Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Жастар театры кішкентай көрермендерін қуантты

Балнұр АХМЕТ

Жақында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Алматы облысы Іле ауданы әкімшілігі және білім бөлімімен бірлескен «Театр – өмір айнасы» атты мәдени шара өткізді. Дәстүрлі шара аясында екі күн бойы Алматы облысы Іле ауданынының мектеп оқушылары Жастар театрында Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе» ертегісін,   И.Ғайыптың «Естайдың Қорла­ны» махаббатнамасын және Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын қызыға тамашалады. Әсіресе, айлакер Алдармен бірге ертегілер әлеміне саяхат жасаған кішкентай көрермендер қойылымның  көңілді кейіпкерлерімен бірге әдемі ән шырқап, ғажайып ертегінің қызығына кенелді. Жамандықтан жирендіріп, жақ­сылыққа жетелейтін театр спектакльдері өнерге деген қызығушылығын оятып, жасөспірімдердің жүрегіне мейірімділік, ізгілік, жанашырлық тәрізді ізгі сезімдерді ұялатты. Еліміздің ертеңін жалғайтын, келешектің кірпішін қалайтын жас ұрпақ өмірден бір үзік сыр шертетін қойылым­дардан рухани мол әсер алып қайтты.

– Біз киелі өнер ордасына айналған Жастар театрына өткен жылы да күзгі каникул кезінде келген едік. Биыл тағы да сүйікті театрымызбен қайта қуана қауыштық. Күнделікті теледидардан, газет-журналдардан көріп жүрген өзіміздің сүйікті әртістерімізді осы театрда өз көзімізбен көргенімізге қуанып қалдық. Бірақ, қолтаңбаларын алып, олармен естелікке суретке түсе алмадық. Қойылым кезінде Алдар Көсемен бірге күліп, бірге шаттанып отырдық. Спектакль соңында оның жеңіске жеткеніне баршамыз қуан­дық. Бұл ертегі кішкентай көрер­мендерге өмірдегі кез-келген қиын жағ­дайдан жол тауып шығуға болатынын үйретеді. Көрерменді кіршіксіз көңілімен баурап алатын Алдар өзінің әсем әнімен барлық баланың көңіл күйін көтерді. Баршамызға ұнаған бұл ертегіні үйге барғанда ініме айтып беремін, – деді Байсерке ауылын­дағы №12 орта мектептің 6-сынып оқу­шысы Айғаным Ерік.

–  Сан ғасырлық саф өнермен сусын­дататын бұл мәдени шараның жас ұрпаққа ұлттық тұрғыда тағылымды тәрбие берудегі маңызы мол. Театр –  жастарды адам­гер­шілікке, тазалыққа, жақсылыққа үйрететін киелі шаңырақ. Каникулдан кейін мек­тепте оқушылар күзгі демалыстарын қалай өткізгендері туралы шығарма жазғанда театрға барғандағы алған әсер­лерін тілге тиек ететіндері сөзсіз. Себебі, өнерден шөлдеген шәкірттеріміздің бар­лығы 70 жылдық тағылымды тарихы бар бұл театрға биыл да қуана келді. Ата-аналар да өз пер­зенттерінің жиі театрға барып тұрғандарын қалайды. Оқушылардың демалыс кез­дерінде осындай шаралар жиі ұйымдас­тырылса, олардың көңіл көкжиегі кеңейетіні күмәнсіз. Балаларды ұлттық өнер мен мәдениетке баулитын бұл ізгі шара жылдан жылға жарасымды жалғаса беруіне тілектеспіз, – деді Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Перизат Тұрлыбекова.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2015/11/12/жастар-театры-кішкентай-көрермендер/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мұз үстіндегі махаббат

admin

О, сахна, күрсіндірген, күлдірген…

admin

Таразда театр фестивалі өтті

admin