Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Бояуы қанық «Қара шекпен»

Бояуы қанық «Қара шекпен»

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театрында осетиялық драматург Георг Хугаевтің «Қара шекпен» пьесасының негізінде, режиссер Асхат Майемеровтің сахналауымен «Қара шекпен» спек­так­лі­нің премьерасы болып өтті. Бұл режиссердің аталмыш театр­да­ғы тыр­нақ­алды туындыларының бірі.

Г. Хугаевтың аталмыш пьесасы көптеген елдердің сахнасында қойылған. Ертегі ретін­де де, әфсана ретінде де көрер­мен­нің тал­ға­мына ұсынылған. Шы­ғар­маның кейіпкерлері саналы адамдар емес, жабайы аң-құс пен үй жануарлары. Жалпы бұл туындының мақсаты – жан-жануарлар арқылы адам бойын­да­ғы әртүрлі кемшілік­тер­ді әжуа­лау. Қаламгердің ұш­қыр қия­лы­нан туған пьесаның идеясын режиссер жетік меңгеріп, сахнада туындыға шынайы жан бі­тіре білгені бірден көзге түс­ті.

Спектакльде бір отар қой адам тобыры ретінде көрсе­ті­ле­ді. Қо­зы – бүгінгі біздің жалынды жастар болмысы­ның жиын­тық бейнесі. Ол отарды қош­қар емес, текенің бастайтынына наразы. Өздерінің арасынан қош­қар­ды жетекші сай­лайық десе, әріптестері ­– бұл ұсы­ныс­қа селқос. Автордың пайымдауын­ша, өкі­ніш­ке орай, дәл сол сияқ­ты бү­гін­гі қоғам­да­ғы бар­лық құбы­лыстар­ға көз жұма қа­рап отырған нем­құрай­ды жандар легі бар­шы­лық. Қаны қы­зу, жүрегі жалынды жастар алд­ы­нан шыққан тосқауыл мен ке­дер­гі­лер­ден қаймықпай өтіп, ашық ойларын жасқанбай ай­туға тас-түйін дайын. Бір­ақ, би­лік құзырын аяусыз жүр­гі­зіп отыр­ған ортада олар бә­рі­бір қау­қарсыз.
Шопан – билік иесі, төбет Тұ­зар сол биліктің қол­шоқ­па­ры, кә­рі­лік жеңіп қалжыраған Көк­жал қасқыр – аузынан сөзі түс­кен азусыз, қауқарсыз басшы. Қо­лында билік бар, бірақ, күш-жі­ге­рі жоқ. Автор оны зейнеткер­лік­ке шығуға құлық­сыз, яғ­ни жылы орнын босатқысы кел­мей­тін шенеунікке теңеген. Түл­кі Сылаң – екіжүзді, іші тар, шы­лымқор, ішімдікке құ­мар, же­ңіл жүрісті қыздың бейне­сі, ал қоян Қосүрей – бес баласын асырай алмай жүрген бей­бақ әйел, Көкшулан қасқыр іс бабымен қолы босамайтын, тек өз де­ге­нім болсынды аңсайтын тә­кап­пар болмысты образ.

Туындыдағы басты тартыс – шопан мен Көкжалдың арасында өтеді. Екеуі де бір отар қой­дың амандығына мүдделі, яғни, көз­дегендері ­– олжа, байлық, табыс. Екеуі де осынау майшелпекке төтелей қол жеткізу үшін Тұ­зар­ды пайдаланып қалмақ ниетте. Себебі, Тұзардың бойында күш-қайраты тасып, жұлқынып тұр. Алайда, оның ақыры аянышты оқиғамен аяқталады. Тым айрықша адалдығы өзіне сор болып жабысқан төбет қыс­тың күні жайлауда ашығып, то­ңып, құр сүлдесі ғана қа­ла­ды. Сол-ақ екен Тұзарды иесі ойланбастан атып тастай­ды. Тұ­зар­дың бар жазығы – қыс бойы ие­сінің қара шекпенін күзеткені. Тау­лық-осетиялықтар үшін шекпен ер азаматтың намысы мен мақтанышы болып саналатынын ескерейік. Бойында күш-жігері жоқ Тұзар­дың ен­ді­гі жерде шопанға қа­же­ті шамалы. Режиссер осынау құ­бы­лысты сахнада бейнелеу ар­қы­лы көрерменге «Бұл – қа­зір­гі таң­дағы қоғамға тән құ­бы­лыс емес пе?» деген терең ой тастайды. Мына өмірде тек ер­тегі­де­гідей жақсылықтар ғана емес, керісінше, зұлымдық пен әді­лет­сіздіктің басым түсе­тін сәт­тері болатынын меңзейді.

Адам бойындағы сезімдер­дің ішін­дегі ең әсемі де, әде­мі­сі де – махаббат. Спектакльде бұл тақырып лайықты өз орнын тапқан. Тұзар мен Көкшу­лан бірін-бірі жақсы көреді… Бір­ақ, Көкшулан бұл арада өзінің пайдасын көбірек ойлап, басы­ның айналатыны бар. Көкшулан сұ­лу­ды Көкжал да ұнатады, бір­ақ, бұл арада … таразы­ның бір басында – махаббат, бір басында байлық тұрып, салмақ сайысы басталады. Бүгін­гі таң­да болашақ қалың­дық­тар­дың махаббат сезімінің алдына тұр­мыс­тық жағдайды бірін­ші кезекке қоятынына куә болып та жүрміз.

Адамның бойынан шынайы махаббат пен сүйіс­пен­ші­лік се­зім­ге толы қасиет­тер жо­ғал­са, саналы сезімдегі ұр­пақ жал­ғас­тығы дәстүріне қа­уіп-қа­тер төнері хақ. Көңіл қуан­тар­лы­ғы – табиғи-тосын бұл жайттар да режиссер назарынан тыс қалмаған. Оның автор­дың айтар ойын асқан шебер­лік­пен сах­на­ла­ғаны айрық­ша аң­ға­ры­лады.

Режиссер сахналық жарық пен музыка әуезін үйлес­ті­ріп, спектакльге ерекше әр бе­ре­ді. Сол арқылы оқиға желі­сін шие­ле­ніс­тіруде шеберлік та­ныт­қан. Спектакль декорация­сын­да жо­ға­ры­дан төмен сал­бы­ра­ған ағаш­тың тамырлары бір­ден көз­ге ұра­ды. Бұл – бүгінгі өмір мен жер асты түнегінің парал­лель­дік нұс­қасы. Сонымен қа­тар, шаң басқан том-том кі­тап­тар көрсе­тіл­ді. Өткір қалам ие­ле­рі аяусыз жаз­ып жүрген – көр­со­қыр­лық, жа­ғым­паз­дық, кө­ре­ал­мау­шы­лық, екіжүзділік сынды адам бойындағы кере­ғар қы­лық­тар­дың айлар, жылдар, тіп­ті жүз жыл өтсе де еш өзге­ріс­сіз, баз-баяғы қалпын сақта­луы­ның сыры неде? Қойы­лым авторы «жа­зыл­ған кітаптар­ды кім оқып жатыр, немесе ол кімге керек, шаң күйінде, сөре­лер­де ашылмай тұр емес пе» деген шы­ғар­ма­шы­лық пайымдауын осылайша түйіндеп жіберіпті…
Десек те спектакльдің кемшін түсіп жатқан тұстары да бол­ғанын айта кеткеніміз абзал. Мә­селен, Төбеттің рөлінде­гі Мақ­сат Сәбитовтың бойында жа­лын­даған жастықтың лебі жетіспей тұрғаны көрерменнің көзіне бірден ұрып тұрды. Актер сомдаған бірінші лекте­гі бейнеде қайтпас қайсар мінез­дің үс­тем­дігі байқалмады. Салыс­тырмалы тұрғыдан саралар бол­сақ, бұл арада, кері­сін­ше, кә­рі Көкжалдың бейнесін­де­гі Әсет Иманғалиевтің шебер­лі­гі әріптесінен әлдеқайда басым түскен секілді. Сондық­тан төбет емес, көк бөрінің бейне­сі ал­дың­ғы шепке шығып кет­ті. Өз­де­рі­ңіз­ге белгілі бір жайт – спек­такль­де басты кейіп­кер­дің бей­не­сі дұрыс сомдалып ашыл­маса, қойылымның со­ңы­на дейін шығарманың сол­ғын тартып тұрары ақиқат жайт. Оған қоса, алғашқы көрініс­тер жо­ғар­ғы өлшем-ырғақта (темпо-ритм) басталып, екінші бір сәтте мүлдем баяулап, тө­мен­деп кетті. Алайда, бұл кем­ші­лік­тер­дің міндетті түрде жойылуы болашақтың үлесінде деген үкі­лі үміттеміз.
Түйіндей айтар болсақ, қазақ сахнасына шыққан «Қара шекпен» қойылымының айтары көп, идеясы терең, астарлы ақи­қа­ты мол спектакль­дер­дің қа­та­ры­на қо­суға болады. Бүгін­де бір-бі­рі­не өте-мөте ұқсай­тын құр­ғақ сөз сайысына құрылған қойы­лым­дардың көбейіп кетуі қа­зақ театр сахнасының өзекті проблемасына айналды. Осы орайда театр өнерінде нағыз іс-қи­мыл әрекеттеріне құрылған, қойылу пішіні де өзгеше бұл спектакльдің дүниеге кел­ге­ні қуантады. Келешекте атал­ған қойылымның – «Қара шек­пен­нің» ғұмыры ұзақ боларына кә­міл сенеміз.

Альбина ТУЛАҚОВА

театртанушы Алматы қ. Суретте: «Қара шекпен» спектаклінен көрініс.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театр «…Бір сен үшін тудым…» трагедиясына шақырады

admin

“Мың тыныс және бір дауыс” атты Халықаралық театрлар фестиваліне жол тартты

admin

Luxury red car details view, elegant and beautiful

admin