Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Жастар театры қартаймайды

Театр ғана сіңіре алатын эстетикалық-этикалық, рухани-гуманистік тәрбиеден бөлек, өнердің маңызды бөлшегі ретіндегі қызметіне қылау түсірмей, сахна арқылы талай толқынның тұсауын кесіп, сан буынның жүрегіне ізгіліктің шамын жағып, алматылықтар арасында ТЮЗ аталып кеткен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры 70 жасқа толды.

Дәл бүгін қарияның жасына жеткен Жастар театры іргетасының қиын-қыстау жылдарда қаланғанына қарамастан, ізгі, ойлы ұрпақты қалыптастыруды діттеген дана ағалардың арқасында аяғынан тез тұрды. 1946 жылдың 4 шілдесінде А.Толстойдың «Алтын кілт» пьесасы бойынша қазақ тілінде тұңғыш рет спектакль қойып, ресми түрде тұсауын кескен театр ұлттық сахна өнерінің қалыптасуы жолында өз дәстүрін сабақтастырды. Бура­тино рөлінде ойнаған А.Мәмбетованың, басқа да қуыр­шақтардың рөлінде көрінген К.Өмірзақов, Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Х.Камардинова, К.За­­карина, Т.Қосыбаева сынды ең ал­­ғашқы қарлығаштардың ізін Б.Қал­­­таев, С.Саттарова, К.Қо­жа­б­е­ков, Ә.Өмірзақова, М.Ба­қты­ге­реев, М.Құланбаев, Б.Құ­лан­баева, М.Жақ­сымбетова, К.Мұ­раталиева, Р.Әшірбекова, А.Кен­жеков, Д.Жол­жақсынов, Т.Мейрамов сәтті жалғады. Мерей­тойға арналған салтанатты кештің шымылдығы ашыла сала, театрдың негізін қалап, табанының ізі мен талантының үні қалған киелі сахна майталмандарының бейнесімен өрілген театр тарихынан сыр шертетін мазмұны терең деректі фильм көр­сетілді.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова  Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалықованың құттықтау хатын оқып, театр жетістігіне аз-кем тоқ­талып өтті. «Еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, сахна өнерін дамытып келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің өрлеуіне қосқан үлесі қомақты деп білемін. 70 жылдық белесінде өзінің игілікті дәстүрін қалыптастырып, талантты қаламгерлердің көр­некті шығармаларын сахналап, жұрт­шылықтың ықыласы мен құрметіне бөленген небір дүлдүл дарындар мен дарабоз саңлақтардың киелі шаңырағына айналды» делінген құттықтау хатта. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің құттық­тауын өз жүрекжарды лебі­зімен жалғаған оның орынбасары Арман Қырықбаевтың шынайы сөзі талай көңілді шым еткізді:

«70 жас деген – абыз шақ. Сол себепті Балалар мен жастар театры 70 жаста дегеннің өзі құлаққа тосындау естілсе де, аудиториясы, негізінен, жастар болып есептелетін бұл театр, балалар мен жастардың бойына патриоттық рухты сіңіруде 70 жасқа, абыз жасқа жеткен азаматтардың өзінің қолынан келе бермейтін орасан зор еңбек сіңіріп келеді», деді қала әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, ТЮЗ-ді құттықтау үшін сахнаға тізіліп шыққан еліміздегі іргелі өнер ошақтарының басшыларының тілегі талай уақытқа дейін толастамай айтылып жатты. Кеш аяқталған соң жетпіс жыл бұрын осы театрдың ашылу салтанатына қатысып, өнер­дегі алғашқы қадамын осы театр сахнасында бастаған актриса Тамара Қосыбаеваны оңашалап алып шығып, өткен күндерден қысқаша естелік сұрадық.

– Театрға 1948 жылы келдім. 40 жылға жуық қызмет істеп, 1986 жылы осы театрдан зейнеткерлікке шықтым. Алғаш театрға келгенде арамыздағы жасы үлкен ақылшымыз да, естиярымыз да Кәмәси Өмірзақов еді. Өмірлік жары Әмина Өмірзақова екеуінің тері осы театрға әбден сіңген. Мен театрға келгенде, 12 адам ғана жұмыс істейтін едік. Мәкіл Құланбаев пен Бибиза Құланбаева, Аққағаз Мәмбетова, Ыдырыс Қасы­мов, Мұхтар Бақтыгереев, Ал­тынбек Кенжеков, Қасым Жәкібаев сияқты қатарластырыммен жастық шағымыз да, әріптестік тағдырымыз да бірге қалыптасып, бірге өтті. Осылардың арасында қалқайып аман келе жатқан, көзі тірі мен ғана шығармын. Ұлттық драматургия мен әлемдік, заманауи классикадағы бірталай бойжеткендер мен аяулы арулардың, аналардың рөлін сахналадым, – деп еске алады Тамара апай өткен күнін.

Жетпіс жылдық жемісті тарихы бар театр тәуелсіздік алған жылдардан бастап тынысы ашылып, кішкентай көрермендері мен ойлы жастардың көңілінен шығатын жаңа репертуар түзгеніне уақыт куә. Мерейтойға жақсы тілек қана жарасады. «Өмір қысқа болса да, өнер мәңгі», мазмұнды репертуар, артистердің ойыны, жоғары сахна мәдениеті, бәрі-бәрінің тоғысуы көрермен жүрегіне жол тауып, өз кезеңінің үні болып келе жатқан театр қарттыққа қадам басқан сайын, жастық жігерінің шоғы маздай түссе екен.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/2016/10/19/67521

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ролик қаңтар айына

admin

Біздің ұжым! Театр директоры – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, “Дарын” мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сəбит Əбдіқалықов; Театр актрисасы – ҚР еңбек сіңірген артисі Лидия Кəден; Театр директорының бірінші орынбасары, Мəдениет қайраткері Талғат Есеналиев.

admin

Бақыт Тушаев, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты: ӘР АКТЕРДІҢ ЖЕКЕ ЖЕТІСТІГІ – ҰЖЫМНЫҢ ЗОР ЕҢБЕГІ

admin