайындық жасадым. Бірақ жүрегім бәрібір өнерге тартып, көңілім сахнаға құлап тұратын. Сондықтан отбасым менің бұл таңдауыма түсіністікпен қарады.
– Өзіңізді дамыту, жетілдіру үшін шетелдік сериалдарды қарайсыз ба?
– Шетел сериалдарының кәсіби деңгейі өте жоғары. Режиссурасы, операторлық жұмыстары, костюмі, гримі таңдай қақтырады. Біздің индустрияны жаман дей алмаймын. Дегенмен біздің мамандар да сол деңгейге шықса деймін. Актер бұл жерде орындаушы ғана. Режиссер, продюсер мамандар деңгейді көтере алса, біз де соған бейімделеміз, ұмтыламыз. Қазір сериалдарымызға әуесқой актерлер көп түсетін болды. Ал қай жерде де кәсіби адамдардың жүргенін қалаймын.
– Қазір өнер адамдары түрлі өнер студиясын, дәріс беретін орталықтар аша бастады. Мұндай жоба жасау жоспарда бар ма?
– Өзгелермен бәсекелескенім емес, бірақ менің де осындай орталық ашқым келетіні рас. Театрда, кинода, телевидениеде мол тәжірибе жинақтадым, Өнер академиясында да сабақ бердім. Сіз ойымның үстінен дөп түстіңіз. Бұл бағыттағы мақсатым – телеарна жүргізушілерін дайындау. Қазіргі тележурналистерге, жүргізушілерге көңілім толмайды. Тілдерінде мүкістік бар, сөзді толық оқымайтын, интонацияны дұрыс қоймайтын, дикциясы нашар жүргізушілер көбейіп кетті. Оларға қойылатын талап жоғары болу керек. Сонда ғана сапа болады. Осы жұмысты қолға алып, сапалы мамандар даярлауға үлес қосу – менің арманым.
– «Өнер жолы – қиын» дейді. Сол қиындықты қаншалықты сезініп алып жатырсыз? Қиындықтармен лайықты күресе алып жүрсіз бе?
– Өмірде де, өнерде де қызғанатындар, аяқтан шалатындар бар. Ондайлармен күресе білу де керек шығар. Бірақ бірінші кезекте өз-өзіммен күрескім келеді. Өзіме жақпайтын әдеттерден арылып, мінезімді ізгілендіре түсіп, сырттан келетін қолайсыз факторларға сабырмен, мықты иммунитетпен қарауды үйреніп жүрмін. Өзім мықты болсам, өзгелер еш қайран қыла алмайды. Саған қарсы дау айтқан әрбір адамға жауап қайтара берсең, өз-өзіңді жоғалтып аласың. Сондықтан түзу жолымнан айнымай, тек алға қарағым келеді.
Абай АЙМАҒАМБЕТ