Мереке қарсаңында әдемі арудан, көптің көңілінде жүрген өнердегі қыздардың бірінен сұхбат алғымыз келді. Ақылына көркі сай, ибалы ару ретінде кімді үлгі ете аламыз? Есімізге «Қара шаңырақ» телехикаясындағы Алтынай түсті. Отбасының құндылығын білетін, тәрбиелі, үлкеннің алдынан қия баспайтын жақсы қасиеттерімен де сол сериалдағы келін көптің көңілінде қалды. Гүлбаһрам – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Жуырда бұл театрда Г.Хугаевтың (аударған Қ.Төлешов) «Қара шекпен» атты әфсанасының тұсауы кесілді. Гүлбаһрам онда Түлкі бикеш Сылаңды сомдайды. Премьераға барып, Гүлбаһрамның сан қырлы актриса екеніне көз жеткізіп қайттық. Әңгімеміз де сол төңіректе өрбіді…
– Есіміңізді Гүлбаһрам деп кім қойған?
– Біз Жаңаарқа ауданының тумасымыз. Есімімді әкем қойды. Сәкен Сейфуллин атамыздың жарының есімі Гүлбаһрам ғой. Менің есімім сол кісінің құрметіне қойылған. «Гүлбаһрам апамыздай келбетті, ақылды болсын» деп ойласа керек. Мен егіздің сыңарымын. Гүлбарам есімді сыңарым бар. Сыңарым – психолог.
– Бұл сауал сізге жиі қойылатын шығар, әйтсе де, менің де сұрағым келіп отыр. Қайрат Байбосыновқа туыстық қатысыңыз жоқ па?
– Қайрат Байбосынов – менің үлкен әкем. Әкемнің бауыры. Мен ол кісінің інісі Ахаттың қызымын.
– Актриса болуды бала кезден армандаған ба едіңіз?
– Кішкене күнімде мен өте момын болдым. Бала күнімде анамның әпкесін, нағашы тәтемізді аса ұнатпайтынмын. Балалығым ғой. Анам бір жаққа кетсе, бізді сол кісіге тастап кететін. Нағашы тәтеміз қаталдау кісі. 4 жасымда сол кісінің іс-әрекеттерін айнытпай салып, қайталап береді екенмін. Бір жолы анама нағашы тәтемнің мінезін айтып жатқанымда, тәтеміз үстімізден түсіп қалған. Табан астында күліп, қоян туралы әңгіме ойлап тауып, сөз ауанын басқа арнаға бұрып жіберіппін. Қолымды төбеме қойып, құлағын келтіріп, қоянның әрекеттерін қайталадым. Сонда анам: «Осы қыз кейін әртіс болады-ау», – деп күлген. «Сенің актриса болатыныңды сол кезде білгем. Құдай аузыма салған шығар» деп отырады.
Қара-шаңырақ Қара-шаңырақ
– Көрермендерге «Қара шаңырақ» телехикаясы арқылы жақсы қырыңыздан танылдыңыз. Сіз сомдаған Алтынай көптің көңілінде биязы, ақылды келін ретінде қалды. Келін образын сәтті алып шықтыңыз. Өзіңіз де «Алтынай образы мені халыққа танытты» деген пікірдесіз бе, әлде лайықты бағасын алмай жүрген рөлдеріңіз бар ма?
– Бұған дейін де мен бірнеше фильмге, біраз телехикаяға түстім. Бірақ халыққа Алтынай рөлі арқылы танылдым деп ойлаймын. Байқаймын, барлық көрермен Алтынайды жақсы көреді. Өйткені, халық қарапайымдылықты ұнатады. Менің кейіпкерім Алтынай – ұстамды, сабырлы, жарын сыйлай білетін, ата-ананы қадірлей алатын жан. Алтынайдың бойында үлгі болар жақсы қасиеттер өте көп. Отбасының құндылығын түсінетін, жарын сыйлай білетін әйел. Осы жағынан алғанда сәтті образды сомдадым. Көрермен көрген жерде «Ой, «Қара шаңырақтағы» Алтынай ғой» деп жатады…
– Алтынай образы сіздің болмысыңызға қаншалықты жақын? Әйел ретінде Алтынайға ұқсайтын, ұқсағыңыз келетін тұстар бар ма?
– Маған Алтынай сынды ауылдың ибалы келінін сомдау қиын болды дей алмаймын. Оңайға да түскен жоқ. Мен қаланың қызымын. Жезқазғанда туып өстім. Әрі мен тұрмыста емеспін. Келіннің отбасындағы рөлін шынайы өмірде сезініп көрген жоқпын. Алтынайды өзімнің әпкелерімнің, жеңгелерімнің өмірдегі қалпына қарап, ойнап шықтым десем болады. «Әке – үйдің тірегі, ана – өмірдің жүрегі» дейді емес пе? Барлық бойжеткен қыздар сияқты менің де тұрмысқа шыққым келеді. Ана болғым келеді. Алтынай сынды ибалы келін атануды армандаймын.
– Телехикаяда күйеуіңіз Мәди қыңыр, айтқанынан қайтпайтын, кейде тіпті «жүйкеге салмақ түсіретін» адам. Алтынай да ылғи «осы менің күйеуімнің мінезін адам түсініп болмайды» деп жүреді. Шынайы өмірде сізге Мәди сияқты жар кезігіп жатса, Алтынайдікіндей төзім бойыңыздан табыла ма?
– Ол адамды шынайы жақсы көрсең, сүйсең, бәріне төзесің, шыдайсың. Алтынайды да телехикая барысында ұстап тұрған, ұстамды еткен сол сезімі. Кейіпкерімнің күйеуі Мәди жаман жігіт емес. Тек ортада сәл адасқаны болмаса. Өмірде ондай оқиғалар болып тұрады. Ондай кездерде отбасының іргесін берік ететін сезім мен сенім. Жақсы көрсең бәріне шыдайсың.
– Біраз бұрын Нұржұман Ықтымбаев ағамыз бір сұхбатында: «Жақсы әртістерді сериалға салуға болмайды. «Қара шаңырақта» Мәдиді ойнаған Дәурен Серғазин өте жақсы актер. Бірақ, 100 бөлімді сериалда ойнатып, қажытып жібердік. Шетелде мықты актерлар сериалға түспейді. Өзінің мүмкіндігін бір-екі бөлімді кинодан-ақ көрсетеді. Өзін киноға сақтайды», – деген еді. 100 сериялы туындыда ойнау сізге қиын болған жоқ па?
– Кино өндірісі бізде енді ғана дамып жатыр. 100 сериялы туынды түсіргеніміз енді ғана. «Әртістер режиссер таңдайды» дегендігім емес, бірақ Ақан Сатаевтың жобасында ойнау өнерді жаңа бастаған біздер үшін бақыт. Мұндай үлкен туындыға кез келген әртісті ала береді деп ойламаймын. Әрі 100 серияда өзіңнің актерлік шеберлігіңді қай жағынан көрсетем десең де, мүмкіндік бар. Сондықтан, бұл телехикаяға барғаныма да, түскеніме де өкінбеймін.
– Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде ойнадыңыз. Бірақ ол рөліңіз елеусіз ғана болды. Кейде сондай эпизодтық рөлдерге де жан бітіріп, кішкентай рөлден де жарқырап көрінетін әртістер бар…
– Өзіңіз айтып отырғандай, ол эпизодтық рөл. «Шалды» көрген адамдар «саған орамал тартып жүретін қазақы келіннің рөлі жақсы жарасады» деп жатады. Ол да болса, шағын рөлім арқылы біраз адамның көңілінде қалғанымның белгісі шығар.
– «Вопреки всему» атты сериалда өзіңіз айтып отырған образға қарама-қарсы, қаланың қызын сомдайсыз. Рөлдерді сізге режиссерлер арнайы ұсына ма, әлде барлық әртістер сияқты сіз де кастинг арқылы өтесіз бе? Бұлай сұрап отырғаным, рөлге кастингсіз шақырылатын дәрежеге жеттіңіз бе?
– Кастинг арқылы өткен де, арнайы шақыртулармен барған да жұмыстарым болды. «Қара шаңыраққа» да кастинг арқылы бекітілдім. Мен көптеген кастингтерге бардым. Сүрінген кездерім де бар. Ондай сәтсіздіктер кинода ғана емес, театрдағы «пробаларда» да кездесті. Кастингке барғанда ең әуелі «мен қандай образды ойнау үшін бардым?» деген сұрақтың төңірегінде ойланамын. Сценарийді алдымен мұқият оқып шығамын.
– Әйтсе де «Әке серті» деген атышулы фильмге түсуге неге бардыңыз? Ол кезде сценарийді алдын ала оқымадыңыз ба?
– «Әке сертін», қазір аты-жөні де есімде қалмапты, бір түрік режиссері түсірді. Алғашқыда сценарийі мүлде басқа болатын. Кейін өзгертіп жіберді. Бастапқыда режиссері де басқа кісі еді. Фильмнің продюсері режиссермен келіспей қалып, режиссерді Түркиядан шақырды. Сосын сценарийге өзгерістер енді. Рөлге бекітілерде келісім-шартқа қол қойып қойғаннан кейін шегінерге жер болмады. Сол туындыда өзімнің рөлімді өзім де түсінген жоқпын, шынымды айтсам. Әрі бір жағынан алып қарасам, ол туындыда менің рөлім басты рөл емес. Шағын ғана рөл. Медбике ретінде кіріп-шығып жүремін. Бар болғаны сол. Бірақ сол туынды менің шығармашылық жолым-дағы ең бір сәтсіз телехикая.
– «Әке сертінде» ойнағаныңызға өкінесіз ғой, демек…
– Өкінбеймін, өкінуге болмайды. Себебі, мен актрисамын. Мен кез келген рөлді шығаруым керек.
– Енді театрдағы образдарыңыз жайлы айтайық. Бүгін Түлкі бикешті сомдадыңыз. Сылаң – сізді басқа қырыңыздан танытатын образ. Қу, айлакер, әккі түлкінің рөлін алып шықтыңыз. Театрдағы рөлдеріңіз алуан түрлі. «Көгілдір таксиде» арманшыл, қиялшыл Мәриямды, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетте» ананың образын сомдайсыз. Келбетіңіз мейірім мен ізгілікке тұнып тұрады. Осындай санқырлылық сізге қайдан келген? Академияда кімнің сыныбында оқыдыңыз?
– Өнер академиясында Рәшида Хаджиеваның сыныбында білім алдым. Оқуды бітіргеннен кейін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына қабылдандым. Театрға келгендегі алғашқы рөлдерімнің бірі болғандықтан да, «Көгілдір таксидегі» Мәриям маған ыстық. Әрі табиғатыма жақын рөл. Бастапқыда массовкаларға келмей қалатын, таңертең биге бармай қалатын «еркелігім» болған. Кейін театрдағы аға-апаларымыз: «Гүлбаһрам, жақсы әртіс боламын десең, дайындықтардан қалма. Бәрі еңбекпен келеді», – деп ақыл айтты. Содан кейін тентектікті қойдым. Қазір театрдың аурасын сезінемін, жақсы көремін. Мені театрда ұстап тұрған – киелі сахна. Алғашқыда «жалақысы көптеу телеарна жағына, жүргізушілікке ойысып кетсем бе?» деген ойлар мазалап жүрді. Қазір театрдан кетпегеніме қуанамын. Мұндағы алып шыққан әр рөлімнен жаным ләззат алады.
– Ал өмірдегі Гүлбаһрамның образы қандай?
– Өмірдегі Гүлбаһрам мүлде басқа. Сәл-пәл «Қара шаңырақтағы» Алтынайға ұқсайды. Сылаң сияқты түлкілігім, қулығым жоқ. Қасқырлығым да жоқ (күледі). Ешкімге жамандық жасамаймын. Мүмкіндігімше, адамдарға жақсылық жасағым келеді. Өмірде жақындарыңа қуаныш сыйлағаннан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Үйде жеті баламыз. Үлкен ағам нағашылардың қолында өсті. Ғалия әпкем Ұлттық арнада продюсер. Айша әпкем «Media group»-те музыкалық продюсер. Айсұлу әпкем де телеарнада қызмет еткен. Көптеген бағдарла-малардың жүргізушісі. Қазір баламен үйде отыр. Өзімнен кейін Қаршыға есімді інім бар. Құм-тас шығаратын зауытта жұмыс істейді. Әкем – күйші, композитор. Анам – әнші. Қазақ радиосында музыкалық редактор. Отбасымызда бәрі шығармашылық адамдары.
Сұхбаттасқан Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №9 3.03.2015)