Бояуы қанық «Қара шекпен»
Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында осетиялық драматург Георг Хугаевтің «Қара шекпен» пьесасының негізінде, режиссер Асхат Майемеровтің сахналауымен «Қара шекпен» спектаклінің премьерасы болып өтті. Бұл режиссердің аталмыш театрдағы тырнақалды туындыларының бірі.
Г. Хугаевтың аталмыш пьесасы көптеген елдердің сахнасында қойылған. Ертегі ретінде де, әфсана ретінде де көрерменнің талғамына ұсынылған. Шығарманың кейіпкерлері саналы адамдар емес, жабайы аң-құс пен үй жануарлары. Жалпы бұл туындының мақсаты – жан-жануарлар арқылы адам бойындағы әртүрлі кемшіліктерді әжуалау. Қаламгердің ұшқыр қиялынан туған пьесаның идеясын режиссер жетік меңгеріп, сахнада туындыға шынайы жан бітіре білгені бірден көзге түсті.
Спектакльде бір отар қой адам тобыры ретінде көрсетіледі. Қозы – бүгінгі біздің жалынды жастар болмысының жиынтық бейнесі. Ол отарды қошқар емес, текенің бастайтынына наразы. Өздерінің арасынан қошқарды жетекші сайлайық десе, әріптестері – бұл ұсынысқа селқос. Автордың пайымдауынша, өкінішке орай, дәл сол сияқты бүгінгі қоғамдағы барлық құбылыстарға көз жұма қарап отырған немқұрайды жандар легі баршылық. Қаны қызу, жүрегі жалынды жастар алдынан шыққан тосқауыл мен кедергілерден қаймықпай өтіп, ашық ойларын жасқанбай айтуға тас-түйін дайын. Бірақ, билік құзырын аяусыз жүргізіп отырған ортада олар бәрібір қауқарсыз.
Шопан – билік иесі, төбет Тұзар сол биліктің қолшоқпары, кәрілік жеңіп қалжыраған Көкжал қасқыр – аузынан сөзі түскен азусыз, қауқарсыз басшы. Қолында билік бар, бірақ, күш-жігері жоқ. Автор оны зейнеткерлікке шығуға құлықсыз, яғни жылы орнын босатқысы келмейтін шенеунікке теңеген. Түлкі Сылаң – екіжүзді, іші тар, шылымқор, ішімдікке құмар, жеңіл жүрісті қыздың бейнесі, ал қоян Қосүрей – бес баласын асырай алмай жүрген бейбақ әйел, Көкшулан қасқыр іс бабымен қолы босамайтын, тек өз дегенім болсынды аңсайтын тәкаппар болмысты образ.
Туындыдағы басты тартыс – шопан мен Көкжалдың арасында өтеді. Екеуі де бір отар қойдың амандығына мүдделі, яғни, көздегендері – олжа, байлық, табыс. Екеуі де осынау майшелпекке төтелей қол жеткізу үшін Тұзарды пайдаланып қалмақ ниетте. Себебі, Тұзардың бойында күш-қайраты тасып, жұлқынып тұр. Алайда, оның ақыры аянышты оқиғамен аяқталады. Тым айрықша адалдығы өзіне сор болып жабысқан төбет қыстың күні жайлауда ашығып, тоңып, құр сүлдесі ғана қалады. Сол-ақ екен Тұзарды иесі ойланбастан атып тастайды. Тұзардың бар жазығы – қыс бойы иесінің қара шекпенін күзеткені. Таулық-осетиялықтар үшін шекпен ер азаматтың намысы мен мақтанышы болып саналатынын ескерейік. Бойында күш-жігері жоқ Тұзардың ендігі жерде шопанға қажеті шамалы. Режиссер осынау құбылысты сахнада бейнелеу арқылы көрерменге «Бұл – қазіргі таңдағы қоғамға тән құбылыс емес пе?» деген терең ой тастайды. Мына өмірде тек ертегідегідей жақсылықтар ғана емес, керісінше, зұлымдық пен әділетсіздіктің басым түсетін сәттері болатынын меңзейді.
Адам бойындағы сезімдердің ішіндегі ең әсемі де, әдемісі де – махаббат. Спектакльде бұл тақырып лайықты өз орнын тапқан. Тұзар мен Көкшулан бірін-бірі жақсы көреді… Бірақ, Көкшулан бұл арада өзінің пайдасын көбірек ойлап, басының айналатыны бар. Көкшулан сұлуды Көкжал да ұнатады, бірақ, бұл арада … таразының бір басында – махаббат, бір басында байлық тұрып, салмақ сайысы басталады. Бүгінгі таңда болашақ қалыңдықтардың махаббат сезімінің алдына тұрмыстық жағдайды бірінші кезекке қоятынына куә болып та жүрміз.
Адамның бойынан шынайы махаббат пен сүйіспеншілік сезімге толы қасиеттер жоғалса, саналы сезімдегі ұрпақ жалғастығы дәстүріне қауіп-қатер төнері хақ. Көңіл қуантарлығы – табиғи-тосын бұл жайттар да режиссер назарынан тыс қалмаған. Оның автордың айтар ойын асқан шеберлікпен сахналағаны айрықша аңғарылады.
Режиссер сахналық жарық пен музыка әуезін үйлестіріп, спектакльге ерекше әр береді. Сол арқылы оқиға желісін шиеленістіруде шеберлік танытқан. Спектакль декорациясында жоғарыдан төмен салбыраған ағаштың тамырлары бірден көзге ұрады. Бұл – бүгінгі өмір мен жер асты түнегінің параллельдік нұсқасы. Сонымен қатар, шаң басқан том-том кітаптар көрсетілді. Өткір қалам иелері аяусыз жазып жүрген – көрсоқырлық, жағымпаздық, көреалмаушылық, екіжүзділік сынды адам бойындағы кереғар қылықтардың айлар, жылдар, тіпті жүз жыл өтсе де еш өзгеріссіз, баз-баяғы қалпын сақталуының сыры неде? Қойылым авторы «жазылған кітаптарды кім оқып жатыр, немесе ол кімге керек, шаң күйінде, сөрелерде ашылмай тұр емес пе» деген шығармашылық пайымдауын осылайша түйіндеп жіберіпті…
Десек те спектакльдің кемшін түсіп жатқан тұстары да болғанын айта кеткеніміз абзал. Мәселен, Төбеттің рөліндегі Мақсат Сәбитовтың бойында жалындаған жастықтың лебі жетіспей тұрғаны көрерменнің көзіне бірден ұрып тұрды. Актер сомдаған бірінші лектегі бейнеде қайтпас қайсар мінездің үстемдігі байқалмады. Салыстырмалы тұрғыдан саралар болсақ, бұл арада, керісінше, кәрі Көкжалдың бейнесіндегі Әсет Иманғалиевтің шеберлігі әріптесінен әлдеқайда басым түскен секілді. Сондықтан төбет емес, көк бөрінің бейнесі алдыңғы шепке шығып кетті. Өздеріңізге белгілі бір жайт – спектакльде басты кейіпкердің бейнесі дұрыс сомдалып ашылмаса, қойылымның соңына дейін шығарманың солғын тартып тұрары ақиқат жайт. Оған қоса, алғашқы көріністер жоғарғы өлшем-ырғақта (темпо-ритм) басталып, екінші бір сәтте мүлдем баяулап, төмендеп кетті. Алайда, бұл кемшіліктердің міндетті түрде жойылуы болашақтың үлесінде деген үкілі үміттеміз.
Түйіндей айтар болсақ, қазақ сахнасына шыққан «Қара шекпен» қойылымының айтары көп, идеясы терең, астарлы ақиқаты мол спектакльдердің қатарына қосуға болады. Бүгінде бір-біріне өте-мөте ұқсайтын құрғақ сөз сайысына құрылған қойылымдардың көбейіп кетуі қазақ театр сахнасының өзекті проблемасына айналды. Осы орайда театр өнерінде нағыз іс-қимыл әрекеттеріне құрылған, қойылу пішіні де өзгеше бұл спектакльдің дүниеге келгені қуантады. Келешекте аталған қойылымның – «Қара шекпеннің» ғұмыры ұзақ боларына кәміл сенеміз.
Альбина ТУЛАҚОВА
театртанушы Алматы қ. Суретте: «Қара шекпен» спектаклінен көрініс.