Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛ

Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылы 4 шілдеде А.Толстойдың  «Алтын  кілт»  пьесасы  бойынша  қазақ  тілінде тұңғыш рет спектакль қойып, ресми түрде тұсауын кесті.

Спектакльді Кеңес  одағы  бойынша  балалар  театры­ның  негізін  қалаған  режиссер Н.И.Сац  қойды. Ол Қазақ­стандағы жас жеткіншектерге арналған театрдың ашылуы мен қазақ труппасының өз алдына шымылдық көтеруіне тікелей  араласты.             Балалар мен жасөспірімдер театры­ның қазақ труппасындағы алғашқы қарлығаштар: атап айтқанда, «Алтын кілт» спектакліндегі Буратино рөлінде – А.Мәмбетова, сондай-ақ, Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Д.Шәріпов, К.Өмірзақов, Х.Камардинова, К.Закарина, Т.Қосыбаева тәрізді әртістер қойылымдағы қуыршақтарды ойнады. Бұлармен бірге, театрдың шаңырағын көтерісіп,  керегесін керіскен Т.Жармұхамедова, Е.Қонақбаев, Ы.Қасымов, Қ.Жаманов,  Н.Бәйімбетов, С.Ысқақова, Х.Әзімбаева, С.Омарходжаева есімдері де айрықша  ілтипатпен  аталады. Олардың  ізін  баса  әр  жылдарда  театрға  келген  сахна  шеберлері  Қазақстан  Республика­сының  халық әртістері – Б.Қалтаев, С.Саттарова, К.Қожа­беков, Ә.Өмірзақова, М.Бақтыгереев,  Р.Әшірбекова, А.Кенжеков, Д.Жолжақсынов, Т.Мейрамов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері: М.Құланбаев, Б.Құланбаева, М.Жақсымбетова, К.Мұраталиева, А.Айдар­беков, С.Есенқұлов, К.Қажығалиева, Г.Қазақ­баева, Л.Кәден, Т.Құралиев, К.Демесін, А.Бектеміров, Е.Төлеубай, С.Жылгелдиев, Ж.Лебаева, С.Қарабалин.

Сонымен қатар, бүгінде, репертуар жүгін көтеріп жүрген Ж.Құрманбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Б.Сейітмамытұлы, Т.Сұлтанбердиева, Ә.Мәмбетова, С.Рақышев, Қ.Қуандықов, К.Белжанова, Р.Қалиолдина, Ш.Сіргебаева, Ж.Бектемірова; және де Е.Әбдірешов, С.Бектау, Ж.Зейнәбіл, Р.Омаров, Л.Серікова, сондай-ақ, театрдың жас таланттары: Е.Садырбаев, С.Тұрдахунова, Е.Рамазанов, Ә.Иманғалиев, Д.Базар­құлов, Д.Әбікеева, Ж.Мақашева, А.Қаймақбаева, А.Дайра­баева, Р.Ахметов, С.Ерзатқызы, Б.Камаранов, Б.Тушаев, Е.Отарбаев, М.Әжібеков, Қ.Тұрдалин, Г.Байбосынова, Т.Нұрбекова, Е.Кәрібаев, М.Сәбитов, Д.Сүлейменов, Д.Абдуллина, Д.Шымырбаева, А.Жанті­леуова,  тағы  басқа  әртістер  қазақ  театрының  тұғыры  биік  болуы  мен  сахна  өнерінің  одан  әрі  іргелі  өрлеуі  жолында  жігерлі  еңбек  етуде.

1992 жылы  Ғ. Мүсіреповтің  90 жылдығының  құрметіне  театрға  ұлы  жазушының  есімі  берілді. Ал,  1996 жылы  театрдың  50 жылдық  мерейтойына  орай,  «академиялық»  дәрежесі  берілді.  

Театрдың өсіп-өркендеуі мен кәсіптік деңгейінің көтерілуіне Н.И.Сацтан бастап,  С.Шәріпов,  Т.Сидоров,  Мен Дон Ук,  С.Естемесова,  Г.Хайруллина, В.Пұсыр­манов, Е.Обаев, М.Байсеркенов, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтме­тов,  Н.Жақыпбай,  Ж.Хаджиев тәрізді бірқатар режис­серлер үлкен үлес  қосты.

Бүгінде,  театр  ұлттық  сахна  өнерінің  ұлы  көшбас­шы­лары  салған  жолдағы  ұлағатты  да  дәстүрлі  үрдіс  құн­дылықтарын  сақтай  отырып,  шығармашылық  жаңа  белестерге  жету  жолындағы  ізденіс  қарымын  одан  әрі  жан-жақты шыңдап  келеді.

Театр өзінің  70 жылдық тарихы жолында түрлі  асулы  кезеңдерді  артта қалдырып, талай жетістік белестеріне көтерілді. 1958 жылы  Мәскеуде  өткен Бүкілодақтық жастар театрларының фестивалінде «Ыбырай Алтынсарин»  (авт. —  М. Ақынжанов)  спектаклі  екінші  дәрежелі  дипломды  иеленді.  Бұл  спектакльдегі үздік өнерлері үшін әртістер: Б.Қалтаев, С.Саттарова, Ә.Өмірзақова, қоюшы-режиссер А.Тоқпанов фестиваль лауреаттары атанды. 1966 жылы Мен Дон Ук қойған Ш.Хұсайыновтың «Алғашқы ұшқын­дар»  спектаклі театрға Қазақстан Ленин комсомолы сый­лығын әперді. 1983 жылы  М.Әуезовтің «Алуа» пьесасын сахналаған режиссер Р.Сейтметов пен спектакльде ойнаған әртістер: Г.Қазақбаева, М.Құланбаев, М.Бақты­гереев  Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығымен мара­патталды. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арнал­ған Бүкілодақтық байқауда «Жау тылындағы  бала» (авт. — Қ.Қайсенов, инсц. — О.Бөкей, реж. — Н.Жақыпбай) спектаклі ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық  мерейтойына орай өткізілген Республикалық театр фестиваліне қатысқан  «Желсіз түнде жарық ай» (авт. — М.Әуезов, инсц.  — Ш.Айманов) спектаклі  бірінші орынды жеңіп алды және қойылым режиссері Н.Жақыпбай «Ең үздік  режиссерлік шешімі үшін» жүлдесімен марапаттал­ды. 1998 жылы Каир қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде «Жан азабы» (авт. — Ш.Айтматов, реж. — Н.Жа­қыпбай) қойылымы ең үздік спектакльдер  қатарынан  көрінді.

1994 жылы режиссер Е.Обаев қойған  Ә.Таразидың «Індет» трагикомедиясының  сахналануы  қазақ  театрына  тақырыптық  жағынан  елеулі  жаңалық  әкелді.  Спектакль  1997 жылы  өткен  Республикалық  театр  фестивалінде  Гран-При – Бас  жүлдені  иеленсе,  1998 жылы  өткен  Түркі  халықтарының  театр  фестивалінде  арнайы  дипломға  ие  болды.  Осы  фестивальде  қойылымдағы  басты  рөл – Әзберген  образын  шебер  де  шынайы сомдаған  Қазақ­стан­ның  халық  әртісі – Д.Жолжақсынов «Ең үздік ер адам бейнесі» үшін, артист Б.Сейітмамытұлы – «Ең үздік қосалқы ер адам  бейнесі» үшін жүлделерінің лауреаттары атанды. Д.Жолжақсыновтың  аталған спектакльдегі еңбегі бағаланып, 1998 жылы оған Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  сыйлығы  берілді.

Сондай-ақ,  театр  шығармашылық  даму  мен  қалып­тасудың  әртүрлі  кезеңдерінен өтіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын бүгінгі ұлттық сахна өнеріндегі өзіндік орнын белгілей алған, айқын да нық қадамдармен аттады.  2002 жылы Иран-Ғайыптың «Қорқыттың Көрі» (Аңыз-дастан) спектаклі  Қазан қаласында өткен «Түркі  халық­тарының  театр  фестиваліне» қатысып,  Қорқыт  рөлін  ойна­ған  Б.Сейітмамытұлы  актерлік табысы  үшін  лауреат  атанды.  Сонымен  қатар,  2003 жылы  Махамбеттің  200 жылдығына  орай  өткізілген Республикалық театрлар фестивалінде  І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы, 2004 жылы өткен кезекті Республикалық  байқауға қатысқан С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді…» спектаклі Бас  жүлдені иеленіп, қоюшы-режиссер Ж.Хад­жиев қойған аталған қос спектакль  екі жыл қатарынан еліміз театрлары арасынан  мәреден  бірінші  болып  көзге  түсті. Ал, 2006 жылы Тәуелсіздіктің 15 жылдығына  орай  Астана  қаласында  өткен Республикалық  театрлар  фести­валіне  қатысқан  Т. Теменовтің  «Алма  бағы» лирикалық драмасы «Замандас тақырыбы» номинациясы бойынша  жүлдегер  атанды.  Осы  жылы  Уфа  қаласында  өткен  ІV Түр­кітілдес  елдері  театрларының Халықаралық «Туған­лык» фестиваліне қатысқан «Алма  бағы»  спектаклінде  шалдың бейнесін сомдаған Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген әртісі Т.Құралиев «Аталар дәстүріне құрмет» арнайы сыйлығымен  марапатталды.

2007 жылы 27 – 30 наурыз аралығында Халықаралық театр күні мерекесіне орай, Шымкент қаласында өткен Халық­аралық театр фестиваліне  қатысқан С.Сматаев, Т.Теменовтің «Көгілдір такси» мелодрамасы үздік  қойылымдар қатарынан табылып, спектакльде Мариям рөлін сомдайтын жас  актриса Күнсұлу Шаяхметова «Ең үздік әйел бейнесі үшін» лауреат атанды.

Театрдың «Жұмақтағы жасын»  ( авт. — У.Сароян,  ауд. — Д.Рамазан,  реж. — Т.Ахметов ) спектаклі 2008 жылдың  2 – 7 қыр­күйек аралығында Алматы қаласында өткен ІІ Халық­аралық Орта Азия мемлекеттерінің театр фести­валіне қатысып,  «Ең  үздік  шетел  классикасын  сахнала­ған  қойылым»  Жүлдесін иеленді. Осы фестивальде «Жұ­мақ­тағы жасын» спектаклінде  ойнаған  театр  әртістері:  Мақашева  Жанар,  Әбікеева  Динара  «Ең  үздік  эпизодтық  рөл  үшін» жүлдесіне  ие  болды.

2009 жылы  17 – 27 қараша аралығында Сеул қала­сында өткен «Ұлы Жібек жолы» театр фестиваліне «Мулен Ружға шақыру» ( авторы және реж. — Т.Теменов ) спек­таклімен  қатысып  келді.

2010 жылы 22 – 24 сәуір аралығында Мәскеу қала­сында  «Бұлбұлдар түні» (авт. — В.Ежов, ауд. — Ә.Сығай, реж. — Т.Теменов),  «Қорқыттың  Көрі»  (авт. — Иран-Ғайып, реж. — Ж. Хад­жиев),  «Мулен Ружға шақыру» ( авторы және реж. Т. Те­менов )  спектакльдерімен  гастрольдік  сапарда болып, ресейлік өнерсүйер көрермен мен белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлерінің ыстық ықыласына бөленіп, сондай-ақ, сыншылар  қауымының  жоғары  бағасын  алып  қайтты.

2010 жылы 27 – 30 мамыры аралығында Алматы қала­сында өткен  ІІІ Халықаралық Орта Азия халықтарының театр фестиваліне қатысқан  Ш.Айтматовтың (инсц. жаңа нұсқасын жасаған — Т.Теменов) «Қызыл  орамалды  шы­на­­­рым»  лирикалық  драмасында  бас  кейіпкер  Әселдің  рөлін  сомдаған  актриса Аида  Жантілеуова  «Ең  үздік  әйел  бейнесі  үшін»  аталымы бойынша  лауреат  атанды.

2011 жылы 25 – 30 наурызы аралығында «Қызыл орамалды шынарым» (авт. — Ш.Айтматов, инсц. және реж. — Т.Теменов) драмасымен  Түркияның  Адана  қаласында  өткен  «Ұлы  Жібек  жолы»  атты  Түркітілдес елдердің халықаралық театрлар  фестиваліне, ал, 2012 жылдың 15 – 19 сәуірі аралығында Түркіменстанның Ашхабад  қала­сында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып, еліміз мәдениетінің жетістіктерін паш етіп, ұлттық төл өнеріміздің айбынын  аспандатып келді.

2012 жылғы  21 – 27 қазан  аралығында  Алматы  қаласында  өткен  ІV Халықаралық  Орта  Азия  елдерінің  рес­публикалық  театр  фестиваліне  Т.Теменовтің «Кар­менсита» («Кармен» повесіне фантазия) спектаклімен  қатысып,  Кармен  рөлін  сомдаған  жас  актриса  Жанар  Мақашева  фестивальдің – «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы  бойынша,  лауреат  атанды.

2013 жылдың  15-16 қарашасы  күндері  театрымыз  Ш.Айтматовтың  85 жылдығына орай, Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Арт-Ордо» Халықаралық театр фестиваліне М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз…» (инсц. және реж. —  Т.Теменов) трагедиясымен қатысты. Көрермендер мен өнер додасына қатысушылар  қойылымға  жоғары  баға  беріп,  М.Әуезов пен Ш.Айтматов өмірі мен шығарма­шылығы тығыз байланыста екенін айқындауда аталған қойылым­ның  орны  өте  жоғары  екенін  баса  айтты.

2014 жылы 10 – 19 қыркүйек аралығында Әзірбайжан  Республикасының Шеки қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне репертуарда жаңадан сахналанған «Естайдың Қорланы»  (авт. — Иран-Ғайып, реж. — М.Ахманов) спектаклімен қатысып, қазақ театр өнерінің соны жетістіктерінің  бірі  ретінде  ұсынып  келді.

2016 жылы 20 – 30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты Халықаралық театр фестиваліне «Қара шекпен» (авт. — Г.Хугаев, ауд. — Қ.Төлеуішов, реж. — А.Маемиров) спектаклімен қатысып, түркітілдес туысқан елдер көрермендері алдында театр ел абыройын асқақтатып қайтты.

Сондай-ақ, театрдың соңғы жаңалықтарының бірі, екі театр актерінің жеке жұмысы – «Ол» моноспектаклі. Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасының желісі бойынша сахналанған аталған спектакльдің ерек­шелігі – қойылымның сахнада емес, театр фойесінде өтуі. Моноспектакль – көрермендердің сұрауымен бірнеше мәрте ұсынылып, 2016 жылдың мамыр айында «Дидар» ІІ Халықаралық театр өнерінің эксперименттік фестиваль-лабораториясында «Ең үздік қойылым» номинациясына ие болды.

2015 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әлемнің 83 мемлекеті қатысатын  «АССИТЕЖ» дүниежүзілік бала­лар мен жасөспірімдер театрлары ассоциациясының қатарына 84-болып қабылданған қазақстандық өнер ошақтары ұйымының орталығы болып бекітілді.

Құрылғанына  70 жыл  толып  отырған  Ғ.Мүсірепов  атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театрының  жоғарыдағыдай аталмыш жеңістері шығармашылық ұжымның қол жеткізген  соны  жетістіктері  болып  табылады.

Сахнагерлеріміздің  арасында  біздің  театрдың  ғана  емес,  бойдағы  бұла  талантының  арқасында  бүгінде  қазақ  жұртына танылып, есімдері еліне елеулі болған сайып­қыран саңлақтарымыз,  Қазақстанның халық әртісі – Роза Әшірбекова, ҚР-ның еңбек сіңірген әртістері: Лидия Кәден, Кәдірбек Демесін, Гүлжамал Қазақбаева, Сағызбай Қарабалин, Сағат Жылгелдиев, Жібек Лебаева, Тұрсын Құралиев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Балтабай Сейітмамытұлы, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Әсел Мәмбетова, Райхан Қалиолдина, Шолпан Сіргебаева, Қадырғазы Қуандықов, Күлжәмилә Белжанова, және дарынды жастардан: Рахман Омаров, Айгүл Иманбаева, Әсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, Бейбіт Камаранов, Елдар Отарбаев, Жанар Мақашева, Сәния Ерзатқызы, Аида Жантілеуова, Гүлбаһрам Байбосынова, Динара Абдуллина сияқты әртістеріміз бар. Олар біздің киелі шаңырақтың ғана емес, талантын бағалай білер өнерсүйер жұртымыздың көз қуаныштары екені даусыз.

Бүгінде, театр ұжымында қызмет ететін 200-ден астам адамның 70-ке жуығы — әртістер. Қалғаны әкімдік, шығар­машылық құрамның жетекші  қызметкерлері  мен  техни­калық  құрам  жұмыскерлері.

 

Ағзия  КӨЛБАЕВА,

әдебиет бөлімінің қызметкері,

ҚР мәдениет қайраткері.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/10/08/жастар-театры-жүріп-өткен-жол/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Көршілер” телехикаясы ‪#‎ЖібекРахатова‬ ‪#‎ҚуанышТұрдалин‬ ‪#‎Хабартв‬ ‪#‎Театр‬ ‪#‎Кино‬.

admin

«Бүгін жексенбі». Ғ.Мүсірепов атындағы театрға 70 жыл толды (ВИДЕО)

admin

Ғабит Мүсірепов атындағы Академиялық драма театры «Ұмытыңдар оны …» қойылымын ұсынады

admin