Казахский Государственный Академический театр для детей и юношества имени Габита Мусрепова
Новости учреждения

А.Маемировпен сұхбат: Театр өнерінде қазақы нақыштағы үн сиреп барады

— Елордасы Астанаға мемлекеттік қызметке ауысқаныңызға бірнеше айдың жүзі болды. Жаңа қызметтің тізгінін ұстау сіз үшін қаншалықты қиын?

— Рас, әр қызметтің өзіндік қиындығы мен ауыртпалығы болады. Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының  президенті қызметіне тағайындалғанымды білетін боларсыздар. Міне, содан бері жоғарыда аталған қоғамда қызмет атқарып келемін. Бұл саланың күрделі мақсаттарының бірі – еліміздің мәдени өмірінде өтетін бүкіл бұқаралық мемлекеттік мәдени іс шараларды ұйымдастыру және ұлттың рухани байлығын дамыту мен жандандыру. Біз тікелей заманауи техника күшін жұмылдыра отырып, концерттік бағдарламалармен айналысамыз. Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғалардың мерейтойлары мен республика көлемінде аталып өтетін мәдени күндерді ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, театрға қатысты бірқатар шаралардың өтуіне де араласып, кеңесіп, бағыт-бағдар береміз. Себебі “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамы – мәдениет минстрлігі тарапынан өткізілетін барлық шараларға жауап береді. Бұл тек драма театрларға ғана байланысты емес, соның ішінде опера және балет театрының іс-шараларын да өткізіп отырады.

Үстіміздегі жылы  ауқымды шаралар атқарылмақ.  Атап өтетін болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тек елордада ғана емес Қазақстанның барлық аумақтарында айтулы шаралар өтпек. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты бірталай шаралар өткізу жоспарланып отыр. Театрға қатысты да бірнеше жұмыстар қолға алынып отыр. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан аз ұлтты театрлар арасында және драмалық театрлар «Операли» атты опера театрларының фестивальдері, қуыршақ театры карнавалы  сияқты көлемді іс-шаралар өткізу жоспарланды.

Сіздің театр режиссері  екеніңізді білеміз. Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балар мен жасөспірімдер театрының сахнасында жаңа қойылым дайындап жатыр екенсіз сол туралы айтып берсеңіз.

— Бұл спектакльді қою туралы ұсыныс актерлер тарапынан түскен болатын. Осы өнер ұжымында қарымды еңбек етіп жүрген жас актерлердің біразын жақсы танимын. Олармен шығармашылық байланыстамыз десекте болады. Міне, осы жастар бір пьеса оқып беруімді сұрады. Содан Осетин халқынан шыққан кеңес театр режиссері, драматург Г.Хугаевтың «Қара шекпен» драмасын ұсындым. Ең бастысы мұнда ойнайтын дүние бар. «Қара шекпен» әфсана-драмасы өзінің формасы өзгеше. Біздің түсінікте ертегі болса ол балаларға арналуы керек. Мұнда түбірімен басқа.

Пьесаның кейіпкерлері жан-жануарлар болғанымен біз хайуанттардың жан дүниесін адами тұрғыда түсіндіруге күш салып отырмыз. Спектакльді көріп отырып адамдардың да осындай жануар тектес болатынын аңғарамыз. Қазақта сұр жыландай қыз екен деп тілінің уыты бар аздап шағып алатын қыздарды аллегориялық кейіпкерлерге  теліп жатады. Біз осы қолға алған дүниемізге сол тұрғыдан келдік. Пьеса авторы Г.Хугаев қоғамда кез келген адамның бойында қуаты, жігері, күші тасып тұрған кезде орта оны пайдаланатынын алға тартады. Егер ол рухани немесе физикалық дағдарысқа ұшырап тоқырауға тап болса, оны лақтырып кететіні тағы бар. Осындай адами құндылықтарды арқау еткен туынды, адалдық, ар мен ұят сияқты абсолюттік ұғымдар болатынын айтады. Міне, осыларды ой безбенінен өткізу және адам сенімін жоғалтса не істейді? Екі жүзділік қайда апарады? деген сұраққа жауап іздейміз. Адамның жан дүниесінде күнделікті тыным бермейтін сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Бұл спектакльде үйренген жақсылықтың зұлымдықты жеңуі жоқ, керісінше болайын деп тұр. Адамның өмірінде жақсылық емес зұлымдық алдыңғы қатарға шығатынын көрсетеді. Бірінші кезекте көрерменнің санасына әсер ету керек. Қазіргі өмір ертегідегідей жақсылық пен шуаққа толы емес керісінше көлеңкелі тұстары өте көп. Зұлымдық жерге бұғып жатады да басын көтеретін кезі де болады. Сол кезде сенің бойыңда қарсы тұрарлықтай жігер мен рух адами құндылықтар болуы керек. Осы спектакльде аталған қырларды көрсету үшін ұжыммен жан кешті еңбек етудеміз. Осы жұмысымыз арқылы театрдың стимулын арттырып, шығармашылық потенциалын жүзеге асырсақ деген ой бар. Актерлердің мүмкіндігін көріп деңгейін байқағым келді. Кейін өнер додаларына ұсынған кезде ұжымның мүмкіндігін біліп бағалап шығармашылық байланысты нығайта түсеміз. Болашақта театр және кино салалары бойынша бірлескен жобалар болып жатса әркімнің мүмкіндігін жете біле отырып ұсынуға болады.

Асеке, әңгімеміз актерлерге қарата ойысып келеді. Сөз арасында театр жастарының мүмкіндігі жайында айта отырсаңыз. Олардың ізденістеріне көңіліңіз толады ма?

— Жасыратыны жоқ,  Алматы мәдениеттің шоғырланған жері. Әкем театр мен осы Ғ.Мүсірепов театрының труппасына академия түлектерінің үздіктері таңдалып алынып труппа құрамына қосылатыны белгілі.  Олардың осында кәсіби қадамдары басталып, кәнігі сақа актерлерге айналады. Бұл тұрғыдан келгенде театрдың актерлік потенциалы жақсы деп айтар едім. Спектакль қою барысында бірден дайын дүниені көріп отыру мүмкін емес. Қазір бізде процесс жалғасып жатыр, жастар қалай жұмбаздасаң да иіліп құлшынып тұр. Театрда сахна қозғалысы, сахна сайысы, би, жеке ән салу, хор секілді сабақтардың күнде жүргізіліп отыруы жүйеге еніп тәртіпке айналдырылған. Бұл актерге өзін әркез формада ұстауға көмектеседі. Және де әрбір жеке өнер жасаушының ашылмай жатқан қырларын ашуға да мүмкіндік береді.

— Аймақтардағы театрлар жөніндегі пікіріңіз қандай? Қазіргі таңда олар қалай күй кешіп жатыр?

— Мәдени саясат туралы тұжырымдама қабылданды ғой мұнда көтерілген басты мәселенің бірі әдебиет пен өнер бойынша ұлттық кеңес құру болды. Содан соң әрбір өнердің жанрлар бойынша кеңес құру да бүгінгі күннің мәселесі.  Бұл қадағалау емес шығармашылық ұжымдардың ақылдаса отырып бір бірімен байланыста жұмыс жасау. Аймақтық театрлардың жағдайы ауыз толтырарлық деп айта алмаймыз. Себебі, жергілікті әкімшілік құзіретіне берілгендіктен соққан сойылы да нысанаға дөп тимей жатады. Бірден ашып айтатыным, аймақтардағы театрлардың жағдайын Алматы мен Астанадағы өнер ұжымдарымен салыстыруға келмейді. Мәдени ортадан қашық жатқан олардың деңгейлері мен ахуалын жоғары деп айта алмасымыз анық. Оның үстіне, аймақтарда жұмыс істеп жүрген актерлердің әлеуметтік жағдайы, баспана мәселесі көп жағдайда ескерусіз қалып жатады. Облыстық театрларды қаржыландыру жергілікті бюджеттің есебінен жүретін болғандықтан, бұл өнер ұжымдары көбіне-көп сондағы басшылардың ықпалымен жүруге мәжбүр. Ал ресми нұсқаулардың тар шеңберінде шырмалып тұратын мұндай өнер ұжымдарында шығармашылық еркіндік болуы қиын. Бұл онсыз да ақсап тұрған өнер саласының, жалпы, руханиятымыздың өсіп-өркендеуіне кері әсер етеді.

Дегенмен, облыстардағы театрлардың барлығына бірдей сын айтудан аулақпын. Бірақ аймақтардағы актерлердің материалдық жағынан лайықты қамқорлыққа қол жеткізе алмай отырғаны, репертуардағы талғам мәселесі ақсап жатқаны жасырын емес. Жоғарыда айтып өткенімде, олардағы актерлердің айлық жалақылары да төмен. Әкімдіктер болса қарауындағы театрлар әртістерін сахналық қойылымдардан гөрі неше түрлі мәдени-көпшілік шараларға, алаңдарда жалаулатып өтетін жиындар мен мерекелік шерулерді ұйымдастыруға пайдалануға әуес. Өнер академиясы сияқты білім шаңырағынан жоғары білім алып, таланттарын еңбекпен ұштастырып жүрген аймақтардағы әріптестерімнің жай-күйіне жанашырлықпен алаңдап отырған кімдер бар? Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету жағы да дұрыс қаралмаған. Сөйте тұра, біз «облыстар мен аудандарда мамандар жетіспейді» деп шырылдаған боламыз. Ал адамға қажетті жағдай жасалмаса, маман қайдан болсын?! Міне, осындай проблемалардың сәл де болса шешімін табу үшін жергілікті әкімдіктерге алақан жайып отырған облыстық театрларды Мәдениет министрлігінің құзырына берген жөн. Қанша дегенмен, министрліктің аты – министрлік. Оның құзыреті де, ықпалы да басым. Оның төңірегінде тікелей мәдениетке қатысы бар адамдар шоғырланған. Еліміздегі рухани ахуалға жауап беретін болғандықтан, Мәдениет министрлігі өз құзырындағы театрларға мойын бұрмай қоймас. Жергілікті билік құзіретіндегі театрлар ұжымы көркемдік жетекші мен директорларды өз еріктерімен жұмыстан босату секілді әрекеттер орын алмаспа еді. Шығармашылық суреткер адамның еңбек етуіне ең алдымен жағдай жасалып кейін талап қойылса екен. Жалпы, көтеріліп отырған осы мәселені Театр қайраткерлері одағы бас қосып, белгілі бір ұсыныстарымен жоғарыға шықса, игілікті іс болар ма еді? Негізі, өнермен өнерді білетіндер айналысу керек қой.

Бүгінде А.Тоқпановтың 100 жылдығына арналған іс шаралар аясында ғылыми практикалық конференция өткізіп ғылыми тұрғыда  өзекті мәселелерді саралап шешілу жолдарын қарастырып бір мәмілеге келуі керек сияқты. Көрермендерді театр өнеріне тарту үшін мониторинг жүргізу мәселесін дұрыс жолға қойса екен деген ойдамыз. Театрлар шама шарқы келгенше театр сыншыларын шақыртып отыру керек. Маусым айында сахналанған жаңа спектакльдерді көрсетіп талдау жасалып пікір алмасып отырса театрдың шығармашылық өсуіне оң ықпал етері сөзсіз. Театр сыншылары талдап айтып береді театрдың өсу жолы қаншалықты дұрыс екенін айтып береді. Осы жағынан келгенде Еуропа демей ақ қояйын Ресейден үйрену керекпіз. Бұл айтылып отырған мәселелер жүйелі жолға қойылған. Осы жерде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының репертуарлық алқа – көркемдік кеңес құру жөніндегі идеясы өте құптарлық мәселе екенін айта кеткім келеді. Себебі, жергілікті авторлардың мардымсыз пьесаларын сахналауда тұшымды дүние тумайтыны сөзсіз. Репертуарлық кеңес барлығына ауыздық болар еді.

Биылғы жылы  қазақ театр өнеріне 100 жыл толып отырғаны белгілі. Осы бір ғасырдың ішінде қазақ театры өз келбетін тапты ма?

— Біздің театрда келбет әрине бар. Ұлттық актерлік өнеріміздің өзіне тән келбеті бар екені сөзсіз. Актерлік мектептің өзінің деңгейі де жоқ емес. Қазақ театры дегенде бір нәрсені білу керек: ұлттық мінез, үн дегендер көрініс тауып отыруы керек. Бұл бір. Екіншіден, ұлттық киім киіп алып ойнау ғана емес психологиялық жалаңаштауға жетуіміз керек. Ұлттық салт дәстүр мен өмір сүрген ортасын көрсету мол мұражайлық қойылымға тән. Ал қазақ театры ол заманауи талаптарға толығымен жауап беретін кәсіби біліктілігі жоғары өнер ордасы. Менің ойымша қазақ театрына ең басты жетпейтін нәрсе адамның ішкі жан дүниесін ашып көрсету тұсы кенжелеп тұр. Біз көбінесе әрлеумен, музыкамен, киіммен актердің кейіпкер сомдаудағы өз образын қалайтынын, өзіндік шешімге келгенін жеткізу жағы ақсап жатады. Міне осы жағына баса мән берсе деген ой бар. Сосын актердің энергиясы, қазір әлем осыған мән беріп отыр, себебі, көрермен актердегі қуатты алуға, содан бір рухани тазаруға  келеді. Актердің жеке позициясы, актер шеберлігіне тән элементтерді игеру, кез келген жанрда әмбебап ойнауы бүгінгі актерге қойылатын талаптың күштілігінің көрінісі.  Көбінесе театр сахнасында адам эмоциясына ғана әсер ететін қойылымдар болмау керек. Рационалдық қойылымдарға талпынуымыз керек. Жоғарыда айтылған ұлттық театр өнерінде кейіпкер жандылық пен кейіпкер сындылықтың керемет алтын ортасын дөп басып актерлер ойын көрсететін сияқты. Біз осы екі мектепті бірдей меңгеріп әрекет етеміз. Мұндай дүние орыс актерлерінің өзіне қиын, ал бұл біздің табиғатымызға  жақын. Көшпенді халқымыздың өркениетті мәдениеті актерлердің ойыны барысында осы табиғилығымызбен  қатар көрініп тұрады. Сахнадан қазақ тілі мен қазақи үн жоғалмау керек. Себебі қазір қазақы үн жоғалып барады. Мысалы мен өткенде грузин, армян театрларында болғанымда байқағаным олардың тек өздеріне ғана тән үндері бар.

Ұлттық театрға байланысты айтылатын дүниелер өте көп.

Түркі тілдес халықтарға тән ортақ ұғымдар бар. Бірақ өзіміздің ұлттық келбеті бар Но, Кабуки, Қытай операсы сияқты қазақ театр өнерінің методологиясы жасалған жоқ. Біз жасыратыны жоқ театр саласындағы психологиялық мектепті орыстардан алдық. Қазір Берлинде тұратын Юри Алчес деген театр педагогы, режиссермен жиі хабарласып, ақылдасып отырамын. Шын мәніндегі ұлттық театрдың киімі, этнографиясы, түсі емес ұлттың рухын көрсететін қазақ театрын құру керек деп жиі айтып отырады. Бұл жағына шығыс халықтарының ішінен қытай халқы алдыңғы қатарда келе жатыр. Олар нағыз ұлттық театрларын сақтап қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мүсірепов театрының Жаңа жылдық қайырылымдылық шыршасы

admin

Классика для современников В ТЮЗе имени Мусрепова готовят постановку по роману-эпопее Мухтара Ауэзова «Путь Абая»…

admin

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Маңғыстауда

admin