Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялықбалалар мен жасөспірімдер театрының қойылымдары тағы бір тың туындымен толықты. Жаңа латын әліпбиін балаларға таныстыру және маңыздылығын түсіндіру мақсатында театр кішкентай көрермендер назарына «Әріптер әлеміне саяхат» ертегісін ұсынды. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалин. Сценарий авторы – жас жазушы Әлібек Байбол.
Спектакльдің режиссері Сағызбай Қарабалиннің айтуынша, латын әліпбиі театр сахнасына алғаш рет ұсынылып отыр.
«Балаларға ұғынықты, қызықты болу үшін ертегінің желісін жоғалтпай, әуезді әнмен, көркем бимен әрледік. Музыкасын Динара Әбікеева жазды. Қоюшы-суретшісі – Айдана Бисембаева, балетмейстері – Әділет Таменов.
Әр ертегінің жағымды және жағымсыз кейіпкері болады. Мұнда Жақсыбек пен Бұзықбек бар. Жаңа Латын әліпбиі патшалығының көсемі ретінде Абызды қостық. Абызды Қыдыр ата мен Аяз атадан ерекшелеу үшін тың, көркем бейне ойлап таптық. Ал рөлдердегі кирилл мен латын әріптері – жансыз бейне. Олар сөйлегенде ғана қозғалады, қалған уақытта тапжылмайды, бірақ бәрін түсінеді. Осылайша, балаларға латын әліпбиінің қоғамдағы рөлін шынайы жеткізуге тырыстық» деді режиссер С.Қарабалин.
Қойылым 2 ай бойы дайындалды, қайта дамытып, сүзгіден өткізілді. Дайындық барысында тақырыптың өзектілігіне, әрбір әріптің қимыл-қозғалысы мен кейіпкердің айтар сөзінің маңыздылығына және оның балалар санасына сіңімді болуына мән берілді.
«Әріптер әлеміне саяхат» – Әлібек Байболдың тырнақалды туындысы. Қойылым авторы театрда сахналанған алғашқы пьесасын жылы қабылдады.
– Осы пьеса арқылы балаларға латын қарпінің негізін, достық пен бауырмалдылықтың маңызын ұғындыруға тырыстық. Сонымен қатар қазіргі таңда сұранысқа ие балаларға арналған танымдық, тәрбиелік мәні жоғары және білім көкжиегін кеңейтетін туындылар қатарын толықтыруға күш салдық.
Ғ.Мүсірепов балалар мен жасөспірімдер театры ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу мені – шын қуантты. Алда тағы да тың туындылар ұсынуға мол шабыт
сыйлады, – дейді Әлібек Байбол.
Бала көңілін табу әрі оларға күрделі тақырыптарды түсіндіру, оны мойындатып, ары қарай сол ізбен қадам бастырту – оңай дүние емес. Қойылым барысында болған залдағы көрермен мен сахнадағы кейіпкерлер арасындағы кері байланыс көпшілікті ерекше таңғалдырды. Балалар да риза, авторлар да ауыр жүкті еңсерді.
Бесіктің берік тұтқасы – бүгінгі балалар. Ал балаларға шабыт сыйлайтын осындай игі бастамалардың қатары толыға бергені жақсы. «Әріптер әлеміне саяхат» бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, көкжиегін кеңейтетін ертегі болды. Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің рөлі зор. Өйткені ертегі баланың қиялына қанат бітіреді, білмегенді білуге үйретеді, кімнен, қай кейіпкерден аулақ болуды айқындайды.
Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымының докторы:
– Зал лық толды. Көрермендер дән риза. Қуантатыны – ертегіні тамашалаған балалардың бақытында шек жоқ. Кейіпкерлердің әр іс-қимылына мән беріп, айтқан сөзіне ілесіп, белсенді атсалысып отырды. Себебі, бүлдіршіндерге дәл осылай түсінікті, нақты жеткізу қиын. Өте қызықты, тартымды, баланың қабылдауы мен психологиясына сәйкес дайындалған дүние деп ойлаймын.
Ерден ЖАҚСЫБЕК, Жақсыбек рөлін сомдаушы, театр актері:
– Бұл – менің ертегіде ойнаған алғашқы рөлім. Жақсыбек образы өзіме тым жақын. Әрі залда отырған балалармен тіл табысуға оңай болды. Кішкентай көрермендердің бәрі әр айтқан сөзіме қосылып, іс-әрекетіме дем берді. Олар қолпаштап, қошеметтеген сайын рөлге соншалықты шынайы кіріп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Балалармен жұмыс істеу жақсы әсер қалдырды.
Ақбота Қайыпберген, көрермен, 2-сынып оқушысы:
– Әріптер туралы ертегі маған қатты ұнады. Қойылым арқылы латын әліпбиінің не екенін түсіндім. Енді достарыммен көргенімді бөлісемін. Оларға Жақсыбек сияқты адал, білімді, бауырмашыл болу керек екенімізді айтамын. Ал Бұзықбек секілді сыныптастарыма тәртіпті болуды көбірек айтып жүремін.
Жанерке АХМЕТ
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/04/17/49602.html