Ұлттық құндылық дегенде алдымен ұлттың тарихын, руханиятын зерделеуге, оны келешекке шашаусыз жеткізуге басымдық берілетінін айтуымыз керек. Атақты Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет жыраулардың табанының табы, Исатай мен Махамбеттің өшпес рухы, Құрманғазы мен Динаның құлаққа сіңген күйі, Әбу, Жұмекен, Хамит, Нұралы, Фаризаның мәңгі жыры қалған қасиетті Атырау жері бүгіндері сол рухты өшірмей руханиятқа басымдық беруде. Оған облыста үздіксіз өтіп, халықтың ықыласына бөленіп жатқан мәдени-тағылымдық шаралар дәлел. Соңғы жылдары Атырауда театр фестивалі шеруін өткізу дәстүрге айналып, бүгінде атыраулықтар театр фестивалінде жаңа драматургияны көруге ынтазарлық танытуда.
Атырауда өткен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын адамы» республикалық театрлар фестиваліне келген халықтың ықыласын көріп, осындай ой түйдік.
Салтанатты ашылу шарасына композитор, Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев және басқа да өнер тарландары арнайы келген фестиваль төрт күн бойы атыраулықтар мен Атырау қаласы қонақтарына ұмытылмас күндерді сыйлады.
Фестиваль шымылдығын Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» спектакілінің премьерасымен ашты. Бұл драмалық эпос – қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлының өмір жолынан ғана емес, қазақ пен қырғыз халқының тарихынан сыр шертеді.
Қойылымда Сүйінбай Аронұлының 1847 жылы қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысуы айшықталады. Кенесары ханның өлімінен кейін қазақ-қырғыз арасы суып, қырғиқабақ болғаны тарихтан белгілі. Қырғыздың бай-манабы Орманхан шешесіне арнап ас беріп, екі елді татуластыру мақсатында оған қазақтарды шақырады. Тезек төре, Бөлтірік би бастаған игі жақсылардың қатарында жас Сүйінбай да жолға шығады. Жиын соңында Сүйінбай мен Қатағанның атақты айтысы ұйымдастырылады. Ұзаққа созылған айтыста ұтымды сөз, қисынды дәйекпен екі елдің тарихы қозғалады. Осы додада Қатағанның осал тұсынан оңай түйреп, сөзден жаңылдырған Сүйінбай анық жеңіске жеңеді.
Бір жарым ғасырдан бері санадан-санаға жеткен атақты айтысты театр артистері сол күйінде өте әсерлі жеткізді. Сүйінбай ақын бейнесін сахнадан жаңа қырынан танығандай болдық. «Сүйінбай» қойылымының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов.
Басты рөлдерді сомдаған актерлер құрамы Сүйінбай драмалық эпосының халық жүрегіне жетуі үшін тер төккенін көрдік. Сүйінбайдың жас кезін Нұрбек Съезхан сомдаса, қартайған шағын Дастан Пышанов бейнеледі. Қатаған ақын – Асхат Мұсағалиев. Тезек төре – Бақытжан Өтеғалиев. Орманхан – Ержан Жұмат. Бөлтірік шешен – ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабеков. Қара Бәйтік – Әміржан Нұрланұлы. Сондай-ақ, драмада манасшы, Тезек төренің тоқалы – Дәнекер, Манастың жары – Қанекей және Қосай мен Төле бидің де елесі көрініс тапқан. Атыраулық актерлердің шыңдалуына өзіндік қолтаңба қалдырған «Сүйінбай» драмалық эпосы бірінші премьерасында-ақ қошеметке бөленді. Театр суретшісі Тимур Қоесовтың қолтаңбасынан бөлек, костюмдерін дайындаған суретші, академик Гүлмаржан Махамбеттің Сүйінбай заманындағы ұлттық киімдердің калоритін сақтауы, ұлттық киімге деген сүйіспеншілікті арттыра түскендей.
Осы драмалық эпостың музыкасын жазған композитор Бауыржан Ақтаевтың қолтаңбасы да премьераның жанын кіргізді. Талғамды көрермен ұлттық музыка құдіретін сезініп, «Сүйінбай» драмалық эпосын сахналауға тұтас ұжым белсене қатысқанын айқындап берді.
Фестивальде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» трагокомедиясын көрерменге ұсынды. Режиссер Базарбек Тоқымбаевтың сахналауымен қойылған спектакль – тоғышарлық тірлікті, сол мақсатпен сатылап жоғарылап тұғырға қонған адамдардың іс-әрекеттеріне құрылған драма. Сахналық қойылымды көріп отырып, қазіргі қоғамдағы алаяқтық, жемқорлық, мансапқорлық пен бақталастық секілді адамзаттық қасиеттен әлдеқашан безініп кеткен пенделердің әрекеттерін әшкерелеу екенін көрермен түйсіне алады. Актерлер Сағындық Жұмаділ, Аян Қожбанова, Еркебұлан Айдымбаевтардың актерлік шеберліктері бұл қойылымда да жарқырап көрінді.
Атыраулықтар мен қала қонақтарының көңілінен шыққан, әсерлерін бөлісіп қызулықпен талқыланған спектакльдің бірі – «Естайдың Қорланы» болды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұсынған махаббатнаманың режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов. Көрермен көзімен айтсақ, «Тілсіз-ақ сезіну құдіреті берілген махаббаттың қайғысы мен азабы рухты үнмен үндескенде, адам мүлдем өзге күйге түсіп, біразға дейін өз-өзіне келе алмай сахнадан көргені санада ширығып тұрады екен». Біздің де талғамы ерек көрерменнің пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының «Адасқан бақ құсы» спектаклі – көркем шығарма. Қазақстанның Халық артисі, режиссер Ерсайын Төлеубай сахналаған спектакльде адам мен қоғам, әлеуметтік орта, билік пен бұқара арасындағы байланыс суреттелген. Түйсініп көрген көрерменге ой салатын шығарма театр репертуарында өміршең боларына сенеміз.
Республикалық театр фестивалінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» аңыз-дастанын көрерменге ұсынды. Литва Ұлттық сыйлығының лауреаты, профессор Ионас Вайткустың режиссерлығымен қойылған спектакль Қорқыт бабамыздың аңыз өміріне арналған. Бұл нағыз қазақтың өмірі еді… Содан да шығар, осы спектакльді көргендердің көңілі босады. Режиссер Йонас Вайткустың айтуынша, осы спектаклді қоюға ұсыныс түскенде, қазақ ұлты туралы тарихи-мәдени ізденіске түсіп, ақыр соңында Қазақ ұлтының тарихы мен ұлттық құндылықтары туралы адам сенгісіз жауһар дүниеге тап келген. Бұл дастанды театрдың кәсіби білікті, әбден шыңдалған актерлерінің сомдауы да қойылымдағы әр іс-әрекеттің жүректерге жетуіне ықпалын тигізді. Қорыта айтқанда, «Қорқыттың көрін» көрген жұрт біразға дейін бұл спектакль туралы көңілден өшірмей айта жүреріне сенімді болдық.
«Мәңгілік елдің Алтын адамы»
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылығына арналған республикалық театрлар фестивалінің шымылдығын Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты драмалық-дастанмен жапты.
Белгілі режиссер Мұрат Ахмановтың қолтаңбасы осы спектакльде де ерек көрінді.
Иран-Ғайыптың бұл драманы жазуына Атырау облысы Жылыой ауданындағы Аралтөбеден Алтын адамның табылуы себепші болған екен.
«Алтын адамдағы» негізгі ой да тарихи жәдігер Алтын адаммен байланысты. Драматург шығармасында Сыр бойында болған ақылды әйел туралы ой қозғайды. Оқиға Шөмен ағайындыларының арасындағы кикілжіңге байланысты бір ананың екі баласы туралы өрбиді. Біреуінің шешесі дүниеден өтіп кеткесін қазақтың анасы жетім баланы өз перзентімен тел емізіп, өсіреді. Есейгенде, олар шекісіп қалып, ананың туған баласын екіншісі өлтіреді. Соңы дауға айналып, сол кездегі билер шеше алмай, ананың өзі тоқтау айтып, бір байламға келген екен.
Иранбек Әбітайұлы бұл драма туралы «Елбасының күні кеше жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орайластырып, фестивальдің де атауын солай атадым» деді. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауымен өзектес бұл драмалық дастан мәңгілік еліміздің бүгінгі береке-бірлігін насихаттайды.
Қазақтың тарихында болған тұлғаларды, қазақ халқы бастан өткерген және өткеріп жүрген қоғамды өз шығармасына арқау еткен драматург Иран-Ғайып Әбітайұлының 70 жасына арналған республикалық театрлар фестивалінің салтанатты жабылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Атырау өңірінде соңғы жылдары мағыналы өнер шаралары өтуде. Өнер саңлақтарының кештері біздің облысымызда дәстүрлі өтуіне қолдау білдіреміз. Иран-Ғайыптың тұтас шығармашылығының бір бөлігі – драматургиясын еліміздің театрлары жоғары деңгейде сахналады. Сахнаның құдіреті арқылы әр қойылымнан тебірендік. Бабаларымыздың аумалы-төкпелі замандарда елдік пен ерлікті ту етіп, абыроймен шыққанын көрдік. Небір қиын кезеңде де ұтымды шешім тауып, екіжақты бірлікті, қазір де қоғамның дамуына кедергі болып отырған кейбір жағдайларды да білдік. Ең бастысы, артистер қауымы қай кезеңді де көз алдымызға сол күйінде алып келді. Рухани күндерді сыйлаған барлық шығармашылық ұжымға ризашылығымды білдіремін. Мұның өзін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсеткен межелерге жетудің бір көрінісі деп ойлаймын. Себебі, адамың тән азығынан, жан азығы өзгеше. Бүгінгідей жаһандану заманында рухани дүние әрбір қазақ баласына қажет. Өскелең ұрпақтың мәдениеті жоғары болып өсуіне – мұндай шаралардың өтуі маңызды, – деген аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.
Режиссерлер еңбегі ескерілді
Театрлар фестивалінің қазылар алқасының төрағасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Ионас Вайткус та сахна төріне көтеріліп өнер додасының ойдағыдай өткеніне тоқталды. «Атырау жұрты қатты ұнады. Олардың «сөйлейсің бе, жоқ па?» демей, сахнаға бірден шақырып сөз беретіндеріне таңғалдым. Біздің елде керісінше, барлық нәрсе келісілген. Белгілі бір шеңберде жұмыс жасайды. Атыраудан байқағаным, жергілікті билікте еркіндік бар. Адамдардың ойында да, шығармашылықта да еркіндік басым. Фестиваль өз дәрежесінде өтті» деді И.Вайткус.
Сонымен, литвалық режиссер төрағалық еткен өнер сыншылары қатысушылардың бәріне бөліп-жармай құнды сертификат пен Алтын адам бейнеленген статуэтка табыстады. Сондай-ақ шара барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев артистерді фестивальге дайындаған режиссерлердің әрқайсысына сыйақы берілетінін айтты. Бұған дейінгі фестивальдерде режиссерлер еңбегі ескерусіз қалатынын ескерсек, бұл фестиваль – ел есінде, артистер жадында да режиссерлер марапатталған алғашқы өнер фестивалі болып қалары сөзсіз.
Жекелей аталымдар бойынша ерекше өнер көрсеткен сахна саңлақтарының қатарында Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының артисі Асхат Мұсағалиев «Сүйінбай» эпостық драмасында Қатағанның образын сәтті сомдағаны үшін 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Осындай «10 мың теңгелік сертификатқа ие болғандардың қатарында «Қорқыттың көрі» аңыз-дастанындағы Қорқыттың рөлін сомдағаны үшін М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі Дулыға Ақмолда, «Мәңгілік елдің Алтын адамы» қойылымындағы Қазына рөлі үшін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының артисі Нұрлыгүл Жұбатова, Қорлан рөлін сомдаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Жібек Лебаева, «Адасқан бақ құсы» спектакліндегі кері кеткен патша – Әміршінің образын сомағаны үшін Шығыс Қазақстан облысының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының артисі Бауыржан Төлеков, «Негізгі шаруадағы» Тұрғын болып шыққан Жұмаділ Сағындық бар.
Өнер ұжымдар марапатталған сәтте сахнада сөз алған ақын-драматург Иран-Ғайып: «Өтірік айта алмайтын бір кемшілігім бар. Атырау көрермендерінің алдына, киелі сахнаға шыққан сайын әкем Әбітай елестейді. «Неге дейсіздер ғой, тірі кезінде мен ол кісіні оңдырмадым. Әкем оқуын оқытты, шоқуын шоқытты, бірақ оның көңілінен шықпадым. Өлең жазып кеттім. «Ақын-ақымақ» деген кезде өлең жазып бастадым. Бірақ қазіргідей Атырауда жүргенімді көретін болса, әкем қуаныштан қайтадан өліп кете ме деп қорқамын. Шығармашылығымды дәріптеп, мерейімді тасытып 70 жасымды атап өтіп, зор ұйымшылдықпен фестиваль өткізгені үшін Атырау облысы әкімдігіне ризашылығымды білдіремін» деп шын пейілімен басын иіп, Атырау жұртына ілтипатын білдірді.
Атырауда дүбірлі өткен Иран-Ғайыптың республикалық фестиваліне министрлік өкілі, алыс-жақыннан өнер қайраткерлері, еліміздің көрнекті тұлғалары келіп қатысуы – өнер мерекесінің мәні мен салтанатын арттырды. Қазылар алқасының мүшелері Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Бұсұрман Одуракаев, белгілі өнертанушы Нұрбике Ахмедиярова, «Айқын» газетінің Директор-Бас редакторы, жазушы-журналист Нұртөре Жүсіп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, жазушы-журналист Жұмабай Шаштайұлы, Өнертану магистрі, театртанушы Салтанат Әбуғазиева театр фестивалінің ерек өткенін, тума таланттарды ескеріп, шығармашылық кештерін дәстүрлі өткізіп жүрген атыраулықтарға ризашылықтарын айтып жеткізді.
«Мәңгілік елдің Алтын адамы» республикалық театрлар фестивалінің салтанаты «Атырауым – алып мекенім» атты ақын Иран-Ғайыптың шығармашылық кешіне ұласты.
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып – шығармаларын елінің жетістігіне, халқының мұңы мен қуанышына арнаған қаламгер. Атырауда төрт күн бойғы өнер додасында жұртшылық соған куә болды. Бұл күндері ақынның жарыққа шыққан кітаптарының оқырманы көп.
Кешті жүргізген актер, көркемсөз шебері Ербол Есендосов та ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып кештің көрігін қыздырды.
Иранбек Әбітайұлы өнер сүйер қауымды бұл кеште рухты жырларымен сусындатты. Өмірін өлеңдерімен байланыстырып елге, жерге, Атырауға арнаған өлеңдерін оқып берді. Ақын-драматургтың шығармашылық кешінде ұлы Жайыншах Иранбекұлы да айтулы шараның қонағы ретінде қатысып саксафонда ойнайтын өнерін жұртшылыққа паш етті. Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова халық әндерінен шашу шашып, халықтың рухын көтерген мәдени-тағылымдық шара өз мәресіне жетті.
Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/05/31/15203.html