Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЖАС РЕЖИССЕРЛЕР БАҚ СЫНАДЫ

Астанада EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Театрлар ассоциациясы ұйымдастырған Қ.Сүгірбеков атындағы І республикалық жас режиссерлер фестиваль-форумы өз мәресіне жетті.

Республиканың 13 театры қатысқан фестивальге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асхат Маемиров (төраға), Гүлсина Мерғалиева, Дулыға Ақмолда, өнертану кандидаты Анар Еркебай, өнертану магистрі Мирас Әбіл қазылық етсе, Ш.Руставели атындағы Тбилиси Мем­лекеттік театр және кино универ­си­тетінің ректоры, режиссер Гиорги Марг­велашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова және жур­налист Әсия Бағдәулетқызы сарап­шылар құрамында болды. Бәрі де – кәсіби мамандар, театр саласының білгірлері.
Бейбітшілік және келісім сарайында шымылдығы ашылған фестиваль өмірден ерте кеткен жас та жаңашыл режиссер Қайрат Сүгірбековті еске алудан басталды. Сөз арнаушылар кезек-кезек Қайраттың жарқылдаған сәбидей пәк мінезін, аң­қылдаған ақ көңілін, заманынан ерте туып, ерте кеткен талантты режиссердің шығармашылығын, ізденімпаздығын, авангардтық бағыттағы қойылымдарын, символизмге толы спектакльдерін, көр­кемдік-эстетикалық бай әлемін, мәңгілік мәселелерді көтеруді әркез мұрат тұтқа­нын сағынышпен еске алды. Қайраттың өмірлік жары Ақмарал Сүгірбекова мен әке жолын қуып режиссер болуды арман­дайтын баласы Бекарыс та фестивальге арнайы қатысып, отбасы атынан тағайын­далған арнайы жүлделерін ала келгендерін айтты.
Он жылдың ар жақ-бер жағындағы шығармашылық өмірінде Қайрат Сү­гір­беков оншақты спектакль қойып үлгерді. Бұл – жылына бір спектакль қойылды деген сөз. Оның сыртында екі-үш жыл Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында бас режиссер болды. «Қазақфильмде» бірнеше фильмнің түсіріліміне атсалысып, тіпті актер болып бір-екі фильмде рөл де ойнады. Бірнеше рет республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Бүгінде Қайрат Сүгірбеков қойған спектакльдің бірі –«Махаббат дастаны» деген атпен қойылған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Әлі күнге театр сахнасынан түскен жоқ. Фестивальден тыс көрсетілген бұл спектакль Сүгірбеков режиссурасын тағы бір еске алып, оның қолтаңбасындағы өзіндік ерекшелігін тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді.
Қ.Сүгірбеков атындағы жас режис­серлер фестивалінің конкурстық бағдар­ламасын Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театры бастады. О.Богаевтің «Ылдиға жол» (Down way) пәлсапалық әфсанасын сахналаған жас режиссер Болат Әбдірахманов адам өмірінің соншалықты құнсыз екенін, пенделерінен жақсылық пен ізгілікті Алла Тағала қанша күткенімен, жер бетінде неліктен аш­көздік, дүниеқоңыздық, аярлық, арамдық, қатыгездік, жауыздық үстем екендігін көрсетеді. Режиссердің айтар ойы терең пәлсапаға құрылғанымен, сол ойды жеткізу тәсілі, актерлердің шеберлігі өз деңгейінде көрінбеді. Бірін-бірі қайта­лайтын сахналар өте көп. Спектакльдің сценографиялық шешімі ерекше. Бірнеше жолақтан тұратын, көкжиекке жетіп жұтылатын тас жол – әр адамның өмір жолындай. Әрбір көлік жолда адамды қаққан сайын жарқ-жұрқ еткен көлік фарлары эффект ретінде ерекше қолда­нылғанымен, көрерменнің көзін қарық­тырып, жағымсыз әсер қалдырды. Негізі, әлемдік театр тәжірибесінде прожек­торларды бұлай қолдануға тыйым са­лынғандығы ара-тұра айтылып жүр.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясын ұсынды. Елік Нұрсұлтан – бес-алты спек­такль қойып үлгерген, өз қолтаңбасы қа­лып­тасып келе жатқан режиссер. «Қас-қа­ғымдағы» режиссерлік шешімдері то­сын, мизансценалары ешкімге ұқса­майды. Режиссер жақсы ізденген. Сце­но­графиядағы төртбұрыштар (рамалар) – бір қалыптан шыға алмайтын бүгінгі сіз бен біздің «қабығымыз». Әр рамаға ілінген шамдарды кейіпкерлер біресе жандырып, біресе сөндіріп, сол арқылы режиссер философиялық терең ойды астарлайды. Актерлік ансамбль де шымыр, бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді шынайы сом­дады. Бұл орайда Азамат Сатыбал­дының психиатр Сәбиті, оның пациенті – Зарина Кәрменованың үнемі о дүниелік болған сүйіктісінің елесін көретін Жазирасы, Айдос Бектеміровтің бар адамның тағ­дыры өз қолында деп ойлайтын бас­тығы, Дәрия Жүсіптің – дүние мен мансап жо­лында жалғыз қызын құрбандыққа шалған күйеуіне қарсы келе алмай, іштен тынған Сәулесі – ерекше атап өтуге тұрарлық образдар.
Фестивальде қазылар алқасы да, са­рап­шылар да жоғары баға берген қойы­лымның бірі – Ж.Расиннің «Федра» трагедиясы. Классиканың аты – классика. Драматургияны айтпағанның өзінде, Дина Құнанбайдың қойылымында ре­жиссура, актерлік шеберлік, сце­нография, би, пластика, музыка, бәрі де шебер үй­лесім тауып, кәсіби биік деңгейде кө­рінді. Актриса Айнұр Бермұхамбетова сомдаған Федраның образы – нағыз толыққанды образ. Актриса Федра мен сүт анасын – бір сәтте екі бейнені кескіндейді. Режис­сер екінші кейіпкердің сөздерін Федраның аузына салады. Адамның өз-өзімен арпа­лысын, екіге жарылған жармақ ойды, сана мен жүрек айтысын осылай шебер жеткі­зеді. Сол сияқты, әрі Ипполит, әрі Тесей болып екі бейнеде көрінген Олжас Жа­қып­бек туралы да осыны айтуға болады. Тек кей сәттерде Олжастың дауысы дұрыс естілмей, сөздері түсініксіз болып жатты.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театры сахналаған А.Гернидің «Махаббат хаттары» драмасын бұған дейін бірнеше рет көрген едік. Режиссер Жұл­дызбек Жұманбай тың шешімдер арқылы эпистолярлық романнан сәтті қойылым тудырған. Ұзынсонар хаттардан әрекет тудыру, Мелиса мен Эндидің сахнаның екі жағында тұрып, махаббат сезімін, жүрек лүпілін жеткізуі, бір-бірін сүйе тұра «сүйе­мін» деп мойындауға көкірек шіркіннің жібермеуі, ортадағы ақ қағазға кезек-ке­зек хат жазуы. «Бәріміз де жазуын ешкім ұқпайтын бір-бір парақ қағазбыз…» деген ойға жетелейді. Оларды айыратын да – хат, қосатын да – хат. Жалпы эписто­лярлық жанрды сахнаға шығаруға кез-келген режиссердің батылы жете бермейді. Киім ауыстырмай, бір көйлекпен 60 жылдық тағдырды бір жарым сағатқа сыйдырған Жұлдызбектің болашағынан зор үміт күтуге болады. Актерлердің өз кейіпкерлерін 6 жастан 60 жасқа дейін өсіретіні – елеулі жұмыс.
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақ­стан облыстық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Нашақор туралы но­велласын» «Қасірет» деген атпен сах­налапты. Актуальды тақырып, өзекті мәселе. Режиссер Фархат Молдағали сахнадағы шарттылыққа, минимализмге жүгінген. Қаракөлеңке сахнаның екі жағында тізілген орындықтар және ортада жоғарыдан төмен салбыраған арқаннан басқа ештеңе жоқ. Арқан спектакльдің өне бойында сәтті қолданылған. Кейіп­керлер көбінесе орындықтарда тізіліп отырады да, өз сахналарында ортаға шы­ғады. Олардың сұп-сұр киімдері сүреңсіз өмірлерінен хабар бергендей. Режиссер Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңімен спектакль­дің мазмұнын ашуға тырысқан, Абай сөзі қай заманмен де үйлесім табатынын көрсеткен. Жалқытай рөліндегі Айбол Қасым, оның шешесін бейнелеген Аида Сыпатаева ойындарынан шынайылық байқалып тұрды.
Ақмола облыстық орыс драма театры басшылығының «Жастарға жол» («Дорогу молодым») жобасы бойынша осы театрға келіп спектакль қоюға ниет білдірген Қазақ Ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті Алмас Ахметбеков Э.Ио­нес­коның «Орындықтар» трагико­медиясын сахналапты. Үлкен сахнадағы дебюті сәтті шықты деуге негіз бар. Анау-мынау емес, қойылуы да, түсінуі де, қабылдануы да қиын абсурд театрының символына айналған пьесаны алуы – қанаты қатып, бұғанағы бекімеген жас режиссердің өзіне қояр талабы жоғары екенін көрсетсе керек. Ол жалғыздық тақырыбын метафорамен көркем жет­кізген. Қаптаған көп орындықтар – төменде, жоғарыда шу-шу еткен жұрт. Сол көп ішінде – бәріміз жалғызбыз. Бәріміздің көкейімізде орындалмаған бір арман, бәріміздің психикамыз бұзылған, бәріміз дерттіміз, қоғам дертті… Жалпы өмірдің мәні неде? Режиссер осындай философиялық ой толғайды. Алайда, режиссер қойылымда бірнеше линияны қатар өрбітуге талпынғанымен, сол ойларынан айырылып қалып отырады. Сол себепті актерлердің мақсаты айқын емес. Шал рөліндегі Андрей Крас­но­штанов, Кемпір бейнесіндегі Елена Тавгень өз рөлдерін мүлтіксіз орындауға барынша тырысқанымен, кейіпкерлерін образдық деңгейде көрсете алмады.
Фестивальге Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, Астана Жастар театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыр­шақ театры және Алматы қаласы Мем­лекеттік қуыршақ театры қатысты. Драма театрлары мен қуыршақ театр­ларын неге араластырғанын түсінбедік? Екеуінің спецификасы екі басқа, екеуі екі бөлек әлем емес пе? Дәл осы күндері «Қуыр­шақ­тар карнавалы» өтіп жатты, екі қуыр­шақ театрын сол карнавалға қосса болмас па еді деген ой келді. Бұл фестиваль аван­гардтық бағытта өсіп келе жатқан жас­тардың жаңа есімдерін танытты. Қазақ теат­рына жаңа буын, жас толқын режис­серлердің легі келіп қосылды. Заманауи қазақ театры қандай болу керек деген сұ­раққа жауап алдық. Жастардың экспе­риментке құмартуы заңдылық. Экспе­рименттері ақталып жатса, неге қуан­басқа? Өсе келе, өз қолтаңбалары қалыптасады, өз табады.


Бір аптаға созылған жас режиссерлер фестивалі өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық драма театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Республикалық академиялық неміс драма театры – фестиваль дип­ломанттары атанды.
Р.Есдәулетов атындағы арнайы жүлдені С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қа­зақстан облыстық қазақ драма теат­рының режиссері Фархад Молдағалиев Р.Отарбаевтың «Қасірет» спектаклі үшін иемденді.
Қайрат Сүгірбековтің отбасы атынан тағайындалған арнайы жүлдемен Астана Жастар театрының режиссері Дәурен Серғазин М.Левидің «Жер мен Көктің арасы» спектаклі үшін марапатталды.
Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының режиссері Айдын Салбанов Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклі үшін 3-орынға ие болды.
Айгүл Иманбаеваның «А.И.» жеке театрының режиссері Дина Жұмабаева Ж.Расиннің «Федра» спектаклі үшін 2-орынды иемденді.
М.Өтемісұлы атындағы Атырау об­лыстық қазақ драма театрының режиссері Гүлназ Қамысбаева Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» спектаклі үшін 1-орынды жеңіп алды.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанға Ж.Ерғалиевтің «Қас-қағым» спектаклі үшін бас жүлде берілді.

Сәуле ӘБЕДИНОВА,
театртанушы, өнертану магистрі

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/09/15/26890.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына 70 жыл

admin

Тұсаукесер! 14 ақпаннан бастап «Қызық екен…» жобасы эфирге шығады

admin

Сәния Ерзатқызының cахналық бейне жасаудағы актерлік ізденістері

admin