Тәуелсіздігіміз жарияланған күннен бастап мемлекет басшысының сындарлы саясаты еліміздің нық қадамдар жасауына зор мүмкіндіктер туғызды. Әсіресе, осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалған нақты бағдар болды.
«Рухани жаңғырудың» жалғасы іспеттес «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халқымыздың санасын оятып, рухын көтеріп, ғажайып күш берді. «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ даласының жеті кереметі деп тұрғандай. Әр азамат осы жеті кереметті біліп өссе, ел тарихының бірнеше мыңжылдықтан бастау алатынын ұғынып, бөтен елге көз салмай мақтанышпен өмір сүретіні сөзсіз. Ұлт көшбасшысының «төл тарихымызды жаңа заман талаптарына сай тәсілдерді қолдану арқылы таныту қажет» деген ойы жаһандық тарихтағы орнымызды тануға зор мүмкіндік береді. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты тақырыптан бастау алатын мақала қазақтың әлемдік өркениеттен алар орнын нақты айтады. Мемлекет басшысының «біздің тарихта қазақ ұялатын ешнәрсе жоқ» деп ертеректе айтқан сөзі ойға еріксіз түседі. Елбасы тарихы 5 мыңжылдықты қамтитын ұлы даланың тұрғындарының ойлап тапқан құралдары, қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар қазіргі замандағы қолданып жүрген заттардың түпнұсқасы екенін ашық айтты.
Мақаладағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты тарауы бізге ерекше шабыт берді. Қазақстанның өркениет тарихын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек деген ұсыныс көкейде жүрген идеяларымыздың іске асуына жол ашқандай. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жоспарында Ботай мәдениеті туралы фильм түсіру болғаны жасырын емес. Елбасының мақаласынан осы тақырыпты естігенде ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Ботай арғымағы» толықметражды анимациялық фильміне кірісіп те кеттік. Қазір фильмнің сценариі жазылып жатыр. ЮНЕСКО-ның тізіміне алынған, жылқыны қолға үйреткен тұңғыш ел ретінде ежелгі халықтардың бірі болғанымызды айқындайтын біз үшін бұл – үлкен құндылық. АҚШ, Англия, Германия, Иран ғалымдары осы жерден табылған жәдігерлерді терең зерттеп, осы өлкеде адамдардың 5 300 жыл бұрын өмір сүргенін тайға таңба басқандай етіп айқындап берді. Демек, Ботай мәдениетіне тек ежелгі адамдардың қонысы емес, қазақ халқын әлемге танытатын құнды ескерткіш ретінде қарауымыз керек. Енді шығармашылық құрамымызбен осынау ірі, ауқымды тақырыпты экранға шығарсақ, қазақ елінің беделін көтеретін үлкен жұмыс болмақ. Осы фильм арқылы көрермендеріміз бабаларының әлемдік өркениетке қосқан үлестерін біліп жүрсе дейміз. Министрліктің талабы да сол.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» дейді мақалада. Жылқыны қолға үйрету барысында бабаларымыз қаншама дүниелерді ойлап тапқан. Аттың ауыздығы, үзеңгісі туралы ойлап көріңізші. «Ауыздық» жылқыны бағындырудың белгісі болса, «үзеңгі» ат үстінен садақ ату мүмкіндігіне жетудің нақты белгісі. Біз дайын дүниеге ие болғаннан кейін, оның жасалу жолдары туралы терең ойлана бермейміз. Ал сол кездегі өлшем бойынша, ол дегеніңіз – үлкен арифметика. Керемет дәлдікті қажет ететін жағдай. Металл өндіретін зауыты жоқ, фабрикасы жоқ заманда ондай нәрсені ойлап табу, жасау сол заман үшін ақыл-білімнің шыңы десе болғандай. Арбаның дөңгелегін ойлап табуы, әлемдегі барлық өркениетке негіз болған «механика» ілімінің басы десе де болады.
Жылқыны қолға үйретіп, қымызының қасиетіне жеткен ел үлкен державаға айналып, сан ғасырлардан кейін тарих сахнасына бес қаруын асынған көшпенділер империясын шығарды. Барша әлемді уысында ұстаған көшпенділердің атты әскерлері талай елдің ұйқысын қашырғаны белгілі. «Металды өңдеп бес қаруын сайлаған ел киім үлгісінің де негізін қалады», – дейді Елбасы. Біз ұлттық киімімізбен де мақтанамыз. Көшпенділер ойлап тапқан шалбар, былғары етік, бөрік, шапандарымыз әлемнің сән индустриясынан ешқашан түспесі анық.
Болашақ фильміміз арқылы мемлекет басшысы айқындап берген барлық жеті қырымызды қамтып, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін құнды да сапалы дүниемізді іске асырсақ дейміз. Балаларымыз – жалғасымыз. Сондықтан, тарихтың терең тамырынан қуат алып, еліміздің беделін асыратын, әлемдік аренаға көтеретіндей туынды шығару біздің басты міндетіміз деп санаймын. Жеті қырын айқындаған елдің болашағы жарқын болмақ.
Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры