Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

КӨҢІЛІ КІРШІКСІЗ – САХНАГЕР

Еркін ТЕМІРБЕКТЕГІ

Ұлан-ғайыр даламыздың тынымсыз тірлігіндегі тоқтау­сыз күндер күнделікті жұмыстың тыпырын тыныштан­ды­рып, тұрмыс пен танымның көп түсінігін көз алдымыздан тізбектен өткізіп жатыр. Тарихтың өзі қасыңда жүріп жатқа­нын сезбеу мүмкін емес. Кеңес өкіметі кезіндегі келеңсіз жасалған, қозғалыссыз құбылыстармен қатар, қорғаныссыз тарих пен қорқынышты қарсылық артта қалды. Бұрын ашылмай тұрған, артында не бар екені белгісіз есіктен ха­лық­қа күш түсірмей, тіпті келгенін білмей қалды деуге болатын, заманның тарихтың тартқан сыйы – бүгінгі еркіндік, егемендік. Өмірін, өнерін халқына арнаған небір асыл азаматтар халқының тарихында бүгінгідей бостандық болар деп ойлады ма екен?! Бірақ армандағандары талас тудырмас. Сол асыл армандарын арқалаған күйі небір абзал ағаларымыз, келместің кемесіне отырып, қайтпас сапарға аттанып кетті. Қасымызда жүргенде қадірін білмеген сол ағаларымызды, сағынышпен еске аламыз. Олардың айта алмай кеткен армандары, жасай алмай кеткен ойлары, жұмбақ күйінде қалмақ. Бүгін сөз еткелі отырған Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мәкіл аға Құланбаевтың Ресейдің түсірген «Ермак» фильміне түсіп келгенін естіп, кездескенде: «Мәкіл аға, халқымызды шапқан Ермак туралы фильмнен көп актер бас тартыпты. Сіз неге келісе қойдыңыз?» дегенімде, «Мен түспесем, басқа бір татар ма, башқұрт па, әйтеуір бір қазаққа ұқсайтын біреуді түсірер еді. Ол Ермактың басын алған біздің Сәтбек атамыздың кім болғанын қайдан білсін. Режиссердің айтқанын істейтін еді. Мен шамам келгенше атамызды тарихтағыдай етуге тырыстым. Шамам келгенше қорғадым» деп еді. «Шамам келгенше» иә, ол кезде тарихыңды бұрмалап жатқанда, түзетуге шама келмей қалатын кез көп еді.

Ал, Мәкіл ағамызға келсек, уақытқа қарап болдырмайтын, қанша қазсаң таусылмайтын театр атты өнер өлкесіне, сахналық санқырлы сарынымен сызылта келген. Мәкіл Құланбаев – Қазақ балалар театрының ірге тасын қалаушылардың бірі.

Алматының жанындағы колхоздың темір ұстасының жанұясында дүниеге келген бір қыз, екі ұл Алматы қаласында мектепте оқып жүргенде соғыс басталды. Ел басына түскен ауыртпалық балаларды да айналып өтпегені белгілі. Алматыға Мәскеуден өнер ошақтары көшіп келіп жатты. Жаңа оқу жылы басталғанда мектеп-интернатқа келген қатал көрінген орыс әйел, жаңа ашылған театр училищесіне балалар іздеп жүргенін айтып, балалардан этюд жасауларын сұрайды, оны қалай жасау керектігін түсіндіреді. Орыс тілін білмейтін Мәкілге, әйелге не керек екенін мұғалімі аударғанда, Мәкіл шыбын ұстауға кіріседі. Балалық сенгіштікпен жоқ шыбынды көз алдына елестетіп, аңдып жүріп қағып алады. Ұстаған шыбынымен бірге өзінің болашақ мамандығын ұстағанын бала Мәкіл әрине білген жоқ. Әкпесі Бибиза бар, он екі бала театр училищесінен бірақ шықты. Ал алғашқыда қатал көрінген көзілдірікті әйелдің атақты К.С.Станиславскийдің сахнададағы серіктесі, шәкірті, режиссер, ұстаз Ольга Ивановна Пыжова екенін кейін мақтанышпен есіне түсіріп, айтып отыратын. Ал негізгі ұстазының Асқар Тоқпанов болғанын да мақтана отырып, қызықты әңгімелейтін.

Жасы толған студенттер соғысқа аттанып жатты. Уақыты келгенде Мәкіл де майданға аттанады. Соғыстан жеңіспен оралған Мәкіл оқуын бітіріп, бірге оқыған бүкіл курсымен бірге Қызылордадан жаңа театр ашуға аттанады. Жас актер Мәкіл Қызылорда театрында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» – Қодар, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» – Есен, Гаджибековтің «Аршин мал аланындағы» – Сұлтанбек, Л.Малюгиннің «Ескі достарындағы» – Володя, Ш. Құсайыновтың «Мәншүк Маметовасындағы» – полковник Чудов, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Науан хазірет сияқты үлкен рольдер ойнап, шеберлігін шыңдады.

1948 жылы жаңа ашылған қазақ балалар театрына актер ретінде шақырылған Мәкіл ағамыз бар өмірі осы театрмен байланысты өтетінін білмеген де болар. Жаңа сахнадағы алғашқы қадамын А.Ақынжановтың «Алтын сақа» қойылымындағы Алпамсадан бастаған жас актер Мәкіл, театр атты сиқырлы әлемнің тұңғиығына сүңгіп кеткенін кейін сезді. Осы әлемде бар өмірін өткізді.

Бойында басқаға ұқсамайтын биазылық, көзге көрінгенімен, көп адамның көңілімен түсінуі қиын қарапайымдылық, өзіне ғана жарасатын аңқаулық, өзгеше де ерекше мейірімділік Мәкіл ағамызға дарқан даламыздың сол кездегі табиғи таза қалпында сақталған әдет ғұрыптың, қазақи әдемі ұшқындарымен берілген болуы керек. Дүбірі тоқтағанымен әлі дүмпуі басылмаған Әлемдік соғыстың сарқыншақтары арадан алысқа ұзап алшақтамаған сол бір 1947-48 жылдар Мәкіл ағамыз үшін, өз өнерінің өшпес ізін тастаған өнер ордасы Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрына келуімен басталды.

Қазақстан өнерінде өзіндік орын қалдырған Н.И.Сац 1946 жылы қойған А.Толстойдың «Алтын кілтін» Қазақ Мемлекеттік Балалар мен жасөспірімдер театрының тұсаукесері деп жүрміз. Солай десек те болады. Дегенмен 1948 жылы шілдеде ойналған «Алтын сақа», арасында Мәкіл Құланбаев бар қазақ труппасының жас актерлары үшін қырлары мен қиялары көп театр өнері делінген үлкен әлемнің есігін қазақша ашу күні болғаны белгілі. Қазақ театр өнері тарихында да, Қазақ балалар театрын мойындау дәл сол 1948 жылғы шілде болса керек.

А.Ақынжановтың «Алтын сақасындағы» Мәкіл Құланбаев ойнаған Алпамса, ертегі кейіпкеріне тән аңғал да аңқау күйінде сол спектакльді көрген балалардың есінде қалды. Мәкіл ағамыздың өзі секілді, жасаған қулығы « мен мынаны жасадым» деп айғайлап тұратын Алпамса бейнесі Мәкіл ағамыздың балалар театрының сахнасында тұңғыш ойнаған ролі ретінде театр тарихында қалды.

Театр атты ғажайып әлемге осылай өзіндік оқшау болмысымен кірген М. Құланбаев өнер додасында да, ортадан оқшаулау, өзгешелеу өмір сүрді. Өз өнерін алдыға тартуды, қазіргі тілмен айтсақ, жарнамалауды білмейтін, қарапайым сахнагер, өз білгені мен түйгенін, тәжиірбесін жастармен бөлісуге келгенде аянып көрген емес. Қазақ театрының сахнасына Мұхтар Бақтыгереев, Мәриям Жақсымбетова, Алтынбек Кенжеков, Роза Әшірбекова, Чапай Зұлқашев, Нұрқанат Жақыпбаев, Досқан Жолжақсынов, Лидия Кәденова, Ғазиза Әбдінәбиева, Гүлжамал Қазақбаева сияқты майталман сахнагерлер келуіне Мәкіл Құланбаевтың да ағалық көмектері, қамқорлығы болғандығын ұмытуға тиіс емеспіз.

1984-85 жылдары Қазақ Жастар мен балалар театрында жүріп жатқан науқан, сол жылғы миллиард пұт астыққа ұмтылған республиканың егін науқанынан бірде – бір кем емес еді. Театр Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясына дайындық үстінде еді. Осы науқан кезінде Мәкіл ағаның, өзі дайындалып жүрген, Қоңқай образынан гөрі Ақтоқты бейнесін сахналап жүрген жас актриса Райханға қамқор болғанын, қазіргі белгілі сахнагер, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты Райхан Калиолдина былай еске түсіреді: «Мәкіл аға менің сахнадағы әкем Қоңқай емес, өмірдегі әкем сияқты, сахнадағы қиындықтарыма, образды түсінуіме көмектесіп, ақылын да, көмегін де аямайтын. Тіпті өмірдегі сол кезде болған қиыншылықтарыма театрдағы басқа аға-апаларым сияқты көмектесе отырып, қамқорлығын аяған жоқ. Менің сахнада Ақтоқты бейнесін өз деңгейінде ойнауыма мүмкіндік жасады».

Табиғатынан жұмсақ мінезді, нәзік көңілді, қазақы аңқаулығы аңқыған Мәкіл ағаның Қоңқайы Ақтоқтыдан бұрын еңіреп жіберуге жақын тұрғанын сол спектакльді көрген көрермен көз жазбаса керек. Қызын саудалап пайда, атақ таппаққа асыққан Қоңқай – Мәкіл аға ойнаған образда тіптен көрінбейді. Бәйбішенің айғайы мен азулы ағайынның ұйғаруына мамақұл Мәкіл-Қоңқай, баяғы Серағаң (С.Қожамқұлов) ойынындағы серпіліп, желпінетін монологінде тіптен жалынышты. Естуімізше, Серағаң бейнелеген Қоңқай шынымен бір рахаттана серпілсе, желпінсе керек. Мәкіл ағаның Қоңқайында серпілгеннен гөрі сергелдеңге түскен кішкентай адам көрініп-ақ қалады. «Қоңқай атың құранға да кірді» деп өзіне-өзі дем берген Қоңқай даусындағы діріл, сөзінің аяғын жұтып қою, Мәкіл Құланбаевтың образға, Қоңқайдың Ақтоқтыға деген көзқарасын ашып берсе керек. Бұл актерлік шеберлігі пісіп жетілген, көкірегі мен көңілінің, бойындағы қабілетінің арнасына толғанын паш етуге әлі де әрекет жасап жүрген сахнагердің тірлігі еді. Дәл содан бір жыл бұрын М. Әуезовтың Райымбек Сейтметов қойған «Алуа» спектаклінде сомдаған Назарбек бейнесі үшін Мемлекеттік сыйлық олжалаған сахнагер өзінің мүмкіндіктері әлі де жоғары екенін көрсетпек болды ма екен?.. Әлде өз еңбегінің одан да жоғары бағаланғанын қалады ма екен… Қазақ КСР-і Халық артисі деген атақ ағамызға бұйырмаған екен. Бірақ сол атаққа лайық артист еді.

Өзі Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында алғаш ойнаған Алпамсадан бастап (А.Ақынжанов «Алтын сақа»), Найзағара ( А. Ақынжанов «Ы.Алтынсарин») мен Дүйсен, (Ш.Айтматов «Алғашқы мұғалім»), Әл Фараби (Ш.Құсайынов «Әл Фараби») мен Науан ( Ғ.Мүсірепов «Ақан сері Ақтоқты», Мен Дон Ук қойған), Көпей (С.Шәймерденов «Дөкей келе жатыр») тағы басқа жүзден аса роль Мәкіл Құланбаев өрлеген баспалдақтар десек, бұған кинодағы алғашқы ролі «Райхан» фильміндегі Баладан бастап, «Менің атым Қожадағы» – Қаратай, «Жоғалған достағы» – Естемесов, «Балалыққа саяхаттағы» – Ыдырыс, т.б. елуге тарта ролін қосыңыз, ал теледидар мен радиодағы, дубляждағы рольдерін қоссақ Мәкіл ағаны аспанға шығарамыз, (тек дубляждағы рольдерінің өзі бес жүз десем, біреу сеніп біреу сенбес. Ал менің білетінім сексенінші жылдардың соңына қарай осы шамалас болатын). Аспанға біз шығармаймыз, еткен еңбегі ғой аспандататын. Осы еңбектерінің бір-екеуін еске түсірейік:

Қызылорда театрындағы Гаджибековтің «Аршын мал Алан» спектакліндегі Мәкілді көрген Ә.Тәжібаев пен А.Тоқмағамбетовтер сол кезде былай деп жазыпты:

«…Сұлтанбекті ойнаған актер М.Құланбаев 19 жасар жігіттен шалға айналғанымен қоймай, оның ұлттық мінез-құлқын дәл бере алды». Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жаңа ашылған Қызылорда театрының жас ұжымының ортасында жүрген, өнерге жаңа қадам басқан Мәкілдің алғашқы ізденістері осылай басталған көрінеді. Жас актер Мәкіл әлі талай мақтауды да естиді, орынды айтылған сынды да мойындайды. Бірақ мақтады деп тасымайды, сынады деп мойымайды. Қайта сол сындар оның намысын қамшылайды, шеберлігін шыңдауға жігеріне жігер қосады. Ұлғайған жасымен, оның тәжиірбесі де молаяды. Таңдап алған мамандығының қыр-сырын түсініп, шеберлігі де биіктейді.

Сексенінші жылдары қойылған Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс» атты спектаклі жүріп жатқанда, Мәкіл ағамыз ойнап жүрген Оқпанның кабинетіне Сайдалы ағамыз (Абылғазин) кірсе керек. Сонда Мәкіл ағамыз оған қарап, ұзын саусақтарының ең кішісі шынашағын шошайтып: «Мі- ін- нә- әу- у, к- кі- ім- м?!.» деген ғой образда тұрып, Сайдалы ағамыз Мәкіл ағамыздың соншалық менсінбей тұрғанын көріп, ызаланғаны сонша сөзін айтуға шамасы келмей, бұлқан-талқан болып сахнадан шығып кеткен көрінеді. Мәкіл ағамыз да саспай «жаңағы мынаны айтпақ болған болуы керек» деп Сайдалы ағамыздың сөзін өзі айтып, өзі оған жауап беріп, спектакльді жалғастырып ойнай беріпті. Спектакль біткенде ашуы басылған Сайдалыға «Әй, сөзіңді айтпай сахнадан неге кетесің» деп ұрысқан Мәкіл ағамызға Сайдалы ағамыз да: «Сен мені шынымен менсінбейсің» деп ренжіген көрінеді. Мәкіл ағамыз: «Пьеса бойынша солай» деп әрең түсіндіріпті. Дәл осы спектакльде ойнайтын басқа актерлар да дәл сол жерінде «Мәкіл ағамыз сол сөздерді сондай сенімді түрде дәмдеп, тұздап айтқанда алдында тұрған адамды шынымен соншалық менсінбейтіні анық көрініп тұратын» деп, күні бүгінге дейін айтып жүреді. Бұл актердің кейіпкермен біртұтас бірігіп кетуі (воплощения). Тіпті сахнадағы серіктесінің өзі шын сеніп, шын ызаланып жүргені де сондықтан.

Мәкіл ағамыз туралы айтқанда, оның өзі бүкіл саналы өмірінің көбі өткен театр сахнасын жан-тәнімен сүюін айтпай кетпеуге болмас. Өзі ғана сүйіп қоймай сахнаны сүюді талайдың санасына құйып кеткені жөнінде, бүгін сол ағамыздың көзін көрген, ақылын тыңдаған іні-қарындастары естен шығармақ емес. Мәкіл аға туралы әңгімелесе қалсаң, ағасының талай-талай күлкілі қылықтары есіне түсіп, езуіне күлкі үйіре әңгімелейтін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Қадірбек Демесіновтен бастап, ағаларымен бірге сахнада серіктес болған артистің кез келгені ағалары жөнінде сан-алуан әңгіме айтып береді. Қызып кеткенде, кезінде өзі ойнаған Әбу Насыр Әл Фарабидің пәлсафалық еңбектерінен үзінді оқып, іш пыстыратын Мәкіл ағаларын қазір сағына еске алады. Сол философиялық трактаттарды қалай жаттап, еске сақтап жүр десеңші жарықтық. Кейде өзі ойнауды армандап өткен Сервантестің Дон Кихоты сияқты қиял әлемінде өмір сүрген сияқты көрінеді, Мәкіл ағамыз. Н.И. Сац бір жерде балалар театрын «ертегілер театры» дейді. Олай болса Мәкіл ағамыз да ертегілер елінде өмір сүрген болып шығады. Радиодан ертегі тыңдап өскен ұрпақтың есінде, Мәкіл ағамыз жазған ертегіші Ерден ата мен Жұмбақбай атаның даусы сақталғанына сенімдімін. Өйткені сол аталарын тыңдап өскен мыңдаған баланың бірі менмін. Қандай әсерлеп айтушы еді ертегіні. Тыңдаушыны сол ертегінің ішіне енгізіп жіберетін. Өйткені өзі де сол ертегінің ішінде жүретін. Соңғы кездері жарығы жоқ, толып кеткен жұлдыздар, қазақ театрының жарқыраған шоқжұлдыздарының арасында Мәкіл ағамыздың да жарқырап тұрғанын біліп жүрсе екен. Қазақ өнерінің биіктен жарқырауына өз үлесін қосқан Мәкіл ағамыз сияқты өнер тарландарын ұмытпай еске алып тұрсақ, қазақ өнері де қадірін жоғалтпай, асқақтайтын шығар деп ойлаймын.

Қазақ театр өнерінің іргетасындай болған Қаллеки мен Елағаң, Серағаңдар сияқты, Қазақ балалар театрының іргетасы іспеттес Мәкіл мен Кәмәси, Аққағаз бен Жамал, Қасым мен Бибиза, Ақыл мен Дәупас, Райхан мен Сапарғали, Тамара мен Сайдалылар.

Қазақ театрының алғашқы қарлығаштарының ішінде Құланбаевтар әулетінен үш бірдей артист жүр. Олар Құланбаева Бибиза, Құланбаев Мәкіл, Құланбаев Ақыл. Жұбы жазылмаған бұл үшеуіне, соғыстан кейін, осы әулеттің күйеу баласы Файзолла Тоқтарбаев қосылды. Сөйтіп бір әулеттен төрт адам Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті. Балаларды әдемілік пен жақсылықты сүюге, жамандықтан жиренуге тәрбиеледі. Кейін Ақыл Қазақ радиосына ауысып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет істеді. Бибиза апамыз Құланбаева мен Файзолла ағамыз Тоқтарбаевтар, өздерінің сүйікті театрларында зейнетке шыққанша еңбек етті. Ал, осы әулеттің бесінші өкілі, Мәкіл ағамыздың алған жары, атақты диктор Әнуар Байжамбаевтің қарындасы Гүлшаһира Байжамбаева да, осы балалар театрында ағамызбен бірге жүріп, бірге жұмыс жасады. Күндер жылжып ай толып, айлар өтіп жыл толып, уақыт шіркін тоқтамас. Жақсының анық керегі, ұрпаққа үлгі дерегі, жаманды ешкім жоқтамас. Сахнадағы кешегі жүрген аға апаларымыздың орнын бүгін іні-қарындастарымыз басты. Олар да кешегі аға ұрпақ сияқты, көрермендермен өздері ойнап жүрген ролінің жан дүниесімен бөліседі. Бірде күлдіреді, бірде жылатады, бірде жирентеді, бірде ой салады. Өнерде әр күн аламан, Аттың орнын тай басар. Шапқанда озса жараған. Бұл өнер жалғастығы тоқтамақ емес.

Ал сахна мен экранда ойнау өнерінің шебері, дубляж бен радиодан сөйлеу өнерінің майталманы, өзіне, өнерге дегенде қатал, өмірде қарапайым, жастарға мейірімді, өнердің нағыз сайыпқыран саңлағы, сахнагер – Мәкіл Құланбаев туралы жазған бұл мақала, Мәкіл ағамыз төккен тердің бір тамшысының өтеуі болса да жарағаны. Ал Мәкіл ағамыз жөнінде, оның ойнаған театрдағы, кинодағы рольдерін, теледидар мен радиодағы, дубляждағы жұмыстарын талдап шығуға бір емес бірнеше кітап жазуға тура келер еді. Болашақта жазылар да деп ойлаймын.

Ақпарат көзі: http://www.writers.kz/journals/?ID=11&NUM=213&CURENT=&ARTICLE=5877

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚБОТА ҚАЙМАҚБАЕВА: ДРАМАЛЫҚ РӨЛДЕРДІ СОМДАУ – АКТРИСАНЫҢ ШЫҢДАУЫНА ӘСЕР ЕТЕДІ

admin

КЛЯТВА НА СЦЕНЕ

admin

“Супер жеңгетай Серкеш” комедиясының премьерасы

admin